Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 9523 0 пікір 17 Қыркүйек, 2014 сағат 15:30

ЖҮРЕКТЕ БҮР ЖАРҒАН ЖҮЗ ЖАУҚАЗЫН

Ертең Астанада ҚР Мемлекеттік сыйлықтың, Халықаралық  М.Шолохов атындағы сыйлықтың және М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, марқұм Дүкенбай ДОСЖАНҒА арналған ас өтеді. 

 

ЖҮРЕКТЕ БҮР ЖАРҒАН ЖҮЗ ЖАУҚАЗЫН

(Жазушы Д.Досжанның әңгімелері туралы)

Қазақ әңгімесінің ғасырдан озған тарихы бар. Халқымен бірге жасасып, алуан арнаға түсіп, айтушының көңіл-күйіне, оқиға желісіне орай құбыла өзгеріп, тыңдаушының талғамына сай логикалық тынысы кеңіп, құлпыра жетілгені көз алдымызда. Өткен ғасырдың басында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин ұлттық дәстүрден, кейіпкердің көңіл-күйінен табан жазбай әңгіме баянын көбіне бірінші жақпен өрбітті. Бұл әдіс оқырманға ұғынықты болғанымен, жазушының стиліне, баяндау машығына селкеу түсіріп, әңгіме орайында сөз қайталау алғы межеге шығады. Оқырманды жалықтырып алу оңай. Бұл ретте жоғарыдағы аты аталған классик жазушылар оңтайлы стильді таңдап, баяндау машығында тіл байлығы мен психологизмді алмастыра өріп, шебер әңгімешілдік мінезбен сөз қайталауды байқатпай, қиындықтан оңай құтылып кетіп жүрді. Сол себепті «Қорғансыздың күні» мен «Шұғаның белгісі» ХХ ғасырдағы қазақ әңгімесінің өрнегі айқын, озық үлгісі болып қала береді.

Әңгіме – әдеби жанрдың бастау бұлағы, барша баян әуел баста әңгімеден жаралған десе болады. Әңгіме бір деммен айтылған болса – бір деммен оқылуға тиіс. Бұл жанр уақыт өте, заман оза сипаты өзгеріп, кісінің, яғни айтушының лексикасына ыңғайласа дамып, мейлінше оңтайлы, барынша ыңғайлы күйге енді. Зергер қолынан шыққан асыл бұйымға ұқсап нақтылана, нақыштана түсті. Әр ұлттың дәстүріне байланысты әрдайым дамып, жетіліп келеді. Мәселенки, аңшы-мергендер таратқан түрлі беймәлім әлем өкілімен кездесу туралы хикаятар, мифтер, ел аузындағы Үббе, Жезтырнақ, жалғыз көзді дәу туралы желілі әңгімелер қазіргі кәсіби прозаның әу бастағы тұқымы, дәні.

ХХІ ғасырда қазақ әңгімесі көне әпсананы көркемдік көкорайына бөлеп, бүгінгі ұрпақ жадында қайтадан жаңғыртып жіберетін мифтік реализмге бой алдырды. Мұнда бірінші жақтың мені үшінші жаққа, яғни ол, оған, оның есімдігіне орын босатып, баяндау машығының алуан түрлі ыңғайына көшті. Әңгімені бірінші жақпен айту – сөз қайталау, силлогизм кедейлігіне алып келетін болса, үшінші жақтың баяндау машығы – ұшан-теңіз, мұнда тіл байлығы, аллегория, эпитет, теңеу атойлап алғы межеден көрініс табады. Әңгімешінің тапқырлығы, ұтқырлығы арқылы жанды, нәрлі сөзді мың бояумен құлпыртып ойнатуы бел алады.

Қазақ әңгімесі дәуірмен үндесе дамыды. Бейне жер мәйегіне тамырын тереңге жіберіп, бұтағы әлемге жайылған алып дарақ іспетті. Шөлге біткен алыптың жап-жасыл, келісті, солқылдаған бұтағы секілді Дүкенбай Досжан қаламынан туған туындылар өзінше өрнегі бар, ешкіммен салыстыруға келмейтін, адам мінезінің құбылысы мен мың құлпырған реңді бояуын қатар елестеткен сымбаты сұлу ғажайып өскін. Пәлсапалық оймен тізгін түйіп, сахараның сары желі секілді лықылдаған, тынысты ашқан  баяндау машығы, қолтаңбасы ай мөрлі.

Тілдік бояуы мол. Бірде арнасы кең ашылған, іштей шымырлап лықсыған дария ағысын елестетсе, келесіде таудан сарқырап, жарқырап құлаған тас бұлаққа ұқсайды. Қайсысында да қазақы сыпа, сырбаз, тері сор, бейнеті зор, төзімді, көмпіс те көнтерлі мінез қыры қылаң береді. Д.Досжан әңгімесінің басты ерекшелігі – алуан мінездің метаморфозалық бояуының қанықтығы.

«Қаратаудың басынан көш келеді, көшке ілесіп бір тайлақ бос келеді...» деп басталатын қазақ халқының әпсаналы әні тербеткен кәрі Қаратаудың күнгей беті мен қызылдың құмын кемерлей аққан Сырдария өзенінің ортасындағы аптап күн қызуынан тобарсыған адырлы дала жазушының туған, өскен жері, сұлулық әлеміне есік ашқан бесігі. Жергілікті халық осыдан жүз, мың жыл бұрынғы әдет-салтын сақтап, ата-баба тынысымен тірлік кешіп отырған Жиделібайсын өлке. Күреңсе күнгейдің әр тұсынан шөккен түйедей мүлгіген көне сағана, белгі бекет, ескі жұртты көресіз. Бұл баяғы қаламгердің асыл сөзбен сымбаттап, ұрпақ жадында қайтадан жаңғыртқан Жібек жолының қоңыраулы керуені кідірген шаһар жұрты, қоналқы орындар.

Жазушының мүсіндегендей Қазақстанның ең күні ыстық нүктесі болғандықтан, бұл жердің торғай екеш торғайы да жер бауырлап ұшады. Шілдеде аспан толы шүпірлеген жұлдыз шалқасынан жатқан кісінің созған қолы тиердей төмендейді. Адамдары ашық ауыз, кеңқолтық, аңқау, көшенің арғы бетінде тұрып-ақ бергі беттегі кісімен дауыстап сөйлесіп, түнде көрген түсін ырымдап жорытып жатады. Аузын ашса жүрегі көрінетін кілең ақкөңіл жандар жолдың шаңын балағымен сыпырып, я малын айдап, я түтіні қою шыққан үйдің ас-ауқатынан ауыз тиюге асығып бара жатады. Ауылдың бас жағындағы үйге кісі түссе, аяқ жақтағылар шақырмайақ «сәлем беруге», «қолын алуға» аңсап, асығып жетеді, яғни жазушының кейіпкері әдет-ғұрып шеңберінде тірлік кешеді. Сөз саптасы түйеден түскендей: «Күні кеше бәрі ортақ еді, бүгін ит үрсе «қонақ келе жатыр» деп базарға шабатын заманға тап болдық», – деп отырады қамкөңіл үлкендері. Әзер уақыт тауып сәлемдесуге бұрылған жастары әлдене сұрайын десең-ақ: «Жұмыс көп... жұмыс көп...» деп, тұсыңнан ағылып, ағындап өте шығады, мұндай жаңа қарбалас кейіпкерлер арқылы қазіргі өмірдегі өтпелі уақыт туралы түсініктер, басқа сөзбен айтқанда өткінші құндылықтар бедерленген. Жазушының «Шырақшы» әңгімесінде қария бір рет өліп тіріледі, молда иманын үйіріп мәйіт басында отырғанда ақсақал қайтадан оянады. Енді ол тоқсан жасап отыр, жалғыз ұлы Олжай жол жөндеу мекемесінің бастығы. Қария келіні арқылы ұлын шақыртып, бейсенбіде о дүниенің есігін ашпақ екенін айтып, бақұлдаспақ болады, сонда баласы тас жол әлі төселіп бітпеген, біткенінің өзі арық аттың жауырындай болып қайта ашылып жатыр деп түрлі сылтау айтып, қарбаласады, ақыры әкесі өлгенде қасында бола алмайды. Міне, жазушы осындай қарбалас кейіпкерлер мен ата-баба жосынымен (эпикалық-мифологиялық уақыт аясында) өмір сүретін асықпайтын сыпа персонаждарды шендестіру арқылы уақыт категориясының мәні дәп қазір өзгергенін, құндылықтардың орыны ауысқанын, уақытты, жолды ата баба дәуірімен, жоралғы-салтымен ұштастыра алмаған жандардың рухани-психологиялық тығырыққа тірелетінін, осындай жайттардың ақыры бүкіл ұлтты аздыратынын ұдайы ескертіп, сергек болуды уағыздайды.

Жазушы Дүкенбай Досжанның тақырып аясы кең, туған жердің, тұғырлы елдің жүйрік жаратқан атбегі, көрік басқан ұстасынан бастап, арман қуып шетелге шығандап кеткен жаңа қазағына дейін қамтыған жүз әңгіме бірін-бірі қайталамайтын жүз түрлі тағдырдың, жүз түрлі адам табиғатының галереясы. Міне, мерзім тұрғысынан қаламгердің өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап, XXI ғасырдың алғашқы ширегіндегі аралықты қамтыған кейіпкерлері сан алуан хикмет иесі. Олар шабандоз, ұста, коммунист белсенді, мұғалім, кәсіпкер, қайықшы, түйеші, депутат, базаршы, бозақор, бухгалтер секілді түрлі кәсіп иелері. Олардың жүрек лүпілі, талайлы тағдыры, тамыр соғысы Дүкенбай Досжан шығармашылығы арқылы мың бояумен өріліп, нәзік сырын ашады айқара. Арпалыспен өтіп жатқан уақыттың өлшемі – өмір. Кейіпкердің мінез бастауы кіндік қаны тамған, жалаң аяғының мөрі басылған туған құмының бұйығы бұйраттарынан, өзгеге еш ұқсамайтын өмір өрнегінен бастау алатындықтан, сізге адам жанының тосын сырын сыйлайды. Ал жазушының туып-өскен Өтүкен өлкесі кәріқұлақ Қаратаудың күнгей беті мен күрең лайсаң ағысты Сырдың орта деңгейі, өзінің сүйікті жазушысы Уильям Фолкнер келтіргендей – қаламгер Йокнапатофы дейміз. Сол себептен де Қаратаудың шертпе күйіндей нәзік бедер Дүкенбай Досжан шығармасына тән қолтаңба өрнекті танытады.

Жазушының жан әлемі, қаламгерлік құдіреті қайта түлеткен қазақы дәстүр, қазақы мінез, қазақы таным, жүрегімізге тәбәрік етіп ұстайтын тәуелсіздік тақырыбын жүйе-жүйесімен қозғамай тұрып, қаламгердің проза жанрындағы өзіне тән ерекшелігі туралы бірауыз сөз. Екшеп, елеп, сүзіп шыққан кезде жазушының сөз саптасы мен қисынды пәлсапасынан өзіндік дара қолтаңбасын – алдымыздағы екі том етіп шығарған әңгімелерінен қапысыз танисыз. Қаламгер он сегіз жасынан – жетпіс жасына дейінгі өзінің шығармашылық ақ сапарын жүз әңгімемен көген­түп етіп қазыққа байлапты.

Д.Досжанның жазу стилін өзгемен шатастыру әсте мүмкін емес.

Туған жер... жер болғанда аптап ыстықтан топырағы тілініп, жусаны күйіп, баялышы жерге бауырын төсеп жатып алған мігірсіз дала, баурайдағы жарпа тастың өзі көп қайнаған бауыр секілді қарайып кеткен. Осынау қатал табиғатпен бірге жасасып келе жатқан шұғылалы таң несібесін себезгілеп атар-ау... ырзық-береке бүгін болмаса күні ертең, әйтеуір қоңторғай қазақы ауылға ат басын бір бұрар-ау... деген сабырлы үмітпен күн кешіп, көлеңкеге саялаған я бақташы, я қойшы. Басындағы бөркін алса астынан киіз қалпағы көрінер, қалпақтан кейін тағы да қызылала тақиясы, оны шешсе – астынан үш бұрыштап ұшын түйген орамалы көрінер... Қойшы әйтеуір! Бірінен соң бірін шешіп алған мезет ұстарамен қырғызған тақыр басынан, дәлірек айтсақ – төбесінен бу шығар. Шілденің аптап ыстығында төбесінен бу шыққан түйеші жазушының ең сүйікті кейіпкері («Ай астындағы кездесу»), әлгі кейіпкер түн ішінде, құба дүз меңіреу өлкеде осыдан мың жыл бұрынғы балаханасы теңселген тең-тең жиһазды әп-сәтте еңсерген білекті кірекеші бар Ұлы Жібек жолының керуенімен ойда жоқта ұшырасар. Сондағы баяғы керуенбасы мен бүгінгі түйешінің бетпе-бет ұшырасып, тілдесуіне құлақ салыңыз.

«Біздер құм заманының адамдарымыз, сендер темір заманының адамдарысыңдар. Құсты да темірден жасап ұшырасыңдар, ділімізді түсініп, дітімізді біліп тіршілік жасайтын пенде табылмас-ау! Қор болып қыстығып, темірге жаншылғанша дала бетімен ебелекше сырғып көшіп-қонып кете бермейміз бе одан да.

– Мүліктеріңнің біразын бізге беріп кетсеңдер болмас па, музейге қоялық.

– Тезек дүниені жасырып неғыламыз, өздеріңе қалдырармыз-ау, әйтсе де күні ертең күлге айналар көне жиһазға таласып, итше ырылдасып, бір-біріңе залал жасайсыңдар ма деп қорқамыз.

– Өкімет мүлкіне, көне ескерткішке қол сұғуға заң жібермейді.

– Ендеше, неге шекелерің қушиып, пейілдерің тарылып кеткен? Беделге, қызметке, ақшаға, абыройға, хан тағына таласып әуре-сарсаңға түсіп жүресіңдер. Бір-біріңді түтіп жеуден тайынбайсыңдар» (Д.Досжан. «Жүз әңгіме», ІІ том, «Мереке» баспасы, А., 2012, 13-бет).

Темір заманының адамдары – мына ХХІ ғасырдың компьютер құлағында ойнайтын, заңмен жүріп-тұратын, күнделікті есеп-қисап әсерінен пейілі тарылып кеткен бүгінгі қоғамның адамдары болса, құм заманының адамдары – теңселдіріп керуен тартқан, көне жиһаз, қазынаны артып алған, алдына шолғыншы, жұлдызшы салған; соңына торғауыты, кірекеші, түйекеші ілескен, ай астындағы ығай мен сығай, кілең алпауыттар. Сөз саптасы, уәждесуі кереғар. Темір заманының адамдарына қаратып: «Неге шекелерің қушиып, пейілдерің тарылып кеткен» деп сауал тастайды. Темір заманының адамдары: «Заң жібермейді... заңмен жүріп-тұрамыз», – деп жауап береді. Құм заманының керуенін тартқан керуенбасының сөзі салмақты, әрі зілді. Астарында кекесін бар ма деп қаласыз. «Беделге, қызметке, ақшаға, абыройға, хан тағына таласып әуре-сарсаңға түсіп жүресіңдер. Бір-біріңді түтіп жеуден тайынбайсыңдар», – деп темір заманының адамдарына ауыр кінә тағады. Темір заманының адамы жалтарады, ашу қысып, керуен тартқан кісінің сақалынан алуға шақ қалады.

Көріп отырсыздар, кейіпкердің сөзіне құлақ ассақ, әңгіме философиялық ойға табан тіреген. Әр заманның адамдарына тән мінезіндегі артық-ауыс кінәратты тамыршыдай тап басып, таниды. Пейілдің тарылып, шекенің қушиып кеткенін шенеп-мінейді. Шынында ғой: не болса соған шырт ете қалатын кірпияз, соншама шікәмшіл, шыбық тимес шыңқ етер болып кетуімізге не себеп? Өзгеріп бара жатқан болмыс па, әлде мінез бе? Тұрмыс тауқыметі мына жүрген кісілерді шетінен күйрек етіп жіберді ме? Заманның, уақыттың илеуіне түскен адамның өзгеру метаморфозасы алақанда тұрғандай, сірә. Әңгімеде баба заман адамын қазіргі адаммен түйілістіріп, диалог жасату арқылы антитеза әдісімен терең ой қозғап, адам мінез-құлқындағы психологиялық толқындарды әшкерелеп береді.

Заманына сай адамы. Әр қоғамның өз сұрқылтайы болмақ. Автор қысқа әңгімеде құм заманының адамдарын жол айрығында ұшырасқан темір заманының адамдарына (мына біздердің кезбе-туристерімізге ұқсайды) қарсы қоймайды, керісінше, әрбір дәуірдің өзіне тән мінез-құлқын, адамдардың ой-санасын, одан берідегі сөз саптасын ашып, таразыға тартуымен ерекше. Қай қоғамда болсын, өзіне тән ерекшелік, артық айтып, кем түсу кейіпкер әрекеті арқылы жүріп жатады. Құм адамдарының уәжі орнықты, байсалды, астарлап сөйлейді. Темір заманының адамдарының сөз саптасы келте, тақыл-тұқыл, жүйкесі жұқарған, қит етсе «заң жібермейді» деп кесіп-пішеді. Заңның нұсқауымен жүріп, сөзін ережемен түйіндеп, заңда көрсетілгендей жүріп-тұруға дағдыланған. Жоғарыдан нұсқау, пәрмен келмесе, шөп басын сындырмайды, бұйрық-әмірге санасы әбден кодыланған.

Жоғарыдан заң жүзінде пәрмен келмеді деп лықсып ағып жатқан каналды тазаламай, екі-үш жылда сол каналдың ұлтанын шөп басып, істен шығуға қалған.

Заңға қайшы кеп қалмайық деп жүріп көшелерді құм басып, қыстау қаңырап бос қалады. Ел көшеді, жер тозады. Жас ұрпақ күнкөріс қамын жеп босып кетеді. Әлгі заңмен жүріп-тұратын, заңсыз аттап баспайтын адамдар ақыр соңында «Қалай ғана мынадай заманға тап болдық», – деп, қолдарын төбесіне қойып, тазы ашуын тырнадан алады дегендей, бар кінәні жолай ұшырасқан құм заманының адамдарына жауып, бас сауғалап, күнкөріс қамын ойлап бірі қалаға, бірі базар маңына көшіп жоғалмақшы. Осылайша жазушы кешегі әміршіл-әкімшіл советтік жүйе тұқыртқан, өздігінен дербес ойлау мүмкіндігі, шығармашылық қарым-қасиеті жойылған, өмір сүруге құштарлығы шектелген сұрқай кейіпкерлерді көгенге байлап, бұларға жетіспейтіні ата-бабаның буырқанған қаны мен өмір сүру салты екенін, соны қазіргі күнге бейімдеу керек екенін ой таразысына салады.

Дүкенбай Досжанның «Жүз әңгіме» деп аталатын қос томдық жинағы философиялық ойдың түзілімі, қазақ көркем сөзінің Көсегенің көк жонындай көтерілген бір белесі секілді оқшау құбылыс. Жанға азық, жүрекке шуақ дарытады, адам жанының шытырман түкпіріне, құпиялы қойнауына ой сәулесі түсіріледі.

Жазушы кейіпкерлері сөзіміздің басында айтқандай, туған жерден кіндігі үзілмеген, туысқан жұртының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген, төзімі сарқылмас, жүрек оты мол жандар. Қайырымы ұшан-теңіз. Қазіргінің адамдары барынша тұйық, өзімшіл, жұртқа қол ұшын беруі сирек, өзім дегенде өгіз күші бар, бөгдеге келгенде аттап баспайтын бейопа дейміз. Өзімшілдіктің астарын іздеп шаршаймыз. Бәрін нарық заманының тұйықтығынан, тұмшалауынан дейміз. Жазушы бұл жағынан келгенде заманды жазғырып, маңдайын бекер тоқпақтаудан аулақ. Барлық кінәратты адам бойындағы келеңсіз, кесапат мінезден іздейді. Бұл ретте «Қызылқұмның желі не деп жылайды?» әңгімесіндегі жолы ауыр, қиын бейнет көлеңкеше ілесіп қыр соңынан қалмайтын тері сор, бейнеті зор Құмбай, «Жақсы кітап қалай жазылады» әңгімесіндегі тірі сөздің кісі жанына шипа болар дауасын іздеп, шам түбінде аш күзенше бүгіліп әңгіме жазатын Жәлеледдин Руми, кең даланың ішіне бүккен сырын ат тұяғының дүбірінен тыңдап түсінетін шабандоз – «Шортанбай», санаға сана қосатын ақыл сатып алайын деп базарға баратын бозөкпе бала Қарықбол – «Ақыл сатамын» әңгімесінде – шетінен даладай дарқан, толық адам болудың жолын іздеген образдар, мінездер энциклопедиясының тың парақтары. Ешкімге еліктемейтін, ешкімге ұқсамайтын ұлт мінезінің дара тағдырларының тоғысы. Өзіндік жүріс-тұрысымен, сөз саптасымен, қимыл-әрекетімен оқырманын еріксіз шырмап, матап ұстайды, жіпсіз жетелейді, мұнаралы көкжиекке жетелейді. Алғашқы сөйлемінен бастап-ақ көз жеткісіз алапат құм ішіндегі оазиске тап болғандай – тынысың кеңейіп, көзге сан алуан өмір өрнегі елестеп, таңдайға тамызық болар тіршілік балшекерін сезесің, тамсана түсесің.

Д. Досжан әңгімелерінің бір шоғырын ғасырымыздың басында Токионың «Жапан симбэй» баспасы шығарды. Қаламгердің өз сөзімен айтсақ, бұл әңгімелерді Күншығыс елінің оқырмандары «қазақы дәстүрді егжей-тегжейлі терең зерттеп білу» үшін аударғаны мәлім. Шындығында, жазушының «Шортанбай», «Бастаңғы», «Жігіттің бір жұрты», «Ұста», «Анасы жақсы адамдар», «Қызыл Кеніш оқиғасы», «Саумал», т.б. көптеген әңгімелері ұлттық салт-дәстүрді, қазақы тұрмыс-тіршілікті, мінез-қалыпты жеріне жеткізе суреттеп, көз алдыға елестетіп, «ұлтымыз мынадай салт-дәстүрімен дараланады... өркениетке өзіндік сыйпатымен қосылмақшы» дегенді айту үшін... өзгеше ұлттық өрнек-бояуымызды кейіпкерді түрлі ситуацияға сала отырып, көркем сөзбен кестелеп шығады. Бұл тұста «кестелеп шығады» деген құрғақтау сөз. Ұлтымыздың жер бетіндегі екі мыңнан астам ұлт пен ұлыстан айырымы неде? Қай қасиетімен төрге шығады? Өзге халықтан несімен қызықты? – деген сауалға жан-жақты жауап бере отырып, оқырманды кейіпкер мінезінің қыры мен сырына қанықтыруға машық.

Ұлттық дәстүрді қазық етіп фабула құрған, оқиға өрген, сол оқиғаның өне бойында қазақы дәстүр мен ғұрыпты қатар өрбіткен жазушының әңгімелері бірқыдыру.

Атбегілік мінезді айнадан көрсеткендей мінсіз, айқара ашқан «Шортанбай», қарапайым еңбек адамының қолөнер кәсібін жетілдіре келіп, оны өнер деңгейіне көтеруі «Өрік», қазақ ұлтын жылқы мінезді дейміз, сол жылқы мінездің бас асау күйінен – басбілгі, ерқашты міністей күйкіленіп салбөкселікке ұрынуы «Құмда қалған кемелер», аста-төк қонақжайлықтың заманға сай сайқымазақ халге түсуі «Метаморфоза» әңгімесіне арқау болған. Қай-қай әңгімесі адам жанының спектрі секілді. Әртарап қалпымен, әрқилы көрініс бояуымен көңілде жатталып қалады. Қайталанбас даралықпен қызықтырады, оқырманды мінез тартылысында ширықтырып ұстайды. «Енді қалай болады?.. кейіпкеріміз тығырықтан қалай шығады?.. ситуация дәстүрге ме, дәстүр оқиға өрісіне қызмет ете ме?..» – дегізіп ынтықтыра түседі.

Мың бояумен кілем тоқығандай қара сөздің көркемдік тіні оқиғамен, оймен үйлесімді қабысып таңдандырады.

Жазушы әңгімелеріндегі ұлттық этнопсихологияны шеберлікпен жарқырата дәйектейтін – қазақы дәстүр категориясы – қаламгер айрықша ат басын бұрып, қадала тер төккен ерекше арна демекшіміз. Әлемдік әдебиетте ұлттық дәстүрге қалам тартпаған қаламгер жоқ десе де болады. Өткен ғасырдың басында етек алған орыс футуристері, француз сюрреалистері, ағылшын авангарды, неміс имаженистері ұлттық өрнек-бояусыз-ақ көркем әдебиетке қажетті әмбебап кейіпкерді сомдаймыз, барлық ұлтқа, тұтас өркениетке оң мінезімен жарқ етіп көрінетін әлеуетті кейіпкер әкелеміз деумен көп әуреленіп, уақытша арамтер болғанын білеміз. Әлгі ағым-мектептің таразы басын ауырлатып, шешек ата гүлдеп, сөлді мәуесімен тұшытқан ұлттық дәстүр, ұлттық менталитет – әлем әдебиетінің бейне-мінездер мұхитында жүзген Айсберг секілді. Алыстан көз тартып, алып тұрқы тереңге сіңіп, айдында еркін жүзеді. Сол Мұзтау сипатындағы әрбір ұлтқа тән сөз саптасы, мінез-құлық, іс-әрекет, ойлау, топшылау әдісі... кейіпкердің тұтастай өсіп-өнген ортасына, тамыр жайған топырағына, табиғатына тарта туады екен. Кейіпкерді туған табиғатынан ажыратып қарастыру – күнә, қисынсыз, ұлтсыздану ұшығы.

Өркениет – топтың немесе рудың, я болмаса қауымның игілігі емес. Ол қоғамның игілігі. «Осы күні кісінің басы айналар мәртебелі билік дәлізінде жүрген, Үкімет үйінде, әкімшілігінде істейтін Тайтұяқ өзін осы өркениет сатысының жуан ортасында жүремін деп ойлайтын. Ойлап жүрген жалғыз Тайтұяқ па екен? Өркениет сатысына аяқ салған үлкенді-кішілі лауазым иелерінің тіршілік-тынысы, іс-қимылы, мінез айнасы, кісілік болмысы... бәрі-бәрі, қайтсек үлкен кісінің қызметіне жараймыз, қайтсек тәуелсіз мемлекет аталатын алып мәшиненің ең қажетті, еш мүлтіксіз жұмыс істейтін бір-бір тегіршігі боламыз деп жығылып-сүрініп жүргендері кілең» (сонда, 642-бет) деп басталатын «Мақұл» әңгімесінің астары терең, мегзеуі мол, бүгінгі қоғамның, қазіргі өмір-тіршілігіміздің айнасы деуге болады.

Сол Тайтұяқ жоғарыдан берілген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, лауазымды кісілердің алдын кесіп өтпей, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрсе – бастығы алдына шақырып алып: «Шырағым, өзім білемін деп төске өрлеп бара жатырсың!» – дейді зілдей етіп. Тайтұяқ айран-асыр. Жатып ойланады: қате басқан, қисық сөйлеген жерім жоқ еді ғой, жазығым – тапсырманы айтқызбай істегенім бе деп өз-өзінен қуыстанып, пұшайман халге түседі. Айдың аяғында бастығы тағы шақырып алады: «Шырағым, жарық жалғанда мына біздің бар екенімізді ұмытып үлгердің бе? Көзге түскің келіп жүр ме?», – дейді төбесінен тас тастағандай. Бастығы Тайтұяқты айлық сыйақыдан қысқартып тастайды, келесіде қабылдамай қояды. Білдей мемлекеттік қызметкер есеңгіреп қалады... ойлап-ойлап... ұйқысы азайып, уәйімі көбейген соң қала сыртындағы зейнеттегі ақылшы ақсақалға келеді. Осылай да осылай... бастығым қырына алды... тықыр таянды... не істеуім керек дейді Тайтұяқ. Көп жыл Үкімет мүшесі болған, ақсақал ақылшы түсіндіріп төмендегіше сөйлейді.

«Жадыңа тұтып жүретін ең басты қағида: өзің біліп тұрсаңдағы «осының мәнісі қалай?» деп бастығыңның алдынан өтіп барып – іс қыл дейді. Бұл – бір. Бастығыңның алдында өзіңді әрдайым бір басқыш төмен ұста, бір мысқал кем білетін болып көрін дейді. Бұл – екі. Санаңа жақсы ой, жарқын идея келсе – оныдағы бастықтың ойы, тұжырымы, жаңалығы деп жарияға жар салғайсың, сонда ғана жолың болады дейді. Бұл – үш. Осы айтылған үш қағиданы бұлжытпай орындай білсең ғана бастығыңа жағасың», – деп ақсақал Тайтұяққа ақыл қосады.

Ақылшы ақсақал үйреткен жолмен жүрген Тайтұяқтың бұдан былай айы оңынан туады. Бастығының жүзі жылиды, сыйақыға, шетелдік сапарға, өзге де көзге түсетін жерге Тайтұяқты ұсынады. Лауазым иесінің бұдан былай ұйқысы тыншып, өмір жолы жеңілдей түседі. Әңгіме осымен аяқталса жақсы ғой! Күндердің күні... көшеде келе жатып... дардай лауазым иесі, білдей Үкімет мүшесі, бас кейіпкеріміз Тайтұяқ бөтен кісінің көзімен айналып өзін-өзі сырттай мінеп-сынап, бақылап қарап көрмей ме. Не көрді дейсіз ғой?!

Сол мезетте Тайтұяқтың көзіне қандай адам елестеді: өзінше ойлай білмейтін, өзіндік ой-пікірі жоқ... өзінің мінез, қалыбы қалмаған... кім не айтса, соған бас шұлғи беретін құр кеуде ... құр костюм киіп, галстук таққан... бәріне мақұл... мақұл... мақұл ғана қалыпты. Заманына сай адамы демекші, XXI ғасырдың адам-көлеңке, адам-костюм кейіпкерін кемеліне келтіре суреттеген жазушы оқырманға қаратып осылайша сыр төгеді. Осылайша бүгінгі шенеуніктердің жоғарыдан бұйрықсыз қозғала алмайтын пұшайман қалыпқа түскенін көрсетіп, мұндай безбүйрек, құлдық сана қоғам дамуына кесірлі екенін әшкерелейді.

Д.Досжан ең алғашқы («Көкпар») әңгімесінен бастап, күні кеше туғызған («Артық адам») жаңа дүниесіне дейін арада жарты ғасыр өтседағы ұлттық дәстүрді ту етіп, сол ту көтерілген тұсты көркемдіктің темірқазығына айналдырып тер төгумен келеді. Шытырман мінездер қақтығысында әлгі әдіс оқырманын адастырмағаны кәміл, көркем сөзбен кілем тоқыған автордың өзі де негізгі идеясынан табан аудармады, көз жазбады, адаспады. Жазушы әңгімелерінің басым бөлігі ұлттық дәстүрді паш етуімен құнды десек, қателеспейміз.

«Оң жағыңа қарай салып күлкің келетіні – оң иығыңда тілеулес болып періштең отырар. Сол иыққа назар салып жылағың келетіні – сайтанның сапалағы отырар, қарсы алдыңда қалбаңдап кетіп бара жатқан – Тағдырың. Кімде-кім өз тағдырын, өзіне бұйыратын тіршілік сыбағасын алдын-ала сезер болса, өкіріп тұрып жылаған болар еді. Кісінің көңіл-күйі астындағы көлігі секілді, бірде семіреді, бірде азады» (Д.Досжан. «Жүз әңгіме», ІІ том, «Мереке» баспасы, А., 2012 жыл, 241-бет).

Бұл – «Өмір арбасы» әңгімесінің кейіпкері Алтыатаның толғанысы. Өзін жан-тәнімен сүйетін жары туралы ой кешкен бас кейіпкеріміз қазақы дәстүрді, ұлттық салтты санасына берік сіңіріп өскен, отбасының ұйыған сүттей таза, жылы болуы үйдегі ару әйелге тән екенін үлкен тебіреністі сезіммен жүрекке дарыта сипаттап жеткізеді. «Күйеуім үшін жанымды беремін», – дейді әйел. Мына сөзді естіген жау жағы күйеуіне жан-тәнімен берілген ұяты бар әйелдің ынтық лебізінен ыңғайсызданып, іштей қайран қалысады. «Батырдың жаны өзінде емес, үйіндегі әйелінде екен, мұның жанын алғанымызбен мақсатымызға жете алмаспыз», – деген тоқтамға келеді» (сонда, 241-бет). Ару әйел сүйікті жарына деген адалдығы, пәктігі арқылы жауар бұлттай түйіліп жеткен жаудың бетін осылайша қайтарады.

Отбасына, бас иесіне, жарына деген ақжүрек адалдық ұлттық дәстүріміздің ең жұлынды, тұталы тұсы. Мақтанышымыз һәм арқа сүйер асқар Алатауымыз секілді. Осы адалдық арқылы ең қатал, қайырымсыз жау – уақыттың өзін жеңе білген бейкүнә аруларымыз қаншама («Аманат», «Саумал»).

Адамшылық сауыты – мінез. Мінез сауыты – ақыл. Ақыл сауыты – жүрек. Бұл данышпан Абайдың жазғаны. Жазушының біршоғыр әңгімесі аузын ашса, жүрегі көрінетін, барынша ақкөңіл, баладай аңқау, таңғы шықтай таза, риясыз кең­қолтық, сенгіш, артында зілі жоқ қазақы мінезді тарқатуға арналған. Мұндай мінез қыры өзге ұлт өкілдерінде де ұшырасатын болар-ау! Ал қазаққа әсіре тән екені атқан таңдай ақиқат. Әсіресе, барынша адал, барынша ақкөңіл мінез қалыбы Д. Досжан қаламына іліккен кезде жақұт тасындай көз жауын алып, балдай тәтті сезімге мас етіп, я күлеріңді, я жыларыңды білместей тосын әсерге бөлеп тербетеді. Тынысыңды кеңітер таңғы самалдай тіршілік бұрынғысынан әлдеқайда мағыналы, опалы күйге еніп, көз алдыңа кемпірқосақ түзілгендей, көкжиегің кеңіп жүре береді. Өміріңіз – өнерге айналады. Күнделікті күйкі мінезден арылып биіктейсіз, рухыңыз нығаяды, кемелдене түсесіз.

«Былайғы кісілер біртүрлі тіксініп қалды. Тіксінбей қайтсін. О заман да бұл заман Абай отырған үйге жан баласы ат қойып тура түсіп көрмеген. Ат қоймақ түгілі, көлігін шақырым жерге қалдырып, жаяулап, үсті-басын сан мәрте қағып-сілкіп, түзетіп, сыпайылап басып үйге енетін. Бәзбірі: «Алдына барсақ – сәлемімізді алар ма екен?» – деп пұрсат сұрайтын. Ал мына қара шекпенді, қаздиған неменің өңмеңдеуі жаман. Ақай жоқ, тұқай жоқ, көлігін іргеге қазықбау шала салып, ақын жатқан отауға сып етіп енді де кетті. Кішкене молда: «Біліңдерші!» дегенше болған жоқ... Жүрісі суыт, түсі суық бейсеубет неме Абайдың жанын алуға келген ажал екенін, Жаратқан Иенің ат сабылтып жіберген елшісі екенін жалғыз-ақ кішкене молда сезді. Сезе салып: «Ой, Алла-ай!» – деп есік алдындағы ақ топырақ үстіне бұрқ еткізіп отыра кетті (сонда, 636-бет). Абыз ақынның ақтық демін алар мезетті, Мағауияның қырқын өткізе салып, өзінің де фәни жалғанды тастап, бақиге көшкен мезетін пәлсапалық меңзеумен, әдемі ғұрып, жүрек сыздатар суретпен беруі соншама табиғи, шынайы шыққан. Тегінде, Абай көзі тірісінде өлім сағаты туралы да жырлар толғап, бұл межелі мезетті Ант мезгілі деген категория арқылы белгілеген. Ал Дүкенбай Досжан болса, мифологиялық жаналғыш бейнесін меңзеу арқылы ақын ажалына мүлде басқа астар береді.

Терістіктен сары жел сарнай соғады. Үйлер бір орнында көшпей ұзақ отыра берген соң, мініс аттар маңайдың шөбін тықырлап жеп, шаңын шығарып, алысқа ұзап шоқырақтайды. Күлге аунап жатқан қара нар келесін іздеп, кеңірдегін кернейше созып ұзақ боздайды. Сары сүрлеумен ұршықша үйіріліп құйын билейді. Осы мезет қыр астынан шошаң етіп бейсеубет жолаушы шыға келеді. Дәрет алуға шыққан кішкене молда Ғабитхан тосын суреттен: «Астапыралла!» – деді шошынып.

Жазушының қай тақырыпқа қалам тартсадағы нақты суретпен, қатесіз тірі сөзбен, қолмен қойғандай етіп жазатыны оқырманды риясыз иландыруға сеп. Логикалық силлогизм шеңберінен шығармайды. Фәни дүниенің мың қатпарлы, жүз сырлы құпиясының әдібін сөгіп, астарын ашқандай философиялық оймен әредік-әредік әдіптеп отыруы – әр әңгіменің мазмұнын байытып, салмағын арттырған. Тірі сөздің өміршеңдігін өнеге етіп алдымызға тартады.

Қос томдықта біріншіден: жазылу уақытына байланысты түзілген тәртіптік жүйе бар. Әңгімелердің қай кезде, қандай жағдайда жазылғанын айнадан көргендей танып аласыз. Екінші: қос томдықты құрастырған кезде автор ішінара стилистикалық түзетулер жасаған, морфологиясын қараған, пунктуациялық қателерін түзетіп шыққаны байқалады. Мұның есесіне кейіпкер мінезіне әсер еткен мезгіл, қоғамдық формациялардың ықпал-әсерін бұзбай, сол күйінше қалдырған. Мысалға «Белсенді» әңгімесінде өткен ғасырдың 29-30 жылдарындағы ұжымға бас құрау, қолдан жекетұр жасау (кулачество) бел алған кездегі белсенділік, ат үстінде жүріп былайғы жұртты ақысыз-пұлсыз еңбекке жұмылдыру суреттеледі. «Ағынға қарсы» әңгімесінде өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы көтерем болып тұралап қалған шаруашылықты көтеру үшін жергілікті басшылар ойлап тапқан қолдан озат жасау науқаны мінеп-шенеледі. Бұл ретте «Белсенді» әңгімесіндегі колхоз, «Ағынға қарсы», «Кісі ақысы» әңгімесінде совхоз құрылымы сол күйінше сақталған. Әңгіме ситуацияға емес, мінезге қызмет етеді. Қос томдық уақыт, қоғамдық формациядан гөрі мінез-құлықтар энциклопедиясына көбірек келеді деуіміз содан. Кейіпкерлер кезең-кезеңімен, белгі-белесімен, мінез қырымен тұтас дәуірдің келбет кескінін жасаған, сонысымен ғана тартымды, сонысымен ғана қызықты шыққан дер едік.

Жазушы дүниені көркемдік көзімен көреді, жанды сөзбен сурет салуға машық дегенге кеңірек тоқталып көрелік. Болған оқиғаны болғандай баяндап берсек, онда көркем әңгімеден гөрі ситуация журналистикаға тартып кетер еді. Көркемдіктің кепілі – бояу, сурет пен тірі сөз. Кез келген әңгіме тірі сөзбен көрікті, суретімен ерекше, бояуымен қымбат. «Көлеңкеге кептірген сүр еттей арық қара қапсағай жігітті алып жыққан ой шіркін болатын» («Қолы ашық», 311-бет) деп басталатын әңгімені биік регистрлі ойдан бастауы... сол ойдың нар жігітті алып жыққаны... оқырманды енді не болар екен дегізіп жіпсіз жетелейді. Сол ауыр ой әңгіменің тартылыс күші, лейтмотиві. «Бәзбірде өзін осы күндері ұйқы мен ояудың арасында жүргендей сезінеді. Ұйқыдамын дейін десе – жолдасының артында шулап қалған жетімектерді жұбатып басу сөз айтты, оқыста көз жұмған жолы ауыр жолдасының қабіріне топырақ салды. Ояумын дейін десе – маңайындағы адамдармен түсінісуі аса қиын, ес білгелі бойындағы қырсық мінезбен қырқысамын деп шаршады» («Ой бақ­қан», 333-бет). Кейіпкеріміз ой кешеді. Адам шыр етіп дүние есігін ашқанда жақсы, жаман мінезді қоса қабат арқалап енеді. Кісіні шаршататын жан әлеміндегі қырсыз мінез бен шуақты мінездің шарпысуы. Сервантестің екі кітаптан тұратын «Дон Кихот» романын испаншадан қазақшаға төтелей аударып, өзі де әділет үшін кім көрінген қайуана қазақпен айтысамын, алысамын деп жүріп, Дон Кихоттың кейпіне түскен, жолы ауыр Әбдіғанидың: «Лауазымы жоқ кісінің сөзін жан баласы тыңдамайды, мансап сөйлегенде – әділет үндемейді; ақылды – теңге билейді («Дон Кихот», 201-бет) деген сөзі еміс-еміс естіледі. Әбдіғани дайын қолжазбаны бірде баспаға, келесіде Жазушылар одағына тасып, талқыдан өткізіп, әбден шаршайды. Бір білгіш: «Мені қосалқы аудармашы етіп кіргізсең – жолың болады», – деп бопсалайды; келесі білгіш: «Сервантестің сөйлемі ұзын, сөзі моншақ секілді тізбектеліп келеді екен. Қысқартып, қазақы баянға түсірсең, кітап қып шығарамыз», – деп қисынсыз талап қойып, сіресіп отырып алады. Аудармашы көрінген білгіштің айтқанын екі етпеймін деп жүріп әбден титықтайды, саушылығынан айрылады. Үйіне келіп іші түскен диванға сұлық құлап, кірпігі қимылдап жатады. Сол кезде Дон Кихоттың елес сұлбасы есіктен еніп, тілге келеді. «Әділет, шындық үшін шыбын жаныңды шырқырата бергейсің!» – деп, өзінің ерік-жігерін қайрағандай болады... кейіпкеріміз талығып, барып-келіп жатып өзінің де XXI ғасырдың Дон Кихоты болып үлгергенін сезеді. «Өлсем де әділет үшін күресіп өтемін», – деп күбірлейді.

Келесі «Есіктің Король Лирі» әңгімесінде үш ұл өсіріп, үшеуін де бас-басына жеке отау етіп, бөліп шығарған... аяқ астынан жазушы болайын дегені емес... іштегі мұң-шерін қағазға түсіріп жүріп, көңілсіз хикаят туғызған... әлгі хикаятын кітап қып шығарғалы демеуші іздеп сарсаңға түскен Сағадаттың бастан өткен оқиғасы баяндалады. Баяғы үш перзентінің үйіне кезегімен барып, бас сұғып: «Қолжазбамды басып шығаруға қаржылай көмектесіңдер», – демей ме... Ақыр соңында «күн­көрісімізге жетпей жатыр» деп жылаған ұлдарына – қалтасындағы азғана зейнетақысын бөліп беріп... бейбақ әке бастан құлақ садақа деп, әлгі көмектеседі ғой деп келген перзенттерінен көрер көзге қашып шығады («Есіктің Король Лирі», 158-бет). Аз айт, көп айт, ХХІ ғасырдың басқы кезеңінің бейнетқор қазағы, қолы ашық мырзасы, Есіктің ақжүрек, кеңқолтық Сағадаты, өмірдің мың көпірінен сүрінбей өткен кейіпкеріміз осы уақытқа дейін қолжазбасын кітап қып шығаруға демеуші іздеп жүр деп естиміз деп аяқталады әңгіме. Оқып отырып айықпас қою мұңға шомасыз.

«Жүз әңгімеде» өмірдің қайталанбас жүз түрлі ғибраты, пайымы жатыр. Тіршілік – үстінен жүгіріп өте шығатын көпір емес. Оның мың түрлі шырма-шату сүрлеу, сорабы бар. Ешбір данышпан өмір жолын «былай етсең... осылай жүрсең... дұрыс шығады» деп сызып бере алмайды. Өмірді әр пенде өзінше сүреді, тіршілік жолын өзінше жүріп өтеді. Өмір қайталанбас өрнегімен қызық. Сол өрнекті сан алуан бояуын бұзбай, сан түрлі үні мен тінін, мазмұны мен мәнін сақтай отырып, өзіндік белгінышанымен, ұлттық этномәдени құндылықпен сабақтастырып хатқа түсірген қаламгерге тәнтісің.

«Жүз әңгіме» алуан мінез қырын, өмір тартысын тарқатуымен тартымды. Өмір өрнегімен қымбат. Сол өрнекті сан түрлі бояуымен, тірі сөзімен, әдемі ырғағымен құлпырта суреттеп хатқа түсіре білген кәсіби жазушының жарты ғасырлық жанкешті еңбегіне еріксіз сүйсінеміз. Сүйсіне отырып, көркемдік бояуы құлпырған әңгіме маржандарын қайта-қайта қолға аламыз.

Дүкенбай Досжанды «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» шығармалары арқылы тарихи тақырыптың пионері деген де пікір болған. Біздің ойымызша, ол халық қазынасына тапжылмай табан тіреп, әпсаналық-мифологиялық желіні бүгінгі реалистік романмен, әңгімемен үндестірген шебер қаламгер. Қазақтың халық прозасы атам заманнан бар екенін байыптап, бүгінгі эпопея мен кешегі эпос арасында үзілмес үйлесім бар екенін дәлелдеу үшін академик С.А.Қасқабасов 1984 жылы жазған монографиясында жазушы Д.Досжанның «Келіншектаудағы тас түйелер» әңгімесін бағзы мифтің жанрлық табиғатын ашуға құнды мәлімет ретінде пайдаланып, бүгінгі гүлденген кәсіби қазақ әдебиетінің түптөркіні қадым заманнан бері ауыздан ауызға ұласқан миф, әпсанадан бастау алатынын анықтаған болатын. Д.Досжан адам санасындағы көне әпсана архетиптің ұшқынын бүгінгі өмірмен қауыштырып, жаңғырта алған хикметті қалам иесі екендігі осынау «Жүз әңгімесінің» тыныс-демінен айқын сезіледі.

 

 

Ақеділ Тойшанұлы, 

Түркі академиясының ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404