Сәрсенбі, 22 Қаңтар 2025
Аласапыран 254 5 пікір 22 Қаңтар, 2025 сағат 15:14

Трамптың екпіні: Ши мен Путин байланысқа шықты

Сурет: pikabu.ru сайтынан алынды.

Американың 47-президенті болып сайланған Трамптың салтанатты ант беру мүрәсімі өте сала, Қытай басшысы Ши мен Ресей президенті Путин телебайланыс арқылы сұхбат құрған. Батыс басылымдары екі ел басшысының қандай мәселені талқылағаны туралы толық мәлімет айтылмады дейді. Телесұхбат туралы қытайдың «Синхуа» агенттігі хабарлаған.

Әңгіме басында қытай басшысы: «Қытай-Ресей мәдени жылы болып жарияланған 2024 жылы біз үш рет кездесіп, көптеген маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Екі ел дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 75 жыл толуын салтанатты түрде атап өттік, тұрақты тату көршілік пен достық, жан-жақты стратегиялық байланыс қарқын алып, екі жақты сауданың көлемі үздіксіз ұлғайды» деген. Екі тараптың Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БРИКС сияқты көпжақты платформаларда тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырып, жаһандық басқару жүйесін реформалау мен қайта құру үшін мықты негіз қалағанын атап өткен. Ол сондай-ақ биыл фашизмге қарсы соғыстың, БҰҰ құрылғанының 80 жылдығы екенін, әлем елдерінің осы ұйымның бекіткен жарғыларын бұлжытпай орындау керектігін еске салған.

Путин де өз кезегінде екі елдің әрқашан бір-біріне сенім артқанын, бір-бірін қолдағанын және бір-біріне тең дәрежеде қарайтынын баса айтқан. «Мен екі ел арасындағы экономикалық, сауда және энергетикалық ынтымақтастықтың жақсы қарқын алып жатқанын, туристердің өзара сапарлар санының артып отырғанын және екі жақтың көпжақты жағдайларда тығыз байланыс пен ынтымақтастықты сақтап отырғанын көруге қуаныштымын. Ресей Тайваньның Қытай территориясының ажырамас бөлігі екенін табанды түрде қолдайды және «Тайвань тәуелсіздігінің» кез келген түріне табанды түрде қарсы. Осыдан 80 жыл бұрын Ресей мен Қытай басқыншыларға қанмен, жанмен қарсы тұрып, мемлекеттің егемендігі мен ұлттық абыройын қорғады. Биыл біз Дүниежүзілік фашистік соғыстың жеңісінің 80 жылдығын бірге атап өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелерін сақтаймыз. Ресей Қытаймен көпжақты істерде ынтымақтастықты нығайтып, әлемдік бейбітшілік пен дамуда белсенді рөл атқаруға дайын» деген.

Жаңалық соңында екі ел басшысының әлемдік геосаяси жағдайларды талқылап, жаңа жылда да стратегиялық әріптестікті дамытуға келіскені айтылады. Арғы жағы айтпаса да түсінікті.

Трамптың ант беру мүрәсіміне қытай басшысын шақырғаны, оның орнына орынбасар мемлекет төрағасы барғаны белгілі. Шидің орынбасары Хан жың Вашингтонда АҚШ тың орынбасар президенті, қытайға қатқыл майдан ұстанады делінетін Ванспен, сонымен бірге қытайдың досы саналатын миллиадер Илон Маскпен кездескен. Тик-Токтың америкадағы тағдыры сөз болғанда Маск қытай басшысына өзінің X (бұрынғы твиттер) желісінің қытайда шектелгеніне өкініш білдірген.

АҚШ сенатының батасын алып, қызу жұмысқа кіріскен Трамптың Мемлекет істер хатшысы Рубио Жапония, Үндістан, Аустралия сыртқы істер минстирлерімен «төрт тарап» кездесуін өткізіп, үнді-тынық мұхит аймағының қауіпсіздігін талқылаған. Осы жүрістерден-ақ қайта сайланған Трамптың сыртқы саясатының екпіні кімге бағытталатыны анық көрініп тұр.

Трамп сайлау кезінде Ресей-Украина соғысын 24 сағатта тоқтатамын деп желпінген еді. Уәде етілген мерзім өтті. Ақ үйдің жаңа басшысының ресми өкілдері соғысты тоқтату мерзімінің 24 сағаттан 100 күнге ауысқанын айта бастады.

Қалай десек те Ши мен Путинның телебайланысы тегін емес. Соғыстың тезірек аяқталуына батыс елдері «ресейге жан-жақтылы көмек көрсетті» деп айыптаған қытай тарабы құлықты емес. Соғыс аяқталса, қытай тарабының үш жыл Путинге жел берген еңбегі еш кетпек. Путин келісімге келсе, жалғыз қалған қытай Америкамен жеке дара бетпе-бет келмек. Бұл олардың мұддесіне тиімсіз.

Кремль қожайынын да сынақ күтіп тұр. Шиді таңдай ма, жоқ Трамптың келісім-шартына үнсіз бас изей ме, қиын таңдау тұр.

Abai.kz

5 пікір