Биліктің бас ауруы: киік пен кеніш
Қызыл империя үстемдік құрған Кеңес заманында қазан айы даңғаза мерекемен басталатын. Биылғы қазан айының әр аптасы Қазақстан үшін де, әлем үшін де тыныш болмай тұр.
Әлем дегенде, әрине, Израиль мен ХАМАС қақтығысы ойға оралатыны анық. Қазанның 7-сі күні орын алған ХАМАС-тың қанды шабуылынан 1400-ден астам Израиль тұрғыны опат болса, Израиль тарабының кек алу әрекетінен 8000-нан астам Палестиналық ажал құшты.
Ал өз ішімізге келсек, Үкіметтің қазанның алтысы күнгі ауылшаруашылық өндірісіне орасан зор шығын келтірді деген желеумен киік атуға рұқсат беру шешімінен кейін, босқан, оққа ұшқан дала тағыларының аянышты тағдыры әлеуметтік желінің талқы тақырыбына айналды.
«Киіктің киесіне ұрынбасақ болғаны» деген қорқыныш әр көңілде белең алды.
29 қазан – 46 кеншінің кеніштен шыға алмай, жер астында опат болуына байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ұланғайыр жерге симаған киік тағдыры да, кеніште қаза тапқан ел азаматтарының өмірі де елдің қабырғасын қайыстырғаны анық.
Мәселенің төркініне үңілсек, Киік қырғыны мен кеніштегі апаттың адами, экономикалық салдарлары бар екені анық. Ашығын айтқанда Ескі Қазақстан билігінің еститін үкімет құруға тырысып отырған Жаңа Қазақстан билігіне қалдырған тоқсан тарау түйткілінің бір парасы екені анық.
Қазір қоғам назары киік тағдырынан, кеніште мерт болған адам тағдырына ауды. Ол заңды да. Көпшілік биліктің Үндітекті инвестормен келісім-шарттың күшін жою бастамасын құптап, өз ұсыныстарында жеткізуде. Ескі Қазақстан билігінен теперіш көрген Мұқтар Жәкішев, Серік Ахметовтер де алға шығып, Назарбаев билігі кезінде мемлекет байлығының жымысқы жолмен қалай жат қолына өткенін жеткізуде.
Жаңарған парламетте де шетел асқан ел байлығын елге қайтару туралы заң жобалары қабылданып, сең бұзылғандай болған. Бұл бағытта Ермұрат Бапи ағамыз бастаған депутаттар белсенді жұмыс істеуде. Кеніштегі апат халық қалаулыларының босқа шырылдап жүрмегенін тағы бір дәлелдеді. Көш жолы кесіліп, жайылым аясы тарылып, елдің егініне түскен киіктің сүйкімсіз тағдыры да, жер астынан шыға алмай қалған кеншілердің өлімі де 30 жылдық жүйенің неге алып келгенінің нақты көрінісі болды.
Ел байлығын заңсыз иеленген шетелдік миллиардерлермен күрес те, киіктің өрісі мен суатын жалға алған әскери державамен күрес те оңайға түспесі анық. Бұл мәселенің шешімі еститін үкіметтің ел пікіріне құлақ асып, адам өмірімен бақуатты болуын бәрінен биік қойып, әлемдегі ең үлкен территорияның мүмкіндігін толық ашып, шөлейттендірмей, аңдардың тынысын тарылтпай жұмыла жұмыс жасауында жатыр.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz