Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Сұхбат 2554 0 пікір 29 Ақпан, 2024 сағат 13:24

Қазақ философиясы – өмір сүру философиясы!

Сұхбаттың алғашқы бөлімі: Бүгінгінің көшіне ілесе алмаған адам да, қоғам да дамымайды!

– Сіздің еңбектеріңізді оқып отырған адам онда «Қазақ философиясы – өмірмәндік философия» деген анықтаманы жиі кездестіреді. Мен де осыған назар аудардым. Шынында да, қазақ даналығы өмірді, өмір сүру жолдарын басты орынға қоятыны философиялық еңбектеріңізде ерекше аталады. Мұны қазақ халқына  тән феномен деуге бола ма?

– Өзіңіз білетіндей,  өмірдің мәні – кезінде Батыста кең тараған экзистенцализм философиясының негізгі тақырыбы. Қазақ философиясын зерттеуге бет бұрған 90-жылдардың басында философтарымыздың аға буынының көрнекті өкілдері Әбдімәлік Нысанбаев пен Ғарифолла Есім ұлттық дүниетанымымыздың өмірмәндік сипатына бірден назар аударды, ал Ораз Сегізбаев ұстазым маған оны докторлық ізденісімнің тақырыбы ретінде ұсынды. Қазақтың қара өлеңі мен жоқтауынан бастап, эпостарын, ақын-жырауларының, ғұлама ойшылдарының еңбектерін сүзіп шығып, философиялық талдау жасадым, дүниетанымымыздың экзистенциалдық мазмұнына көзім жетті. Бірақ қазақтың өмірмәндік толғаныстарының батыс экзистенциализмінен мүлдем өзгеше екенін де байқап, көп ойландым, себебі Батыс философтарының басым көпшілігінің пікірінше, өмір мәнсіз, тек Жан-Поль Сартр, Альбер Камю және Николо Аббаньяно ғана экзистенциализмнің гуманистік және жағымды мазмұны туралы айтады.

Ал тағдыры талай рет  қыл үстінде тұрып, тарихтың  қатал сынына ұшыраған қазақ халқы өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, жалған дүниенің мәнін талмастан іздеді, басына түскен қиындықтың бәрін жеңіп шығып отырды. Оның төркіні ұлттық рухтың күштілігінде, халықтың даналығында. Осыны бір сәт есінен шығармаған қазақ халқының «жалған дүние», «бес күндік ғұмыр»,  «қамшының сабындай қысқа өмір», «сұм дүние» дей отырып, өз ұрпағын адам, өмір, дүние төңірегінде ойлануға жетелегендегі көздеген мақсаты – адамды өмірдің мәнсіздігі, дүниенің жалғандығы жөніндегі экзистенциалдық уайым‑қайғыға шомылдырып, рухты, жігерді төмендету емес, керісінше, ойына үнемі қозғау салып, ұйқысынан оятып отыру, Шәкәрім айтқан «ақыл көзінің» қалғып кетпеуін қадағалап, өзінің кім екенін, жарық дүниеге не мақсатпен келгенін түсінуге ұмтылдыру, адамшылық келбетін шыңдау.

Экзистенциалдық сипаттағы қазақ философиясы адамды өмір туралы, өзінің өмірдегі орны туралы терең ойға, өмірлік мақсатқа негізделген белсенді іс‑әрекетке, өзін‑өзі рухани жетілдіруге жетелейді,  мәнді өмірге жету, өз тағдырын анықтау адамның өз қолында деп түсіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың экзистенциалдық мазмұнды философиясы адамға пайдалы, ғылыми тілмен айтсақ, позитив, жағымды сипатта. Батыс философтары бұрынғы кеңестік философияны құрғақ теорияға әуес, практикалық мазмұны жоқ философия деп орынды сынағаны белгілі.  Біздің қоғамға дәл қазір керегі де осындай практикалық маңызы бар философия. Қандай қоғам болмасын, ерте ме, кеш пе, өзінің қарапайым мүшесіне қажетті өмірлік позитивті бағдарлама жасауға мәжбүр болады. Онсыз бүкіл қоғамдық жүйе терең дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Сондықтан ұлтымыздың философиялық дүниетанымын кеңірек насихаттаумен қатар, оның әлі де болса зерттелмеген қырларын қарастыруымыз қажет.

– Қазіргі қазақ философиясы өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы Өркендеу кезеңінен кейін қандай эволюциялық жолдарды бастан кешті және болашақтағы бейнесі қандай болады деп ойлайсыз?

– Иә, отандық философия Кеңестер Одағындағы санаулы ғана үздік философиялық орталықтардың қатарында болғаны тарихи шындық. Ғалымдарымыздың диалектикалық логика, таным теориясы, ғылым философиясы, жаратылыстанудың философиялық мәселелері және тағы басқа бағыттар бойынша ізденістері мықты еді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі зерттеу жұмыстары негізінен қазақ философиясының тарихын зерттеуге бағытталып, ұлттық дүниетанымымыздың мазмұнын ашуға арналаған еңбектер жазылды, көптеген кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Қазіргі ғылыми ізденістің басты көрсеткіші ретінде қабылданып отырған (келіссек те, келіспесек те, заман талабы солай болып тұр) Скопус, Томсон Рейтер, Веб оф Сайнс қорларына кіретін шетел журналдарында да қазақ философиясы туралы мақалалар жарық көріп, өзімізді әлемге таныта бастадық.

Бірақ қазақ философиясының тарихын зерттеуден аса алмаудың жағымсыз жағы да бар. Ғалымдардың пікірінше, өзінің өткеніне қайта-қайта орала беретін, бүгінгінің көшіне ілесіп, сұраныстарына жауап бере алмайтын адам да, қоғам да дамымай қалады. Сондықтан да әлемдік философиямен бірге алға жылжудың қамын жасауымыз керек. Бұл жағынан біршама жетістіктеріміз бар. Бұрыннан таныс Ресей, Түркия ғалымдарымен ғана емес, Америка, Оңтүстік Корея, Франция, Италия, Грекия, Финляндия философтарымен де байланысымыз нығая түсті. Олар докторанттарымызға кеңесші болумен қатар, бірлескен жобаларымызға да белсене қатысып келеді. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының ғалымдары 2020 жылы Еуроодақтың Эрасмус+ бағдарламасы Жан Монне жобасының грантын жеңіп алып, Қазақстандағы цифрлық гуманитаристика бойынша ізденістер жүргіздік және оларды 2023 жылы жемісті аяқтадық. Посткеңестік республикалар арасында мұндай грантқа тек біз ғана ие болғанымызды ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Осы бағыттағы мегажоба бойынша ізденістерді ҚР ҒЖБ Министрлігінің грантына ие болған Философия, саясаттану және дінтану Институтының ғалымдары жалғастыруда. Олар адал азамат, әділетті Қазақстан мәселелерін де жан-жақты зерттеумен айналысып келеді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философтары Қазақстандағы тарихи ескерткіштерді, қазіргі қоғамдағы гендерлік мәселелер мен қазақ мәдениетін философиялық тұрғыдан зерттеу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ресей Халықтар достығы университетімен бірге философ магистранттардың қосдиплом бағдарламасын нәтижелі жүргізіп отыр. Докторантураға еліміздің жас ғалымдары ғана емес, шетелдік ізденушілер де қабылдана бастады, кафедрада «Саяси философия» бағыты бойынша PhD мамандар дайындау бағдарламасы басталды, «Философия» мамандығын таңдаған бакалврлар саны да жыл санап артып келеді. Ғалымдарымыз соңғы жылдары шетел философтарының оқулықтарын қазақ тіліне аударып, қазақ баласының интеллектуалдық дамуына қомақты үлес қосты. Биылғы тамызда Рим қаласында өтетін әлемдік философиялық конгреске де біршама қазақ философтары қатысады. Қазір тізіп айтып шығуға оңай болғанымен, бұл істердің артында біздің бірнеше жылдарға созылған тынымсыз еңбегіміз жатыр.

Десек те, қордаланып қалған мәселелер өте көп. Мысалы, отандық философияның диалектикалық логика, ғылым философиясы, логика, онтология, гносеология, этика, эстетика салалары бойынша ізденістер жоқтың қасы. Болашақта осыған айрықша назар аударуымыз қажет деп ойлаймын. Әрине, қиындықтар жеткілікті, алайда Мұхтар Әуезов ғұлама: «...философия көркейеді. Көркейгендегі жемісін адам жаны қорек қылады» дегендей, өз басым қазақ философиясының өркендеуіне үлкен үміт артамын.

– Қазақ философиясы бастауында әлемге әйгілі ұстаз Әл-Фараби тұр десек – бұл әсірелей айтқан болмай ма? Сіз «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты оқу құралының авторысыз. Ұлы баба мұрасын зерттеудің қуанышты сәттері де бар шығар.  Сонымен бірге, Әл-Фарабимен «бетпе‑бет» келгенде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Менің пікірімше, әл-Фараби – адамзаттың ұлы ойшылы, оны бір ұлттың немесе халықтың ғана өкілі деуге болмайды. Туған жері – Отырар деген дерекке сүйеніп, әл-Фараби сияқты дананы өзіміз ғана иемденіп алсақ, басқа халықтарға қиянат болар еді, оны шетел ғалымдары да ескертіп жүр. Қазақстанда Әл-Фарабидің философиялық мұрасын зерттеу ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының соңында басталғаны белгілі. Д.Қонаев, Қ.Сәтбаевтың қолдауымен Философия Институтында фарабитанушылар тобы құрылып, өте нәтижелі жұмыс істеді. Бұл топ әл-Фарабидің көптеген еңбектерін жарыққа шығарды, кейін тұтас бір фарабитану мектебі қалыптасты.

Фарабитанудың Ренессансы 2013-2014 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де басталды деуге болады. Университетімізде әл-Фарабидің ізгі қала ілімінің негізінде Smart city жобасы дүниеге келді. Оның негізгі мақсаты – мамандар дайындаудың технологиялық платформасын рухани платформамен толықтыру. Тұтас процестің бұл екі бөлігі тең, яғни болашақ маман университет қабырғасынан өз ісінің жақсы білгірі ғана емес, адамшылығы жоғары тұлға болып шығуы тиіс. Сіз айтып отырған «Әл-Фараби және қазіргі заман» оқу құралы осы жобаны іске асырудың алғашқы сатысы еді. Біздің алдымызға қойылған міндет – әл-Фарабидің энциклопедиялық ілімін қарапайым адамға, ең әуелі жастарға түсінікті тілде, қысқа да нұсқа түрде баяндап беру болды. Кітапты жазу барысында қиындықтардың көп болғаны да рас. Әл-Фарабидің де, ғалымдарымыздың да ғылыми тілін көпшілікке түсінікті тілмен жеткізу оңайға соқпады, бірақ бұл істі табысты орындап шықтық деп ойлаймын. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде түсінікті жазылып, оқуға ыңғайлы шағын түрде басылып шыққан еңбек көпшілік сүйіп оқитын, шетелдік қонақтарға ұялмай ұсынатын кітапқа айналды.

Әрине, ұлы баба мұрасын зерттеудің қуанышты сәттері көп болды, оның энциклопедиялық білімінің, философиясының тереңдігіне, қазіргі заманмен үндестігіне үнемі тәнті болдық және оның білім деңгейінің өте жоғары екеніне, Батыстың кейбір ғалымдары оған таққан «комментатор» айдарының жалғандығына қадам басқан сайын көзіміз жетіп отырды. Отандық фарабитанудың бір кемшілігі – философтарымыздың басым көпшілігінің араб тілін білмеуі. Оның еңбектері негізінен орысша нұсқаларына сүйене отырып зерттелді. Әрине, бұл дұрыс емес, салыстырмалы түрде айтсақ, Абайдың шығармаларын орыс тілінде оқып, зерттегенмен бірдей. Ал шетелдік фарабитанушылар араб тілін меңгергеннен кейін ғана оның философиясын зерттеуге рұқсат алады. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің жерлесіміз, Ресейдің танымал ғалымы Нұр Серікұлы Қирабаевты мысалға алсақ жеткілікті. Орта ғасырдағы мұсылман философиясын зерттеуші Нұр Серікұлы араб тіліне де, ағылшын тіліне де жетік.

Әл-Фараби философиясына қызығушылығымыз шетелдік фарабитанумен танысуға жетеледі және бұрын бейтаныс көп мәліметтерді аштық. Мысалы, әл-Фараби мұрасын Түркия, Иран, Ирак ғалымдары  ғана емес, Америка, Франция, Германия, Грекия, Испания, Италия және тағы басқа елдердің философтары да оның адам, қоғам, музыка, поэзия туралы ілімін, тіл философиясын, логикасын, математикасын көп зерттеген екен, тіпті кейбір ғалымдар оны бақыт философиясының негізін қалаушы деп те есептейді. Осындай қызықты материалдарды тереңірек зерттеуді мақсат етіп, «Шетелдегі фарабитану» тақырыбына гранттық жоба ұсынып та көрдік, бірақ қолдау таппадық. Шындығын айтқанда, кейбір мағынасыз, практикалық пайдасы жоқ тақырыптардан гөрі, осындай өзекті жобалар маңызды болар еді.  Болашақта тағы бір бақ сынап көрерміз.

– Бүгінгі заман бейнесі қандай? Мысалы, «философия – өз заманының квинтэссенциясы» деген пікірге сай, бүгінгі заманды философиялық тұрғыдан қорытуға бола ма?

– Жоғарыда атап көрсеткенімдей, философия – қоғам дамуының көрсеткіші. Бүгінгі заманға философиялық сипаттама берсем, қазіргі қоғам постмодернизм философиясына ұқсас дер едім. Яғни, ол көпөлшемді, қарама-қайшылықты, әртүрлі бағыттар мен идеяларға толы, мәдениеттегі шекаралар жойылған, реттілік, қоғам дамуының белгілі бір заңдылықтарына сүйену  ғана емес, ретсіздік, хаос та бар, көзқарастар мен тәсілдер әртүрлі. Және, бір қызығы, осының бәрі қоғамның барлық салаларында, модадан бастап саясатқа дейін байқалады. Адамдардың араласуында мәтіннің орнын сұхбаттасу басты, бір-біріне әсер ету, оқыту тәсілдері мен әдістерінің көптүрлілігі алдыңғы қатарға шыға бастады.

Қазіргі адамзат бұрынғыға қарағанда еркін, бірақ Гегельдің «абсолюттік еркіндік адамды ойына келгенін жасауға итермелеп, түбінде құбыжыққа айналдыруы мүмкін» дегенін де ұмытпау қажет. Міне, дәл осы тұста адамзатқа қажетті құрал – ақыл-ойды дамытушы философия дер едім. Сондықтан осы бірі керемет ғылымды көпшілікке кеңірек таныту, әрбір адамның жүрегіне жеткізу – біздің міндетіміз.

– Гүлжиһан Жұмабайқызы, бүгін өзіңізбен ерекше сұхбат болды. Сіз шынында да қазіргі қазақ қоғамының постмодернистік сипатын дәл суреттеп бере отырып, мұндағы «абсолютті еркіндіктің» қоғам эволюциясымен бірге ұлттық сипатқа бет бұруы – қазақ халқының бірден‑бір тарихи жолы  екенінен де хабар беріп, ойшыл қауымға терең ой салдыңыз. Осы үшін де Сізге мың алғыс! Сізді өзіңізбен бірге 1975 жылы Университеттің Философия факультетіне оқуға түскен курстастарыңыздың атынан биылғы мерейлі жасыңызбен және алдағы келе жатқан Халықаралық әйелдер күні мерекесімен, онымен бірге, өзіңіз талмай ұстаздық етіп келе жатқан қазақ білімінің қара шаңырағы – Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 90-жылдық мерейлі тойымен құттықтауға тұқсат етіңіз. Еңбегіңіз әрқашанда жемісті бола берсін!

Сұхбатты жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963