Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 3186 15 пікір 1 Желтоқсан, 2023 сағат 14:54

Кеңес Одағының ыдырауы Абай ілімі аясында...

Бүгінгі өмір ғана емес, тіпті келешек өмір  де өткен өмірдің нәтижесіне байланысты. Олар бірімен бірі тығыз байланыста. Өткен өмір бүгінгі өмірді жасап, келешекті құрайды. Табиғатта кездейсоқтық деген болмайды. Бүкіл әлем өмірі белгілі бір заңдылыққа тәуелді.

Сондықтан еліміздің бүгінгі рухани-әлеуметтік жағдайын түсініп, оның келешегін болжау үшін әуелі өткен өмірімізді дұрыс түсініп алуымыз керек. Абай мұрасы аясында қарастыратын болсақ, өткен өмірімізді ғана емес, бүгінгі мен болашағымызды да болжай аламыз. Себебі, ол еліміздің тарихын мүлде басқа қырынан көрсетіп, жаңа көзқараспен көруге мүмкіндік береді. Мысалы, халқымыз бүкіл әлемдік деңгейдегі тәжірибеден өтті. Мұны бірі білсе, бірі – білмейді. Жетпіс төрт жылға созылған атеистік тіршілігіміз  бұрын тарихта болып көрмеген құбылыс болып, бүкіл адамзатқа берілген тәжірибе, әрі үлкен сабақ болды. Бұл тәжірибенің негізгі ғибраты – рухани болмысын ескермеген мемлекет ешқашан да ұзақ өмір сүре алмайды.  Өркениеттің жан құмары мен тән құмарын қанағаттандыратын рухани және материалдық құндылықтарын бірдей ескеріп, екеуін үйлесімде, тең ұстау керек еді. Бірақ мұндай үйлесімділік бұзылып, бір кездері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) деп аталып, жер жүзін дүрліктірген алып мемлекет жетпіс жылдан аз-ақ асқан өмір сүріп, тарап кетті. Осылай ол өзіне тең империялардың арасындағы ең аз өмір сүрген ел болды.

Не себептен КСРО-ның өмірі осынша қысқа болды?

Бұл сұрақтың сырын заттық ілім арқылы түсіну мүмкін емес. Себебі оның сыры заттық болмыстан тереңірек жатыр. Сондықтан, бұл мәселе жөніндегі бүгінгі ғалымдардың көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейтін, тіпті кейде қарама-қарсы болып жүр. Мысалы, КСРО-ның құлауының басты себептері – экономикалық дамуда артта қалушылық; соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды; «Халықтар достығының салтанаты» орнаған көпұлтты федерация орнына Кеңес Одағы біртіндеп əкімшілдік-əміршілдік басқару жүйесі қалыптасқан, тоталитарлық сипаты бар коммунистік империяға айналды; КСРО құрылған кезде федерацияда терезесі тең болады деген одақтас республикалар барлық жағынан Мəскеуге бағынып, онсыз бір мəселені шеше алмайтын «қуыршақ» құрылымдар болып қала берді; немесе ұлт-азаттық қозғалыс болды, тәрізді ойлар. Бірақ бұлардың барлығы құбылыстың ішкі сырын ашпайтын, тек қана сыртқы көрінісін ғана сипаттайтын заттық көзқарастан шыққан. Бұлар құбылыстың негізгі ішкі себебін ашпай, сыртқы салдарын ғана көрсетеді.

Таза заттық ғылым болмыс сырларын біржақты ғана көріп, тереңіне бойлай алмайды. Мысалы, тарих ғылымы көбіне құбылыстың қалай, қашан болғанына көңіл бөледі, бірақ оның себебі мен келешекте болатын салдарын талдап ашпайды. Бұл философия ғылымының міндеті. Философия әрбір құбылыстың себебін түсіндіріп, келешектегі оның беретін салдарын ашып бере алады. Бірақ, Абай сөзімен айтқанда «екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат». Құбылыстың сыртқы сымбатынан басқа ішкі сыры бар. Ол сыр рухани болмыспен байланысты, сондықтан олардың «тереңіне бойламай» түсіне алмаймыз. Бұл терең сырды түсіну үшін құбылыстың түпкі негізін зерттейтін теология керек. Теология ғана қандай құбылыс болса да оның терең сырын ашып, бүкіл болмыспен байланыстыра алады. Қандай құбылыс болса да, оның түпкі мәні рухани болмыста жатыр. Сондықтан, заттық ғылымды зерттейтін ғалымдардың тұжырымдары біржақты, құбылыстың негізгі себебін емес, тек қана сыртқы көрінісін, яғни салдарын ғана көрсететін таяз тұжырымдар. Еліміздің тарихын тереңінен түсіну үшін мұндай тұжырымдар жеткіліксіз.

Тарихымызды дұрыс түсініп, соған сәйкес сабақ алу үшін оны енді заттық көзқарас қана емес, рухани болмысын да қамтитын, жаңа тұрғыдан, толық білім арқылы қарастыру керек. Бұл – Абай ілімі.

Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, Кеңес Одағының сәтсіз болуының екі себебі болғанын көреміз,

Біріншісі – атеизм. Атеизм өркениеттің жалпы заңдылығын толық ескермейді. Өркениет қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы болғандықтан, атеистік дәуірде бұл жетістіктер үйлесімді болмады. Атап айтқанда, материалдық жетістіке аса көңіл бөлініп, рухани жетістік екінші орында болды. Рухани болмыс мүлде жоққа шығарылып, жетілу заттық деңгейде ғана түсіндіріліп, адам болмысының сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлінді. Қоғамда атеистік идеология болғандықтан, бұл заңды құбылыс еді. Рухани жетілу болмай, жан күйзеліске түсті. Нәтижесінде адамның жан құмарын тән құмары жеңіп, еркіндікті қатаң тәртіп тұншықтырды, қоғам тоталитаризмге айналды.

Екіншісі – коммунизм утопиялық идея болды. Коммунизм идеясы Абай көрсеткен адамның тән құмарын ескермей, тек қана жан құмарын қанағат етуді алға қойды. Фәни әлемде бұл мүмкін емес. Нәтижесінде еліміз  құлдырау жолына түсіп, коммунизм идеясы іске аспай қалды. Әуелде утопиялық идеямен қанаттанып, жақсы жетілгенімен, уақыты келгенде екі қанаты әлсіреген құстай, қайта құлдырап, өмірі қысқа болды. Ақыры бұл жүйе құлады. Себебі, жүйені құрайтын адам баласы жетілмей, қоғам құлдырау жолына түсті.

Абай ілімі аясында қарастыратын болсақ, осының барлығын анық көріп, түсінуге болады. Ол он жетінші сөзінде адам болмысы мен дұрыс өмір сүру сырларын береді.

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол — менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те — менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» — депті.

Қайрат, Ақыл, Жүрек неге ғылымға жүгінуі керек? Себебі – ғылым Алла тағала көрінісі, яғни ғылым санадан шығады. Ғылымның негізі санада жатыр. Бүкіл әлемді басқаратын – сана. Абайдың ғылым деген сөзі қазіргі қалыптасқан заттық ғылымды ғана емес, рухани білімді де қамтитын толық білімді білдіреді. Бізге енген «ғылым» араб сөзі. Ислам діні арқылы кірген араб сөздері Алла тағаланың хикметтерін білдіретін болғандықтан, олардың барлығы да рухани деңгейде. Сондықтан Абайдың бұл арадағы «ғылым» деген сөзі заттық білім емес, жаннан шығатын рухани білімді білдіреді. Рухани білім – жан қасиеті болып табылатын сананың бір көрінісі. Сондықтан, Абайдың «ғылымға жүгініпті» деген сөзі «санаға жүгініпті» деген ұғыммен бірдей түсінік береді. Шын мәнінде адам өмірін оның санасы басқарады. Не бұрыс, не дұрыс екенін сана анықтайды. Сананың жетілуіне байланысты сананың түрлі көріністері – адам өмірінің түрлі деңгейлері.

Қайрат, Ақыл, Жүрек – бұл үшеуі де заттық әлеммен байланысатын жанның құралдары. Қайрат – психологиялық қуат, ақыл – адамның нәзік заттық болмысы, ал жүректе жан орналасқан, сондықтан оны жанның өзі басқарады. Жан осылардың көмегімен бұл өмірдің ыстық-суық, қуаныш-қайғы тәрізді екіұдайылық қарсылықтарын көріп, әрекет етеді.

Қайрат – адамның өмір шырғалаңдарын шешу қабілеті, адам өмірінің қуаты. Қайраттың «дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейді» деген сөзі осыны білдіреді. Әрі қарай ол қайраттың не екенін толық түсіндіріп, адамның рухани жолдағы жетістігі де, дүниелік ісі де Қайратқа байланысты екеніне дәлелдер келтіріп отыр. Жүректің тазалығына байланысты қайрат жақсылыққа да, жамандыққа да бірдей қолданылады.

Әрі қарай Ақылдың сөзін келтіреді.

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын — мен, сенің сөзіңді ұғатұғын — мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» — депті.

Ақыл өмірдің пайда-зияндығын анықтайды. Ол үшін сезімдерден түскен ақпараттарды реттеп, оларды талдап, жүйелейді. Оның «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын — мен» деген сөзі осыны білдіріп тұр. Шәкәрім «Ақылдың басы мыйда, аяғы жүректе» деп ақыл мыйды және жүректі бірдей қолданатынын білдіреді. Сондықтан ақыл заттық әлемнің мәселесін мыймен, ал рухани мәселені жүрекпен шешеді. Ол екі дүниеге де керек. Кей адам мыйымен, кей адам жүрегімен өмір сүреді. Екеуінің өмір құндылықтары, ой-өріс, тіпті мінез құлықтары да мүлде басқаша болады. Сондықтан олар  кейде бір-бірін түсінбей жатады. Ал екеуін біріктіретін – ақыл.

Онан соң Жүректің сөзін келтіреді.

Онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын — мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын — мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын — мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын — мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» — депті.

Жүрек дененің бір мүшесі. Бірақ оның адам өмірінде маңызы өте зор. Жан жүректе орналасқан. Сондықтан, жүрек адамның денесін ғана емес, оның рухани болмысын да басқарады. «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» дейді Жүректің өзі.

Сонымен, адам өмірінде – Қайрат, Ақыл, Жүрек – бұл үшеуінің маңызы зор екен. Ақыл жаман-жақсыны айырады, Қайрат жанның ниетін іске асырады, ал Жүрек адамға рухани болмыс пен заттық болмысты айыруға мүмкіндік береді. Үшеуін де жан басқарады. Жан тазалығына байланысты адам өмірі, яғни бүкіл қоғам өмірі осылардың үйлесімді әрекетіне қарай жетілу жолында, не болмаса, құлдырау жолында болады. Оның себебін әрі қарай Абай былай деп көрсетеді:

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:

– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны  да рас,  бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол,  пайдаң да мол, бірақ залалың да мол,  кейде  жақсылықты  берік ұстап,  кейде жамандықты берік ұстап  кетесің, соның жаман, — депті.

Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе   табылмайтұғыны   да   рас.   Жаратқан   Тәңіріні   де   сен   танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да — бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның
екеуінің де сүйенгені, сенгені — сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, — депті.

– Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім, — депті.  Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден  қуып  шығарады.

– Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы, — депті.

Осылай ғылым, яғни сана барлығына төрелік айтып отыр. Себебі – ол барлығын біледі. Абай рухани жетілудің екі шартын көрсетіп отыр. Біріншісі – «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім» деген ғылым сөзі. Яғни, Қайрат, Ақыл, Жүрек -- бұл үшеуін Сана үйлестіріп, басқарып отыруы керек. Екіншісі – «Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды». Яғни, Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек, себебі жан жүректе орналасқан. Бұлар адамның рухани жаңғыруының шарттары. Егер осы шарттар дұрыс орындалатын болса, адам рухани жетілудің жоғары деңгейіне көтеріле алады. Бұл жолды Абай «жарым адам», «адам» және «толық адам» деп бөлетінін білеміз. «Толық адамды» Абай «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол» деп анық көрсетіп отыр. Абай оларды отыз сегізінші сөзінде Кәміл мұсылман, Хакім, Әулие және  Пайғамбар деп бөледі.

Ғылымның «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім» деген сөзінен адам өмірін оның санасы басқаруы керек екенін көреміз. Сана жаннан шығатын болғандықтан, ол жанның бір қасиеті. Бүкіл болмыс өмірін Жан, яғни Сана басқарады.  Адамды Санасы басқаратын болса, оның өмірі болмыспен үйлесімді болады. Заттық өмірден бастап, рухани болмысқа дейінгі аралықты қамтитын Сананың түрлі деңгейлері болады. Бұл деңгейлерді «Шәкәрім шыңы» атты еңбекте толық көрсеткенбіз /16/.

Санасы жоғары болса, адам өмірі де жоғары деңгейде. Бірақ атеистік өмірде сананың жоғары болуы мүмкін емес еді, себебі рухани ашығудан жан күйзеліске түсіп, жүрек көзі жабылып, адам санасы төмендеді. Кеңес дәуірінде сана ең төмен деңгейде – тән деңгейінде болды. Келесі деңгей, өмірдің нәзік болмысын түсінетін эзотерикалық деңгей, жоққа шығарылды. Бұл деңгейдегі адамдар бақсы-балгер, емші, экстрасенстар тәрізді болмыстың нәзік сырларын түсінетін адамдар. Кеңес дәуірінде олар ғана емес, намаз оқитын қарапайым иманды адамдардың өзі қуғынға ұшырап,  қоғам рухани жұтау көрді. Мұндай қоғамда Абайдың көрсеткен «толық адам» дәрежесіне жету мүмкін емес еді. Рухани надандық құрсаған мұндай қоғамда адамның Санасы өмірді басқарып, Қайрат, Ақыл, Жүректің басын қосып, бір үйлесімге келтіре алмайды. Керісінше, Сананы  оның құралдары Қайрат пен Ақыл басқарып кетеді. Осылай нәпсі күш алады. Үйлесімге келе алмаған олар әрқайсысы өзіне тартып, өмірдің берекесін кетіреді. Кеңес Одағы осындай берекесіз өмірдің көрінісі болып, тез ыдырап кетті. Яғни, Кеңес Одағының құлдырау себебінің бірі – атеистік идеология салдарынан адам санасының төмендеуі болды.

Рухани жетілудің екінші шарты – Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек. Не себептен? Абай әрі қарай оның себебін түсіндіреді. Басқару болмаса Қайрат пен Ақылдың Абай сөзімен айтқанда « пайдаң да мол, бірақ залалың да мол». Қайрат туралы Абайдың «кейде  жақсылықты  берік ұстап,  кейде жамандықты берік ұстап  кетесің, соның жаман» деген сөзі қолдануына байланысты қайраттың пайдасы да, зияны да болатынын көрсетеді. Мысалы, қайраттың қуатымен халқымыз орасан зор қиыншылықтарға берілмей, жеңе білді. Кеңес үкметі қатаң тәртіп орнатып, Азамат соғысында жеңіске жетіп, бұзылған шаруашылықты кейіннен қалпына келтіріп, Отан соғысын абыроймен аяқтады. Сонымен бірге, қатаң тәртіптің үлкен зияны да болды. Оған репрессияға түскен адамдардың және олардың туған-туыстарының тағдырын жатқызуға болады.  Олар халық жауы, не болмаса халық жауының ұрпағы ретінде өз елінде қуғын-сүргін, зорлық-зомбылықтың зардабын көрді.

Ақыл туралы Абайдың «амал да, айла да — бәрі сенен шығады» деген сөзі ақылдың жанның құрал екенін, қалай пайдалануына байланысты оның пайдасы да, зияны да көп екенін білдіреді. Егер жан таза болса, Абай сөзімен айтқанда «Жаратқан   Тәңіріні   де   сен   танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің». Ал жан фәни өмірдің жылтырағымен былғанса, Абай сөзімен айтқанда «Жақсының, жаманның
екеуінің де сүйенгені, сенгені — сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман».
Егер имандылық жолда пайдаланса – Ақыл адамның досы, ал егер нәпсі жолында пайдаланса – үлкен жауы. Ақылдың көмегімен адам үлкен ғалым-академик, бизнесмен, қоғам қайраткері болады. Бірақ жүрек көзі ашылмаса, бұл жетістіктердің адамның өзі ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен зияны бар. Мұндай құбылысты өмірден жиі көріп жүрміз.   Қайрат пен ақыл – жүректің, яғни жанның құралы. Жанның тазалығына байланысты ол бұларды әртүрлі дәрежеде пайдаланады.

Не себептен  Қайрат пен Ақылды Жүрек басқаруы керек? Себебі олар өлі табиғат, жан жоқ. Олар материя. Жанның құралы ғана. Жан Жүректе орналасқан, сондықтан Жүрек жанды. Жандыны жансыз басқара алмайды. Керісінше, жансызды жанды басқарып, өз қажетіне пайдаланады. Бүкіл дүниенің көзі – Рух. Ендеше дүниені Рух, яғни рухани күш басқаруы керек. Рухани жетістіктер әрқашанда материалдық жетістіктердің алдында болуы керек. Рухани, жанды дегеніміз – оның санасы бар деген сөз. Санасызды тек қана сана басқарып, дұрыс қолдана алады. Міне, сондықтан саналы Жүрек жансыз Қайрат пен Ақылды басқаруы керек.

Рухани жаңғыру арқылы жүректі тазартып адам болмысын дұрыс пайдалануға болады.

Бірде Қайрат, бірде Ақыл басымдық алып, Жүрегі былғанған адам түрлі шырғалаңға түседі. Дұрыс жолды табу қиын. Осындай жағдайда санаға жүгіну керек. Ғылымның «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым» деген сөзі осыны білдіріп, сана жүректі алға қоятынын көрсетеді. Жүректі рухани жаңғыру арқылы тазартуға болады, ал Қайрат пен Ақыл тазаруға келмейді – оларда жан жоқ. Жүрегін тазартып, оны тыңдай білген адам қандай қиыншылықтан болса да дұрыс шыға алады. Себебі жүректен ұят шығады. Ұят адамды дұрыс жолдан шығармайтын негізгі қуат болып табылады.

Коммунистік дәуірде бәрі керісінше болды. Атеистік идеология жүрекке орын бермей, бәрін Қайрат пен Ақылдың көмегімен шешуге ұмтылды. Ақыл көбіне жүректі тыңдамай, мыйдың ықпалымен кетіп, Қайратты дұрыс пайдалана алмады. Рухани басқарудан қалған қоғам осылай іріп-шіріп, құлдырау жолына түсті. Нәтижесінде Ақылдың Қайратпен жасаған дүниесі дұрыс пайдаланылмай, быт-шыт болып, құмға сіңген судай жоғалып, мәні болмады. Рухани болмысты жоққа шығарғандықтан, бұл елге бүкіл әлем дүрлігіп, қарсы болды. Сыртқы жауы көбейіп, ішкі дүниесі іріп-шіруге айналған мемлекет әлсіреп, ақыры ыдырады. Осыдан «Кеңес Одағының ыдырауының екінші себебі –  атеистік ой-өрістің салдарынан Қайрат пен Ақылды Жүректің басқара алмауы еді» деген екінші қорытынды жасауға болады.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054