Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 2413 7 пікір 1 Қараша, 2023 сағат 13:36

Абай іліміндегі демократия негіздері

Қоғамның жетілуі демократия деңгейіне байланысты екені белгілі. Ендеше демократияны жетілдіріп, елдегі жағдайды жақсарту керек. Бірақ бұл оңай шаруа емес екені белгілі. Себебі, демократияны әркім дұрыс түсіне бермейді, оның негізгі мәні тереңде жатыр. Шын мәнінде, демократия бүкіл болмысты қамтыйтын  өте кең мағыналы заңдылық. Абай мұрасына үңіле отырып бұған көзімізді жеткізуге болады.

Демократия. Демократияның алғашқы мәні ескі грек тіліндегі «демос» (халық) және «кратос» (билік), яғни «халық билігі» деген ұғымнан туындайды. Қоғамды халық билейтін болса, онда толық үйлесімділік  болуы керек. Себебі, халық әлемнің бір бөлігі, ал әлем болмысы үйлесімді. Әлемнің үйлесімділігі туралы Абай отыз сегізінші сөзінде былай дейді: «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ». Араб тілінен енген «Ғұмыр» және «Хақиқат» деген сөздер қазақ қоғамына дін арқылы келгендіктен, олардың мағынасы фәнилік «өмір», «ақиқат» емес, рухани деңгейдегі бүкіл «Болмысты», «Алла тағаланы» білдіреді. Сондықтан, Абайдың бұл терең мағыналы сөзінен ұғатынымыз ғұмырдың өзі (яғни болмыс) Хақиқат (Алла) көрінісі екен. Алла үйлесімділік негізі, ендеше ғұмырдың өзі Хақиқат болғандықтан, бүкіл ғұмыр өмірі үйлесімді. Осылай ғұмырдың бір бөлігі болып табылатын адамзат қоғамында да үйлесімділік болуы керек екенін білеміз. Ендеше, халық билеген жерде бүкіл болмыстық заңдылық, яғни толық үйлесімділік болуға тиісті. Осыдан демократияның бүкіл әлемді қамтитын заңдылық екенін көруге болады. Демократия дегеніміз болмыстың үйлесімділік заңдылығы. Қоғам, сонымен бірге, әрбір жан иесі демократия принциптерімен өмір сүрсе, үйлесімділік орнайды.

Бірақ, өмірде керісінше, үйлесімділік бұзылып, қоғам құлдырау жолына жиі түседі.

Не себептен қоғамда үйлесімділік бұзылады?

Бұл сұрақтың жауабын Абай мұрасынан толық таба аламыз. Қоғамдағы үйлесімділік Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының сәйкестігіне байланысты. Бұл сәйкестік адамның еркіндігі мен ол еркіндікті бір жүйеде ұстайтын тәртіпке байланысты. Жан құмары мен тән құмары сәйкес болуы үшін еркіндік пен тәртіп үйлесімді болуы керек. Бірақ, қоғам өмірінде еркіндік пен тәртіп үнемі үйлесімді бола бермейді. Ондай жерде Ғұмыр, яғни Хақиқат жоқ. Сондықтан, Абай сөзімен айтқанда, «Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ». Кәмәлат жоқ жерде кінәрат болып, үйлесімділік бұзылады. Осылай, адамның еркі мен қатаң тәртіптің қайсысы басым болуына байланысты демократия өзінің алғашқы мәнінен айырылып, қоғамда анархия, не болмаса тоталитарлық жүйе орнайды. Бұлар демократияның құлдырап, өзгерген түрлері. Осылай демократия өзінің алғашқы бейнесін өзгертіп анархия, не болмаса тоталитарлық жүйеге айналады.

Демократия жолы бүкіл болмыс үйлесімділігінен шығатындықтан, ол адамзат өркениетінің ең тиімді жолы болып табылады. Бірақ бүгінгі күндері бұл ұғымның кең мағынасы тарылып, саяси жүйе, немесе мемлекет түрі ретінде тар шеңберде қабылданады. Тіпті, демократияны тек қана  «еркіндік» деп қабылдайтындар да бар. Демократия -- бүкіл болмысты қамтитын үйлесімділік заңдылығы. Демократия бүкіл болмыс заңдылығы болғандықтан, ол жеке адамдардың арасындағы қатынастан бастап, отбасы, түрлі қоғам ұйымдары, мемлекеттер арасындағы, тіпті дінаралық байланыстарды реттейтін өте кең мағынаны білдіреді. Бұлардың әрқайсысы жеке қарастыратын өте кең тақырып екені белгілі.

Адамзат қоғамын алатын болсақ, демократия Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарын үйлестіретін негізгі заңдылық. Бірақ, жан мен тән үйлесімдігі болуы үшін еркіндік пен қатаң тәртіптің сәйкестігі керек. Еркіндік пен қатаң тәртіп – қоғам өмірін үйлесімге келтіретін екі бастау. Құстың екі қанаты тәрізді, бұлардың сәйкестігі қоғам өмірін бірқалыпты және тура жолға салуға мүмкіндік береді. Қоғамның жетілуі осы екі бастаудың өзара үйлесімділігіне байланысты.

Сонымен, демократия, яғни өркениет деңгейі, тән құмары мен жан құмарын үйлестіретін еркіндік пен тәртіп үйлесімділігіне байланысты. Еркіндік пен тәртіп – демократияның екі қанаты тәрізді.

Бірақ бұл екеуін тең ұстап, үнемі жетілу жолында болу оңай шаруа емес екенін өмірден білеміз.

Оның себебі неде? Себебі, Абай көрсеткендей, материалдық өмірдің тұрақсыз, үнемі өзгеріп отыруында. Нағыз демократия еркіндік пен қатаң тәртіптің арасындағы нүкте дейтін болсақ, осы нүктенің қай жаққа ауытқуына байланысты қоғам өмірі өзгеріп отырады. Егер нүкте тең ортада жатса, ондай демократия өзінің шыңына жетіп, қоғам өркениеттің сара жолында. Бұл нағыз демократия, қоғам өмірінің ең тиімді шағы. Бірақ уақыт ықпалымен бұл тиянақсыз имек жолда нүктенің орны бір орында тұрмай, бірде олай, бірде бұлай болып, құбылып кетеді. Өмірдің осындай құбылмалы, тиянақсыз екені туралы Абай былай дейді «Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ, Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ». Егер нүкте еркіндік жағына ауытқыса, онда қоғамда тәртіп әлсіреп, анархия күш алып кетеді. Осылай еркіндік басым болып, демократия анархияға айналады. Ал нүкте қатаң тәртіп жағына ауытқығанда, тәртіп ерікті тұншықтырып, қоғам тоталитарлық бейне алып, демократия тоталитаризмге айналады. Осылай, қоғамның қандай түрі болса да, демократия деңгейін білдіретін осы нүктенің орнына байланысты бағалауға болады. Еркіндік пен қатаң тәртіптің тең ортасы ауытқыса – демократия әлсіз, не болмаса мүлде жоқ. Қоғам құлдырау жолына түседі. Хақтың Өзі жасаған бұл тұрақсыз жолды дінде айтылатын қыл көпірмен салыстыруға болады. Осы өмірдің имек жолынан аман өткен адам келесі өмірдің қыл көпірінен де оңай өте алады.  Демократияның мөлшері қоғам өмірінің көрінісі болып табылады. Демократия деңгейі – қоғам айнасы.

Сонымен, өркениеттің тиімді жолы – демократиялық жол. Бірақ, демократиялық ел болу үшін әуелі оның негізі болып табылатын еркіндік пен тәртіптің не екенін, өзара байланысы мен олардың демократияға қалай әсер ететінін білуіміз керек.

Еркіндік пен тәртіп. Еркіндік дегеніміз адам еркінің орындалу мүмкіндігі. Мүмкіндік болмаса еркіндік те жоқ, оған жол жабық. Адамның еркі тұншығып, тек қана орындалмайтын арман ғана болып қалады. Ерік адамға әуелден берілген жан қасиеті болып табылады. Сол себептен де еркіндік адамның табиғи қасиеті. Адам үшін ол ең қымбат, әрі жоғарғы арман болып табылады. Нағыз демократиялық елдерде ондай мүмкіндік бар. Сондықтан, ондай елде әрбір қоғам мүшесі қатаң тәртіп сақтай отырып, өзінің қалауын қанағаттандыра алады. Ол барлық іс-әрекетінде еркін және бақытты сезінеді.

Еркіндік пен қатаң тәртіптің сыртқы көрінісі мен ішкі мәні бар.

Қоғамдағы еркіндіктің ішкі мәні рухани еркіндікпен тығыз байланысты. Сол себептен адам құқығын қорғайтын халықаралық құжаттарда рухани еркіндікке (орысша – свобода совести) үлкен орын берілген. Бұл құжат адам еркіндігінің негізін құрайды. Себебі, барлық еркіндіктердің негізі рухани еркіндікте жатыр, барлық еркіндіктер соған негізделген. Адам баласының дін түрлері, өмір сүру ортасы, отбасын құруда, тағы сол сияқты басқа да барлық өмір құбылыстарында ешбір зорлаусыз толық ерікті болуы керек.  Қоғам өмірін бүкіл болмыспен үйлесімге келтіретін шарт – еркіндік. Еркіндік болмаған жерде үйлесімділік те жоқ. Зорлықпен бақытты өмір орнату мүмкін емес. Зорлық бар жерде кінәрәттің болуы табиғи құбылыс.

Бірақ, еркіндікпен бірге, тәртіп те керек. Тәртіп дегеніміз – әркімнің өз еркімен жасаған әрекеті үшін жауапкершілік. Басқаша айтқанда, адам не ексе, соны оруы керек. Тәртіп еркіндікті шектен шығармайтын, белгілі бір өлшеудің аясында ұстайтын құрал, әдіс. Ол өлшеуден шыққан адам табиғат заңы бойынша өз жазасын алуы тиісті. Бұл заңдылықты Абай қырық үшінші сөзінде былай деп береді «бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады». Әрненің өлшеуін білген адам әр істе де еркін қимылдайды. Нағыз еркіндік деген осы. Демократиялық елде үйлесімділікке зор көңіл бөлініп, қатаң сақталатындықтан, еркіндік пен қатаң тәртіп сәйкестікте.

Ал тәртіп болмаған жерде сенім әлсіреп, нағыз еркіндік те әлсірейді. Тәртіпсіз еркіндік анархияға айналады. Еркіндіксіз тәртіп  тоталитаризмге айналады.

Енді қоғамның осы түрлеріне, және олардың пайда болу себептеріне  Абай ілімі аясында жеке тоқталып көрелік.

Тоталитаризм – қоғамда қатаң тәртіпті орнатудың бір әдісі. Бірақ, бұл әдістің, яғни қатаң тәртіп орнатудың өз шегі бар.  Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқықтары аяққа басылады. Бұл әдісте негізгі қозғаушы күш – қорқыныш. Қорқыныш арқылы тез арада қоғамды бір жүйеге келтіруге болады. Өте тиімді жол. Бірақ өте үлкен кемшілігі бар: қорқыныш бар жерде ерік шектеліп, жан тұншығады. Қорқыныш жанды былғайтын негізгі күш.

Қатаң тәртіп әділет үшін қолданылғанда – өркендеу жолы, ал әділетсіздік үшін қолданылғанда – құлдырау жолы. Нәтижесі қолдану мақсатына байланысты. Тоталитарлық жүйеде қатаң тәртіпті сақтау үшін оппозиция мен еркін ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Ой бостандығы шектеліп, жан күйзелісте болады. Жан құмары тұншыққан соң, адам рухани суаттан айырылып, қоғам өзінің белгілі бір деңгейінен аса алмайды. Бұл ақиқатты еліміздің өткен коммунистік қоғам дәуірінен жақсы білеміз. Ол кезде қатаң жүйенің аясында болғандықтан, адам бостандығы шектеліп, еркіндікке жол берілмеді. Мұндай қоғамда тәрбиеленген адам сана-сезім өспей, ар-намыс, өзіндік қайрат-жігер жетілмей, жүйенің бір тетігіне айналады. Еркінен айрылған адамдарды басқару оңай – олар айтқанға сеніп, айдауға оңай көнеді. Коммунистер билігінің ұзақ созылуы да осының бір көрінісі еді. Тіпті, Кеңес Одағы ыдырап, егемендік алған соң да көп елдер сол бодандық санадан арыла алмай, тағдырдың өздеріне берген сыйлығын түсінбей келеді. Құлдық психологиядан арыла алмай жүр. Сол себептен, коммунистік дәуірден өткен адамдар әлі де болса еркіндікті толық пайдалана алмайды. Кеңес Одағы ыдыраған соң егемендік алған елдердің жетіле алмай, тіпті, керісінше құлдырау жолына түсуі осыны айғағы болса керек. Бүгінгі күндері олардың барлығы дерлік демократиясы әлсіз, тоталитарлық мемлекетке айналып отыр.

Әлемде жеке адамдар, не болмаса белгілі бір партия басқарған тоталитарлық жүйелер бар. Олар адамзат өркениетіне үлкен зиян келтіреді. Мысал үшін Солтүстік Корея, не болмаса Түркменстанды алуға болады. Мұндай елдерде автократтық жүйе орнап, жеке басқа табыну күш алып, ел басшысы тиранға айналады. Басшылар өздерінің, не болмаса отбасының билігін орнатып, елде тоталитарлық тәртіп орнатады. Олар маңына өздерін қолдап, қолшоқпары болуға дайын адамдарды жинап, мансабын қорғауды ойлайды. Осылай ел басшысы мен оның қолшоқпарлары тек қана өздерін қолдайтын адамдарды жинап, өздеріне қауіпсіздік орнатып, елді аяусыз қанауға жол ашады. Өзінің мінген сүйікті атын Инцитатаны сенатор етіп тағайындаған Римнің императоры Калигула бұған жақсы мысал.

Мұндай жағдайда билік ғалымдарды, өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, саясаткерлерді өзіне қаратып, бүкіл қоғам жүйелерін өзінің құралына айналдырады. Дін өзінің негізгі міндетінен айрылып, моральдық-этикалық шеңберден шыға алмай қалады. Егер елбасы өзінің міндетін атқарып, ел үшін қызмет көрсетсе, оның бұл әрекеті ерлік ретінде қабылданып, жоғары қолпаштанады. Қоғамды өзіне толық бағындырып, билік шыңына жеткен мұндай адамдар жеке бас қамы үшін адамгершілік қасиеттерден жұрдай болады. Олар көп уәде береді, бірақ орындамайды, не болмаса орындай алмайды. Лауазымы үлкен адамдар үшін уәдені орындау өмірден де қымбат. Себебі үйлесімділікті сақтау жолында уәденің маңызы зор – ол орындалмаған жерде өмірдің мәні кетіп, тіршілік үйлесімділігін жояды. Мұндай ел рухани құлдырау жолына түсіп, бәсекеге қабілеттілігі болмай, азып-тозып кетеді. Елбасы қандай болса – ел де сондай. Себебі көпшіліктің санасы төменгі, тән деңгейінен аспайды. Абай айтқандай, жаманды замана билеп, олардың өмірі заманға байланысты болады.

Болмыстың тартылу заңдылығы бойынша осылай қоғамда түрлі жағдайлар орнайды. Дөрекі күшпен, адамның қалау-ниетін ескермей, әділетті аяққа басып тапқан жетістік – ол уақытша ғана. Оның арты қасіретке айналады. Мұндай елде адамдар рухани және заттық тығырыққа жолығып, ар-намыс, қайрат-жігерден айрылып, қой мінезді болып кетеді. Ойын-сауық көбейіп, ысырапқа жол беріледі. Осылай ысырапшылық күш алып, Абайдың ескерткен «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз»  деген ғибратты сөзін ұмытып, бұл дұшпандарға жол беріледі. Нәтижесінде қоғамда әділеттілік аяққа басылып, коррупция, жемқорлыққа жол ашылып, бүкіл ел құлдырау жолына түседі.

Еркінен айырылып, намыс-жігерден жұрдай болып, жүнжіп,  айдағанға көнгіш қой тәрізді адамдар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді. Бір сөзбен айтқанда, тобырға айналады. Тобыр күшпен басқарылады. Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуінде де болған бір адам «Тоталитарлық Солтүстік Кореяда көшеде полициядан аяқ алып жүре алмайсың, ал демократиялық Оңтүстік Кореяда полицейді іздеп таба алмайсың» деп таң қалады. Демократия орнаған елде құқық сақтайтын органдар әділетке қызмет етеді. Мұндай елдерде құқықты сақтау үшін күштің қажеті жоқ.

Нағыз демократия – елдің әлемдік өркениет көшінен қалмай, өзіне тиесілі дұрыс орын алу кепілі. Бірақ демократияның бір қанаты болып табылатын еркіндіктен басқа, оның екінші қанаты болып табылатын тәртіп те керек. Қатаң тәртіпсіз еркіндік анархия тудырады.

Анархия дегеніміз адамдарды еш нәрсеге мәжбүрлемеу, қарым-қатынастың еркіндігіне негізделген, басқарусыз шынайы қоғамдық тәртіп орнату. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай түсінік адамның тән құмарын ескермейді. Тән құмарын тежеу үшін тәртіп керек. Себебі, жан құмары мен тән құмарын дұрыс түсініп, оларды үйлесімге келтірмесе, тән құмары үнемі жеңіп отырады. Тән құмарын жеңу үшін тәртіп керек. Тән құмарын тежейтін тәртіп болмаған жағдайда жауапкершілік әлсіреп, адамды нәпсі жеңіп кетеді. Осылай жан құмары жеңіліп, адам рухани күйзеліске ұшырап, құлдырау жолына түседі. Тәртіпті ұмытып, шексіз еркіндікпен бақытты өмірге жетемін деген адам осылай жан күйзелісіне жолығып, өмірдің қуанышы емес, керісінше, қайғысына ұшырайды. Қатаң тәртіп болмаса, анархия жүйесі іске аспайтын утопияға айналады.

Сонымен, анархияның пайда болу себебі неде? Оның себебі: қатаң тәртіптің болмауынан еркіндіктің мөлшерінен асып кетуінен. Анархия көріністерін, оның зардабын 1917 жылғы Кеңес Одағы құрылуының алғашқы кезеңінен де көре аламыз. Революциядан кейін бұрынғы жүйе жойылып, ерікті тежейтін күш болмай, еркіндік анархияға айналды. Әркім қолынан келгенше өзінің тіршілігін жақсартуға ұмтылғандықтан, қылмыс көбейіп, қоғам өмірі хаосқа ұшырады. Бұған қарсы қатаң тәртіп керек болды. Мемлекеттің тағдырын шешетін сол бір кезде коммунизм идеясымен қаруланған коммунистер қатаң тәртіп жасап, елде бір жүйе орната білді. Тағы бір жақсы мысал, Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстанда болған бейберекет пен хаос. Елде өндіріс орындары талан-таражға түсіп, колхоз-совхоздар тез ыдырап, мемлекеттің мал-мүлкі әркімнің қолында кетті. Отыз жыл өтсе де, халқымыз оның зардабынан әлі де құтыла алмай отыр. Қатаң тәртіп болмай, еркіндікті мөлшерінен асырудың осындай зардабы болады. Адамзат тарихынан осылардың барлығы табиғи заңдылықтар екенін көрсетеді.

Досым Омаров, абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052