Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 2341 6 пікір 14 Қараша, 2024 сағат 15:45

Сенаттан кетсем, моласыз қалам ба, деп қорықпа!

Сурет: ҚР Сенатының ресми сайты мен А.Мұқибектің мұрағатынан алынды.

Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашевке Ашық хат!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Сіз менің «Сіз...», «Құрметті...» деген сөздердермен жазған хаттарыма пысқырып та қараған жоқсыз!

Сосын, ол сөздерді лақтырып тастап, тіке «СЕНГЕ» көшкенімді жұрт жақсы біледі деп ойлаймын.

Бірақ, осы «Ашық хатты» жазарда, біріншіден, БАҚ деген киелі қара шаңырақты, екіншіден, Абай атамыздың атымен аталатын «Abai.kz» сайтын сыйлап, амалсыздан «Сізге...» көшуіме тура келді.

Сіз «Сенат» деген қастерлі институтты сыйламасаңыз, ол – өз шаруаңыз және ол Сіздің өз деңгейіңізге байланысты шаруа!

Ал, «Төртінші билік» деген аты бар БАҚ-деген киелі қара шаңырақтың төрінде «Сен!» деп оғаш сөйлеуге менің бетім шыдамайды екен.

Сізден емес, әрине, «Abai.kz-тің» мәртебелі оқырманынан ұялдым.

Сондықтан, қаным қарайып тұрса да, хатымды «Сізбен» бастап, мүмкіндіктің барынша, «Сізбен» аяқтауға тырысайын. Алда-жалда «Сенге» көшіп кетсем, «Abai.kz-тің» мәртебелі оқырмандары, мені кешіріп қойыңыздар!


Сүйіндік Тасеменұлы!

Мен Қуаныш Айтахановты көрсем, алпыс метр жерден аттан түсіп сәлем беруге дайынмын;

Мен Светлана Жақияқызы Жалмағамбетованы көрсем, көзіме жас алып, қолынан сүйіп амандасамын;

Мен Нұрлан Оразалинді көрсем, өлген әкем Мұқибек тіріліп келгендей қуанып, мойнына асыламын;

Мен Жабал Ерғалиевпен аптасына болмаса да, айына бір рет телефон соғып, амандасып тұрамын;

Мен Мұрат Бақтиярұлын туған ағамдай көремін, Ол кісі дегенде ішкен асымды жерге қоямын.

Менің тағы осы көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдарға байланысты жазған «Парламент үйі Бұрхандар мүлгіп отыратын бұтхана емес!» деген мақаламды «Жас Алаштан» оқып, Мұрат Бақтиярұлы мені Өзі іздеп тауып алған болатын.

Содан Мұрат аға кішірейіп қалған жоқ. Қайта, мен арқылы менің тағдырлас ағаларыммен танысып, бұл күнде біздің ең бір арқа сүйер тірегімізге айналып кетті...

Қысқасы, бұл кісілер де қазір Сіз отырған Сенаттың бір кездегі депутаттары болған. Қазақ көші 2013 жылы Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов деген екі пәлекеттің қастандығына ұшырап, шеттен оралған этникалық қазақтарға бес жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылданар түста, жандарын салып күрескен болатын. Сенаттың төрінен бірінен кейін бірі сөз алып, Ұлы көшті қызғыштай қорғаған болатын.

Нұрлан Оразалин ағамыз арнайы мәлімдеме жасап, ол мәлімдемесін «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырғаны әлі есімізде.

Сөйтіп, аталған қатаң заңды Сенат бір жолға Мәжіліске қайтарды. Бірақ, бес жыл емес, төрт жылсыз азаматтық берілмейтін норма мақұлданып кетті.

Ал, Серік Ақылбай деген немені көрсем, жерге бір түкірем де, теріс айналып кетемін!

Себебі, ол неменің сол кездегі: «...сырттан келіп жатқан ағайындарымыздың Үкіметке деген көзқарасы бір­жақты болмай тұрғаны байқалады», - деп, сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов деген екі пәлекеттің сойылын соққанын ешқашан кешіре алмаймын!

Осы жолдарды жазып отырған Ауыт Мұқибек деген пақырыңыздың Тұңғыш Президенттің атына жазған «Нағашыма хат» деген «Ашық хаты» ана екі пәлекеттің басын туалетке тығып, қатаң заңды алты айға жеткізбей қалпына келтіру туралы Жарлық шығартқанын бүкіл дүниежүзінің қазақтары біледі!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Әңгіме бұнымен біткен жоқ.

Сол қатаң заңның жобасы қайта қарау үшін Парламентке түскеннен кейін, Мәжілістің сол кездегі депутаттары Гүлнар Сейтмағанбетова, Алдан Смайыл, Құттықожа Ыдырысов, Нұртай Сабильянов, Майра Айсина, Меруерт Қазбекова, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаевтардан құралған Жұмыс тобының тоғыз ай бойы ішінде жүрдім.

Жұмыс тобының жетекшісі – Сіздің жерлесіңіз Гүлнар Сейтмағанбетова әпкем болды.

Гүлекең бұл Жұмыс тобын Өзі сұрап алып, әкесіне танытып отырып жүргізді.

Қандай ұсыныс дайындап апарам, Құдай тілеуіңді бергір, Гүлнар Сүлейменқызы біреуін қалдырмай талқыға салып отырды.

Сіз секілді тірсегіне сиген кертартпалар ол кезде де болды. Олардың тірсегін өзім қиып отырдым. Жеті атасын жездей қақтап сынаймын, келесі жолы бәлемдердің тізелері дірілдеп тұратын.

Мен Мәжілістің бесінші шақырылымының осы аты аталған депуттарын бірге туған туысымдай көремін. Гүлнар Сүлейменқызымен үнемі телефон арқылы сөйлесіп, сол бір өткен күндерді еске алып тұрамыз. Марқұм Құттықожа Ыдырысов ағамыздың аруағына білген дұғамды оқып, бетімді сыйпап жүремін...

Қысқасы, Сенат пен Мәжілістің жоғарыдағы мен аттарын атаған депуттарының әрбірі ТҰЛҒА!

Олардың атақтары мен абыройлары қанша биік болғанымен, бәрі шетінен кішіпейіл, алды кең кісілер.

Мені көрсе, үлкен бастарымен амандық сұрап, арқамнан қағып, ақ тілектерін жаудырып жатады...

Қашан сұрансам, күттірмей қабылдайтын. Жас демей, шеттен келдің демей, адамша сөйлесе біледі. Өтінішімді айтқан жеріме жіберіп немесе Парламенттің төрінен өздері көтеріп, қашан оң шешілгенше тыным таппайтын...

Міне, бүгін қандастарымыз осы депутаттардың ықпалымен сол кезде қабылданған тиімді нормалардың қызығын көріп, алғыстарын айтуда...

Сүйіндік Тасеменұлы!

Осы хатты жазарда, Сіздің өмірбаяныңызды тағы бір мәрте оқып шықтым.

Құдай-ау, Сіз де қасиетті Маңғыстаудың тумасы екенсіз ғой! Жерлестеріңізден сұрап білдім, Сіз де Адайдың ұрпағы екенсіз...

Маңғыстау десе болды, біздің ойымызға бірден оралатыны – қасиетіңнен айналайын Адайлар!

Шынын айтсам, басқа туысқандарым ренжімесін, Маңғыстауды қойып, бүкіл батыс өңірдің тұрғындары маған Адай болып, Адай құсап сезіледі.

Сүйіндік Тасеменұлы!

Сіз білесіз бе, Әбіш Кекілбаев деген қазақтың осы заманғы Әл-Фарабиі болған.

Әбіш аға марқұм шеттегі ағайындар туралы қандай өсиет айтып кеткенін естіп пе едіңіз?!

Сіз Әбіш ағаны білмейтін, сөзін естімегенге ұқсайсыз!

Ендеше, оқыңыз, Әбіш аға марқұм: «Сырттан келген ағайынды тіріліп келген әкеңдей, майданнан жарақаттанып қайта оралған өз бауырыңдай аса ардақтай білу керек. Өмір бойы көрмей, қырықтан кейін көрген перзентіңдей қатты сүйюің керек, қадірлеуің керек! Олардың жөні басқа болуы керек қазіргі қазақ қауымында!! Бұл қайдан келді, бұл – қалпақ, бұл – өзбек, бұл – қытай, бұл – шүршіт дейтін әңгімені қою керек! Оларды бірінші кезекте жақсы көру керек!», - деген болатын!

Шамасы, Сіз Әбіш ағаны танымайтын, мына өсиетін естімеген адам секілдісіз.

Егер, Әбекеңді танитын, шығармаларын оқыған, сөздерін тыңдаған болсаңыз, мынадай иттікке бармайтын едіңіз!

Мен Атажұртқа оралған соң, Адайдың арда туған азаматтарымен аға-бауыр, дос болып араластым.

Қазақтың ғажайып ақыны, марқұм Есенғали Раушанов мені туған бауырындай көретін. «Ауытым-Ауытым!», - деп, Астанаға келсе іздеп жүретін. Түннің жарымында телефон соғып, мақалаларымды оқығанын айтып, демеп отыратын.

2020 жылы мен Мәжіліс сайлауына түспек болып, праймеризге қатысқанымда, Есенғали аға «Қазақ Әдебиеті» газетіне «Ауылдастың тайы озсын...»  деген атпен арнайы мақала жазып: «Мысалы, көші-қон мәселелері, шекаралық аймақтағы қазақтардың хал-ахуалы, олар үшін белгіленген немесе белгіненуге тиісті көмектер, адаптациялану, білім алудағы ықтияр хат, азаматтық алудағы жеңілдіктер секілді толып жатқан проблемаларды сол ортадан шыққан менің Ауыт інім жақсы біледі...», - деп, ақ жол тілегені бар.

Оның бер жағында кеше ғана Мемлекеттік сыйлықты қанжығасына байлаған Светқали Нұржан ағамыз: «Адай мен Қызай бірге туған...», - деп, мені бөле қылып, еркелетумен келеді.

Мәжілістің қазіргі депутаты Еділ Жаңбыршин де Адайдың құлыны!

Ол да менің бір ауыз сөзімді жерге тастамай, «Қандас» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін комиссия арқылы анықтау тәртібін заңдастырып, оны жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне бергізді.

Айтпақшы, жай қатардағы адамдарды қойып, президенттердің өзі айтып жүретін «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген өлеңді де сол қасиетті маңғыстаудың Адайы – Сабыр Адай жазған жоқ па?!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Сенаттың Сіз және Сіз басқарып отырған комитеті Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов деген екі пәлекеттің Ұлы көшке осыдан он жыл бұрынғы жасаған иттігін қайталап, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет арнайы бекіткен сегіз облыстан басқа, тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз еркімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмейтін етіп, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына 20-баптың 5) тармағын енгізіп тастайсыздар!

Енді осы норманың шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын, оның Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін айтып, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және осы норманы мақұлдаған Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болған Сіздің атыңызға хат жазғаныма жарты жылдан асты.

Мәулен Сағатханұлының пәрменімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты басшыларын қатыстыра отырып, Сенатта жиналыс та өтті.

Сол жиналыста жөнді жауап бермей, жүре тыңдадыңыз!

Одан қалса, жеті-сегіз мәрте жазған хатымды Сенат төрағасына жеткізбей, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лақтыра бересіз, лақтыра бересіз!

Тіпті, аталған министрліктің берген жауабын «Сүйіндіктің су кешпейтін жауабы» деп атап: «Мысалы, Сүйіндік Тасеменұлы деген азамат отбасымен Қытайдан Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылдық округіне көшіп келді дейік...», - деп, өзіңізді мысалға ала отырып, 20-баптың 5) тармағының шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын, оның Қазақстан Республикасының Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін бақайшығына дейін талдап бердім!

Кеше (13 қараша) ол хатымды да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы лақтыра салдыңыз...

Сүйіндік Тасеменұлы!

Айтыңызшы, сонда Сіз өзі қайдан шыққан пәлекетсіз?!

Байқаймын, осы 20-баптың 5) тармағының артында әлі сол Тимур Құлыбаев тұрған секілді.

Негізі, Сіз және Сіз басқарып отырған комитет бұл нормаға өре түрегеліп қарсы шығып, өткізбей тастауы керек қой.

Жоқ, Сіздер, керісінше, бұл қарғыс атқыр норманы қос қолдарыңызды көтеріп, қолдап бере салдыңыздар.

Сіздің 1994 жылдан бастап, 2012 жылға дейін «КазТрансОйл» АҚ-ның батыс филиалында жауапты қызметтер атқарғаныңызды ескерсек, демек Сіз де Құлыбаевтың құлақкесті адамы болуыңыз әбден мүмкін!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Оң құлағыңызбен естіңіз, әрі-беріден кейін, сенің 20-бабыңның мына 5) тармағыңның мен үшін көк тиындық құны жоқ!

Өзің де байқаған боларсың, Сен және Сен басқарып отырған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті бұл норманы 2023 жылғы сәуірде қабылдап жіберді. Күзге қарай шеттен оралған ағайындарымыз «Қандас» мәртебесін ала алмай шулай бастағанда, «Тамараның талтайып тұрып қабылдатқан заңының сиқы…» https://abai.kz/post/173984 деген бір мақала жазып едім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зәресі ұшып, «Қандас» мәртебесін беру ережесіне ӨТІРІК «өзгеріс» енгізе қойып, «Қандас» мәртебесін ЗАҢСЫЗ тарата бастаған жоқ па?!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ол ӨТІРІГІ мен ЗАҢСЫЗДЫҒЫН, жоғарыда айттым ғой, Сүйіндік Тасеменұлы, өзіңді Нарынқолға көшіп келген ағайын ретінде мысал ете отырып, екі мәрте дәлелдеп бердім ғой!

Сен сол хаттарымды, пысқырып та қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне лақтыра салдың ғой, ей!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Он бес жылдан бері депутаттармен сәйкесіп жұмыс істеп келемін ғой, дәл мұндай тасбауырлықты, ұятсыздықты, арсыздықты, намыссыздықты көрген емеспін!!

Сен аталған норманы өзің басқарып отырған комитетіңмен қабылдадың ба, енді оның шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын және оның Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін ЖІГІТШЕ мойындауың керек!!

Жоғарыда айттым ғой, тағы қайталаймын, сен қабылдаған 20-бабыңның 5) тармағының мен үшін көк тиындық құны жоқ!

Көрідің ғой, шеттен келген ағайындар «Қандас» мәртебесінсіз қалған жоқ! Менің бір айғайыммен құзырлы министрліктің өзі ӨТІРІК «ереже» жасап, ЗАҢСЫЗ беріп тұрған соң, олар ол мәртебені алуға мәжбүр болды.

Сөйтіп, Қазақстан азаматтығына қол жеткізді. Әрине, қатты қиналды...

Бірақ, бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс», - деген ұстанымына мүлде қайшы!

Сендер өтірік «ереже» жасап, жалған жауап беріп, ойларыңа келгендеріңді істеп жатырсыңдар...

Ендеше, Сүйіндік Тасеменұлы, қоянбұлтақты доғарып, сен 20-баптың 5) тармағының  шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын және оның Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін СӨЗСІЗ МОЙЫНДАУЫҢ керек!

Сүйіндік Тасеменұлы!

«Неге?!» дейтін шығарсың!

Негесін айтайын, тыңда!

Парламенттің қос палатасы «Халықтың көші-қоны туралы» заңға «Ата жолы» картасын енгізіп, аталған картаны алған этникалық қазақтардың ҚҰҚЫҚТАРЫ мен МІНДЕТТЕРІН бекітпей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты бүкіл дүниежүзінің қазағына ӨТІРІКШІ қылдыңдар!

Мәулен Сағатханұлына рахмет, жақында – 14 қазанда менің осы келеңсіз мәселеге қатысты хатыма жауап беріп: «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», - деп, Сенат ақыры мойындады!

Ол аз болғандай, білесің бе, енді сенің басшылығыңмен қабылданған 20-баптың 5) тармағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты бүкіл әлемнің алдында тағы ҰЯТҚА ҚАЛДЫРЫП отыр!

Сен бұл норманың шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектеп тастағанын және оның Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы екенін білмейді емес, өте жақсы білесің! Бірақ, бұтына жіберіп қойған бала құсап, оны мойындаудан қорқып, екі көзің бақырайып отырсың!

Сүйіндік Тасеменұлы!

Маған сеніп қой! Маған сенбесең, Қазақстанның бүкіл заңгерлерін жиып тексерт, арсыздықпен мойындамай отырғаның болмаса, 20-баптың 5) тармағы шеттен оралған этникалық қазақтардың тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектейді және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 13-бабы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабына мүлде қайшы!

Сол үшін, маңғыстаулықтардың абыройына дақ түсірмей, қолыңмен істеген бұл қателікті мойныңмен көтер! Шындықты ЖІГІТШЕ мойында!

Азар болса, Сенаттың депутаттығынан кетерсің. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ұлттың тағдыры, Президенттің БҮГІНГІ БЕДЕЛІ мен ЕРТЕҢГІ ТАРИХИ орны үшін бір депутаттың сенаттан кеткені – түкке тұрғысыз дүние!

Сенаторлықтан кетсем, көмусіз, моласыз қалам ба деп қорықпа!

Қайта, жыртық абыройың артады, Әбіш ағамыздың аруағын риза етесің, Адайлардың алдында бетің жарық, еңсең биік болады...

Ең бастысы, бүкіл қазақтың рухын асқақтатып тұрған маңғыстаулықтардың абыройына дақ түсірмеші, айналайын ағатай!

Ауыт Мұқибек

Редакциядан: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада аты аталған жекелеген тұлғалар жауап беремін десе, портал бетінде жариялайтын боламыз!

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063