Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5706 0 пікір 24 Қазан, 2016 сағат 06:54

ҚҰЛ-КЕРІМ ЕЛЕМЕС. ЖАҢАЛЫҒЫМЕН КЕЛГЕН ЖАЗУШЫ

(Жазушы Серік Нұғыманның «Жоқ іздеген жан» кітабы жәйлі бір сөз)

 1.       Мазмұн

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Нұғман Серік құбылыс арқылы мәнге үңілген немесе адамның ісі арқылы рухында болып жататын құбылғы өзгерісті көруге, көрсетуге жорық жасаған психолог жазушы. Екі қабат жазушы. Оның бірінші немесе үстіңгі – көпке бірден көрінетін қабаты кәдімгі жұртқа таныс әңгіме ізіндегі оқиға желісімен жүріп отыратын жұртқа таныс тартысты өмір үзіндісі. Бұл енді барлық дерлік қаламгер атаулыға тән, ортақ жазушылық үлгі. Ал, екінші немесе астыңғы – көпке көрінбейтін қабаты – арғы, терең жан қараңғысында көмулі жатқан, сол әңгіме дітінің мақсатын негіз еткен жазушы менінен туған ой сәулесінің жаһұт жамбысы немесе оқырманға «бұдан алар керегің осы» деп ұстатар ой еншісі. Немеуірін. Жазушы жетпек мақсат. Айтар ой.         

Жазушыға Аллаһ тағала берген қаламгерлік қасиет – айтпағын әңгімені бастамастан білдіріп тынатын жазбаса да болушылық емес, керісінше мен деген оқырманның өзін тек бірінші қабатының немесе әңгіме оқиғасының өзін бар білімімен оқып әрең тауыса алатын оқиғалық алмағайыптық, жеңіл сияқты ауырлық, тар сияқты кеңдік, таяз сияқты тереңдік. Шын түсініп бір оқыған жанды салған жерінен асықпауға, оқыған жерінен ойлануға, ойлаған жерінен іштей мендік шытырман қайшылыққа түсуге еріксіз мәжбүрлеу. Сөйту арқылы «неге?» деген сауал қойдырып, мұқит малтағыштардың сүңгуір киімін кигені сияқты оған «көз ашу» киімін киіндіріп оны әңгіме шүңетінде немесе астыңғы қабаттағы рух қараңғылығында көмулі жатқан манағы айтқан ой еншісін іздеуге міндеттейді. Бұл жазушыдағы қасақана мыжымалық емес, текті оқырманды таяздан тереңге тарту. Аласадан биікке шығару. Тардан кеңге құлаш жайдыру. Өзіне Хаққы берген дарын күшімен оқушыны тәрбиелеу.

Серік өмірде аз оқымайды. Көп ойланады. Көп жазбайды. Аз екшеймейді. Сондықтан оның дүниелері дәстүрлі сілтемеге еті үйреніп алған оқырманын көбінде енжар қалдырып, екіұдайлайды. Бір қырынан салыстыра айтқанда Серік тереңдіктен ашықтық іздейтін Әбіш ағысы, Әбіш Кекілбаев пен ашықтықтан тереңдік ізейтін Тұрсынжан ағасы, Тұрсынжан Шапайды жақсы көретіні өзінің олармен немесе Әбіш ағасының тура тереңінен бері қарай жарқыраған ашығы мен Тұрсынжан ағасының ашығы жеткен тереңінен ары қарай жарқыраған ой қабаттарының түйілісінен Әбекеңе шүңетіндегі көмулі жарығымен өз тереңнен бері қарай, ал, Түкеңе бірінші қабатынан (әңгіме баяны) тереңіндегі жарығынан ары қарай тартатын ой оппасымен үндесуінен болса керек.

Демек, Серік те Әбекең, Әбіштегі тереңнен таязға қарай тарту мен Түкең, Тұрсынжандағы таяздан тереңге қарай тартудың екеуі де бар. Әрі ол екі жетістік Серіктегі Құдай берді талантпен үндесе, жымдаса, біреулесе мендескен. Міне бұл қазақ әдебиетінің, қалаберді қазақ прозасының қазіргі Тәңірі берді жеткен жетістігі десек болады. Әрине мадақ биіктердің Биігі, хақтардың Хағы, ұлылардың ұлысы Аллаһ тағалаға лайық, тән!

Серіктің көп шығармасында кейде бас, кейде жанама кейіпкер ретінде бір бала жүреді. Бала – өрімдің басталуы. Бала – бұ дүние өмірінің тұтас өзекті арқауы. Бала – ертең – болашақ – о дүние – ондағы мәңгі – жастық. Демек, бала – үміт. Адам несімен адам – үмітімен, үміткерлігімен адам. Ендеше сол үмітінің жалғамы сол – бала.

Демек, Серік кітабын «Күдікті ғұмырмен» бастап «Жоқ іздеген жанмен» аяқтауынан байқаған адамға бір ішкі иегерлік рухани үндестік (гармония) байқалады. Ол үндестік оқырманын жетелеген күйі жазушының рухани балапандарын (әңгімелерін) аралап өтіп, Мәулен қарттың түсінде көретін өзі сөніп бара жатса да сөнбаган жастық үміті – Мысықкердің бұла ойнағымен тірі күйі оқырманына өзін іздеттіреді!

Қысқасы бұл кітап қазақ үміті, қазақ прозасының қазіргі биігі! Сәп салған адамға онда қазаққа, қазақы болмыстағы адамға тән мінез бен құлық лықсулы. Әрі біршама толық.

Енді кей оқырманның айтып үлгірген тіліндегі ауырлыққа, көпсөзділікке келсек ол иегердің әлсіздігінен емес, тілге бекем, жіті, тәптештей суреттеуге мығымдығынан еді. Оны қазіргі тілсізденген әдебиет көтерсе де, тілсізденген оқырман қабылдай да қоюы қиын. Оны бір есептен ғасырлық отырақшылдықтан бір, кеңестік тілсіздендіруден екі, техникалық терминшілдіктен үш басқыншылыққа ұшыраған, сөйтіп қабығы мен жапырағынан, кейде тіпті кей бұтағы мен ашасынан айырылып тұлданған ағаштың (аттың) қалын кешіп отырған мына кезеңде заңды болмыс деп қараған орынды. Әйтпесе, расына келгенде бұл кітаптағы тіл өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені еді. Иә, солай!

Демек, иегердің бұл кітаптағы тіл қолдануы, ондағы қоюлық жоғарыда біз айтқан ойдағы тереңдікті арттырудағы және тақырып көтерген ой мен мақсатты тереңге орнықтырудағы шеберлік тәсіл ғана болатын.

Ауа көрер көзге сондай жеңіл зат. Ал, бірақ, Жерді сығымында ұстап, күллі тарабынан қысып немесе көтеріп тұрған сол ауа екенін ескерсек оның Жерден сан есе ауыр салмағын сезінген болар едік. Ал, сөзге келсек, ол да ауа сияқты көрініске түссіз, салмақсіз, жеңіл зат. Ал, бірақ, ол да ауа сияқты адамның болмысын, ішкі менін, ойын, ақылын, парасатын, сезімін, танымын, түйсігін, күллі рухани салмағын мендеп, тұлғалап, бейнелеп тұратын адамдағы ең ауыр рухани зат. Ол сүйектен де, ақылдан да, санадан да өтеді. Рухқа жетеді. Рухтан қайта менденіп күллі ғаламға жетеді. Күллі ғаламнан да өтіп күллі ғалам Иесі Жаратушы Аллаһ тағала алдына дейін көтеріледі.

Демек, адам тағы бір қырынан сөзбен адам. Адамға Аллаһ тағала ақиқаты міне сондықтан да осы сөзбен келген.

Сөз, сөзбен жасалатын, мәнерленетін, ажарланатын, рухтанатын әдебиет міне сондықтан тілсіз болуға, тілден кем болуға еш қақы жоқ.

Сөз міне сондықтан үйретіледі. Дамытылады. Қабылданады. Қабылдатады. Демек, бұл кітап тілді болса онда оның оқырманы болған халық қуануы, шүкір етуі, бағалауы, үйренуі, үлгіленуі міндет.

Демек, «Жоқ іздеген жан» (бұл кітаптың әсілгі аты осылай болатын) кітабы – иегердің азған, тозған, жоғалған ұлт салты мен және де сондай азған, тозған, жоғалып, «ғаламданудың» өңешіне белгілі-белгісіз халде жұтылып бара жатқан қазақ рухының іздеушісі. Үміті болып жануы. Демек, оның жоғы бар жоқ. Орнында бар жоқ. Оңалатын жоқ...

Қысқасы бұл кітаптағы жазушы діттеген негізгі идея әрі мәңгі көне, әрі мәңгі жаңа – үміт деген бір ғана құтты білік!

Демек, иә, солай!

 

2. Тәсіл

Серік сөзді көп айналдыратын жазушы. Қашан оқырман ізімен өз ой ағысына түсіп, өзімен ілесе отырып, дітіндегі мақсатты біліп, бірге басынан кешкенге дейін сөйтеді. Сөйтіп көп ұзамай оның ішкі ойлау түйсігіне біртіндеп енген оқушы ол жазған тақырып таусылғанға дейін онымен бірге ол мұңайса мұңайып, ол қамықса қамығып, ол ауырласа ауырлап, ол тұрса тұрып, ол жүрсе жүріп, ол отырса отырып, әңгіме түгегенде ондағы ішкі тартыстан, ағыннан әрең ажырайды. Иегердің ол әңгімені жазу барысындағы ауыр да жеңіл халын бірге басынан кешеді. Ондағы, әңгімедегі Менмен менденеді. Мысалы:

«... Мiне, мен iшке қарай енiп келе жатырмын. Бiр қызығы, бұл жолы құлаққа жетсе жүйкеге тиер жылаңқы топсаның жылан ысқырық шиқылы естiлген жоқ. Алдыдан кеулеп соғар сызды самал да біржолата сап болғандай, көре сала тұра ұмтылып, жүзімді сипамады. Маңайым тып-тыныш, жып-жылы, ың-жыңсыз күйiмде табалдырықтан аттадым. Iшке қарай кiрерiн кiрсем де, есiктен енген жерде, неге екенiн кім бiлсiн, себепсіз iркiлiп, босағаның түбiнде бөгеле бердiм. Әлденеден жүрегiм қаймығатын секiлдi. Белгiсiз бiр нәрседен жаным жасқанатын сыңайлы. Екi арасын анық ажырата алмадым, жатырқаған қалыппен состия қарап бiраз тұрып қалдым. Жан-жағыма мұқият зер саламын. Бажайлай бағып, төр жаққа қарашық қадаймын. Қарсы бетiм – көз байланар қара кеуек. Қараған жағым – түк көрiнбес түпсiз үңгiр.

Бөлме iшiн қою қараңғылық тұмшалапты. Айнала түгел анық танылмас қара көлеңке құрсағына жұтылған. Зымыстан орта тұмсара түнеріп, тұншығып тұр. Терезеге тартылған текенiң терiсiндей төрт кез кездеме жалғанның жарығын қылышпен қиғандай кесіп, дым тамызбай арғы бетінде қалдырыпты. Содан төрт кереге там iшi тұтас дүниеден бөлiнiп, оқшауланып, соқыр тұманға көмiлiп қалыпты. Сырттан түсер саңлау жоқ қуыс ортада демiң сығылып, тыныс тарылғандай. Тұйық қоналқыға түн ортасында келiп түнеп, сол бойы қамалып қалған қасат қараңғылық қайта шығар жол таппай, көлдей көлкіп тұра-тұра қол батпас көкбауырға айланып, ұйып қалған тәрiздi. Барып көрмеген беймәлiм жақтың жер бетiнен байқалған бiр пұшпақ белгiсiндей сезiлiп, барса келмес әлемнiң бастан кешпесе де зәреңдi алар сесiн гулетiп, сiресiп тұр. Ендi қайта ыдырап, iрiместей. Iргесiн қымтап, iңiрдей iркiлдейдi. Соның кесiрiнен қадалған көз алыс түкпiрге еркiн оза алмай, шалымы қайтқандай шалдығып, иек астында ғана іркіле бередi. Бұлықсыған бұлыңғыр мұнарды ендеп өте алмай өндiршегi үзiледi.

Тыстағы дүбiрлі тiршiлiктiң дүрмек ағынынан мүлде қағыс қалып, бөлiнiп қалған бөгесiн кеуектiң аядай iшi тiл-аузын әлдеқашан жұтып қойыпты. Марғаулық басқан мұнарлы маң демi бiткендей тым-тырыс. Үнсiз. Меңiреу. Мың жыл құлақ қойсаңда бiр үзiк тықыр естiлмес тыныш ортадан жүрегiң зеңiп, басың айналғандай. Шектен асқан жым-жырттық көңiлге үрей жүгiртiп, санаңа сан қилы күдiк жамырататын шығар, ілкiде бастан кешпеген қай-қайдағы жат сезiмдер жылысып келiп, жаныңды кеулейдi.

Бөтенсiген, жатырқаған бiр көңiл күй құшағында мен әлi босағада тұрмын. Бар назарым қарсы жақта. Қат-қабат баттасқан қара бояудан тiптi де қалыңдап, iшке қарай қабыса түскен қарақошқыл қабырғалар әлдене қаталдық танытып, тиiп кетсе қарып алардай суық бауырын жанастыра жақындатса, сiңiстi болған күңгiрт көлеңкеден әуелгiсiнен де аласарып, отырып кеткен ауыр төбе шекеге тиердей шертиiп, қабақ үстiнде ғана салбырап тұр. Қалтарысқа қашып, тасада қалған бұрыш-бұрыштар қанша телмiрсең де түбiн көрсетпей, тым-тырыс болып бұғып қалыпты.

Ал, ол қуыстың бержақ беті ақсиған апан аузындай қарауытып, әлдене құбыжықтың кешiкпей қарғып шығар секемiн сездiрiп, демiн iшiне тартып тынып жатыр. Мысты басып, сағыңды сындырар самарқау салмақ пен санаңды салдандырар салбөксе сыздан тау қопарар талабың қайтып, тас үгiтер тауаның шағылғандай.

Аз-кемнен кейiн жаңа ортаға бойым үйренiп, көзiм қаныға бастағанмен, бәрiбiр, айналамды анық көрiп, ашық тани алмадым. Қараңғының қоюлығы сонша, көмескiленген төр жақ түкпiрге қарашығым еркiн жетпей, талығып тұр. Сонда да қоймай, бұрын-соңды болмаған ынтамен ұмсынып, өңiн бермей қойған бейтаныс қалтқының бейғам аясынан өзiмдi емес, қапасқа қамалып, тұйықталып тұрған ақыл-ойымды жарыққа сүйрер әлдебiр саңылау мен жіңішке жылт iздеймiн. Қол ұшын берер деген үміт қой баяғы... Бірақ, түк танылмайды. Әлденелердiң өшкiн нобайы зорға ұшырасқанымен, жүзiн тұнық көрсетiп, таныстық бiлдiрмедi» («Құй», 104-105- бет). Міне бұл жазушыға Тәңір Иесі берген илаһи игілік.

Содан ол енді әңгіменің атын қоюға кіріседі. Міне осы тұста ол тағы да ойға шомады. Жазған дүниесін сана сүзгісінен қайта өткізіп, ондағы негізгі айтпақ ойын, ой түйінін, әлгі өз жазушылық менінің екінші (астыңғы) қабатына апарып орналастырып қойған оқушыға берер ой еншісінің бір ұшынан тартқан күйі, әрі онда да сәл кем қалып кеткен шалаңғырттарды толықтаған үстіне толықтап, оны тағы бір қырынан құдық бетіне түскен Күн сәулесіндей жарқыратқан халде, ту төменнен көтерген күйі әкеліп тура шығарманың маңдайына оның аты етіп жапсырып қояды. Оны жіті сәп салмаған оқушы аңғаруы қиын. Ал, сәп салған оқушы болса, оның жазған әр шығармасын оқығанда әуелі оның атына үңіле, тоқтала, зерде көзімен қарап, оны жан-жақтылы зерделеп, сосын оны (шығарма атын) ұстайтын негізгі тұтқа ретінде ойға берік түйіп, немесе алдында кіргелі, түскелі тұрған әңгіме-құдығына сол тұтқаға бір ұшын байлаған үміт арқанынан мықтап ұстаған халде біртіндеп кіреді (түседі). Төмендейді. (Сөйту керек). Міне сол төмен қарай алдын ала тасталған үміт-арқаны жеткен жерде ол орналастырған иегерлік (авторлық) ой тұнбақ. Әрі ондағы ойдың ең сығымдалған бір көрінісі манағы әңгіме-құдық бетінде немесе жиегінде қағылған тақырып (ат) қазықта екенін біледі.

Демек, Серіктің екінші қабатындағы негізгі айтайын, көрсетейін деген ой әуелі оның әңгімелерінің аттарында тұраты.

 

3. Кейіпкер

Оның кейіпкерлері айқын емес емес, айқын. Бірақ оны былайғы оқырман оңайға парықтай алмайды. Себебі онің екі қабат жазушы екенін бірінші бөлімде айттық. Оның себебі сонда – екі қабаттылығында. Немесе ол кейіпкерінің сыртқы пошымын сомдауға күшін сарып қылмайды. Негізгі күшті оқушыға ең керек түйінге – адам деген терең де сан қатпарлы саф жаратылыстың ішкі менінің айқынына жұмысайды. Міне сондықтан да ол сомдаған кейіпкер «адам» деген бір ғана ұғыммен астасқан. Оның бірінің басында болған сырт көзге болмашы, әмәлиятында оның өзі үшін бары мен жоғының кепіліндей бір ғана іс басқалардың да басынан дәл сондай болмаса да мазмұны ерек жақын халде өтетіні, оны ұстап жазу күллі адам атаулының ішкі меніне дәп басып бармаса да жақындайтыны, сол себепті оларды да оған ортақтайтыны оның көзде ұсталған жазушылықтағы негізгі түйін. 

Міне осындай өмірде әр жекенің басынан кешкен бір ғана оқиға барлық адамның басынан өтілімі бек мүмкін екенін көзде ұстай отырып, жеке адамның пошымын сомдағаннан гөрі, күллі адамның әркімінің ішінде, өмірінде болған, болатын ішкі расын, уақиғаны емес, уақиға астарындағы адам тағдырын немесе Менді сомдау жазушы жасаған кейіпкер. Немесе кейіпкерлердің ішкі мендік ортақ тұлғасы. Немесе кейіпкерлердің ішкі мендік ортақ тұлғасынан жасалған, сомдалған рухани кейіпкер. Рухтың көзге көрінбейтіні сияқты оның кейіпкерлерінің де белгісіздігі басымдығы ол жасауға талпынған кейіпкерлерінің де руханилығынан. Сондықтан да ол жасаған кейіпкер оқушы санасында түр-түсінен гөрі, басынан кешкен шағын сияқты, бірақ әлемдей ауыр халымен сомданады. Бұл бірдің бір ғана өтмішіндегі ішкі айғайын, менін жазып, бүкілге жуықтың болмысындағы бітеудің аузын ашу болмақ. Немесе құдыққа тасталған тастың қалқып бетінде тұрмайтыны сияқты, ол жасаған кейіпкер де оқиғаның астында, тым тереңде, астыңғы қабатта, әлгі біз айтқан ой еншімен бірге жарықтап, қоламта спетті өз болмысын шығарманың өзекті ойымен бірге сақтап, оның біз (әңгіме баяны) жағын ой тудырған оқиға деталы қымтап тұрады. Оқушы сөйтіп әмәлиятында кейіпкерді емес, оқиғаны да емес, ол екеуі тудырған мазмұн мен мақсатты көңіліне түйеді.

Міне, жазушыға Аллаһ тағала нәсіп еткен бұл тәсіл оқушы назарында ол жазған дүниені бар сияқты жоққа, жоқ сияқты барға айналдырып,  әмәлиятында болса оқушының ішкі меніне ол әсер әуелі жұмсақ, жеңіл, сосын ауыр да терең бір екпінмен ұрылып, ол әсер біртіндеп оның жан түкпіріне орнығып мызғымас та көрінбес рухани болмыспен бекиді. Міне, бұл оның оқушы ойына сіңген өз мені немесе кереметтей айқын емес, ауадай түссіз де сағымдай ұстау бермес, алайда сіңімі терең рух кейіпкері болатын.

Мысалы, «Күдікті ғұмырды» алалық. Бәріміз оқыдық. Бірақ бізде қалған, бойға сіңген әсер уақиғаның барысы емес, керісінше атындағы «күдікті ғұмыр» сөзі. «Күдікті ғұмыр» сөзінен тіріліп рухқа әсер ету арқылы бізде (оқушыда) мендесе бастаған, әр тараптанған күдікті ғұмыр. Демек, бұл әңгіменің біздегі менденген негізгі кейіпкері – күдікті ғұмыр. Немесе ғұмыр тегіндегі күдік. Ал, ондағы әсілгі адам кейіпкер «мен» болса ол осы негізгі рухани кейіпкер «күдікті ғұмырды» мендеуге пайдаланылған деталдық деңгейде (ролында) ғана қалған себеп қана. Өтірік десек ойлайық.

Бас кейіпкер Мен іңірде бұзауларды сайды құлдата қуып келе жатады. Айналасында ымырт үйірілген сайын қалбия түсетін ағаш бұталардың көңіл жығар үрейінен онсызда қорқып келе жатады. Кенет әлдебір әйел атын атап «Күдер» деп қалады. Есінен  танып барып әрең қалыбын тапқан Менді әйел бауырына басады, маңдайынан сүйеді. Жанқалтасынан алып уыстап кәмпит береді. Ерекше бір жақындық танытады. Бірақ Мен оның кім екенін, өзімен қандай жақындығы барын білмейді. Тіпті бұған дейін өзінің қаусаған кәрі әке-шешесінің баласы екеніне еш күмән келтіріп көрмеген. Өйтетін де еш қисын, себеп жоқ-тын. Содан  ол әйел өзін көргені жәйлі тіс жарып ешкімге айтпауын, өзін ұмытпауын тапсырады да, оның бетінен тағы сүйеді. Бауырына басады. Сөйтеді де ақырын-ақырын ұзап, түнге сіңіп ғайып болады. Мен бұзауларын айдап үйіне келеді. Сиырлар әлдеқашан жанасып қойған. Кәрі шешесі болса оны жерден алып, жерге салады. Бірақ Меннің ойында манағы әйел тұрады. Сөзінің арасында кәрі анасы «шыққан жері оңбаған неме...» дейді.

Міне, осы сөз әңгіменің неге «Күдікті ғұмыр» аталуының мазмұн ашары еді. Сонымен бірге ол әйел Мен-баланың қалайда туған анасы екені дау жоқ. Бірақ ол қазіргі Меннің кәрі әке-шешесінің келіні ме, қызы ма, қайсысы екені белгісіз. Әрі келіні болса да Мен олардың өз баласының баласы ма, жоқ, басқаның баласы ма, ал, ол олардың қызының баласы – жиені болса да ол заңды күйеудің баласы ма, жоқ шатадан ба, әлде үйде ұзатылмай отырып туылған бала ма, жоқ балалары қайтыс болып, келін оң жақ босағада отырып сары ізден тапқан бала ма деген сияқты шытырман сауалдар тудырып қоятыны даусыз. Қалай да оның ғұмырының күдікті болуында бір тазасыздықтың бары анық. Міне, бұл оқырман санасында орнығар кейіпкердің Мен емес, идея екенінің немесе мұндағы басты кейіпкер адам емес идея екенінің бірденбір дәлелі.

Сол сияқты «Тұқымда» негізгі кейіпкер шатадан жалғасқан – «бұқа кімнен болса одан болсын, бұзау өзімдікі» деулік немесе жалғастық тапқан шаталық (азғындық) негізгі кейіпкерлік рол атқарып тұрса, «Құйда» жылтылдап тереңнен сыр беріп тұрған еркіндік негізгі кейіпкерлік міндет атқарған. Ал, «Түнекте» де «адам туралықты Хақ тағала дінінде ғана табады» дегенге саятын үлкен ой негізгі кейіпкерлік міндетін үстіне алған. Арман қарай, осы кітаптың атын да, затын да үстіне алып тұрған «Жоқ іздеген жан» тіпті де «үміт» атты күллі адамға тән екі әлемдік арман жібін негізгі кейіпкер етіп тұрғаны сөзіміздің жанды дәлелі.

Иегердің біз айтқан бұл – үміт кейіпкері (рухани кейіпкердің ортақ аты осы үміт, бұл тағы осы кітаптың өзекті мазмұны да) кітапты бастап тұрған «Күдікті ғұмырдан» басталып, кітаптағы күллі шығармалардың өзегінен табылып және көктей өтіп, немесе кітаптың тағанынан алтын арқау (іргетас) ретінде тартылып, өтіп, кітапты аяқтап тұрған «Жоқ іздеген жанға» жалғасып, ондағы іздегенін таппаған жоқшының әбден қалжырап барып көркен түсімен өзінің барлығын, әлі де іздей түсуін, қуа түсуін (бәрімізге) ескерткен халде кітаптан шығып жүре береді...

Мәселен, міне: «түсінде әлдебір ұлан жызықта құйындай құйғып, жер танабын қуыра орғып келе жатқан (бара жатқан деп те білсек болады. Қ.Е) Мысықкерінің таңғажайып шабысын көрді»... (342- бет). Түсінде көрген жоғының кәдімгі өңіндей тірі, анық халде өзіне қарай құйғытып келе (бара) жатқан рухани бейнесін берумен иегер тұтынған мақсаттың – үміттің түс сынды екінші – рухани әлеммен жалғасуы дүние-қонақ пенденің жаратылыс мақсатының күдігі мол бұл өмірден үміт шырағын өшірмей (үзбей) мәңгілік жарыққа ұласпағы екенін жеткізуді діттеуі кітап иесінің ішкі монологының мені еді. Бұл кейіпкерлік тұс алған идея әсіресе осы соңғы әрі аталмыш кітаптағы өзекті шығарма «Жоқ іздеген жанда» ерекше айқын көрініс береді. Бұл жағынан бұл шығарма әлемдік суреткер Хейменгуейдің «Теңіз бен шалының» идеясымен идеялас екені даусыз. Бірақ Серіктің одан өзгешесі (әлхамдулилләһ, артығы десе де болады) шығарманың реалдықтан (өмірлік болмыстан) руханилыққа – түске, сол арқылы үміттің апарары мен бақилық тұрағы о дүниеге – мәңгілікке меңзес танытуында еді. Себебі Серікті тудырған халықта, оның нанатын нанымының өзегінде «үмітсіздік шайтан ісі» немесе «шайтан ғана үмітсіз» деген мызғымас сенім бар-тын. Міне, сондықтан Серіктің үміті дүниеақырлық келте түсті үміт емес, мәңгілік ақырсыз үміт болатын.

Демек, Серік, Аллаһ тағаланың нәсіп етуімен, әдебиетімізге мазмұндық жақтан ішкі менді жазуды, ал, тәсілдік жақтан кейіпкердің жаңа түрін – рухани кейіпкер сомдауды алып келді. Алдыңғысы бұрын бізде мүлде жоқ еді дей алмаймыз. Ал, бірақ, бұл мәселені адам кейіпкермен емес, рухани кейіпкермен сомдау, бұл, енді, Серікке тән Аллаһ тағала берді игілік. Әлхамдулилләһ!

Демек, жазушы Серік ізденісінен танбай, осы Хақ тағала танытқан «үміт» атты құтты білтеден мықтап ұстап, бағытынан танбаса, Ин ша Аллаһ, оның үшінші қабаты ашылатын күн де алыс емес. Оның алғашқы нышаны кітаптағы «Түнек» толғауы. Сол шындықтың бақыт шамы мәңгі жарқырап жанып тұратын оның үшінші қабатын тамашалауға да мадақ тек Өзіне ғана тән болған Аллаһ тағала жеткізуіне тілек етемін!

Әмин, Аллаһу Әкбар! 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5518