Сәрсенбі, 15 Шілде 2026
Білгенге маржан 570 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 13:49

Хомский: Бұқаралық сананы басқарудың 10 қатерлі әдісі

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Аврам Ноам Хомский — Массачусетс технологиялық институтының (MIT) профессоры, лингвист, философ, ғалым әрі психолог.

1. НАЗАРДЫ БАСҚА БАҒЫТҚА БҰРУ (АЛАҢДАТУ)

Қоғамды басқарудың ең басты элементі саяси және экономикалық билік қабылдаған маңызды шешімдер мен өзекті мәселелерден халықтың назарын аударып, ақпараттық кеңістікті ешқандай мәні жоқ, ұсақ-түйек хабарламалармен үздіксіз толтырып отыру.

Азаматтардың заманауи философиялық ағымдарды, озық ғылымды, экономиканы, психологияны, нейробиология мен кибернетиканы терең түсінуіне жол бермеу үшін осы «алаңдату әдісі» кеңінен қолданылады.

Нәтижесінде, ақпарат кеңістігі адамның ішкі инстинкттеріне әсер ететін жеңіл-желпі спорт, шоу-бизнес, мистика, эротикадан бастап порнографияға дейінгі дүниелермен және оңай олжа табудың күмәнді жолдарымен толтырылады.

2. МӘСЕЛЕ ТУДЫРУ, РЕАКЦИЯ КҮТУ, ШЕШІМ ҰСЫНУ

Бұл әдіс бойынша алдымен қолдан мәселе немесе белгілі бір «жағдай» жасалады. Мақсаты халық арасында тиісті реакция тудырып, биліктің өзіне тиімді шараларды халықтың өзі сұрайтындай деңгейге жеткізу.

Мысалы, қалаларда қылмыстың өршуіне жол беру немесе қанды лаңкестік әрекеттер ұйымдастыру арқылы азаматтардың өздеріне «қауіпсіздік шараларын күшейтуді, бостандықтарды шектейтін заңдар қабылдауды» талап еткізу.

Немесе қоғамның әлеуметтік құқықтары шектелсе де, халықтың санасына мұны «амалсыз көнетін жамандық» ретінде сіңіру үшін қолдан экономикалық, лаңкестік немесе техногендік дағдарыстар ұйымдастыру. Бірақ дағдарыстың өздігінен тумайтынын түсіну керек.

3. САТЫЛАП (БІРТІНДЕП) ЕНГІЗУ

Қоғамда үлкен наразылық тудыруы мүмкін кез келген тиімсіз шараны қабылдату үшін оны бірден емес, күннен-күнге, жылдан-жылға өте баяу, біртіндеп енгізу жеткілікті. Күллі әлемде 1980–1990 жылдары жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт (неолиберализм) осылай жүзеге асты.

Мемлекеттің рөлін барынша азайту, жекешелендіру, болашаққа деген сенімсіздік пен тұрақсыздық, жаппай жұмыссыздық және адамша өмір сүруге жетпейтін төмен жалақы... Егер осының бәрі бір күнде жасалса, міндетті түрде төңкеріс болар еді.

4. ОРЫНДАЛУ МЕРЗІМІН ШЕГЕРУ (УАҚЫТ ҰТУ)

Халыққа ұнамайтын шешімді өткізудің тағы бір амалы  оны «ауыр да болса, өте қажетті шара» ретінде таныстырып, «оны болашақта енгізу үшін қазірден бастап келісім беруді» талап ету. Болашақта жасалатын құрбандыққа келісім беру қазіргі сәтпен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл.

Біріншіден, бұл бірден орындалмайды. Екіншіден, халықтың бойында «ертең бәрі жақсы жағына қарай өзгереді» деген балаң үміт қашанда болады және олар өздерінен талап етіліп жатқан құрбандықтан қашып құтылуға бейім келеді. Бұл азаматтарға өзгеріс идеясына бой үйретуге уақыт береді, ал уақыты келгенде олар мұны үнсіз қабылдайды.

5. ХАЛЫҚТЫ БАЛАША БАСЫНУ (НӘРЕСТЕ ДЕҢГЕЙІНЕ ТҮСІРУ)

Бұқараға бағытталған насихаттық үндеулердің көбінде ақыл-ойы толық жетілмеген мектеп жасындағы балаларға немесе психикалық ауытқуы бар адамдарға арналғандай дәлелдер, бейнелер, сөздер мен интонациялар қолданылады.

Тыңдаушыны адастыруды көздеген сайын, сөйлеу мәнері де баланың тіліне көбірек ұқсай бастайды. Неліктен?

Егер ересек адамға 12 жасар бала құсап сөйлесеңіз, оның беретін жауабы немесе қайтаратын реакциясы да баланың деңгейінде болады. Бұл кезде адамның сыни тұрғыдан ойлау қабілеті уақытша бұғатталады.

6. ЭМОЦИЯҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУ

Эмоцияға әсер ету дегеніміз адамдардың саналы түрде талдау жасау және болып жатқан оқиғаларды сыни тұрғыдан ұғыну қабілетін бұғаттауға бағытталған нейролингвистикалық бағдарламалаудың классикалық әдісі.

Екінші жағынан, эмоционалды факторды қолдану адамның бейсаналық деңгейіне жол ашады: сол арқылы оның санасына жат ойлар мен тілектерді, қорқыныш пен үрейді, белгілі бір мінез-құлық үлгілерін оңай сіңіруге болады. Терроризмнің қаншалықты қатыгез екені, биліктің әділетсіздігі, аш-жалаңаш адамдардың қалай зардап шегіп жатқаны туралы байбаламдар тасада болып жатқан үдерістердің шынайы себептерін көлегейлеп қалады. Эмоция деген логиканың жауы.

7. ХАЛЫҚТЫ НАДАНДЫҚ ПЕН ТАЯЗДЫҚҚА ИТЕРМЕЛЕУ

Маңызды стратегиялардың бірі адамдарды өздерін басқару үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерді түсіне алмайтын дәрменсіз күйге түсіру, оларды өз еркінен айыру және барлық деңгейде шығармашылық ойлауды жою.

Қоғамның төменгі жігін жоғарғы элитадан бөліп тұратын надандық шыңырауы соншалықты терең болуы тиіс. Ол үшін төменгі тапқа берілетін білімнің сапасы барынша орташа, таяз әрі үстірт болуы шарт (Кембридж, Стэнфорд сияқты білім үлгілерінен алшақ болуы керек).

(Ал Англия мен Американың элиталары өз балаларын Англия королдік академиясының және Кеңестік Станиславский білім беру жүйесінің бағдарламасымен оқытады).

8. ОРТАҚОЛДЫЛЫҚ ПЕН ТАЯЗДЫҚТЫ НАСИХАТТАУ

Билік қоғамда ақымақ, дөрекі және адамгершіліктен жұрдай болуды тренд (мода) деген түсінікті қалыптастыруға тырысады. Қазіргі әлемде дін мен ғылымнан бастап өнер мен саясатқа дейінгі кез келген салада ортақол, таяз дүниелердің жаппай белең алуы осы әдістің нәтижесі.

Атышулы дау-дамайлар, сары баспасөз, сиқыр мен бақсылық, арзан әзілдер мен популистік мәлімдемелер мұның бәрі бір ғана мақсатқа қызмет етеді: адамдардың өз санасын шынайы әлемнің кеңістігіне қарай кеңейтуіне жол бермеу.

9. КІНӘЛІЛІК СЕЗІМІН ҰЯЛАТУ

Тағы бір мақсаты адамды «өзінің интеллектуалдық қабілетінің төмендігінен, білімінің аздығынан немесе жеткілікті күш-жігер жұмсамағанынан басына түскен бақытсыздыққа тек өзі ғана кінәлі» дегенге сендіру.

Нәтижесінде, адам әділетсіз экономикалық жүйеге қарсы шығудың орнына, өзін-өзі жек көріп, бүкіл кінәні өзінен іздей бастайды. Бұл оны күйзеліске (депрессияға) ұшыратып, қоғамдық белсенділігін толық жояды және енжарлыққа әкеледі.

10. АДАМНЫҢ ТАБИҒАТЫН ОНЫҢ ӨЗІНЕН ДЕ АРТЫҚ БІЛУ

Соңғы 50 жылдағы ғылымның қарыштап дамуы қарапайым халықтың білімі мен билік басындағы элита иелік ететін ақпарат арасында жер мен көктей алшақтық тудырды.

Биология, нейробиология және қолданбалы психологияның арқасында бұл жүйе адамның физиологиялық әрі психологиялық болмысы туралы ең озық білімге қол жеткізді. Жүйе қарапайым адамның өз-өзі туралы білетінінен әлдеқайда көп нәрсені біледі.

Бұл дегеніміз көп жағдайда жүйенің билігі шексіз және ол адамдарды олардың өз-өзін бақылай алу мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары деңгейде бақылап, басқарып отыр деген сөз.

Міне, бұл қоғамды өздері қалаған бағытқа қарай еркімен бұрып, басқаруға арналған ғылыми негізделген заманауи технологиялар.

Аударған Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

0 пікір