Абылай ханның шығу тегі және жыраулар мұрасы
Абылай XVIII ғасырда қазақ халқының тарихындағы ең тағдырлы тұлға. Өйткені Абылай қазақ халқының тағдыры сан рет қыл үстін тұрған кезде оған араша түсіп, қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалып:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханымай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханымай,
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай! [1, 138-б.] – деп абыз Бұқар жырау да да, халық та жырға қосқан тұлға.
Сол үшін де Абылай хан қазақ халқының тарихи жадынында, оның жыр-дастандары мен жыраулардың мұрасында мәңгі қалғаны сөзсіз.
Кеңестік дәуірдің өзінде Абылай хан туралы көптеген жыр-дастандар мен өлең-арнаулар, зерттеулер жарық корген. Солардың ішінде «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» [2], «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» [1] анталогиясы, «Бес ғасыр жырлайды» [3] жыраулар шығармаларының топтамасы т.б. жарық көрді.
Тәуелсіздіктен кейін де Абылай ханға, оның тарихтағы рөлі мен орнына арналған Абылай хан. «Кенесары: ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері» атты мақалалар жинағы [4] мен «Тарихи Жырлар» жинағының бірінші томы арналды [5].
Сол сияқты Абылай ханның ішкі-сыртқы саясатын, дипломатиялық қызметін зерттеуге арналған, орыс тілінде тұңғыш жарық көрген Р.Б. Сулейменов пен В.А. Моисеевтің «Из истории Казахстана XVIII века (о внешней и внутренней политике Аблая)». [6] атты еңбек Қазақстанда Абылайтанудың басы болса Болат Нәсенов [7] пен Жарқын Тайшыбайдың [8] Абылайдың өмірі мен қызметін зерттеуге арналған көп жылдық ізденістердің нәтижесінде жарық көрген құжаттар жинақтары Абылайтануға үлкен серпін берді.
Абылай хан туралы зерттеулер бүгінгі күнге дейін толастаған жоқ. Оған дәлел таяуда жарық көрген З.Е. Кабулдиновтың «Абылай хан и Россия» [9] атты монографиясы.
Бірақ тәуелсіздіктен кейін Абылай ханның қызметін жоққа шығарып оған «топырақ шашатындар», соған қатысты тарихты бұрмалағысы келетіндер де шықты. Ондайлар тарихи шындықты іздеген болып өздерінің рушылдық дертке шалдыққан ұстанымдарын көлденең тартқысы келеді.
Солардың бірі өзін Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры деп атайтын Самат Өтениязов [10]. Ол Абай.КЗ порталында шыққан мақаласында «Жаңа Қазақстан күндері басталды... Енді осы уақытқа дейін бүркемелеп келген тарихымыздың жалған яғни осал тұстарын көрсетуге жағдай туды» дей келе Абылай ханның қазақ тарихында алатын орны мен рөлін жоққа шағарғысы келеді. Абылайға қатысты халық жадынында сақталған жыр-дастандар, аңыздар мен ХІХ ғасырда жазылған мақалаларды С. Өтениязов «Абылай туралы жазылған фантазиялар» деп сипаттайды. Өйткені «біздің ғалымдарымыздың аз бөлігі сол орыс ағайындардың халқымыз туралы жалған тарих жасаған шырмауынан әлі шыға алмай жүр». Сондықтан да «Республика баспасөзінде Абылай туралы шындық жазылған яғни оның қазақ елі алдындағы қылмыстары айтылған мақаланы жарыққа шығармайды. Абылай туралы кез келген фантазияны баспасөз бетіне жариялау оңай», деп пайымдайды автор.
Ол қандай фантазия дейсіз ғой?
- Қазақ тарихында ханды халық ешуақытта сайлаған жоқ. Хан сайлаған билер яғни рубасылар. Қазақта 41 ру болды...
- Абылай ешуақытта қолбасы болған жоқ. Оның себебі қолбасы болу үшін әскері болу керек. Оның әскері болған жоқ. Ол түгілі басқа хандарда да әскер болған жоқ... Әскерді рубасылар береді... Ал Абылай қазақтың бір биімен яғни рубасымен достық қатынаста болу түгілі бір дастарқанда отырып табақтас болып көрмеген адам. Демек өз заманында жексұрын яғни нәпақасын Ресей басшыларынан тапқан адам.
- 1771 жылы Абылайды Орта жүзге хан деп жариялаған Ресей өкіметі еді. Сондықтан оған Орта жүздің бірде бір арғыны мен қыпшағы бағынған жоқ. Хан бола салып Ресейден әскери көмек сұрағаны осы оқиғаға бұлтартпас дәлел. Оның Орынбор губернаторы И. А. Рейнсдорпқа жазған хаты және басқа айғақтар жеткілікті. Аталған хат Р.Б.Сулейменов пен В.А. Мойсеевтің 1988 жылы шыққан «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» атты кітаптың 127-128 беттерінде толық нұсқасы берілген.... Абылай өзінің қамқоршысы Ресейден әскер сұрағанда қазақ елін шет елдік жаулардан қорғау үшін емес, керісінше өзін хан деп мойындамай отырған қазақты қорқытып бағындырып ұстау үшін сұраған...
Автордың осы пайымдауларына қарағанда оған қазақ тарихынан гөрі испан тілі жақын ба деген ой келеді. Біріншіден, «хан сайлаған билер яғни рубасылар» халықтың (ру-тайпаның) мүддесін білдіретін билік өкілдері емес пе? Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің билік өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтергенін, Абылай іс жүзінде тек Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болғанын тарихи жырларда айтылып, бүкіл қазақ мойындағанда мақала авторының мойындағысы келмегені таң қалдырады.
Екіншіден, автордың «Абылай ешуақытта қолбасы болған жоқ» деген ой мүлде қисынға жанспайды. Сонда, Жоңғарға, Бұхар мен Қытай әскеріне қарсы жорықты ұйымдастырған кім? Сондықтан да автордың бұл ойы не қисынға не шындыққа жанаспайды.
Оның үстіне автордың «Абылай қазақтың бір биімен яғни рубасымен достық қатынаста болу түгілі бір дастарқанда отырып табақтас болып көрмеген адам. Демек өз заманында жексұрын яғни нәпақасын Ресей басшыларынан тапқан адам» деген сөзі оның Абылайға, Абылайды жырлаған жыраулар мен зерттеп жүрген ғалымдарға қазандай өкепесі бар тәрізді. Сол сөзіне қарағанда С. Өтениязов Абылайдың ордасына келген қонақтардың тізімімен етене таныс болған сияқты. Бұл сөзі де еш қисынға келмейді.
Ал патша өкіметінің Қазақ жеріндегі билігі күшейген кезде отарлық биліктің қазақ басшыларын өздеріне жақын тарту мақсатында шен-шекпен, әскери атақ, ақшалай қаражы бергені рас. Ол тек Абылайға қатысты емес, үш жүз билеушілеріне ортақ құбылыс.
Үшіншіден, автордың «Абылай өзінің қамқоршысы Ресейден әскер сұрағанда қазақ елін шет елдік жаулардан қорғау үшін емес, керісінше өзін хан деп мойындамай отырған қазақты қорқытып бағындырып ұстау үшін сұраған» деп көрсетуі қоғамның даму заңдылықтарын, әр кезеңдегі тарихи процестің ерекшеліктерін аңғармайтыны, берілген мәліметтерге сын көздің жоқтығы байқалады.
Бұл мәлімдеме орыс тарапының көз-қарасы тұрғысынан жазылғаны анық. Отарлық әкімшілік Абылайдың әскер сұраған өтінішін қанағаттандырмады. Осы фактіні орыс тарихшылары Ресейдің прогрессивтік рөлін асыра көрсету үшін пайдаланғаны анық. Өйткені коммунистік идеологияның ұстанымы бойынша барлық тарихи фактілер таптық күрес, қоғамдағы антагонизмді көрсету тұрғысынан сипатталуы тиіс еді. Үстем тап өкілі «Абылай ханға Ресейдің әскер бермеуі оның өз халқына жасағысы келген озбырлықтан сақтап қалды» дегізу үшін. Ал, Абылай ханның орыс өкіметінен әскер сүрағаны рас.
Осы жерде Абылайдың асқан саясаткер екені көрінеді. Жоңғар қаупі жойылғанымен Орта Азия билеушілер тарапынан жаңа қауіп төніп тұр еді. Ең үлкен қауіп Бұхар хандығынан болды. Абылай орыс әкімшілігінің бір де бір солдат не бір де бір мылтық бермейтінін жақсы білді. Сонда Ол орыс өкіметінен әскерді не үшін сұрады?
Бұхармен соғысқа аттанар алдында «Абылай орыстан әскер сұрапты! Патша оған әскер жіберетін болды» дегенді ел арасында таратып, бір жағы Бұқар билеушілерінің үрейін ұшырғысы келсе, екінші жағынан халықтың алдағы қазақ-бұхар соғысында жеңіске деген сенім арттыру болды.
Ендігі бір жерде автор «Ресей қазақ тарихын комплексті түрде бұрмалауды ХІХ ғасырдың бірінші жартысында бастаған еді» дейді. Ол да рас, оған бірде-бір тарихшы күмәнданбайды.
Алайда, автор бұл қағиданы да Абылай ханның тарихтағы рөлін кемісітүге пайдаланады. «Осынау үлкен тапсырманы яғни тарихи миссияны 1825 жылдары А.И.Левшинге (1797-1879) жүктеген болатын. Оның зерттеуі мен жарыққа шығарған кітабының негізгі міндеті 250 жылдан бері Ресейге қарсы тұрып келе жатқан Кіші жүз халқын өз еркімен Ресейге қосылды – деп көрсету. Ресейге қарсы күресті 48 жыл бойы басқарған Әбілхайыр сынды хан, батыр, қолбасшыны өз халқына келешекте сатқын етіп көрсету... Сондай-ақ Ресейге адал қызмет еткен Абылайды мақтап дәріптеп келешекте қазақ елінің батырына айналдыру болғаны анық көрінеді... (соған қарағанда Ресей империясы түбі ыдырайтынын сезген сияқты ғой А.Ж.) Оның (Левшиннің А.Ж.) әйгілі кітабы Петербургте 1832 жылы жарық көрді... Бұл Ресейдің қазақ тарихын бұрмалаудағы және Абылайды мадақтап дәріптеумен қазақ тарихын өзгертуге арналған бірінші әрекеті яғни бірінші кезеңі еді» дейді автор.
Байқап отырсақ, автор Ресей империясы Абылайды дәріптеуді жоспармен бірнеше кезеңге бөліпті.
Ұзаққа созбай қалған кезеңдерде Абылайды дәріптеудің Ресей империясының (бір кезеңде КСРО А.Ж.) «зымиян» саясатын атап өтсек.
Екінші бір кезеңде орыс әкімшілігі Левшиенге Ш. Уәлихановтың атынан «Абылай» туралы мақала жаздырған көрінеді... «Левшиннің Шоқанның атынан жариялаған мақаласы қазақ елін шын мәнінде ақымақ қылып талай ұрпағын алдап келе жатыр», деп пайымдайды автор. Миға симайтын мүндай нәрсеге не деуге болады? Мақаланың жазылу стилін Шоқанның және Левшиннің жазу стилімен салыстырса жеткілікті, содан автордың қандай қате ой-пікірде екені көрінеді. Сонда Шоқанның еңбектерін жинаған академик Ә.Х. Марғұлан бұл әбестікті байқамаған ба? Оның қасында мақала авторының әлдеқайда қырағи болғанына таңданбасқа амал жоқ.
Сонымен, ұзақ сонарға бармай бір сөбен айтқанда С. Өтениязовтың Абылайды дәріптеуді қалған кезеңдері 1904 жылы Орыс Географиялық қоғамы Петербургте жарыққа шығарған Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық Шығармалар жинағының жарық көргенінен бастап, Кеңес өкіметі жылдары, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңдерінде Абылай туралы зерттеумен айналысқан зерттеушілердің бәрі алдымен Ресей империясының, сосын Кеңес өкіметінің, кейін тәуелсіз Қазақстан билігінің тапсырысымен жазған көрінеді. «Қазақстан басшылары әлі күнге дейін Ш.Ш.Уәлиханов мұраларына оң көзбен қарайтыны - адам сенгісіз жағдай», деп таданады испан тілінің маманы. Оның ойы бойынша Абылай туралы «шындық жазылған мақалаларды» жолатпаған Ә. Марғұлан, М. Қозыбаев, Б. Кумеков шындықты жасырған өтірікшілер [10]!
Автордың Абылай ханның өмірі мен қызметіне қатысты зерттеулер Қазақ тарихын бұрмалау мақсатында Ресей империясының тапсырысымен зерттеле бастады дегені мүлде қисынсыз. Мейлі, солай-ақ болған күннің өзінде халық жадынында сақталған Абылай ханға арналған тарихи жырлар мен толғаулар Ресейдің тапсырысымен шығарылмаған шығар!
Бұл испан тілінің маманы Абылай ханға неге соншалықты шүйлікті?
Өйткені тәуелсіздіктен кейін Абылай ханның қазақ мемлекеттігін сақтап қалудағы рөлі көтеріле бастады да кіші жүз ханы Әбілхайыр көлеңкеде қалып қойған көрінеді. Көкем-ау, Әбілхайыр ханды зерттеймін, дәріптеймін десең оған кім қой деп жатыр! Автордың бұл ойларынан асқан рушылдық пен жүзшілдіктің көрінісін байқауға болады.
Оған С. Өтениязов арамызда болған бір әңгіме дәлел. 1998 жылы Н. Назарбаевтың кіші қызы қырғыз президенті Асқар Акаевтың Айдар деген баласымен тұрмысқа шыққан болатын. Сол жылы екеуіміз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кездесіп қалып аман-саулықтан кейін мен қалжыңдап «қызымызды қырғызға ұзатыппыз. Қалың малына Ыстықкөлдің бір жағалауын да болса алу керек еді», дедім. Сонда, С. Өтениязов бұлығып «бұл Абылай хан мен наймандардың осалдығы. Кіші жүз адайлар болғанда қырғызды Шудан асырып қана қоймай, бүкіл Ыстықкөлді басып алар еді», дегенде мен аңырап, не айтарымды да білмей қалдым.
Келесі, Абылай ханға, жалпы қазақ тарихына қиянат жасаған, «ғасыр өтірігі» боп қабылданған шығарма Қазыбекбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» [11] атты кітап. Ол кітап нарықтың қайнап, кітап шығаратын қағаз тапшы боп тұрған кезде 300 мың данамен таралған. Онда Абылай ханды төре тұқымы емес, қарадан туған, қазақтың бетке ұстар билері - Төле би мен Қазыбек би қарадан бала ұрлап, одан хан жасағандығы туралы миға симайтын қиялый оқиғалар баяндалған.
Ол «шежіренің» басынан аяғына дейін өтірік екенін «Социалистік қазақстан газетінің қысаң тілімен жазылғанын» өз кезінде Халық жазушысы Қ. Жұмаділов «Бір шежіренің құпиясы: немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында» атты мақаласы шығып [12] егжей-тегжей бұның өтірік екенін дәлелдеп «бұлары қалай?» деп абдырап қалған халықтың көңілін орнына қойды.
Бұл өтірік шежіреге кейбір қазақ зиялылары да иланып, Абылайды «қарадан шыққан құлдың ұрпағы» деп айтқан сұхбаттары әлеуметтік желіде кездесіп отырады [13]
«Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітапты құрастырушылардың сондағы дәлелі Бұқар жыраудың «Жаныс Қарабайдың қолында Түнде туған ұл едің» деген сөздері [1, 137-б.]. Осы жерде қисынға келмейтін бір жер бар. Қарадан хан жасамақшы болған, біз пір тұтып жүрген Қазыбек би мен Төле би бала ұрлап «екі жерде ұрпақсыз отырған екі төреге береді». Сонда, қарадан шыққан сол ұлдар өскенде билікке жетіп, ел қамын жейтін қайсар, текті азамат боп өсетінін қайдан білген?! Әлде Назарбаевтың жемқорлар заманындағыдай сол тексіз, дарынсыз бейбақтарды билікке келуін өз бақылауында ұстаймыз деп ойлады ма?
Бірден айта кетейік, негізі бұл өтірік шежіренің идеясы «Қазақ хандығы тарихында қарадан шыққан хандар да болған екен» дегенді алға тартып Назарбаевтың билігін хандық билік ретінде негіздеп, оны мәңгілік хан етіп жариялау үшін керек болды. Сол өтірік «шежіре» Қазақстанның зиялы ортаның арасына кәдімгідей жік салды. Ол тарихты бұрмалаған бір жалған кітаптың өзі қазақ қоғамына топшылдық пен жікшілдіктің, рушылдық пен жершілдіктің қаншама теріс әсерін әкелетінін анық көрсетті.
Қазақ пэзиясы анталогиясында Абылай ханға жыр арнаған жыраулар аз емес. Солардың ішінде бізге Абылаймен заманындас болған Ақтамберді мен Тәттіғара, Үмбетей мен Бұқар жыраулардың мұрасы жетіп отыр.
Абылай ханның шығу өз заманында ешкімнің де күмәнін тудырған жоқ. Оның ерекше тектілігі жыраулар поэзиясында да, кейінгі тарихи жырларда да көрінеді.
Мысалы, Үмбетей жыраудың «Бөгембай батырдың өлімін Абылай ханға естірту» деген арнауында Абылайдыі Сабалақ боп жүрген кезінің өзінде бойындағы тектіліктің ерекше байқалғанын былай сипаттайды:
... Жас күніңде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеппе едің жаяулай.
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпіңді салып астыңа
Жең жастанып басыңа,
Қол аяғың төрт жақта
Жатушы едің сол шақта
Ұмыттың ба соны, Абылай! [1, 107-108-бб.].
Сол сияқты «Абылай хан» атты тарихи жырад бала Абылайдың Төле биге келген кездегі өзгеге қарағанда ерекше біткен бейнесі былай беріледі:
Балаға би қарайды көзін тіктеп,
Туған жан жай адамнан бұл емес деп,
Кигенмен көне тымақ, жыртық шапан,
Көзі отты, жігері артық жас түлек деп
Құс болса ақ сұңқардың балапаны,
Адам болса заты артық, асыл жаны,
Ер-жетіп аман-есен атқа мінсе,
Ел-жұрттың болатындай арыстаны [14, 95-б. ].
Сол жырда Төле бидің Сабалақты сынайтын жерінде де Абылайдың тетілігіне тағы да көз жеткізеді. Бір тойдан Төле би сарқыт деп қойдың басын алып келіп Сабалаққа бермек болады:
Сарқыт деп Сабалаққа бермек бопты,
Төле би тағы сынап көрмек бопты.
Қасына еріп барған атқосшыға,
Сарқыт деп Сабалаққа апар депті.
«Сарқыт», - деп апарып бер Сабалаққа
Назар сал қимылына сол бір шақта.
Естіген, көргеніңді маған кеп айт,
Өтірік бір ауыз да қосып айтпа.
- Мынау, - деп той сарқытты алып барған,
Сабалақ малдан келіп ұйықтап қалған,
Төрт жақта төрт борбай басы биік,
Керіліп жатысына қайран қалған.
... Атқосшы би жіберген басты берді,
Сарқыты тойдан берген осы – деді.
Алды да бұлақ барып бетін жуып,
Шақырды құрбы-құрдас серіктерді.
Әрі қарай Сабалақ сарқыт деп берген қойдың басын серіктерімен бөлісіп жомарттық танытады. Сонда Төле бидің атқосшысы жетім деп келген Сабалақтың мырзалығына таң қалып, болған жайттың бәрін Төле биге жеткізеді.
Төле би көптен бері назар салған,
Айтқаны атқосшының емес жалған.
Елге тұтқа бір адам болар дейді,
Дүниеде тірі жүрсе өлмей аман.
Төрт жаққа төрт борбайын кергендігі,
Меңгерем төрт тарапты дегендігі.
Қасқайа басы оның биік жатса,
Ел-жұрттың болар ма екен кемеңгері [14, 97-98-бб.].
Үмбетей жырау:
«Жиырма жасың толғанда
Қалмақпен соғыс болғанда
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап, Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шүапқанда...» [1, 108-б.], деп Сабалақтың алғашқы көзге түскенін жырласа, одан арғы оқиға «Абылай хан» жырында сипатталады. Абылайлап Шарыштың басын алған соң Сабалақты Әбілмәмбет шақыртып алып тегін тектегенде Сабалақ өзінің қайдан шыққанын түгел баяндайды:
Дейді екен Уәлибақы арғы атамды,
«Қанішер Абылай» дер бергі атамды.
Өз әкем Көкем Уәли деген кісі,
Дғеп қойған Әбілмансұр өз атымды.
... Баланың Әбілмәмбет сөзін тыңдап,
Бас изеп айтқан сайын отыр шыңдап,
Бір ұрпақ Уәлиден бар деуші еді,
Сол тұқым осы екен деп тұр мойындап.
Сабалақтың сөзін мұқият тыңдап отырған Әбілмәмбет оның шын айтып отырғанына көзі жеткен соң былай дейді:
Балаға былай деді Әбілмәмбет:
- Атайды арғы атаңды Есім хан деп,
Ертеде Есім ханнан жәңгір туған,
Жәңгірден Уәлибақы, Әз Тәуке деп.
Тәукеден Әбілқайыр, туды Болат,
Болаттан Сәмеке мен Әбілмәмбет.
Әбілмансұр сен маған бауыр болдың,
Есіңе ал ата-жөнді ұмытпай жат.
... Мен өзім Әз Тәукенің немересі,
Сен болсаң Уәлибақы шөбересі,
Уәлибақы, Әз Тәуке бірге туған,
Берейін мен тағымды бол иесі.
Жеткенше жас ақылың қасымда тұр,
Тағылым ап, танып-біліптілімде жүр.
Аяйтын менің сенен еш нәрсем жоқ,
Онан соң өзің бас боп тағымды құр [14, 110-111-бб.].
Осы жерде ескертетін бір үлкен нәрсе, Әбілмәмбет Сабалақты өз немере інісі екенін оның сөзінен ғана емес, атасын да әкесін де көрген Әбілмәмбет оның соларға тартқан түр-сипатына да қарап танып отыр. «Түп-тұқиянда» айтылғандай Абылай «қарадан шыққан хан» болғаны рас болса онда билік айналасында жүргендердің, би-жыраулардың есі жоқ деген сөз. Қарадан шыққан тексізден Шоқандай ғалым туар ма еді!
Абылайдың тегі туралы «Сабалақ – Абылай хан» жырында да айтылып, шежіресін Шыңғысханнан таратады:
Әбілмансұр – әуелгі өз аты еді,
«Абылайлап» шапқаннан Абылай деді.
Жиырма бірінші буыннан қосылатын
Шыңғыс хан тұқымынан бекзат еді.
Өз әкесі болады Көркем Уәли
Қанішер атақты Абылай – бабалары.
Таласып Уәлименен хандықты алып,
Әбілхайыр Кіші Жүзге болған ханы.
Уәли аудыхан бола алмай Түркістанға,
Нағашы хан боп тұрған Қайып ханға [15, 131-бб.].
XVII-XVIII ғғ. қазақ сұлтандарының арасындағы билік үшін болған бәсеке күрес ХХ ғасырда кейбір шала-саутты қазақтың бойына «өз жүзінің ханын» дәріптеп, басқаларға күйе жағатын ауруға ұласатынын сол кездің хандары білді ме екен? Әй, қайдам! Өз жүзінің хандарын таудай, өзгелерді тарыдай көрсетуге «әуес» адамдарға ескертетін жәйт – хан-сұлтандар жүзге жатпаған.Олар қазақ қоғамындағы ерекше әлеуметтік топ. Олар бір жүздің де шежіресіне кірмейді.
Сонымен, «Түп-тұқиянда» Абылайды қарадан шыққан деуге Бұқар жыраудың жоғарыда келтірген Абылайға арнауындағы «Жаныс Қарабайдың қолында Түнде туған ұл едің» деген екі жол. Осы сөз басқа ешбір жыраудың шығармасында не тарихи жырларда кездеспейді. Неге?
Бұқар жыраудың Абылайға арнаған толғауларына назар аударайық.
Әй, Абылай, сен он бір жасыңда,
Әншейін-ақ ұл едің,
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің...
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің,
Жиырма жасқа келгенде,
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде
Бақты берді басыңа,
Тақты берді астыңа...
Отыз жасқа келгенде
Дүниедей кең едің,
Отыз бес жасқа келгенде,
Қара судың бетінде
Сағылып аққан сең едің [1, 137-б.], деп әрі қарай Абылайдың әр жасқа келгендегі сипатын береді. Бұқар жыраудың Абылайға арнауының осы нұсқасындағы «Оны да көрген жерім бар, Жаныс Қарабайдың қолында Түнде туған ұл едің» деген өлең жолдары ұйқасқа да қисынға да келмейді. Өйткені Абылайдың жиырма жасқа келген шағындағы тағдырын сипаттаудың орнына ретсіз Жаныс Қарабайдың қолында туғаны туралы айтылады. Мысалы, жоғарыда айтылған Үмбетей жыраудың шығармасында және басқа тарихи жырлардың бәрінде Абылайға жиырма жасында «бақ қонғаны» айтылады. Оның үстіне Бұқар жыраудың тағы бір толғауында Аыблайға жиырма жасында бақ қонғаны және сол арнауда Жаныс Қарабай туралы тіпті айтылмайды және жиырма жасында «ақ сұңқардай түлегені» жайлы айтылады:
Ал тілімді алмасаң
Ей, Абылай, Абылай!
Сені мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметші болып тұр едің,
Сен қай жерде жүріп жетіктің?
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде,
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді басыңа,
Бақ үйіне түнедің,
Алыстан тоят тіледің [1, 123-б.]...
Бұқар жыраудың осы екі толғауында екі түрлі мәліметтің келтірілуінің себебі неде болуы мүмкін?
Егер Жаныс Қарабай айтылатын нұсқаға байланысты түсініктемені қарайтын болсаңыз онда бұл нұсқа алғаш рет С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдеби нұсқаларында» (85-86 б.), кейін негізгі жинақтарда жарияланғаны туралы және мәтіннің С. Сейфуллин бойынша түзетіліп берілгені туралы айтылады [1, 225-б.].
«Ал тілімді алмасаң» деп басталатын екінші толғаудың түсініктемесінде былай делінген: «Таң» журналынан бастап (1925, № 3, 74-75 б.) негізгі жинақтардың бәрінде жарияланып келеді. Өлеңнің тексті Мәшһұр Жүсіп бойынша берілді (1170-п,764-765 б.). 7, 8 жолдары С. Сейфуллин хрестоматиясы (1931, 84-б.) бойынша түзетілді делінген. Осы түсініктемеде өлеңнің Г.И. Потанин жазбаларынан (аталған кітап, 276-б.) табылған нұсқасы да беріледі. Онда:
Бастапқы ақтабан болғанда,
Ата-анаңнан қалғанда,
Тұрымтайдай төре едің,
Түркістанда жүр едің,
Көк байтал мінген құл едің,
Әбілмәмбет, Семеке,
Қызмет қылған ер едің,
Мұнда келіп хан болдың,
Ақ сұңқардай түледің,
Тоятыңды алыстан тіледің [1, 222-б.]...
Осы нұсқаларды салыстыру барысында мынандай қортынды шығаруға болады. Біріншіден, С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары» жинағына «Абылайдың Жаныс Қарабайдың үйінде туғаны» туралы өлең жолдар түп нұсқаға артынан қолдан қосылуы мүмкін. Оның бір-ақ себебі бар. Большевиктік идеология «тек» деген нәрсені жоққа шығарып тап күресі қызу жүріп жатқан кезде хан тұқымы туралы айтылған өлең-толғаулар социалистік реализм ұстанымдарына қайшы келіп цензурадан өтуі екі талай екені айдан анық.
Сондықтан да бұл большевиктік идеологияға сәйкес «қарадан шыққын хан» туралы сюжет большевиктік әдебиет пен киноматографияда В.И. Ленинге теленіп айтылатын «любая кухарка может управлять государством» деген қағидаға сәйкес келтіру үшін жасалған сияқты. Не де болса Абылай туралы жыр-толғауларды цензурадан өткізу үшін осы қадамға бару қисынды.
Екіншіден, «Абылайдың Жаныс Қарабайдың үйінде туғаны» туралы өлең жолдарды кейінгі жинақ құрастырушылар да қосуы әбден мүмкін. Бұл да сол идеологиялық қажеттіктен туса керек.
Жалпы, Кеңестік заманда Қазақстан мен Орта Азия тарихында орын алған тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы мәліметті ғылыми айналымға қосу үшін жинақ құрастырушылар осындай қадамға жиі барған сияқты. Оған мысал ретінде «Қазақстан мен Орта Азияның ұлы ғалымдары» атты жинақ құрастырылған кезде ортағасырлық ғалымдарды сипаттаған кезде оларға «прогрессивті қасиеттерді» барынша тануға тырысты. Мысалы, ерте орта ғасырда ислам ғылымның дамуына үлкен серпіні бергеніне және ол заманда атеистердің болмағанына қарамастан орта ғасырлық ғалымдардың бәріне, соның ішінде аль-Фарабидің ой-санасы диалектикалық және материалистік ұстанымда болғаны алға тартылады (16, с. 42). Немесе, Ибн Сина туралы айтқанда оның философиялық көз-қарасы қайшылыққа толы, идеалист болса да оның ілімдерінде материалистік элементтер көптеп кездесетіні туралы айтылады (16, с. 64). Ал Абу Райхан Бируни болса әлемнің құрылысына діни көз қарастан бас тартып гелиоцентризм идеясын қорғаған екен (16, с. 77).
Жоғарыда көріп отырғанымыздай Абылайды тарихи тұлға ретінде мойындағысы келмейтіндер, қасақана тарихты бұрмалайтындар жоқ емес. Бірақ қазақ халқының жадынында Абылай әрқашан Абылай боп қала бермек. Абылай сияқты «Гималайды» енді ешкім де орнынан қозғай алмас.
Әдебиеттер тізімі:
- XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы. – Алматы: «Ғылым». – 1982. – 240 б.
- Қазақ тарихи жырларының мәселелері. / - Алматы, «Ғылым». – 1979. – 312 б.
- Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. – Алматы, Жазушы, - 1989. Т. 1. – 384 б.
- Абылай хан. Кенесары: ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері. – Алматы, Ғылым, - 1993. – 119 б.
- Қазақ халық әдебиеті: Тарихи жырлар / Абылай хан. – І Том. – Алматы, «Білім». -1995. – 288 б.
- Р.Б. Сулейменов пен В.А. Моисеевтің «Из истории Казахстана XVIII века (о внешней и внутренней политике Аблая). - Алма-Ата: Наука, -1988, -144 с.
- Б. Нәсенов Абылай хан: Омбы архиві сөйледі. - Т. 11, - 16-шы кітап, - І тарау, - Алматы: Новосибирск, - 2011 (2005). - 601 б. Абылай Хан: Омбы архиві сөйледі. - Т. 12, - 17-ші кітап, - ІІ тарау. – Алматы: Новосибирск, - 2011 (2005). - 590 б. Абылай хан: Мәскеу архивтері сөйледі. - Т. 13, - 18-ші кітап, - ІІІ-тара, - Алматы: Новосибирск, - 2011. - 849 б.
- Ж. Тайшыбай Қазақтың ханы — Абылай: Заманы, өмірі мен қызметі. – 2 томдық. - Алматы: Ел-шежіре, - 2011, - 1300 стр. Абылай хан тарихы. – 3 томдық. – Қызылжар, - 2021.
- З.Е. Кабулдиновтың «Абылай хан и Россия» / Монография. – Алматы: ИП «Мадияр», 2023. – 296 с.
- С. Өтениязов Абылай туралы фантазиялардың анатомиясы // https://abai.kz/post/154901
- Қазыбебек Тауасарұлй Түп тұқияннан өзіме шейін. – Алматы: Жалын, - 1993.
- Қ. Жұмаділов Бір шежіренің құпиясы: немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында // «Қазақ әдебиеті», 5-қараша 1993 ж.
- Абылай хан Дулат руынан шыққан Жаныс // https://www.youtube.com/watch?v=jDdTncY5Kxg
- Абылай хан // Қазақ халық әдебиеті: Тарихи жырлар. – Алматы: Білім, - 1995. – 288 б.
- Сабалақ – Абылай хан // Қазақ халық әдебиеті: Тарихи жырлар. – Алматы: Білім, - 1995. – 288 б.
- Великие ученые Средней Азии и Казахстана (VIII-XIX вв.). – Алма-Ата: Казахстан, - 1965. – 240 с.
Жұмаділ Арман Қабдешұлы,
т.ғ.к. ҚБТУ қауымдастырылған профессоры
Abai.kz