Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
727 2 пікір 30 Қыркүйек, 2024 сағат 16:09

Дін-ізгіліктің құралы: Экстремизмге жол жоқ!

Сурет muftyat.kz сайтынан алынды.

Соңғы уақытта дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарда тұрғаны айқын.

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәсе­леге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді.Бүгінгі күнде рухани жаулап алу дінді бетперде ретінде пайдалана отырып теріс идеяларды жас­тар арасында белсенді таратудан  көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идео­логиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін  жолында жүргендерді басқалардан  жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал мұн­дай идеологияның әртүрлі дін­дерді ұстанатын көп этностан тұ­ратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар  халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мә­дени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады. Елімізде бүгінгі күнде ради­калдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатқаны баршамызға мәлім.

Дін адамзат тарихында ізгіліктің құралы. Технология мен ғылым дамыған кезде діни экстремизм деген ұғым жиі қолданылуда. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс істеп  жатқандығы – осының дәлелі. Сонымен қатар,  көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты, қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа залалын тигізуде. Терроризмге және экстремизмге қарсы тұру – бұл әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыты.  Жалпы экстремизм  мәселесі, оның түрлі көріністерінде, әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде  экстремизм әлеуметтік, экономикалық, саяси және басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте жанданып келе жатқаны жасырын емес. Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылықтарын көрсету. «Діни экстремизм»  әлемді өздерінің  шектен шыққан көзқарастарына сәйкес қайта құруға ұмтылады.  Ол – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Жаһандану заманында «діни экстремизм» қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр.  Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейту қажет деп ойлаймын.

Дін қоғамдық сананың формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде елеулі рөл атқарады. Дін – өркениетті адамзат тарихында көне дәуірден орын алған рухани құбылыс. Елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 10-бабында: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады.  Бұдан  еліміз экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге дайын екендігін аңғаруға болады. Тәуелсіздік алғалы ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десек, артық айтқандық болмас. Қанша ғасырлар өтіп, қанша қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып өзгермейді. Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі ислам дінімізді, мәдениеті­міздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жеткізіп отыру – жастарымыздың ел ал­дын­дағы, мемлекет алдындағы басты міндеті.Жаһандану дәуірінде сол табиғи сабақтастыққа жат ағым өкілдері тарапынан кері әрекеттер орын алмас үшін біріге күресу, атап айтқанда ағартушылық жұмыстарға ерекше көңіл бөлген жөн. Діни радикализмге қарсы күрестің бірден-бір  құралы — діни ағартушылық жұмыстарын көтеру, діни үгіт-насихатты дұрыс  жүргізу. Өз дінін терең білетін адам ешқашан да экстремистердің қолшоқпары болмайтыны, олардың торына оңай түспейтіні белгілі. Əрине, діни экстремизмге қарсы кез келген күрес – жалпы дінге қарсы пролетарлық күреске жəне науқанға айналмай, ауқымды əрі жүйелі түрде жүруі қажет дп есептеймін.

Әбзелбек Шынар

*материал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында дайындалған

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963