Сейсенбі, 8 Қазан 2024
Ақмылтық 3799 32 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 13:58

Елтаңбадағы символдар неғұрлым көне болса, соғұрлым қастерлі!

Коллаж: Abai.kz

Жер бетінде өзінің ұлттық болмысынан ажырай жаздап, соның салдарынан өз тілімен, тарихымен алысып жатқан бір ел болса ол Қазақстан. Соның көрінісі ретінде, құр сөз болмасын, бірнеше мысал келтіре кетейік.

ҚР алғашқы басылып шыққан төл теңгемізде бейнеленген тарихи тұлғаларымызды көп ұзамай «сұраншақ» қолға айырбастадық. 2016 жылы «Ақ жол» фракциясынан басқа бүкіл Парламент Мәжіліс депутаттары Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту туралы ұсынысты бір ауыздан дауыс беріп қолдады. Енді кезек мемлекеттік рәміздерге де жеткен сияқты.

Рәміздер демекші алғашқы боп өзгеріске әнұранымыз түскені белгілі. Елбасы соавтор болған әнұранның соңғы нұсқасына таңдау қалай түскені туралы әңгіменің өзі бір қызық оқиға... Ғасыр басында Еуропалық бір елде ҚР дипломатиялық корпусы ұлттық нақышта өткізген іс-шарадан соң келген қонақтар олардан Қазақстан Республикасының әнұранын орындап беруді өтінген екен. Сөйтсе, қазақ дипломаттарының көбі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұранның сөзін білмейтін боп шығыпты. Бірақ, әнұранның сөзін білмесе де «Менің Қазағыстаным» әнін айтпайтын қазақ жоқ. Абырой болғанда сол жерде ресми әнұранның орнына Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтың адмның рухын көтеретін әні шырқалады ғой. Нәтижесінде, иненің ұшынан өтетін пысықайлардың ұсынысымен ҚР Тұңғыш Президенті жасаған жаңа редакциямен бұл ән ресми ҚР әнұранына айналды.

Жалпы, әрбәр мемлекет қайраткері болған адам тарихта өз ісімен және айтқан сөзімен қалады. Кейде іс пен сөздің арасы жер мен көктей болады. Назарбаев тарихта «бала тапқанда өкіметпен ақылдастың ба?» және «екі сиырмен» қалатыны сөзсіз. Ол кісінің бұлай деу себебі ол кеңестік, тоталитарлық жүйенің өнімі. Ондайлар адам үшін, ұлт үшін емес тек жүйе үшін, өз мүддесі үшін қызмет етеді. Оның политтехнологтары тек оның жеке басының қадір-қасиетін дәріптеумен әуре болды. Халықтың жағдай, оның мүддесі, ұлт экономикасы тіпті ұмыт боп кетті. Оны «қаңтар» оқиғасы және сол оқиғаның символына айналған аяқкиім дүкенінде бір қазақтың қалдырып кеткен жазғы  «басаношкасы» айқын көрсетті.

Қаңтар оқиғасынан соң еліміз «Жаңа Қазақстан, адал азамат» ұстанымдағы әлеуметтік-саяси, экономикалық қайта құруларға бет алды. Егер қазіргі билікте түгелдей Назарбаевтың сүзгісінен өткен кадрлары отыр десек, онда «жаңа Қазақстанды» құруға әлі де бір ғасырдай уақыт керек болатын сияқты. Оны қазіргі билік жанында жүрген политтехнологтар мен кеңесшілердің «қисық», негізсіз ұсыныстарынан көруге болады. Олар халықтың көңілін шешілмей отырған әлеуметтік-саяси мәселелерден қоғамда орын алған басқа «қызық» мәселелерге аударуға тырысуда. Бірақ бұл жолы политтехнологтар  оңбай қателескен көрінеді. Әсіресе елтаңбаны өзгерту мәселелесі әлеуметтік желде қызу талқылауға түсіп, аса қолдау таппай жатқан көрінеді.

Бұл мәселе ең жоғары мінбеден ұсынылғандықтан оны қолдаушылар да міндетті түрде табылмай қоймайды. Әлеуметтік желіге «24 КЗ» «Дневная смена» ТВ бағдарламасы 27.03.2024  күні түсірген «Важность изменения герба РК» деген атпен сұхбаты шықты.

Оған қатысқандар: Еркін Әбіл, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Мади Омирзаков, «Жаңа адамдар» қоғамдық қозғалысының белсендісі; Қайыржан Абдыхалықов, Алматы қаласы Азаматтық альянстың төрағасы; Аян Турекулов, з.ғ.к., «Екінші Республика» ҚҚ президенті; Жандос Болдыков, PhD, Қолжазба мен сирек кітаптар Ұлттық орталығының директоры.

Сұхбаттың тақырыбына қарасақ бүгінгі күні еліміздің «басты мәселесі» «ҚР елтаңбасын ауыстырудың маңызы» болып отыр. Барлық спикерлер мен бағдарлама жүргізушісі елтаңбаны ауыстыруды қолдайтын топтың өкілдері екенін бірден айтып кетейік.

Сұхбат барысында елтаңбалардың тарихы мен түрлеріне тоқталған спикерлер ҚР бүгінгі елтаңбасының «кемшіліктерін» де талдауға тырыстқан.

Мади Омирзаков, «Жаңа адамдар» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесінің айтуына қарағанда Қазақстан азаматтарына қазіргі елтаңбаның мәнін, түр-сипатын түсіну көп қиындық тудыратын көрінеді (алғашқы әнұранның сөзін жаттай алмаған сияқты). «Жаңа адам» қоғамдық қозғалыс мүшелірі Қазақстандықтардан елтаңба жөнінде сұрау жүргізіпті. Сонда, алты сүреттің ішінен ҚР нақты елтаңбасын көрсетуді сұраған. Сонда қазақстандықтар елтаңбамызға ұқсайтындай етіп түрлендіріп салынған сүреттердің ішінен ҚР едтаңбасын көрсетуден қатты қиналған сияқты.

Сурет: Видео скриншоты

Мұндай сауал қашан және Қазақстан азаматтарының қандай категориясынан сұрыпталып сұралғанын белгісіз, бірақ бұдан біз мынадай қортынды түйдік: 1992 жылдан бері Қазақстан мектептері мен ЖОО-да Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында ҚР мемлекеттік рәміздерге дұрыс көңіл бөлінбеген немесе сұрақ-жауапқа тартылғандар ҚР жақында бас сауғалап келген Қазақстан тарихынан хабары жоқ релаканттар.

Ал, PhD, Қолжазба мен сирек кітаптар Ұлттық орталығының директоры Жандос Болдыковтың пікірінше балабақшада балалар елтаңбаның сүретін еркін сала алатындай брынша қарапайым болуы керек. Біздің ойымызша, елтаңбаны айнытпай салу баланың жеке қабілетіне байланысты. Ал, жалпы, балабақшаларда ҚР елтаңбасын салдырауды үйрете бастаса онда жоғарыда Мәди Оразақов айтпақшы «өз елтаңбасын таный алмайтындар» мүлде жоқ болар еді.

Жандос Болдыковтың айтқан тағы бір қызық пікірі: «бүгінгі елтаңбаға өкпеміз жоқ. Ол қиындыққа толы 90-шы жылдары қабылданған» дейді. Сонда,  Қазақ елі 90-жылдары қиындыққа толы заманда өмір сүрсе, онда бүгін «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заман орнаған болып отыр ғой. 1990-жылдардың қиындықтарына қарамастан алғашқы елтаңбаны сол кезде қоғамның бетке ұстар арлы азаматтары талқыға салып қабылдаған болатын. Ал қиындықтарға келетін болсақ бұгін елімізді сыбайлас жемқорлық пен топан су басып жатқанын, экономиканың құлдырап дағдарыста тұрғанын, бюджетті өндірістен емес салынған айыппұлдың есебінен толтырып жатқанымызды жоғарыдағы спикеріміз білмейтін сияқты... Қандай бақытты адам демеске лаж жоқ. Жаңа Қазақстанға өтіп сонда тұрып жатқан адам сияқты. Айтпақшы оның көңілі бүгінгі елтаңбаға әбден толатын көрінеді. Бірақ, ол 30-ақ жыл тарихы бар гербті одан да терең тарихқа негізделген нұсқаға өзгертпекші. Сұхбатқа қатысушы басқа спикерлердің де пікірі сондай.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл үшін елтаңбаны ауыстыру үшін кететін шығын ең соңғы мәселе. Ол бірінші кезекке ұлтымыздың жаңа сападағы өзіндік болмысын қояды. Қазақстан азаматтарының бойында әлі де посткеңестік болмыстың сарқыншақтары сақталғандықтан олар әлі де болса жаңа саяси ұлт ретінде қалыптасып үлгерген жоқ. Сондықтан да халықтың белгілі бір бөлігі өзін-өзі тану барысында дағдарысқа ұшыраған көрінеді. Сондықтан да Мәжіліс депутаты үшін алда қабылданатын Жаңа Елтаңба композициялық және стильдік жағынан «сапалы жаңа саяси ұлттың» іргетасы болып табылады.

Бұл жерде бір нәрсені түсіну қажет. Сапалы ұлт өзінен өзі ғайыптан немес біреудің жарлығымен пайда болмайды. Оған ондаған жылдар тіпті ғасырлар қажет болуы мүмкін. Мысалы, қазақ халқының бойындағы толеранттық қасиеті бүкіл дүние жүзіне мәлім. Бірақ мұндай дүниетанымдық құндылықтар халықтың бойына дару үшін мыңжылдықтар кетті!

«Сапалы жаңа саяси ұлттың» қашан қалыптасып болатынын ешкім кесіп айтып бере алмайды. Біз білсек оның қалыптасуының алғы шарттарының бірі Қазақстанның әрбір азаматы өз елімен, халқымен тарихи тағдырластықты сезінуі тиіс. «Мен Қазақстанның азаматымын!» дегенде мақтаныштан жарылып кетуі керек... Әттең, әзірше олай болмай тұр ғой! Қалған сөздің бәрі кеңестік-тоталитарлық заманнан қалған ұраншылдық дәстүр ғана. Құр жаңғырық...

Сонымен, басты мәселеге көшейік. Сұхбатқа қатысушы спикерлердің пікірі бойынша ҚР жаңа елтаңбасы қандай болуы керек?!

Аян Турекулов, з.ғ.к.,  «Екінші Республика» ҚҚ президентінің пікірі бойынша Елтаңба мен Ту сияқты мемлекеттік рәміздерде бір-біріне сәйкес, үйлесіп тұруы тиіс. Екеуінде де ортақ символдар орын алуы керек екен. Сонда елтаңбамызға не жетіспей тұр, тумен қандай сәйкесіздікті көріп тұр десек ол тудағы қыран бейнесі екен. Туымыздағы қыран бейнесі елтаңбада жоқ екен!

Біздің ойымызша оның жарасы жеңіл. Бүкіл халықтың наразылығын тудыртып «қыраны жоқ» елтаңбаны ауыстырғанша сәйкестік үшін тудағы күнні ортасына неге шаңырақтың бейнесін салмасқа?!

Жалпы осы идеяға қалай қарайсыздар? Тудағы күннің ортасына шаңырақтың бейнесі сұранып тұрған жоқ па?! Шаңырақ, жалпы далалық өркениеттегі түрік халықтары үшін ортақ символ емес пе! Қырғыз бауырларымыздың туында шаңырақтың сүреті бар, ал қазақтың туында ол неге болмауы керек?! Тек осы бір шаңырақтың бейнесі қаншама түркі халықтарының жақындасуына себепкер болар еді! Ойланатын нәрсе екен.

(Сурет: gov.kz)

Сонымен қатар, спикерлердің бәрі қазіргі ҚР елтаңбасына қатысты мыналарды айтты: 1-қазіргі елтаңбадағы бейнелер тарихқа қатысы жоқ мифоллогиядан туған, 2-далалық геральдика жетіспейді (қазақ хандыңының таңбалары), 3-елтаңбада мемлекеттілік принциптердің көрінісі болуы шарт, 4-Қазақ мемлекеттігінің бастауы болған Алтын ордамен сабақтастықты көрсетуі керек, сондықтан да 5-шетелдіктер біздің елді жақында ғана тәуелсіздік алған жас мемлекет ретінде танитындықтан елтаңбамыздағы символдардың негізі тарихи тұрғыдан алғанда неғұрлым көне болуы шарт деген сияқты уәждерді келтірді.

Спикерлердің осы ұсыныстарына  мұқият көз салсақ онда бүгінгі политтехнологтардың елтаңбаны ауыстыру қажет деген идеяны қайдан және не үшін алғанын байқауға болады. Ол, ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаевтың Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығына орай белгілеген басты ұстанымында: «Дүниежүзінде Алтын Ордаға деген көзқарас Қазақстанмен тығыз байланысты болуы өте маңызды», деді Президент.

Сөз жоқ, Алтын Орда қазақ мемлекеттігінің қалыптасуна тікелей әсер еткен тарихи кезеңдердің бірі. Бірақ, Алтын орда дәуірінің символдары тек қазаққа тиесілі емес. Олар сол заманда Алтын Орда құрамына кірген барлық халықтарға ортақ. Жоғарыда спикерлер жаңа елтаңбада Алтын Орда сиволикасын қолданудың маңызы туралы айтқан болатын. Сол символдарға назар аударып көрейікші.

Мынау Алтын Орда дәуірінің таңбасы. Өзбек хан мұсылмандықты қабылдағаннан кейін оған Ай қосылды.

Сурет: vlast.kz

Ал, мынау 1273 жылы Ноғайдың Византия императорының қызы Ефросинияға үйленген соң Византиядағы екі басты самұрықты Алтын Орданың таңбасы ретінде қабылдап қолданған белгісі:

Сурет: ru.pinterest.com

Қызық, сұхбатқа қатысып отырған спикерлер осы гербтің қандай элементтерін жаңа елтаңбада пайдаланбақшы екен?!

Егер жаңа елтаңбамызда екі басты самұрықтың бейнесі тұрса, онда сырт көздің бәріне Қазақстанды РФ «филиалы» ретінде қабылдамай ма?

Жалпы, әр елдің өзгермейтін құндылықтар жүйесі мен символдары болу керек. Бүгінгі елтаңбамызға қарап ширек ғасыр ішінде қанша ұрпақ тәрбиеленіп өсіп шықты! Ал мемлекет басқару үшін сайланған кезекті «менеджер» өзінің түсінігімен ел нышандарын, т.б. рухани құндылықтарды білгенінше өзгерте берсе онда ол елде не қадір не қасиет қалады.

Мысалы, бүгін мемлекеттің қадірін кетіріп, жастарды өз елінен бездірудің технологиялары да жасалған жоқ па?! Ол үшін елдің тарихын кемсітіп бұрмаласа және пір тұтқан тарихи тұлғаларға топырақ шашып беделін жермен жексен етсе жеткілікті. Жастардың рухы мен санасы үшін жүріп жатқан рухани майданда идеологиясы жоқ елдің жеңіп шығуы қаншалықты мүмкін?

Не болса да эволюциялық жолмен болсын дейміз ғой. Бірақ, қазақ халқының ұстанымдары мен дүниетанымдық құндылықтарынан жұрдай қайдағы бір политтехнологтардың жетегінде кетпей әр қадамымызды өлшеп, ойланып басу қажет. Қайраткерлер беделінің халық арасында бірден танылып шарықтап кетуі сирек құбылыс. Бірақ тарих көрсетіп отырғандай кейде адамның саяси беделі өмірден өткен соң да асқақтайды. Оған Алаш арыстарымыздың тағдыры куә. Соған қарағанда қазақ тірі адамнан көрі аруақты қадір тұтады.

ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаев Атыраудағы құрылтайда елтаңба туралы өз ойын білдірген болатын. Оның басты ұстанымы «елтаңба тек аймақтық ерекшеліктерді ғана емес, сонымен бірге ел имиджін бейнелейтін басты элементтерін табиғи түрде біріктіруі керек» деген. Бүгінгі елтаңбада Президент айтқан сол элементтердің бәрі де бар емес пе.

Жоғарыда аты аталған спикерлер айтпақшы бүгінгі елтаңбада бейнеленген символдар мифтен, ойдан шығарған нәрсе емес. Әр бір бейне көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын тарихи жәдігер. Оның үстіне қазақ елінің туы мен елтаңбасы өзара тығыз үйлесімде жасалған. Бұл белгілер жер бетіндегі көптеген халықтар мен ұлттардың әлі тумаған, жоқ кезінде жасалған.

ГЕРБ дегендердің бір ортақ қасиеті болады. Гербтегі символдар неғұрлым көне болса, соғұрлым қастерлі болады!

Бүгін қазақтың желбіреткен көк туында да елтаңбамызда да ата-бабамыз сыйынған мәңгілік көк асапнның түсі бар. Ал тудағы Күн  - Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі айқыш (крест) болып бейнеленсе, Күлтегіннің бас киіміндегі самұрық – туымыздағы қыран құсқа айналды.

Сурет: facebook.com және iie.kz

ҚР елтаңбасында орын алған белгілерінде тарихи жәдігерлер мен халықтың қастерлі құндылықтары бейнеленген.

Шаңырақ – бүкіл көшпелі өркениеттің символы. Далалықтардың бүкіл дүниетанымдық құндылығы осы шаңырақпен берілген. Ал шаңырақтың астындағы қанатты пырақтар бейнесі ойдан шығарылға жоқ, тарихи жәдігер – Есік қрғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі бейне (жоғарыдағы сүретті қараңыз). Алтан адамның бас киімінің маңдайшасында айқыш ретінде күннің белгісі тұрса, оның астындағы екі жаққа қараған қанатты пырақтар Мәңгіліктің белгісі. Екі жаққа қарап тұруы оның басы да жоқ, аяғы да жоқ – мәңгілік деген сөз. Шексіздік!

Сол шексіздіктің белгісі елтаңбамызда шаңырақтың астында тұруы бекер емес. Ол Қазақстанның мәңгілік ел болуының символы!

Сурет: satu.kz

Ол мәңгілік туралы идея түрік заманында аспандағы күннен жер бетінде өмір сүріп жатқан елге қонды. Тұрік жазба ескерткіштерінде «мәңгі ел» болу идеясы соның көрінісі. Жоғарыда айтқандай «мәңгі ел» идеясы да абстрактылы нәрсе емес, оның астарларында мемлекеттік рәміздердегі символдар сияқты қолмен ұстап, көзбен көретін, оқып құлақпен естуге болатын, жаныңмен сезіп, санаңмен қабылдайтын қастерлі дүниелер жатыр.

Жоғарыдағы спикерлердің шамына тиген ең басты нәрсе совет заманынан қалған елтаңбадағы бес жұлдыздың бейнесі екен. Олар оған да назаланбай-ақ қойсын. Бұл белгі де де сақ дәуіріне жататын қорғанынан табылған көне жәдігер, Ұлы дала елінің символы.

Сурет: e-history.kz

Осы бесжұлдыздың мәні неде?, - деген сұраққа марқұм Төлеубаев Әбдеш Тәшкенұлы былай деп жауап берген екен (қолыма түскем материал орыс тілді сайттан болғандықтан түп нұсқаны орысша беріп отырмыз):

«Пятиконечная звезда – самый древний символ. Он существовал еще до эпохи саков. Основная семантика, внутреннее значение пятиконечной звезды исходит фигуры человека, стоящего широко расставив ноги, с раскинутыми в стороны руками. Этот символ в науке мы называем «символом всемогущего человека». Символ этот означает особые качества, превосходящие способности человека. Также означает правителя вселенной, одно из творений, созданных Создателем. Это мысль есть даже в Коране».

Көріп отырғанымыздай ҚР бүгінгі елтаңбасы барлық жағынан қазақ елінің өткенімен де болашағымен де астасып жатқан қастерлі көне символдармен бейнеленген. Бүкіл қазақстандықтардың мақтан ететін ортақ бір символы болса ол елтаңбаы! Ондай елтаңбаны білместікпен ауыстыру ұлттың рухына балта шабумен бірдей. Қолда барда алтыннң қадірі жоқ! Бар рухани дүниемізге ие болайық!

Тәңірім қазақтың желбіреткен көк туын мәңгі бақи желбірете берсін! Елтаңбамыздағы елдік пен мәңгілік белгілері ешқашан ажырамасын!

Алла жар болсын! Әумин!

Жұмаділ Арман Қабдешұлы

т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, ҚБТУ қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

32 пікір