Бейсенбі, 24 Сәуір 2025
Билік 244 0 пікір 23 Сәуір, 2025 сағат 20:33

Қытай – Қазақстан: Стратегиялық әріптестік пен аймақтық тұрақтылықтың жаңа көкжиегі

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин маусым айында Астанада өтетін екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатыспақ.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар аясында екіжақты стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі ашылатынына сенім білдіріп отыр. Осыған орай біз саясаттанушы Риззат Тасыммен Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың қазіргі деңгейі, болашағы және ықтимал сын-қатерлері жайында пікір алмасқан едік.

– Алдағы маусым айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі серіктестікті қалай бағалар едіңіз?

ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің маусым айында өтетін екінші «Орталық Азия - Қытай» саммитіне қатысуы, Бейжіңнің аймақтық ынтымақтастыққа деген айрықша қатынасын көрсетеді. Аталмыш қатынас тек екіжақты емес, сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық интеграция тұрғысынан да ерекше мәнге ие. Қазақстан үшін бастама экономикалық, көліктік-логистикалық және технологиялық ықпалдастықты тереңдетуге зор мүмкіндік береді.

Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы басты серіктестерінің бірі, әрі «Бір белдеу – бір жол» бастамасының алғашқы қатысушы елдерінің бірі ретінде маңызды орында. Нәтижиесінде, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік бүгінде жан-жақты және институционалды деңгейде дамып келеді. 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке $41 млрд. жетті. Содан бері сауда-саттық көлемі бәсеңдеген емес.

Энергетика саласында Қазақстан Қытайға жыл сайын 10 млн. тоннаға жуық мұнай, 5 млрд. текше метрге жуық газ экспорттайды. Сонымен қатар, Қытай компаниялары еліміздегі мұнай-химия, металлургия, көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына белсенді атсалысуда.

Логистика саласында да екі елдің өзара ықпалдастығы нығаюда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағы арқылы Қытай-Еуропа бағытындағы жүк тасымалы 20%-ға артты. Хоргос, Достық сияқты трансшекаралық хабтар Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық орталықтарға айналып келеді.

Алдағы перспективаға келсек, екіжақты қатынастар «жасанды интеллект», «жасыл энергетика», «цифрлық экономика» және агроөнеркәсіп салаларындағы жаңа жобалармен кеңейе түспек. Бұл тұрғыда Қытай тарапынан Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі де артқан.

Саяси жағынан алғанда, Қазақстан мен Қытайдың халықаралық қауіпсіздік, көпжақты сауда, климат мәселелері бойынша ұстанымдарды ұқсас. Екі мемлекет БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы бастамаларды өзара қолдап келеді.

Осылайша, «Орталық Азия - Қытай» саммиті қарсаңында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік сенімді, прагматикалық және ұзақмерзімді сипатқа ие екенін атап өткен жөн. Әріптестік тек экономикалық емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық, білім беру бағыттарда да кеңеюде. Сондықтан қазіргі таңдағы өзара ынтымақтастықты жаһандық геосаяси тұрақсыздық кезеңіндегі аймақтық тұрақтылық пен өзара тиімді даму кепілі деуге болады.

– Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер мен сын-тәуекелдерді туындатады?

Қытайдың 2013 жылы ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасы тек транзиттік инфрақұрылым емес, сонымен бірге жаңа экономикалық география құруға бағытталған ұзақмерзімді жоба. Қазақстан бастаманың алғашқы қолдаушыларының бірі ретінде Орталық Азиядағы негізгі буынға айналды. Дегенмен, ол өз кезегінде елімізге бірқатар мүмкіндіктер мен тәуекелдер алып келуде.

Оң тұстарына тоқталсақ, ең біріншіден инфрақұрылымдық дамуды айтуымыз керек. «Бір белдеу - бір жол» аясында Қазақстанда 2700 км-ден астам теміржол және 2500 км автожол жөнделіп, жаңадан салынды. Хоргос-Құрғақ порт, кезінде арнайы бағдарламасымен ұштасқан көлік дәліздері еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырды. Екіншіден, өзге нарықтарға шығу. Қытай арқылы Қазақстан өнімдері Шығыс Азия мен Тынық мұхиты нарығына 3-5 есе жылдамырақ жетеді. Үшіншіден, инвестиция тартылды. Мысалы, 2015 жылдан бері «Бір белдеу – бір жол»  аясында Қытай Қазақстан экономикасына $10 млрд. астам инвестиция салды. Қаржының көп бөлігі өнеркәсіп, энергетика, көлік және өңдеуші өнеркәсіп салаларына бағытталды. Оған қоса жаңа жұмыс орындары мен технологиялар қолжетімді болды. Қытай жобалары аясында елімізде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, бірқатар салаларда индустриялық технологиялар енді.

Сонымен қатар туындап жатқан сын-қатер, тәуекелдерді де жоққа шығармау керек. Ең алдымен ол қарыз жүктемесінің өсуі. Кейбір инфрақұрылымдық жобалар Қытай несиесі арқылы қаржыландырылады. Ол ұзақмерзімді қарыз тәуелділігіне әкелуі мүмкін. Сондықтан осы бағыттағы үрдістер аса сақтықты талап етеді. Келесі, ол тек шикізатқа негізделген сауда қаупі. Қытаймен сауда құрылымында 70%-дан астамын шикізат өнімдері (мұнай, мыс, уран т.б.) құрайды. Бұл экономиканың құрылымдық әлсіздігін күшейтуі мүмкін. Экологиялық тәуекелдерді де ескеруміз керек, инфрақұрылым мен өндірістік жобаларда экологиялық стандарттардың сақталмауы, әсіресе Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау өңірлерінде табиғи ресурстарға түсетін салмақты арттыруы ықтимал. Сондай-ақ, Қытай капиталының келуі отандық шағын және орта бизнесті бәсекеге төтеп беру қабілетінен айыруы мүмкін. Жобаларға жергілікті компаниялардың аз тартылуы мәселені күрделендіре түсуде.

«Бір белдеу - бір жол» Қазақстан үшін экономикалық мүмкіндіктердің көзі, алайда бастаманың игіліктерін толық пайдалану үшін Қазақстан саяси, институционалдық және технологиялық тұрғыдан тәуелсіздігін сақтау жолында белсенді болуға тиіс.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы «біртұтас тағдыр» концепциясы болашақта екі елдің халықаралық аренадағы рөліне қалай ықпал етеді?

Қытай тарапы ұсынып отырған «біртұтас тағдыр қауымдастығы» немесе «ортақ тағдыр жолындағы қоғамдастық» тұжырымдамасы тек көршілес елдердің ынтымақтастығы емес, «жаһандық басқарудың жаңа архитектурасына» бағытталған стратегиялық бастама. Ұғым Қытайдың сыртқы саяси дискурсында 2013 жылдан бері белсенді қолданылып келеді және мемлекеттер арасындағы өзара тәуелділік, бейбіт қатар өмір сүру және ұжымдық қауіпсіздік қағидаттарына негізделеді. Қытай идеяны Батыстың «бәсекелестік пен қақтығысқа» негізделген тәртібіне балама ретінде ұсынды.

Қазақстан тарапы бастамаға сақтықпен, бірақ прагматикалық қызығушылықпен қарауы керек. Өйткені еліміз «көпвекторлы прагматикалық саясатты» ұстанып келеді және «біртұтас тағдыр» осы саясатпен толық үйлесімді болуы тиіс.

Әрине, бүгінде Қазақстан «Бір белдеу - бір жол» және «біртұтас тағдыр» тұжырымдарын прагматикалық түрде ұштастыру арқылы Орталық Азиядағы логистикалық, транзиттік және технологиялық хабқа айналуға ұмтылып отыр. Сондай-ақ, «Біртұтас тағдыр» идеясына қолдау білдіру арқылы Қазақстан мен Қытай ШЫҰ, АӨСШК аясында «диалог пен дипломатияны» күшейтетін бастамаларға жол ашуда.

Сонымен қатар ықтимал тәуекелдерді де әрқашан ойда ұстауымыз жөн. «Біртұтас тағдыр» ұғымы кей жағдайда Қытайдың идеологиялық және саяси үлгісін экспорттау құралына айналуы мүмкін. Ондай жағдайда ол Қазақстанның мемлекеттік дербестігіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Сосын «біртұтас тағдыр» деңгейіндегі серіктестіктің көпвекторлы саясаттың балансын өзгертуіне жол бермеу керек. Жалпы, «Біртұтас тағдыр» тұжырымдамасы Қытай мен Қазақстан арасындағы сенімге негізделген ұзақмерзімді әріптестіктің жаңа парадигмасы. Аталған идея Қазақстанның аймақтық көшбасшылыққа ұмтылуы мен жаһандық ықпалын арттыру жолында қосымша дипломатиялық ресурс бола алады.

Қазақстан үшін Қытаймен экономикалық әріптестіктің басты артықшылықтары қандай?

Ең алдымен Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестіктің география, ресурстық база және өзара толықтыратын мүдделерге негізделген прагматикалық серіктестік екенін ескеруіміз керек. Қытай бүгінде Қазақстанның басты сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі. Сондықтан, оның бірқатар артықшылықтары бар:

Бастысы, Қазақстан мен Қытайдың шекарасы 1782 шақырым. Бұл Қытайдың әлемдегі тек үш елмен бөлісетін салыстырмалы түрде тұрақты және бейбіт шекараларының бірі. Осы шекара арқылы жүзеге асатын құрлықтық транзит Қазақстанға Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Қытай — Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі. Бұл Қазақстанға өз өнімдерін ауқымды әрі үнемі сұранысқа ие нарыққа экспорттауға мүмкіндік береді. Мұндай артықшылық отандық өндірушілер үшін елеулі тиімділік тудырады.

Қытай – жоғары технологиялар мен өңдеу өнеркәсібі саласында жылдам дамып келе жатқан мемлекет. Қазақстан бұл әлеуетті тиімді пайдалана отырып, индустриялық аймақтарда бірлескен өндіріс орындарын ашуда. Мәселен, Шымкентте мұнай-химия зауыты іске қосылып, электромобильдер, күн панельдері мен аккумуляторлар өндіру жобалары қолға алынған.

Сондай-ақ, цифрлық трансформация саласында да ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Huawei, ZTE сынды қытайлық ірі компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асуда. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қытай капиталы үшін өңірлік қаржылық платформаға айналуда. Сонымен бірге, Каспий бағыты арқылы жүзеге асатын инфрақұрылымдық жобалар Қытайдың Еуропаға балама транзиттік жолын Қазақстан арқылы бекемдеуге мүмкіндік беруде. Ауыл шаруашылығы саласында да үлкен серпіліс байқалады. Қытай нарығы Қазақстанның экологиялық таза өнімдеріне — ет, бидай, бал, майлы дақылдар секілді тауарларға зор қызығушылық танытып отыр.  Жалпы алғанда, Қытаймен экономикалық серіктестік Қазақстанды тек шикізат экспорттаушы ел ретінде ғана емес, сонымен қатар логистика, агроөнеркәсіп, индустрия және цифрлық технологиялар бағытында дамушы әртараптандырылған экономикаға айналдыруға жол ашады. Бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін отандық өндірушілер тек ішкі нарықпен шектелмей, Қытай бағытына да белсенді түрде бет бұруы қажет.

– Қытаймен стратегиялық серіктестіктің Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен даму үдерісіне ықпалы қандай?

– Соңғы онжылдықта Орталық Азия мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік тек экономикалық емес, сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды  факторға айналды. Қытайдың өңірдегі рөлінің артуы – қауіпсіздік архитектурасына әсер етіп, ынтымақтастықтың жаңа деңгейін қалыптастыруда. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрес. Қытайдың аймаққа қатысты ұстанымы әскери ықпалдан бас тартып, экономикалық және саяси құралдарды пайдалануға негізделген. Бұл тәсіл Ресей мен Батыс арасындағы геосаяси бәсекелестікке балама ретінде қабылдануы мүмкін.

Ауғанстандағы жағдай үшін Орталық Азия елдері алаңдаулы. Осыған байланысты Қытай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында қауіпсіздік мониторингін жүзеге асырып, Талибанмен байланыстың тәуекелдерін азайту үшін өңірлік консультациялар өткізіп келеді. Қазақстан да өз тарапынан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу және қауіпсіз көлік дәліздерін сақтау арқылы аймақтық тұрақтылықты қолдауға белсенді атсалысуда.

Жалпы алғанда, Қытаймен стратегиялық серіктестік Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды элементке айналып отыр. Қазақстан бұл үдерісте өңірлік тұрақтылықтың қозғаушы күші ретіндегі рөлін атқарып жүр. Ал Қытаймен арадағы прагматикалық қатынастар осы бағыттағы тиімді құралдардың бірі бола алады.

Айта кетерлік жайт, Орталық Азия елдері қазіргі таңда ірі көлемдегі инвестицияларға мұқтаж. Экономикалық өсім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сыртқы капиталдың маңызы зор. Осы тұрғыда Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында өңірге тартылып жатқан инвестициялар айтарлықтай ұлғайды.

Қытайдың инфрақұрылым, энергетика және технология салаларына салған қаржысы Орталық Азияның экономикалық интеграциясын жеделдетуге ықпал етуде. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өздерінің экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа нарықтарға шығуға ұмтылып отыр.

Қытаймен көпжақты және ұзақмерзімді кооперация тек экономикамен шектелмей, сауда, мәдениет және технология салаларындағы серіктестікті де нығайтуда. Бірлескен жобалар мен кәсіпорындар құру, өндірісті дамыту, сондай-ақ Қытайдың жоғары технологиялық өнімдері мен қаржылық ресурстарын пайдалану арқылы аймақ елдері бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Осылайша, Қытаймен ынтымақтастық Орталық Азияның жаһандық нарықтағы орнын нығайтудың маңызды тетігі бола алады.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен Меруерт Райым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2182
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5084
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4324