Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5825 0 пікір 3 Маусым, 2016 сағат 08:50

ҚАЗАҚТЫ ЖЕРГЕ ҚАРАТҚАН ҚАЛИЕВ ЖЕР КОМИССИЯСЫНАН КЕТСІН!

Кезінде парламентте қазақ тіліне қарсы шыққан Ғани Қалиев  тағы да мемлекеттік тілді аяққа таптап, Ресей тілінде сөйледі.

ҚР парламентінің бұрынғы депутаты, «Ауыл» партиясының бұрынғы төрағасы, Жер кодексін қайта қарау жөнінде құрылған бүгінгі Жер комиссиясының мүшесі, академик  Ғани Қалиев  туралы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақала http://abai.kz/post/view?id=8152  қазақ сайттарының тарапынан қолдау тауып, әлеуметтік желі беттерінде де тез тарап үлгерді. Жер тағдыры, ел тағдыры таразы басына тартылып тұрған сын сағатта Қалиевтің қаға берістен тіл мәселесін қозғап, комиссия құрамындағы мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын бірер азаматқа «түсінікті болайық»  деп көлденең мәселе көтергені көпшіліктің көңіліне қатты тисе керек, белгілі ақын, қоғам белсендісі, көсемсөзші Қазыбек Иса бастап «Қалиев Жер комиссиясы құрамынан кетсін!» деп шұғыл талап қойып жатыр. Ел ішінің Жер комиссиясының құрамындағы кейбір адамдарға қоятын осындай талабы жалғаса беруі мүмкін. Өйткені, кейінгі кездері комиссия мүшелерінің қайсібірінің сөз ләмі қабылданып кеткен Жер кодексін халық атынан мақұлдап, Үкіметтің позициясын нақтылап беруге бет алған сияқты.

Abai.kz

Бүгінгі бүкіл қазақты жерге қаратқан Жер комиссиясының мүшесі, «Ауыл» партиясының экс-төрағасы, академик Ғани Қалиевтің кезекті жан ауыртар жаппарқұлдық қылығынан бұрын әңгімені осыдан он екі жыл бұрынғы оқиғадан бастайын.

2004 жылы «Қазақ үні» газетінің (ол кезде «Жас қазақ үні» деп аталады, ел ішінде “Жас қазақ”деп те айта беретін) парламенттегі мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттардың стенограммалық тізімін жариялауы қалғыған қазақ қоғамына жарылған сенсациялық бомба болды. Өйткені, қазақ тіліне қарсы шыққандардың 80-90 пайызы… қазақтар еді… Менің «Мемлекеттік тілді табанға таптаған парламент таратылуы тиіс!»  атты мақалам елімізді дүр сілкіндіріп, Алматыда Жазушылар одағына жиналған зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Бізді қолдаған біртуар қаламгер-қайраткер Шерхан Мұртаза еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда»  «Өз еліндегі өгей тіл» атты мақала жариялап: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыздар» десе, қаламгерлердің бас басылымы «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. “Қазақ үні”газетінің сол бір ғана мақаласы парламенттің “Дауыс беру стенограммасы сыртқа шығарылмасын” деген ереже қабылдауына мәжбүр етті.

Шерағаңның аталмыш мақаласы шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің (басшысы ержүрек  Ержұман Смайыл ағамыз еді ол кезде) сол нөмірінің бірінші бетінде белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Бүгін «Жас қазақ үні» газетінен мен мүшесі болып табылатын «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің парламентте қазақ тіліне қарсы шыққанын оқып, мен бұндай басшысы бар  партия қатарында бола алмайтынымды    мәлімдеймін»-деп, партиялық билетін лақтырып тастап кеткен болатын…

Сол кезде Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев төрт рет дауыс берудің төртеуінде де қазақ тіліне қарсы шыққан  еді…

Бұл 2004 жылы болған оқиға-дүр…

Ал енді одан бері 12 жыл, бір мектеп бітіретін уақыттан  артық  жылдар өтіп, Қазақ Елі Тәуелсіздігіне 25 жыл – ширек ғасыр өтсе де, Қалиевіміз сол баяғы құлдық санадан әлі арылмағанын  былайша білдірді:

«Біріншіден, әрине біз осы үлкен мәселені талқылап отырмыз. Бізге бәрі қарап отыр. Оның бәрін қайталап айтқым келмейді. Ал дегенмен, бізде осы комиссияның сөздерін, пікірлерін халық түсінуі үшін, біз осы комиссияның ішінде бір-бірімізді ұғынып, жақсы түсініп алуымыз керек. Мұқаңа айтайын деп отырмын (Мұхтар Шаханов – ред.) біз сөйлегенде, мен мысалы өзім сөйлегенде менің айтқан сөзімді осы отырған халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін. Ал енді бәрі бір тілді маман болмағандықтан, осында әр ұлттың адамы отыр. Оны енді орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай, кейде бәріне ұғынықты болсын деп, орысша да айтуымызға болады деп ойлаймын. Мұқа, мен ақын, жазушы болмасам да, қазақша бір адамдай-ақ білемін. Ал мынау біреуіміз орысша айтсақ, мынау жартылай орыс боп кеткен деген әңгімені қою керек. Біз бір-бірімізге сыпайылықпен түсінісейік», – деді Ғани Қалиев мырза. ( “Абай.кз”сайты).

 «Коммунистер» емес, «Конгресс» емес, «Ауыл» деген нағыз қазақы атты партияны талай жыл басқарып, талай жыл парламенттің партасын тоздырған қазақтың ғалымы Ғани Қалиев Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі жылында қазақ тілін тағы да жерге қаратты… Қазақ тілін аттап  тұрып, таптап тұрып, Қазақты жерге  қаратты. Ал Қалиевтың өзі  Қазақтың бетіне енді қалай қарайды? Қарай береді бүлк етпей…  2004 жылдан бері қарап келе жатыр ғой бұлар…

Қазақ жерінің тағдыры тартысқа түсіп жатқанда,  жерді сатудан қорғау орнына Тілді сата салған сабазың осы – Қалиев! Өзі ғылым докторы, профессор, академик… т.б, атақтарын атан тарта алмайды… Қазаққа бір тиын пайдасы жоқ, тек зиян келтіріп келе жатқан бұндай «атақты» ғалымдар болмаса да, Жер комиссиясы шешім шығара алмай кетсе де, бұл кісіні комиссия құрамынан шығару керек! Жер комиссиясының міндеті – жер мәселесіндегі дүрбелеңді басу болса, мына кісі ол аздай, Тіл тағдырын тартысқа салып, нағыз дүрбелеңнің тұтануына от тастап отырған жоқ па? «Осы комиссияның сөздерін, пікірлерін халық түсінуі үшін» -дейді ол. Сонда 5 адам «халық» екен де, 70 адам «халық» емес екен ол үшін?   

 «Орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай» -деп қояды, кім сізге екі тілде қайтала деп отырған, біздің елде бір-ақ мемлекеттік тіл бар ғой, ол – Қазақ тілі!  Академик болсаңыз да, Конституцияда не жазылғанын түсінбейсіз бе сонда?  Конституцияның 7 бабының 2-ші тармағы орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл статусын бере алмайтынын сіз түйремекші болып отырған Мұхтар Шаханов бастаған депутаттар сауалына берген жауабында Конституциялық Кеңес айқындап бергенін есіңізге сала кету дұрыс болар… (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 ж. 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысы)

Жоқ, сізге дейін қазақша сөйлеп жатқандарға (Жер комиссиясы төрағасы Б.Сағынтаевтан  бастап, қаншама адам) сол жердегі өзге тілді үш-төрт мемлекеттік қызметкер: «Біз мемлекеттік тілді түсінбейміз, Ресейдің мемлекеттік тілінде  айтып беріңдер»- деді ме бір рет? Кім айтты? Қазақ жерінің тағдыры ол үшін  пәруәйі пәлек  Платонов айтты ма?..

«15 жылда мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» деп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, 25 жылда өзге ұлттар  мемлекеттік тілді түсінбесе, оған 2004 жылы парламентте «қазақ тілін білу міндетті» деген бапқа қарсы шыққан сендер кінәлі емессіңдер ме?  

Бұл Қалиевіңіз мұзбалақ Мұхтар ағаға  айбарақ қылып қояды, одан да өзі жалтақтап отырған  баласымен жасты  Бақытжан Сағынтаевтан  үлгі алмай ма? Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына барғанда «орысша айтып беріңізші» деген мәңгүрт журналистерге «өздерің аударып алыңдар» -деп, қазақ үкіметі басшыларының тарихында тұңғыш рет үлгі көрсеткенін кезінде бүкіл БАҚ жазды ғой. Өзіміздің елде үш орыс отырғанға  Ресей тілінде сөйлейік деп жүрген Қалиевіміз 2014 жылы “Ақ жол” партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бір жарым миллиардтық Қытай еліне партиялық делегацияны бастап барып,  ҚХР вице-спикерімен ресми кездесуде қазақ тілінде… сөйлескенін  естісе… жынданып кететін шығар…

Егер өзіне өзі есеп бере алмайтын, не айтып, не қойғанын білмейтін жағдайда болса, бұл кісіні соншалықты сүйрелеп не қылады комиссия? Тағы бірнәрсені бүлдіріп, шікәмді мәселеден ши шығарта бергенше , «ақсақал, қоя салыңыз, демалыңыз» демей ме… Мұқаң бастаған, Дос, Жанұзақ, Мұқтарлар қостаған комиссия мүшелері келесі отырыста бұл мәселені бір жағына шығарып, Қазақ тіліне қарсы адаммен бірге отырмайтын шығар деп үміттенеміз…

Ал енді  бұл кісінің сондағы Шахановты шалып сөйлеймін деп, шалық сөйлеп отырғандағы айтпағы «халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін»-дейді ғой күйдіріп…

Қазақ тілінің жауы – мемлекеттік тілді Атазаңдағы тиісті төріне шығармай, босағадан сығалатып келе жатқан нөмірі бірінші сөз –  ол басшы да, қосшы да жаттап алған жаудың сөзі: «Елдің бәріне түсінікті тілде сөйлейін» деген сөз!  Дәл осы сөз Конституцияны да, тіл туралы заңдарды да, Елбасының тіл туралы заңдардың орындалуын қадағалауды тапсырған ерекше тапсырмасын да орындатпай келе жатқан сөз! Мектеп баласының да миы жететін мұны  енді Қалиев бастаған академиктерімізге, Қасымов  бастаған министрлер мен әкімдерге, депутаттар мен шенеуніктерге  енді қанша жыл түсіндіреміз, халайық! Бір емін табайық та, Ел деген атымыз бар ғой… Әлде «Мәңгілік елміз» ғой деп, мәңгілік дауға ұласа бере ме мемлекеттік тіл?

Ал, академик мырза,  айтпағыңызды енді халық ұқты – Баяғы қазақ тіліне қарсы шыққан  Қалиев сол құлдық санада қалып қойыпты.

Бұдан басқа түк те ұққан жоқ…

Қазыбек Иса

Дереккөзі: Qazaquni.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364