Патох Шодиев Қазақстанды әлі «майшелпек» көре ме?
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/Title-and-One-Column-Page-2.jpg)
2024 жылдың 17 шілдесінде қазақстандық ақпараттық құралдарда өте маңызды ақпарат тарады. «Қазақстандағы ең ірі өндірістік холдингтердің бірі – «Eurasian Resource Group-ты» (ERG) басқарушы олигархтар Александр Машкевич пен Патох Шодиев ERG директорлар кеңесінен кетті», - деген жаңалық қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық болды. Оның да өз себептері бар еді...
Құрамына «Трансұлттық компания «Қазхром», «Алюминий Қазақстан» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ), «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір» АҚ және өнеркәсіптің әртүрлі салаларындағы басқа да кәсіпорындар кіретін ERG-де буын алмасты. Холдингтің директорлар кеңесі толық жаңартылды. ERG тізгіні Шухрат Ибрагимовтің басқаруына тиді. Ал Патох Шодиевтің орнына оның ұлы Сабир Шодиев келді. Бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің орнын Эдуард Сурлевич алмастырды.
ПАТОХ ШОДИЕВТІҢ «АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСЫ»
Алайда жуырда ERG директорлар кеңесінің жаңа басшысының «қазақстаншыл» бастамалары «Ескі Қазақстанның» дәу-дөкейлерінің бірі – Патох Шодиевке ұнай қоймаған секілді. Жыл сайын үзілмей құйылатын «майшелпек дивиденттен» ажыраған, бірақ тек қана «пайда табуды» көздеген бельгиялық азамат Шодиевке қайдан ғана ұнай қойсын – ол өзінің ресейлік ескі таныстары арқылы Ресей БАҚ‑тарын қолданып, Ш.Ибрагимовке шабуылдай бастайды. Сонымен бірге, Шодиев өзінің Қазақстандағы активтерін Ресейге сатуды да жоспарлай бастаған сыңайлы. Әрине, бұл Қазақстанды өздерінің экономикалық және басқадай ықпалындағы ел санайтын Ресей олигархтары үшін таптырмас олжа – олар да осыған өте ынталы...
Патох Шодиев кім? Ол Қазақстанда қалай байлық жинады? Осы ретте біз Патох Шодиевке қатысты бірсыпыра қызықты әрі күдікті деректерді қалың оқырманның назарына ұсынғанды жөн санадық.
ШОДИЕВ «АҚҚУ МА, ШОРТАН БА?»
Қазақстанды отыз жылдан астам уақыт басқарған Назарбаев биліктен кеткен соң, елде жаңа саяси реформалар жасала бастады. Тұңғыш президент кезінде қазақтың қазба байлықтарына күмәнді жолмен қол жеткізіп, қоң жинаған Шодиевтің де бұрынғыдай дәурені жүріп тұрмағаны бесенеден белгілі.
Жасы жетпістен асса да, жорғадай желіп жүрген, Бельгия азаматтығын алған Өзбекстан тумасы Патох Шодиев Елбасының айнымас серігі болғаны жасырын емес. Сол Патох Шодиевтің жеке «қайырымдылық қоры» бар. Сол қор арқылы Шодиевтің өзінің туған отаны – Өзбекстанға жасап жатқан қамқорлығы бір төбе.
Ислам Кәрімовтың кезінде Өзбекстанда бизнестің маңына да жолай алмаған Шодиевтің Қазақстанға келіп, 1995-1997 жылдар аралығында Қазақстанның сол кездегі Үкіметіне кеңесші болып, жекешелендіру кезінде аяқ-астынан миллиардерге айналып шыға келгені оның тәуелсіз дереккөздердегі өмір баянында жазулы тұр.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАРЫС: УСМАНОВ ПЕН ШОДИЕВ ӨЗБЕКТІ ЖАРЫЛҚАУДА
Қазақстанда аузы аққа тиіп, қисапсыз байлық жинаған Шодиев су ішкен құдығына түкіріп, Өзбекстанда билік ауысқан соң, атажұртын жағалайтынды шығарған секілді. Мәскеу иниститутында бірге оқыған курстасы, Ресей миллиардері Әлішер Усмановты тауып, екеуі ала шапанды ағайындарға жомарттық жасаудан жарыс ұйымдастырып жүр дегенді бізді қойып, орыс ақпараты жазуда.
Сонымен Шодиев ақшасы құйылып жатқан Өзбекстандағы қайырымдылық жобалардың бірсыпырасы мінекей:
1) Өзбекстанның Жизақ облысындағы №32 мамандандырылған мектеп-интернаттың құрылысын қаржыландыру;
2) Өзбекстанның Шырықшысындағы №19 мамандандырылған мектеп-интернат құрылысын қаржыландыру;
3) Өзбекстанның Қаршы қаласындағы «Мурувват» интернатын қаржыландыру;
4) Өзбекстанның Ташкентіндегі «Taekwon-Do» ITF командасын қаржыландыру;
5) Өзбекстанның Ташкентіндегі «Кемача» мектепке дейінгі білім беру мекемесін қаржыландыру;
6) Өзбекстанның Ташкентіндегі көп қабатты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру;
7) COVID-19 пандемиясы кезінде Өзбекстанның кедей-кепшіктеріне көмек беру;
8) Өзбекстанның Сырдария облысындағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа қаржылай қолдау;
9) Өзбекстанның Ташкентіндегі Вирусология ҒЗ институтына меджабдықтар сатып алып беру;
10) Өзбекстанның Қарақалпақстанына таза ауызсу жеткізу жобасын қаржыландыру.
Бұдан бөлек, Патох Шодиев Ресей мен Украинадағы өзбек диаспораларының орталықтарын, өзбек мигранттарын қаржылай қолдауға да қыруар ақша бөліп келеді.
«14 ЖЫЛДА 28 ОФШОРЛЫҚ КОМПАНИЯ ҚҰРДЫ»
Былтыр жыл соңында Шодиевтің қызы Мүниса Шодиеваның Еуразия тобының директорлар кеңесінен шығып кеткені туралы мәліметтер белгілі болды.
Қазан айында Ш.Ибрагимов «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, Еуразия тобының бұрынғыдай шикізат сатумен ғана айналысатын ескі бағытын өзгертіп, жаңа өндірістер ашу мақсатында түрлі жобаларға ақша құйып отырғанын баяндады. Ақылға қонатын, заманға лайық кәсіпкердің сөзін айтты. Қазақстанның қазба байлығын теспей сорып дәніккен Шодиевке де, қызына да бұл бастама ұнамағанын осыдан аңғарса болар.
Еуропада соттан көз ашпай, «14 жылда 28 офшорлық компания құрды» деп айыпталған Шодиев «Жаңа Қазақстанға» да өштесіп отырған тәрізді. Өйтпесе Еуразия тобының жаңа басшысының бастамаларын қолдап, белсенділік танытар еді-ақ.
ТАБЫСТЫ ҚАЗАҚСТАННАН ТАБАМЫЗ, ШЕТ ЕЛДЕН АЗАМАТТЫҚ АЛАМЫЗ
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай ел. Сонымен қатар, Қазақстан – өзінің табиғи ресурстарын өз мүддесіне толық қолдана алмай отырған ел. Оның себебі, кезінде елдің ірі өндіріс ошақтарын «басқаруға» алып, соңынан «жекешелендіріп» алған, билікпен астарласқан олигаполиялық топ өкілдерінің Қазақстанды тек «табыс табу көзі» деген пыйғылынан туындайды. Олар коррупция деңгейі жоғары мемлекеттің барлық «коррупциялық мүмкіндіктерін» шебер пайдалана білді. Нәтижесінде, көпшілігі шет елдердің азаматтары болып кетті. Алайда, табыс көзі болып отырған Қазақстан ресурстарынан бас тартпады.
Мысалы, П.Шодиев Еуропадағы ең бір «тыныш ел» Бельгия азаматтығына қол жеткізді. Дегенмен, шындықтың бір күні қап түбін тесіп шығатыны бар. Сондықтан 2024 жылдың жазында БАҚ‑тар мынадай жаңалықтарды тарата бастады:
«Оңтүстік Африканың арнайы қызметтері «Eurasian Natural Resources Corporation» (ENRC) халықаралық корпорациясының қызметіне ерекше назар аударуы мүмкін. Бұрын бұл компанияны қазақстандық миллиардерлер Александр Машкевич пен Патох Шодиев басқарған.
Белгілі зерттеуші-журналист Том Бёрджистің мәліметіне сәйкес, компанияның Африкадағы бөлімшесі континентте жасалған бірқатар келісімдерге қатысты сыбайлас жемқорлық схемалары мен қаржы жымқыру әрекеттеріне қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген. Бұл қорытындылар «The Guardian» басылымында жарияланған жаңа тергеудің негізіне айналды», ‑ деп хабарлады (Ulysmedia.kz).
Шодиевке қатысы бар осы және көптеген басқа да сенсациялық жаңалықтар – қазақстандық қоғамда бұл олигархтардың жағымсыз образын тудырды. Қазақстанда олардың иелігіндегі меншіктерін қайта қарау, тапқан табыстары мен ақшаларының заңды‑заңсыздығын анықтау туралы талаптар қойыла бастады...
ШОДИЕВТІҢ ҚАЗАҚСТАННАН «ШОШУЫНЫҢ» СЕБЕБІ НЕДЕ?
Нақты істің түп-тамыры 1997 жылға барып тіреледі, сол кезде Патох Шодиев Бельгия азаматтығын алған еді. Ол «Tractebel» ісі бойынша, ақшаны жылыстату ісіне қатысты тергеудің фигурантына айналды (дереккөзі: DW).
Бұл бельгиялық компания «Алматыэнерго» энергетикалық желілерін небәрі 5 миллион долларға сатып алды. Бұл назардан тыс қалған жоқ, кейінірек Бельгияда сот процесі басталды. Ол он жылдан астам уақытқа созылып, жаңа аспектілермен толықты. Бірақ бастапқыда әңгіме «Tractebel» компаниясының қазақстандық олигархтарға жасырын пара ретінде берілген консультациялық гонорарлары туралы болған. Бұл мәмілені лобби жасау мақсатында жасалған әрекет еді. Тіпті компанияның өзі Бельгия азаматы Шодиевті сотқа берді (дереккөзі: DW).
Кейінірек еуропалық журналистер анықтағандай, 2009 жылы Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген кезде, Нұрсұлтан Назарбаев әріптесінен бельгиялық сотта қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауды сұраған болуы мүмкін. Бұл өтініштің өтеуі ретінде Франция Астанада елу «Eurocopter» (Airbus Helicopters) тікұшағын құрастыру келісімшартын алған деген болжам бар.
Осы деректерге қарағанда, сонда әупірімдеп аман қалған П.Шодиев сол кезден‑ақ, өзінің «бизнес‑тамырын» Қазақстаннан алшақтау ұстаған дұрыс деген шешімге келген сыңайлы. Алайда, миллиардтаған табыс көзін шорт кесу оған оңай болмағаны, әрі, оны «қазақстандық әріптестері» оп‑оңай «босата салуы» да екіталай екені анық еді. Сөйтіп, ол шет елде «қазақ‑өзбек олигархы» деген атпен өмірін сүре берді...
Ол өзінің Отаны Өзбекстанмен де қарым‑қатнасын үзгісі келмеді ‑ өзбек спортшыларына, басқа да өзбекстандық іс‑шараларға милииондаған доллар «қайырымдылық» жасаумен болды.
Ал «қазақстандық бизнес» оны тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп отырды. «Шодиев және К» өздері басқаратын компаниялар мен өндірісті модернизациялауды, Қазақстанда өндірісті дамытуды тек сөз жүзінде айтып, іс жүзінде жылдық табысты, яғни, дивидентті офшорлық және басқа шетелдік есешоттарына аударумен – өз табыстарын еселей берді. Жыл сайын миллиардерлердің «Forbes» тізіміндегі өз орын сақтап, оны көтеруді ғана мақсат тұтты. Сөйтіп, бүгінде, Шодиев Еуразиялық банктің жарғылық капиталының үштен біріне ие. Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірінің тең иесі. Бельгия азаматтығына ие, ал америкалық «Forbes» оның дәулетін 3,7 миллиард долларға бағалап, оны бельгиялық миллиардерлердің арасында бірінші орынға қойды.
Міне, осыдан көріп отырғанымыздай, бүгінде ол бір кездері өзі «бас болған» Бельгиялық «Tractebel» компаниясының ізімен кетіп, «бельгиялық миллиардер» деген атаққа ие болды. Ендеше, «азаматтықты» да сол елден алуының өзі бекер емес. Бүгінде, Шодиевтың да жасы келді. Сондықтан, оның осыған дейін назарын аудармаған «қазақстандық экономикаға» енді қайтып «бас ауыртпайтыны» анық.
Бірақ, ол Қазақстаннан өзіне тиісті дивидентті жыл сайын күректеп алуды әдетке айналдырған. Оны алмаса «бұл қалай» деп, бұлқан‑тарқан ашуланып қалады. Содан болар, өткен жылы ERG Холдингі директорлар кеңесінің тізгінін Шухрат Ибрагимов ұстады да, бұл қалыпты үрдісті өзгертіп жіберді. «Холдингтің тапқан табысы Қазақстан экономикасына жұмыс жасалуы тиіс» деген шешімге келді. Нәтижесінде, жылдар бойы мыңдаған тонна коксты Ресей мен Қытайдан сатып алуға жұмсалып, сол елдердің экономикасын инвестициялап отырған қаржы Шұбаркөл кеніші жанынан кокс зауытын ашуға бөлінеді. Ол өткен жылы іске қосылып, жылына 400 мың тонна кокс өндіре бастайды. Тиісінше, соншама қаржы да Қазақстанның экономикалық тамырына құйыла бастайды...
Міне, осы себептерден, П.Шодиев өзінің «қазақстандық тамырынан» ажырай алмай, кетейін десе кете алмай, бірақ, «өзін құрметпен шығарып салмаған Қазақстанға» деген қатты «ренішін» де жасыра алмай – шара басы шақшадай күй кешуде...
Ал, оның емі біреу‑ақ, ол – «Қазақстанның барлық ресурсы Қазақстан мемлекетінің және оның егесі Қазақстан халқының мақсат‑мүддесіне қызмет етуі тиіс» деген Шарт... Бұл Шарт барлық қазақстандық бизнеске ортақ қағида болуы тиіс!
Шодиев Қазақстаннан тапқан миллиардтарын Африка елдерінің кен орындарын игеруге жұмсамақшы деген де болжам бар. Ал Африка елдерінің демократиясы, экономикасының әлеуеті о бастан белгілі. Оның кезекті жоспары да ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп байлыққа жететін ежелгі тәсілін паш етіп тұрғандай. Қайда барса да қазанның құлағы төртеу. Еңбексіз тапқан байлықтың түбінде бір сұрауы болары анық.
Abai.kz