Жоқшысыз Ордабай-Тоғай және беймәлім белгі

Қазақ даласын Ресей империясының құрамына енгізіп, отарлау қүрсауын күшейту мақсатында патша билігі 1868 жылы «Уақытша ереже» деп аталатын кезекті әкімшілік- территориялық реформа жүргізеді. Соның нәтижесінде Орынбор және Омбыға қарайтын өлкеден «Далалық облыстар» деген атауға ие жаңа әкімшілік-басқару жүйесін құрады. Облыс – уезден, уезд – болыстан, болыс – ауылдардан құралды. Аталған ережеге сәйкес Орынбор әкімшілігіне қараған Батыс, Орта, Шығыс Орданың территориясынан Торғай және Орал облыстары ашылады.
Торғай облысы орталығы Елек (Ақтөбе), Торғай, Ырғыз, Николаевск деп белгіленген төрт уезден құралады. Сол төрт уездің орталықтары, Орынбор губерниясына қарайтын Николаевск станициясынан (кейін Троицк қаласы) басқасы, Торғай облысының территориясында орналасқан бұрынғы әскери бекіністерге орын тепті. Шет қалған Николаевск уезінің орталығын Торғай облысының жеріне орналастыру мақсатында 1870 жылы әскери генерал-губернатор А.Ф. Баллюзектің тапсырмасымен Орынбор әскери округі әскери-топографиялық бөлімінің басшысы, полковник, географ, картограф А. А. Тилло Тобыл өзенінің бойына арнайы сапармен келіп, «Ордабай «деген жерді болашақ уезд орталығы деп белгілейді. Ол сол жерге әскери топограф-геодизстердің қолданатын әдісімен топырақтан үлкен пирамида үйіп, белгі соғады.
Содан бастап «Ордабай» атауы облыс әкімшілігінің хаттарында, сондай-ақ Орыс гегорафиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің жазбаларында орын ала бастайды. Ордабай топонимі туралы толық мәлімет Николаевск уезінің аға көмекшісі, штабс-ротмистр Тілемұхамбет Сейдәлиннің қызметтік рапортында сақталған. Оның жазылу тарихы былайша туындаған: 1879 жылы, яғни уезд орталығы Ордабай болады деген шешімнен 9 жыл өткен соң, Торғай облысын А. Баллюзектен кейін басқарған А.П. Константинович Николаевск уезінің орталығын Ордабайға көшіру мақсатында жаз мезгілінің ішінде болашақ мекеннің орнын арнайы көруге келеді. Оған Ордабайдың орналасқан жері географиялық және санитарлық тұрғыдан ұнамай, Тобыл өзенінің төменгі ағысымен 18 верст жерді шолып шығып, қаланың тұрғын-жайлық қонысы орналасатын жерді өзен жағалауындағы екі терең жыра, сай арасынан белгілейді. Ол мекен «Қостанай өткелі» тұсындағы сай мен «Әбіл-сай» арасындағы Тобыл өзені арнасына жақын, биік жарқабақты жағалау болатын және бұл жерлерде қазақ ауылдарының қыстаулық жерлері орналасқан еді.
Облыс басшысы уездің аға көмекшісіне өзі шолып шыққан 18 верст жердегі қыстаулық жердің иелерін анықтап, онда жыл сайын қанша шөмеле шөп дайындалатынын анықтауды бұйырады. Т. Сейдалин генерал-губернатордың тапсырмасын 1879 жылдың күз айында толық орындап, жоғарыда атап өткеніміздей, облыс басшысына рапорт жазады. Оның жазбасынан біздер «Ордабай» топонимінің толық атауын және ол кісі есімінен пайда болғанын, 1870 жыл картограф А.Тилло Николаевск уезінің жаңа орталығы деп белгіленген пирамида формасында соғылған белгі - топырақ үйіндісі сақталып тұрғанын оқи аламыз.
Сұлтан Сейдалин былай дейді: «Урдабай-тогай (Урдабаевы луга) название свое получил от имени кочевавшего тут некогда киргиза Урдабая, а «тогай» значит: луга. Как видно из самого названия, местность Урдабай-тогай представляет луговое пространство, лежащее в долине р. Тобола, простираясь по течению последнего верст на 6-ти, а поперек от 1,5 до 2,5 верст, т.е. во всю ширину его долины в этом месте. ...Избранный в 1870 году под расположение города пункт, обозначенный в натуре земною насыпью в виде пирамиды, находится на одном из возвышений левой, наиболее нагорной стороне, в верхних частях Урдабай-тогая, и отстоит от р. Тобола, протекающего в этом месте более посредине долины, т.е. не подходя ни к одному из нагорных берегов, в полуверст» (Толығырақ: Сейдәлин және Қостанай қаласы: Жоғалған топонимдер).
Олай болса, Ордабай – «Ордабай» есімді кісінің мекені және оның толық атауы – Ордабай-тоғай (шалғын). Демек, орыс тілді патшалық әкімшіліктің қызметтік жазбаларында қазақ тіліндегі айтылуы қиын біріккен сөздерден тұратын жер-су атауларының бір бөлігін қысқартып атағанын байқаймыз. Содан Ордабай-тоғай – Ордабай, Қостанай өткелі – Қостанай болып қысқарып қалған.
Ордабай топонимі біршама қысқа уақыт (шамамен, 1879-1883) аралығында, болашақ қаланың атауы ретінде қолданылған. Мұны біздер Ы.Алтынсаринның В.Катаринскийге 1879 жылдың 27 желтоқсанында Торғай қаласынан жазған хатынан және Н.Ильминскийдің қазақ ағартушысы туралы жазба естелігінен естелігінен көре аламыз. Н.Ильминскийдің естелігінде мынадай жолдар сақталған: «В 1881 году Алтынсарин уже сам в вышеприведенном отношении от 5 апреля №43, упомянув, что в то время устроилось уже четыре центральных училища в степных крепностях: Тургай, Актобе, Иргиз и Урдабае (последнее впредь до окончания постройки здания оставлось еще в г. Троицке)».
1884 жылы Николаевск уезінің орталығы Троицкіден жаңа орталыққа біржолата көшіп келіп, «Николаевск» поселениесі деп, кейін Новониколаевск, содан барып 1895 жылы «Қостанай қаласы» деп аталады.
Айтайын дегеніміз – жазба деректерге ертеден түсіп, болашақ қаланың алғашқы орны болып белгіленген, қала атын аз уақыт болса да иеленген Ордабай-тоғай топонимінің бүгінгі таңдағы тікелей мұрагері – Қостанай қаласында тарихи атауға арналған иа елді мекен, иа көше атауы, тіптен болмаса, айтулы ғимарат не құрылыс нысаны жоқ. Кеңестік дәуірде Ордабай-тоғайдың орнында болған «Красный партизан» поселкасы тәуелсіздік алғаннан кейін Амангелді атанды. Ол Амангелді Имановтың құрметіне қойылған еді. Әттеген-ай, батырға аса зәру ел сияқты бір кісінің төңірегінен айналшықтай бермей, сол кезде оны «Ордабай-тоғай» немесе «Ордабай» деп атап жібергенде болатын еді. Болмаса, Ордабай-тоғайдың жанындағы Тобылға түскен «КЖБИ» көпірін Ордабай, Төлеңгіт-сайына түскен «Кәрістер көпірін» Төлеңгіттер көпірі деп қала орнындағы тарихи мекендік атаумен атап жібергенде, кім қолымызды қағар еді?
Бұл орайда, бізден патшалық замандағы переселендер мықты болған екен. Олар қаланың солтүстіктегі шеті болып саналған, «Қостанай өткел»-дің жоғары тұсындағы, дәлірек айтқанда, швейцар кәсіпкері Лоренцтің сыра зауытының жанындағы терең сайды қаланың алғашқы атауына құрмет ретінде «Ордабай-сай» деп атап кетеді. Сол атумен ол қаланың алғашқы картасынан орын алады (Толығырақ: Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы).
Дегенмен де, көзі қарақты, елдің тарихынан хабары бар қарапайым кісілер Ордабай-тоғайды ұмытпаған сынды. Қала шеті аяқталып, қазіргі Амангелді кенті басталатын сайдың қала бетінде, «Химиктер» саяжайының Тобыл өзеніне қараған бетіндегі ашық алаңға қойылған мына бір қарадүрсін, бұжыр бетоннан сиқысыз соғылған, тұрпаты пирамидаға ұқсаған белгі біздерге Ордабай-тоғайға қойылған ескерткіштей болып, баяғы 1870 жылғы топырақ үйіндісінен соғылған пирамиданының жаңғырығы секілді көрінді (сурет 1).

Сурет 1. Халықтық пирамида.
Екі бөліктен тұратын белгінің төменгі жағы пирамида тұрпатында. Оған жоғары жақтан қойылған дөңгелек белгіні кісі бейнесіне қатты ұқсатып тұр. Сондықтан оған баз біреулер (жас балалар болса керек) адамның бет- жүзіне қатысты кескінін салып, екі езуі салбырап, мұңайған адам сипатына айналдырған. Баяғы түркі бабаларымыздан қалған балбал тастар секілді тұнжыраған кісі кейіпі. Заманауи балбал тастың көңілі неге тұнжырады? Ескерусіз, елеусіз қалғанына қапа болып, көңілі түсіп тұр ма екен? Қалай болғанда да, қала тарихынан хабардар кісіге түрлі ой салатын көрініс...
Пирамида Яндекс картасынан бір нүкте болып орын алған. Картаға тіркелмегендіктен, аты, не заты жоқ? Беймәлім пирамиданың Тобыл өзеніне қараған бетінде«Первая речная улица», «Вторая речная улица» деген екі көше орналасқан. Вторая речная көшесінен «Химиктер» саяжайының ту сыртына баратын сүрлеу жол бар (сурет 3).

Сурет 3. Яндекс картасындағы халықтық пирамиданың орны.
Пирамида орнатылған ашық алаңның жанындағы сайдың арғы беті – Амангелді кенті, бергі қала бетінде 2000-жылдары бой көтерген «Таун-сай» шағын ауданы. «Таун-сай» деп шетел сөзін араластырғанша, «Ордабай-сай» деп неге қоймаған біздің жұрт? Әттеген-ай, Ордабай-тоғай тұл жетімнің күйіндей күй кешіп, жоқшысыз қалған ғой. Қап, кезінде сұлтан Сейдәлиннің аузына бір рудың аты түспегенін қарашы?! Ол оның ру-тайпасын атап, түстеп бергенде, жұртшылық жадында жоқ кісілерден жаппай би-батыр жасап жатқан бүгінгі күннің шындығына шиырылып, елеусіз қалмас па еді, соңына күндей күркіреген жоқшы түсіп, әр жерден дабыл да қағылар ма еді?! Қырсыққанда, Тобыл бойына «орда тіккен» Ордабайдың соңына аңыз-әпсана да ермеген екен. Ергенде, еңселі ескерткіш орнатып, зәулім үйлердің қабырғасына суретін салып, қақшитып қояр едік!
Таун-сайдың жанында кеңестік дәуірінен құрылысы аяқталмай қалған Өзен вокзалының (Речной вокзал) ғимараты бар (сурет 2). Көп жылдар бос тұрды. Қазіргі таңда жеке меншікке өткен. Мұны да дұрыстап ойластыра білгенде (айталық, қалажәне облыс тарихынан хабар беретін аспан астындағы музей), қаланың алғаш ту тіккен жері деп туристік нысанға айналдыруға болар ма еді?

Сурет 2. Өзен вокзалы.
Түйіндей келгенде, аталған халықтық беймәлім белгі, біздің пайымызша, Қостанай қаласының алғашқы орны деп белгіленген тарихи мекенді ұмытпау, оны жаңғырту мақсатында белгісіз белсенділердің ерік-жігерімен қойылған деп топшылаймыз. Мұны мүмкіншілігі аз, қолы қысқа саяжай тұрғындары қойды ма, әлде басқа біреулер әлдейілеп белгі соқты ма, ол жағы бізге беймәлім. Мұны талғамсыз қарабайыр соғылған белгі деп намыстансақ та, болмаса әлдебір мазақ екен деп күйінсек те, сөз Ордабай-тоғайды дұрыс құнттамай жүрген өзімізге келеді.
Десек те, жоқтан, көңілдегідей болмаса да, бары жақсы. Нәсілі кім болса да, тарихи Ордабай-тоғайдың территориясына бетон пирамида-белгіні тұрғызған кісілердің атасына мың да бір алғыс!
Мақала ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Орталық мемлекеттік архивінің тапсырысымен жүзеге асырылатын «Қазақстан аймақтарының жер-су атауларын диахрониялық зерттеу» жобасы бойынша жазылды.
Алмасбек Әбсадық,
Қостанай қаласы.
Abai.kz