ФУТБОЛ САЙЫСЫ. ДАРАҚЫ ЭМОЦИЯ
Оныншы маусымнан бері Францияда өтіп жатқан аяқдоптан Еуропа құрлығы біріншілігінің доп додасынан «Қазақстан» және «Kazsport» арналарынан тікелей эфирде күнделікті көрсетуде. Бірақ біздің қазақ тіліндегі коментаторлар әбден жүйкемізге тиіп бітті. Қай жақ гол соқса болды, «г-о-о-л!» жеп өңеші жыртылғанша ұзақ-сонар айқайлайды. Жараспайды-ау, жараспайды. Жараспайтыны - жасанды эмоция!
Жасандылығы айдаладағы үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Италия, Испания сияқты еуропа елдерінің командалары үшін қылғына өліп кете жаздайды, сабаздарың. Ал отандық біріншіліктен репортаж жүргізгенде міңгірлеп, мұрнын астынан сөйлеп өзіміздікін менсінбейді. Өзіңдікін қор, өзгенікін зор санаған сорлы құлдық сананы айтсаңызшы! Сондай сәтте қазақтай ерме, елірме, дарақы жұрт бар ма екен деп ызаланасың. Жанкүйер болудың не екенін құдайға шүкір, білеміз. Бірақ қанша жерден жүрегің жарылып кетсе де ақылға сыйымды болу керек емес пе?! Өңешің жыртыла айқайлайтын стадионда отырған жанкүйер емес, елге хабар жеткізуші комментатор екенін ұмытып кетеді. Кеңес заманында Николай Озеров және Котэ Махарадзе деген спорт комментаторлары болды. Олар айқайлағанда айқайдың көкесін танытатын. Бірақ олар өз елінің хоккейшілері немесе футболшыларының соққан голдарына ғана шынайы тәнті болып дауысқа салатын. Шынайы эмоция тыңдарманды да, көрерменді де табиғи елітіп әкететін.
..Маусымның 17 күнгі Италия - Швеция кездесуінен жасаған репортажда («Kazsport»19.00.) коментатор ақылдымсып, ананы бір, мынаны бір айтып, ғаламтордан оқығандарын айтып, Златан Ибрагимовичтің өмір бойы қасында жүрген ежелгі сыралғы жолдасындай білгішсінді. Бір уақытта Италия гол соғып еді, мана айтқанымыздай «г-о-о-л!» деп өңеші жыртылғанша ұзақ-сонар айқайлады. Айқайлады да: «Біздің аңсағанымыз осы еді!» деп қойып қалды. Апырай аңсайтындай бұл комментатор Италия елінде туған неме деп қалдық! Кейде ызаң келгенде, Ресей арналарындағы осындай репортаждарға ауыстырып көресің. Орыстар біз сияқты шектен шыққан дарақы емес, байсалды да, жеңіл-желпі, жарасымды көңіл-күймен әңгімелеп отырады. Гол соғылса, дауыс көтереді, белгілі бір шекпен ғана. Олардың пікір таласы да тартымды. Біздің қазақ комментаторлары тым болмаса қасындағы орыстілді әріптесіне қарамайды-ау. Екі сөзінің бірі: «орын алды», «қиыс кетті», «есе жіберді», «шабуыл ұйымдастырды» - бары осы. Сөйлесе доп тебеді, баспен ұрады, секіре тебеді, өкшемен допты иіріп алады, баяу жүгіріс, жамбастап доп соғу сияқты қазақта сөз жетілікті. Бірақ сөздің қоры сарқылған комментаторлар гол деп айқайламағанда не істесін деп тағы да аяйсың.
Тұрсын Таңатаров, Қостанай қаласы
Abai.kz