Жексенбі, 24 Қараша 2024
Біртуар 7121 0 пікір 11 Қазан, 2016 сағат 12:12

АБАЙ ОРЫСШЫЛ ЕМЕС

Facebook-тегі Олжас Әбіл есімді қолданушы «қазіргі тәуелсіз қазақтың бас идеологы, философы, идеялық ұраны — Абай емес, Мағжан боп келеді» деген пікірін жариялады. Сол-ақ екен, ненің - ақ, ненің - қара екенін таразыламайтын көп сайттар жерден жеті қоян тапқандай әлгі жазбаны жариялап жатыр. 

Аталмыш автор мұнымен де тоқтамай одан кейінгі постында тағы мынадай ой тастады.

«Әкесі қазақ Тәуелсіздігіне қарсы соғысқан Абайдың шығармашылығында, Тәуелсіздік туралы бір ауыз сөз жоқ. Абай қалай тәуелсіз қазақтың бас идеологы болады? Заман да өзгереді, елу жылда ел жаңа дегендей. Қазір «өнер — білім орыста» емес, Батыста болды ғой. Оның талантына шәк жоқ, ол ұлы Ақын, бірақ Абай идеяшыл ретінде ескіріп қалды деп ойламайсыңдар ма халайық?».

Әрине, автордың Абай туралы түсінігі осындай таяз болса, оған қандай уәж айтуға болады? Біз шалыс басқан Олжас Әбіл үшін емес, қазақ оқырмандарына арнап, төмендегі Тұрсын Жұртбайдың мақаласын қайтара қысқартып жариялауды жөн санап отырмыз. Бұл мақала Абайдың орысшыл болмағанын жеріне жеткізе дәлелдеп береді. 

Егер де бұл аздық етіп жатса, Тұрсын Жұртбайдың "Күйесің, жүрек... Сүйесің" атты кітабын толық оқып шығуға кеңес береміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы


 

"ЖАЛЫНАМЫН, МҰНДАЙ СӨЗ АЙТПА БІЗГЕ..."

(Абай және идеологиялык, тәуелсіздік мәселесі)

Даналық ойдың маржаны тереңде жатады. Оны түсіну және дұрыс талдап, ұғу үшін де санаңмен саралап, түйсігіңмен терең топшылау қажет. Ұлылардың астарлы тұжырымдары қатпар-қатпар. Оны теңіздің бетіндегі көбік сияқты қалқып алу - қиянат. Бірінші: даналықтың мәйегін өзің қате түсінесің. Екінші: жалған түйін арқылы өзгені адастырасың. Ең бастысы ұлылардың ойын бұрмалайсың. Шын зиялы үшін мұндай қиянатқа барғаннан гөрі үндемегеннің өзі ғанибет. П.Я.Чаадаевтің: "Тәңірім жар болсын, мен өлеңіммен де, қара сөзіммен де Отанымды ақ жолынан тайдыратын бірде-бір жалған сөз айтпаппын!" – деп тәубесіне келуінде де сондай үлкен мән бар.    

Өйткені, ғылымның жолы таза жол, ғылым – "ар ұялар іс" . Өкінішке орай, мұндай қиянат Абайға да жасалды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі жекелеген жолдарды мысалға ала отырып, оның астарын байыптамай, Абайдың айтар ойына кері мағынада сипат бере талданады. Мұндай жағдайлар ұзақ уақыт белең алып келді.

Егер Абайды әрбір өзгерген заманның саясатына бейімдеп құбылта берсек, онда оның мұраларын түсіну тәмсілін мүлде жадағайлап жіберуіміз мүмкін. Абайдың пікірлері мен теңеулерін, бейнелі тұжырымдарын оймен саралап, ақылмен аңғарып, таза ниетпен қорыта білу шарт.

"Біз тарихтағы оқиғалардың деректерін көп білеміз, бірақ та әрбір құбылыстың себебіне ой жібермейміз" – деп В.О.Ключевский айтқандай, Абайдың өлеңдері мен ғақлияларының ұзына мазмұнын жатқа білсек те оның астарына назар салмаймыз.

Жалаң түсінеміз. "Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел", - деп Абайдың өзі тегін ескертіп отырған жоқ.

Абай "қызықты, қыздырмалап айтқан хикаяны" тыңдайтын оқырманға зәру емес. Оған өзінің ойына ой қосатын, оны тереңдетіп талдайтын, түсінетін зерделі жан керек. "Әншейін күн өткізбек" әңгіменің адамы – Абай емес. "Абайға абай болайық!" –  деген даурығу бар да бәтуа жоқ. Себебі: "Некені молда бұзар" дегендей, осындай жалған, теріс тұжырымдардың қалыптасуына ең бірінші мұрындық боп жүргендер – ғалымдар, әдебиетшілер, мұғалімдер. Бірі – жазады, екіншісі – насихаттайды,  үшіншісі – жас ұрпақтың миына сіңіреді.

Сөйтіп, Абай "өз сөзіне өзі иелік ете алмай" қалады. Ақыры қазақ ұлтының рухани тәуелсіздігі үшін күрескен Абайдың сөзін өзгеге емізіп, тәуелді етіп қойдық.

Міне, "Шала молда құранды теріс оқыр" дегеннің кері осы.

Ал қиянатын кім көтереді?

Ұлы жүрегімен ұлтын сүйген Абайды ұлтшыл деп ешкім де айта алмайды. "Тәңірім жарылқасын, мен өз отанымды өзімнің жеке басымның мүддесі үшін емес, отанымның мүддесі үшін сүйіп сынадым" – деп П.Я.Чаадаев айтпақшы, қазақты Абайдай сынап-мінеген адам жоқ. Өзге ұлтты да құрмет тұтқан, жақсы қасиеттерін еліне үлгі еткен. Бірақ та кез келген даналар іспетті өз халқының және өзге жұрттың, әсіресе отаршыл мемлекеттің бойындағы жаһилдік пиғылды астарлап отырып ашып берді.

Теріс тұжырыммен түсіндіріліп келген Абайдың сондай еңбегінің бірі оның "Жиырма бесінші сөзі". "Білім – орыста", "Дүниенің кілті – орыста" деген сөздер әрбір оқу орнының маңдайшасына жазылды. Абай орыстан өзге халықтың мәдениеті мен ғылымын мансұқ еткен және оны мойындамаған тәрізді.

Егерде осы сөздің астарын ашпай, таза мағынасында қолданса, Абайды біз бар болғаны ағартушы деп қана таныр едік. Оның ұлылығы сонда, жай сөзінің өзінде терең мән жатады. Тура осы "Жиырма бесінші сөзде" ол не үшін оқу керек және патшалық отарлаушы мемлекеттің ағарту жүйесінің түпкі мақсаты не, оны қазақ шәкірттері қалай түсініп, елінің бостандығы үшін қалай жаратуы лазым, рухани еркіндікке қалай жетуі тиіс, соны бағамдай отырып, жалданып оқығаннан жалдамалы басыбайлы адам шығады деген мәселені қозғайды. Егер көкейіндегі қыжылды жеткізбесе Абай қаламын сияға батырмас еді.

Абай орыс қоғамының даму бағытын, оның ағымдарын, еуропалық өктемдік пен славяндік үстемдікке құрылған ғылымның қандай пиғылды көздегенін, оның жат жұрттықтардың ойлау жүйесі мен дәстүрлі мәдени танымын жоюға бағытталғанын жақсы білді. Тіпті ол жүйе орыс халқының өзін сауатсыздыққа итермеледі. Ол жөнінде А.И.Герценнің өзі:

"Орыс халқы кітап оқымайды. Сондай-ақ Вольтер мен Дантені шаруалар емес, дворяндар мен орта шаруалардың бір бөлігі ғана оқитынын сіз білесіз. Ресейдегі орташалардың ішіндегі сауаттылары баяғыда халық болудан қалған дворяндарға сүйенеді... Бір сөзбен айтқанда, Петр I бергі Ресейдің тарихы – дворяндардың тарихы, білім де соларға арналған", -  деген пікірі шындыққа саяды.

Сонда орыс халқының өзінің мүддесін толық өтей алмайтын ағарту жүйесі "тағы даланың қайсақтарына" қалай тәлім бермек? Сперанскийдің қазақ даласын отарлау туралы жоспарын, "Бірінші низамның" баптарын зерттеген Абайдың таза орысшыл болуы екіталай. Егерде біз түсіңдіріп жүргендей мағынада орыс ғылымын насихаттаса онда Абайдың қазақ халқын рухани тәуелділікке тәрбиелегені болып шықпай ма. Ендеше Абай таза орысшыл ма? Оның ғылымына сүйсінгенде не мақсат көздеді? Тілін, дінін, тұрмыс-салтын, дәстүрін қабылдауға уағыздады ма? Жоқ, оған белгілі бір шек қойды ма? Бұл тұрғыдан алғанда «Жиырма бесінші сөздің» астарын тура мағынада түсінуге болмайды, Өйткені отарлаушы жаһангер мемлекет және оның зиялы ғалымдары ешқашанда қазақты оқытуға құмар болған жоқ. Оқу-ағарту жүйесінің барлығы қазақты тәуелді етуге және діні мен тілін өзгертуге бағытталды. Мұны біз табынып жүрген орыс ғұламаларының өздері де ашық мойындап, қазақтың рухани дүниесіне сәуле түсірмеуге тырысты. Мәселені толық түсіну үшін Санжар Аспендияровтің "Қазақстан тарихындағы":

"Орыс тілін білудің өзі қанаудың көзі болып табылады. Генерал-губернаторлардың кеңсесінен бастап болыстың хатшысына дейінгі аралықтағы тәржімашылар патшалық отарлаушылардың далаға тереңдеп бекуіне және сіңуіне ықпал етті... Патшалық өктемдік ағарту саласында да жүргізіліп, "самодержавие" мен "православие", "ақ патшаға" адалдық рухында "тәрбиелеу" деген бағытқа негізделді. Бұл бағытты тек қана өкіметтің ресми өкілдері ғана жүзеге асыруға тырысқан жоқ, сонымен қатар Погодин, Григорьев, П.П.Семенов-Тяньшанский сияқты ғалымдар мен профессорлар да соны ұстанды, олар "Ресейдің тарихи-мәдени міндеті" – шетжұртты орыстандыру және сіңіріп (жұтып) қою саясатын жүргізу деп ұқты. Шындығына келгенде жаңа отарлау жүйесін қамтамасыз ету үшін патша өкіметіне "кадр" керек болды. Жоғарғы және орта дәрежелі басқару жүйесінің қызметкерлері ресейлік бюрократияның әккі, Салтыков-Щедриннің уытты қаламының қарғысына ұшыраған сұмырай қызметшілерінен іріктелді. Осындай сұмпайылардың ең сұмпайысы Қазақстанға жіберілді" – деген пікірін мысалға келтірсек те жетіп жатыр.

Осындай обырлық және тәуелділік, үстемдік пиғылы өктемдік құрған Ресейдің оқу жүйесін Абай жақтауы мүмкін бе? Онда:

"Баламды медресеге біл деп бердім. Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім", "Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Иә тілмаш, иә адвокат, болсам деген бәрінде ой", "Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге", -  деп шәкірттерді сақтандырмас еді ғой. Мұның барлығы жоғарыда С.Аспендияровтің айтқанындай "даланы отарлауға" қызмет ететін кәсіп екенін Абай өте терең түсінген. Бұл пиғылын орыс шоқындырушылары мен ғалымдары жасырмаған. Ашық жүргізген. Ыбырай Алтынсариннің  "пірі"   болған Н.И.Ильминский орыс оқуының мақсатын:

"Оларды оқытудағы басты назар мынаған аударылуға тиісті: бұл жастар өздерінің туыс ортасын жатсынбасын, олар өзінің ауылына қайтып келген соң, мектепте алған мәліметтерін таратсын. Сондықтан да бұл шәкірттерге аса жоғары білім мен тәрбие берудің мәнісі жоқ. Қазақтарды біздің орта дәрежелі оқу орындарымызға тарту зиянды", -  деп түсіндірді.

Ал керек болса! Біз ғой Н.И.Ильминскийге көше атын бергенді азсынып, оған ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасап жанығып жүрміз. Абай айтқан "орыстың зор білімі" осы болса, онда бұл "білім" бізге "дүниенің кілтін" емес, басыбайлылықтың, тәуелділіктің кілтін қолға ұстататын болды ғой. Өзгені былай қойғанда бүкіл түркі тарихының шежіресін бір ізге салған ғұлама ғалым  В.В.Бартольдтің де пиғылы таза болмапты. Түркілердің тарихы оған тек тарих пен атақ үшін және "өлі тарих" жасау үшін керек екен. Әсіресе, зиялылардың ішіндегі ғұламалардың өзі екінші бір халықтың жер бетінен жойылып кетуін тілеп:

"Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді", -  деуінің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Мұндайда еріксізден еріксіз Абай –

 Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

 Әуре етеді ішіне қулық сақтап, - 

деген жолдары ойыңа түседі.

Көшпелілердің "өлі тарихын" тірілткен академиктің сол халықтың "өлімін тілеуі" түсініксіз. Бұл пікірді оқығанша В.В.Бартольдті пір тұтқан қазақтың бірі біз едік. Иә, "Ғылымды білімді болу деп жиі шатастырамыз. Бұл барып тұрған тұрпайы түйсіксіздік. Ғылым дегеніміз тек қана білім емес, ол – таным, яғни білімді орынды пайдалану деген сөз", - деп В.О.Ключевский тауып айтқан. Бартольдтің білімділігінде шек жоқ, ал танымынан тәрбиесіздік танылып қалғаны оның жеке басының қайшылығы және Ресейдің мәдени дәрежесінің, өресінің жемісі. Басқаша ойлауына жол да қалмап еді. Әрине, кейін өзгеріске ұшырады. Бірақ та:

 Ызалы жүрек, долы қол,

 Улы сия, ащы тіл,

 Не жазып кетсе –  жайы сол,

 Жек көрсеңдер өзің біл, - 

деп Абай айтқандай, Бартольдтің "улы сиямен жазылған ащы сөзін" енді өшіре алмайсың.

Өкініштісі, Бартольд сияқты ойлайтын академиктер жалғыз емес еді. П.П.Семенов-Тяньшанский, Ф.АЩербина, П.И.Пестель, С.Солевьев іспетті тұлғаларда бір халықтың екінші халықты құлдануын тарихи заңды құбылыс деп қабылдады. I мемлекеттік Думаның депутаты Т.И.Седельников академик Ф.А.Щербинаның қазақтардың жерін тартып алу туралы зерттеуін сынай келіп:

"Қазақтардың жерін келімсек қоныс аударушыларға алып беру туралы мүлдем заңсыз әрекеттермен айналысқан даланың Ф.А.Щербина мен А.А.Кауфман сияқты беделді "зерттеушілері" мен "білгіштері" қазақтардың мұқтажы мен талаптарымен бетпе-бет келгенде олар "көшпелі өмірдің тіршілігіне тән өзіндік ерекшелік" дегенді желеу етіп, отырықшы-егіншілерді алдыға тарта қояды, әйтпесе, олар "нағыз орыс жер иеленушілеріне" пайдалы тұрғыдан жүргізілген даланы отарлауды тоқтатып, қазақтардың өзін жерге орналастыру туралы қиын да күрделі іспен айналысқан болар еді", - деп пікір білдіреді.

Демек, академик Ф.А.Щербина қазақ халқын өз жерінен қуып шығып, оны бүтіндей отарлау жоспарын жасаған және теріс ғылыми тұжырым түйген. Жалған ғылыми бағыт ұстанған. Мұндай ірі-ірі көз бояушылыққа барған академиктердің соңынан оның жолын қуған Лысенколар мен Мищуриндердің шығуы және аңызға пара-пар дәрежеде дәріптелуі заңды да. "Нағыз ұлы болудан гөрі өзіңді ұлымын деп көлгірси көрсету әлдеқайда оңай", -   дегенді "қанатты сөздің шебері" Ключевский өзінің осындай әріптестеріне қаратып айтса керек-ті.

Әйтпесе, исі империяны алға дамыту үшін оның рухани дәрежесін көтерудің орнына етегінен тартып, бар пиғылын бодан елді тұншықтыруға жұмсай ма. Мысалы, Ө.Әбдімановтың дерегі бойынша, балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкім шығарылыпты. Егер оқу жағдайы дәл осындай болса, онда Абайдың "үндеуі" қалай жүзеге аспақ? Бұл қитұрқыларды Абай білмеді деуге әсте болмайды. Өз баласын да, өзгелерді де оқытқан тәжірибесі бар. Ел сенген болыс. Ендеше жаңағы "Жиырма бесінші сөзді" қалай түсінуге болады? Жалған көзқарасты, ұлттық өктемдік пен өштікті жақтаған ғалымдардың тағлымы отарлаушы мемлекеттің мүддесімен сай келетін және XIX ғасырдың жартысындағы Ресейде:

"Мәдениеті жоғары адамдар болды, бірақ мәдениеті жоғары орта болмады. Сол кезде өмір сүрген адамдар өздерін қараңғылыктың тұмшалауында қалғанын, оларды ешкім түсінбейтінін және түсінгісі келмейтінін айтып шағынады. Орыс дворяндары мен чиновниктерінің дені мәдениетсіз, қасиетсіз және ешқандай ықылассыз тобыр еді. Бұлар, Пушкиннің "қара тобыр" деп атаған тоғышарларының өзі еді", - деп Н.А.Бердияевтің баға беруі отарлаушы мемлекеттің мәдени дәрежесін танытады.

Өзі қандай болса, сондай адам тәрбиелеп шығаратын империяның жай-жапсары Абайға таныс еді. Абайдың айтып отырған "кілті" бұл емес болатын. Сондықтан да ол:

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, -   

деп негізгі пікірінің тереңде жатқанын мегзейді.

Абай осы "Жиырма бесінші сөзі" арқылы қазақ халқын ілгері мәдениетке шақыра отырып, оның өзіндік бағыт-бағдарын жасайды. Қалайда "қазаққа күзетші болып" шығатын азамат атану үшін ұлттық тәуелсіздікті бірінші орынға қояды. Оның ішінде рухани тәуелсіздік алдыңғы қатарда тұр. Қазақ мәдениетін дамыту және оның өркенін өсіруі үшін әр адам ең бірінші өзінің рухани мәдениетін меңгеруі қажет. Онсыз білімің "қазақтың өзін аңдитын қаруға айналады" –  дейді Абай. Енді осы сөзді талдауға көшейік. Абай:

"Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дәрілхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Асап ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығы да әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатын нәрсе. Мал тапса – қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, ғылым да –  бәрі орыста зор", -  деп сөзін сабақтайды.

Осы уақытқа дейін соңғы сөйлемнің соңғы сөзі айтылмай, "ұмытылып" келді. "Орыста", яғни ғылым мен өнер, мәдениет тек орыста ғана емес, "орыста зор". Дүниенің тұтқасын ұстап тұрған жалғыз ұлт ол емес. Тек даму сатысымен еуропалық көзқарас тұрғысынан алғанда қазақтан озып тұр деген сөз. Бұл сөздің мағынасы екі басқа. Біріншіде одан өзге өнерлі ел жоқ. С.Аспендияров айтқандай, "ақ патшаның" арқасы деген басыбайлылық тәрбиесі жатыр. Ал екіншісі, ол бізден гөрі ілгері деген мағына береді.

Иә, орыстың қоғамдық ой-санасы қазақтан ілгері еді. Бірақ та, XIX ғасырға шейін, яғни Пушкин өмірге келгенге дейін әлем алдында мақтанарлықтай дәрежеде емес еді. Пушкиннің өзін түсінуге дәрежесі жетпеген орыс қоғамы үшін намыстанған Пушкиннің досы Чаадаев:

"Уақыттың ықпал-сабағы деген бізге жүрмейді. Дәуір мен ұрпақтардың тәжірибесі біз үшін суға сіңіп кетті. Бізге қарап тұрып: иісі адамзатқа ортақ зандылықтардың бізге қатысы жоқ  екен деп баға беруге болады. Жалғанда жалғыз қалғандықтан да біз дүниеге бір жақсылық жасағанымыз да жоқ, олардан біз бір нәрсе үйренгеміз жоқ, біз адамзаттың дамуына бірде-бір идея қосқамыз жоқ, біз адамзат ойының дамуына бірде-бір пікір білдіргеміз жоқ, сол даму қозғалысынан үйренгеніміздің өзін бұрмалап тындық. Біздің әлеумет ретінде өмір сүре бастаған алғашқы күнімізден бастап адамға қайырымдылық жасайтьш ешқандай ізгілік жасамаппыз, біздің отанымыздағы құнарсыз жерге себілген бірде-бір дәніміз көктеп шықпапты, біздің арамыздан бірде-бір ұлы пікір жұртқа жайылмапты; өз ойымызбен өзгеше бір әлем орнатуға күш салмаппыз, ал өзгелердің үлгісінің тек жалтыраған қайырсыз дүниені шашқан дарақылығын ғана алыппыз" – деп назаланады.

Осындай азамат ойшылдардың өткір сөзінің қамшылауымен XIX ғасырдың ортасында Ресейде ұлттық таным оянды. Ұлы державалық менменсумен қатар өзіне-өзі сын көзбен қарау ағымы қалыптасты. Бұл ойдың ұшығынан Абай да хабардар еді. Бірақ ондай озық пікір қазақ даласындағы отаршыл миссионерлерге жетпеді. Тіпті империяның ішіндегі пиғыл да ескі тәртіппен тәрбиеленгендіктен де ең сорақы тұрғыда жүргізілді. Адамзаттың, оның ішінде ғылым мен білім саласындағы жетістіктер бұратана ұлттарды рухани тәуелді ету мақсатында жұмсалды. Сондықтан да:

Абай бірден орыс мәдениетіне бас ұр демейді. Қайта оқып қараңызшы: әуелі "түркі танырлық" дәрежеде сауатыңды аш дейді. Демек, өз жұртыңның мәдениетін, тарихын, дәстүрін біл. "Құлшылық қылатындай" яғни дініңді, тіліңді, танымыңды танитындай тағлым алатын бол. Рухың тәуелсіз болсын. Тіліңді, дініңді бойыңа сіңір, содан соң білім жолын қу, "жанбай жатып сөну үшін" талпынба, рухынды бекіт деген емеурін емес пе бұл.

Содан соң барып "араб пен парсы керек". Неге бүйтіп сатылап айтып отыр.

Себебі, араб пен парсы мәдениетінің қазақпен рухани байланысы, ортақ тарихы мен ортақ діни мүддесі бар. Оны меңгермей халқыңның толық сауатты өкілі бола алмайсың.

Заман қалыптастырған рухани байланыстың үзілуіне Абай қарсы. Оның өзі де осы саты бойынша дәріс алып, "дүниеге көзі ашылды". Жат дін мен мәдениеттің ықпалына ерте түсіп кетпе. Толық рухани бостандықта болу үшін "мал тап". Экономиканы түзе. Еліңнің еңсесін көтер. Өзің біреуге жалынып жүріп ұлтыңның қамын ойлай алмайсың. Үлкен ғылым мен өнер үшін ең бірінші рухани және экономикалық тәуелсіз адам болуың керек. Өйткені, төменшектеп тұрып түйсігіңді тәуелсіз ете алмайсың.

Осы шарттар келіссе ғана өнер ізде, соның бірі – өзіңе жақын орыс жұрты. Оның бізден өнері зор. Араб пен парсыны, түркіні біліп барған адам үшін "зордың ықпалына түсу" өте қиын. Тең дәрежеде сөйлесіп, тең тұрғыда білім ал. Әйтпесе, жоғарыдағы "шоқындырушы" даярлайтын  білімнің кадры" болып шығасың дегелі отыр. Абай ол үшін өзінің оқырманын, тыңдаушыларын өзгеше ойлай білуге ұмтылып:

 Түзу кел, қисық, қыңыр, қырын келмей,

 Сыртын танып іс бітпес, сырын білмей.

 Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

 Өскен соң бұндай сөзді бұрын көрмей, -

деп ескертеді.

Абай жалаң сөзге беріліп, буырқанып келген ішкі толғанысты ойланбай қағазға түсіретін ақын емес. Әр сөзінде астар бар. Ол ұлттық идеяның ойшыл оқымысты жырауы. "Қара сөздері" мен өлеңдерінің айтар ойы өзара байланысып, тамырласып жатады. Ақылмен саралап барып қауырсын қаламын қолына алады. Сондықтан да "Ғақлиядағы" ойды өлеңмен жаңғырта баяндауы Абайдың өзі түйген тұжырымына анық көзі жеткендігін танытады.

Сонда "сыртын танып іс бітпес, сырын білмей" деп астарлап отырғаны не және "қазаққа қарауыл болу үшін" қандай білімді қалай және не үшін игеру керек? – дейді. Абай отаршыл елдің өктемдігін жою және одан құтылу үшін сол елдің даму дәрежесіне жет, өз қаруын өзіне қолдан, рухыңды тәуелділіктен құтқар, өзің де "оқуың, хикметің, малың (экономикаң –  Т.Ж.), өнерің, ғылымың зор болсын" деген нысананы нұсқайды. Ал енді сол сөзді осы тұрғыдан бір рет ой сала қайта оқып көрейікші:

"Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең -көкірек көзің ашылады. Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі - онымен бірдей дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды", -  дейді Абай.

Егер "қисық, қыңыр, қырын келмесек", бұл сөздің астары біз түсіндіріп жүрген "орысшылдыққа" мүлдем қарама-қайшы ғой. Қарапайым тілмен түсіндірсек онымен "бірдейлік дағуасына кіресің".

I. Кімге тәуелді болдық, бізге не берді және ол елдің қандай зорлық-зомбылығы бар, жақсылығы неде –  соны санаңа салып талда. Несімен таңдандырады, несімен түңілдіреді, пиғылы қандай? Соны біл. Зертте, "Залалынан қашық бол, пайдалысын ал". Оқуы, ғылымы қандай дәрежеде, оның мақсаты не екен? Тілін білсең, зерттесең көкірек көзің ашылады. Олардың пиғылын түсінесің, - дейді. Ол пиғылдың қандай екенін жоғарыда білдік.

II. "Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі -  онымен бірдейлік дағуасына кіреді" дегені –  сол елдің ішкі даму қозғалысына тең дәрежеде еркін араласасың, билігінің тізгінін ұстайсың, малыңды малданып, оған иелік етесің, сөзіңді тең сөйлейсің. "Дағуасына кіресің", -  күресесің, халқыңды басыбайлылықтан құтқару үшін ұлт атынан сөйлейсің. Қорлығына көнбейсің – деген мағынаны білдіреді. Дағуа – араб тілінде қоғамдық қозғалыс, күрес, пікір таласы, майдан деген ұғымды білдіреді. Яғни, өзге ұлттың, бұл арада Ресейдің  өктемдігін мойындама. Тең дәрежеде қарым-қатынас жаса деген сөзі. Егер:

III. "Дағуасына кірсең – аса арсыздана жалынбайсың", рухани тәуелділіктен құтыласың, тәуеліз ел атанасың.

Міне, Абайдың астарлы ойы осы. Мұны "орысшылдық пікір" деп бағалауға әсте болмайды. Орыстың білімі мен ғылымы рухани және ұлттық тәуелсіздікке жетудің бір жолы. Қазақ дамудың басқа сатысында тұрған ағылшын, неміс, француз мемлекеттерінің отары болғанда, онда рухани тәуелсіздік, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрес "дағуасы" өзге арнамен дамыр еді. Абай онда:  "ағылшында, француздарда немесе немістерде бәрі зор, солардың дағуасына аралас" дер еді. Күштінің қаруын меңгермей күшіңді теңестіре алмайсың. Еуропалық елдердің отарлау саясаты экономикаға негізделеді. Елді емес, жерді сорды. Олардың дініне, танымына, тағдырына араласпады. Тек пайда ғана көздеді. Экономикалық мүддесі өтелген кезде отар елін тағдырдың тәлкегіне тастап, алтын қазбасын қотарып жіберіп, кемеге мініп жүре берді. Әрине, күшті отарлық билік жүргізді. 

Ал Ресейдің отарлау саясаты мүлдем басқаша бағытта жүзеге асырылды. Себебі, орыс қоғамы Н.А.Бердяев айтқандай: "тек қана идеологиямен ғана өмір сүрді". Сондықтан да отарлау науқаны мен саясаты идеологияға негізделді. Басты бағыт пен күш-қуат оқу-ағарту жүйесіне, шоқындыруға, рухани тәуелді етуге, өзіне сіңіріп алуға жұмсалды. Орыс мемлекетінің ұйытқысы православиелік дін еді. Басыбайлы шаруалардың қатарына қосып, ерік-жігерден мүлдем айыруды көздеді. Дворяндық тек өз халқын менсінбеді, жек көрді. Ал жалпы орыстық мүдде оларға жат болды. Түпкі мақсаты қазақтарды басыбайлы құл ету болғандықтан да ең бірінші олардың дінін, тілін, дәстүрін, халықпыз, елміз деген ұғымын жоюға ұмтылды. Мәңгүрттіктің бағдарламасын жасады. Бұған тарихшы Е.Б.Бекмахановтың:

"Басыбайлы еңбек күшін пайдаланатын ірі-ірі тау-кен заводтарының иесі мен орыс помещиктеріне балаларды құлдыққа сату туралы Александр I патшаның арнайы шығарған заңы арқылы рұқсат берді. XIX ғасырда Гурьевте бір айда 100 қазақ баласы: ұлдар –  4,5 дорба, қыздар –  3,4 дорба қара бидай ұнына сатылды", - деп жазғаны дәлел.

Осыны көре түрып Абай отарлаушы мемлекетті жанына жақын тартты деуге бола ма? Қайта Абай жаңағы үш-төрт дорба үшін баласын сатқандарға ашынып:

"Жақсы білгенді (жақсылар білген білімді үйренсем, жүзеге асырсам дегендерді – Т.Ж.)жорғалықпен (қулықпен – Т.Ж.) көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын, жауырынынан бір қаққан (яғни орысқа  -  Т.Ж.) күлгені керек деп көті ашылса да қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері –  дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Бірақ осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам дейді. Жоқ, ондай ниет керек емес", -  дейді.

Абайдың күйзелісі – ақылдың күйзелісі. Мұндай қорлықты көрген Абайдың "білімінен –  қайғы, тілінен –  зар шықпағанда" қайтеді. Жоғарыда айтылғандардың бәрі де ащы шындық еді. Ақмоладағы Қоңырқұлжа Құдаймендин, Оралдағы Ахмет Жантуриндер сондай қу мүйіздер. Ал болыс пен старшин, тәржімашы тәрізді "күні үшін жүрген қулардың" (Ж.Кәрмен) "бұртыңы мен жыртыңы" аз сыналған жоқ. Абай сауатты қазақтың өз елін сауғаны туралы мегзеп отыр. Білгенін, білімін қатардағы қазақтан қулығын асыруға жұмсаған пысықтар да отаршылдардың "жемтіктесі" боп "момын даланың құйрығын обырлармен қоса сорысып" (М.Әуезов) жатыр. Бұған Абай түгіл орыс зиялыларының өзі назаланып:

"Екінші жағынан алғанда, 300-400 десятина егіндік жері мен бірнеше мың сомдық сауда айналымы бар бай қазақтардың өзі "көшпелі қазақсың" деген сылтауды малданып жаңағы мырзалардың (отарлаушы келімсектердің – Т.Ж.) иелігіндегі жерді, яғни нағыз көшпелі қазаққа тиесілі сыбағаны өзінің етегінің астына басып алды. Сөйтіп, сырт қарағанда қазақ өмірін жалған сылтаумен бүркемелеген аярлықтың нәтижесінде орыс жер иеленушілері мен дала буржуазиясы (мұны оқыған қазақ деп түсініңіз – Т.Ж.) байлыққа белшесінен батады, ал қазақ халқының өзіне, оның кедейленген бөлігіне... "риза болудан басқа ештеңе қалмайды"... Қайсыбір жағдайды алып қарасаңыз да тұлданған қара халықтың өмірлік мұқтаждығы сырты жылтыр, іші арам осындай әділетсіздікпен аяусыз күресуге мәжбүр етеді", - деген қорытынды шығарды. (Т.И.Седельников."Қазақ даласындағы жер үшін күрес").

Қазақтың көшпелі қоғамындағы жіктелуді жоққа шығарған пікірлердің желісі шындыққа тартылғанмен, мұнда да қарабайыр топшылау жоқ емес. Абай аңғарған оқыған пысық пен Т.И.Седельников жазып отырған "буржуазия" дала төсінде де болды. Капиталын қалай ұқсатты, ол басқа мәселе. Алысқа арқан тартпай-ақ көптің көз алдында жүрген төре тұқымдарын алайық. Мысалы, Бөкей ордасын қараңыз. Олардың қарауындағы жер тек солардың меншігі іспетті болды. Былайша айтқанда қазақтың төртінші жүзі тәрізді өмір сүрді. Хан халыққа жағымды болса Жоламан мен Исатай, Махамбет пен Құрманғазы қудалауға түспес еді. Сондай-ақ Уәлиханның еншісіндегі Сырымбетті алыңыз. Ақ патшаның өзі ол жерді мәңгілікке бекітіп берді. Келімсектерді кіргізбеді. Нақты шындық сол".

Ал, сол меншік Кенесарыға неге тимеді?

Себебі, ол "қазақтың күзетшісі" еді. Империяға ең кауіпті, отар елге ең қажетті тұлға болатын. Қазақтың ең шұрайлы жеріне иелік еткен Бөкей ордасы мен Сырымбеттегі төрелер қазақтың қай мүддесін шешті? Қандай ниет қосты? Жекелеген адамдар мен руларға жасаған қайырымы исі қазақтың тәуелсіздігіне септігін тигізді ме? Көшпелілердің тәрбиелі, білімді ақсүйектері шыққан бұл ордалардағы мырзалар Абай сияқты елі үшін күйініп:

"Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйренді ме?"

Қайдам. Шоқан сияқты жас кезінде есін жиып, "оқалы киімнен" бас тартқандар санаулы ғана. Оқыған, өнерлі Сегіз Серінің өзі де өмір соңында ауыл айналасындағы әнші болып қалды. Әскери ғылымнан хабары мол Сегіз Серіні Кенесарының көтерілісінің ішінен көргісі келген қазақ жауынгері болмады деп айта аласыз ба? Абайдың: "қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек", - деп отырғаны да сол.

Білімді өзің үшін алма, елің үшін ал. Соның керегіне жарат. Етек басты болма. Өзіңді өзің тәрбиеле. Бөріге қосылып еліңді қоса талама.

Міне, оқудың мақсаты осы. Бұл Сперанский жобасын жасап, Бартольд, Семенов-Тяньшанский, Ильминский, Щербина, Алекторов, Остроумов жүзеге асыруға тырысқан патшалық оқу ағарту жүйесіне мүлдем қарама-қайшы бағдар. Рухани тәуелсіздік жолы. Қазақтан шыққан сауаттылардың жолы – салауат жолы, азаматтық жолы болса екен деп тілейді Абай. Сондай-ақ, "ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік" – деген сөзінде де үлкен астар жатыр. Егер шындап заңға жүгінетін болсақ Әбілқайырдың Анна Иоановнаға берген дәйегі бойынша біз Ресейге бодан емес, одақтас ел болуымыз керек екен. Мұны көтерген I Думаның депутаты Т.И.Седельников мырза. "Бұлғын жағалы шапанға" айырбасталған бостандықтың асығыспен "бодандыққа" айналғаны сондай, оның баптарын байыптап тұрып түзеуге шамамыз келмепті. Тым құрыса басыбайлылықтың өзін заңды түрде негіздеп алмаппыз ғой. Масқара! Мұны Т.И.Седельников:

"1731 жылы қазақтарды бодандыққа алған кезде орыс үкіметінің олардың жер иеленуі мен шаруашылықты жүргізу тәртібі туралы мағлұматы өте бұлыңғыр болса керек. Міне, сондықтан да Анна Иоановна патшайым қол қойған дәргейдің мазмұны түсініксіз әрі анық емес... 1905 жылы тамыз айында берген қыр елінің озық ойлы азаматтарының көпшілік мәлімдемесінде ғана оның мазмұны ашылды, ол бойынша жер қазақтың бүтіндей меншігі болып табылады екен, өйткені әлгі дәргейде "қазақтардың бодандығы башқұрттардың бодандығымен бірдей дәрежеде екендігі" көрсетіліпті, ал башқұрттар жерді рулық меншік (вотчина) ретінде пайдаланады... Бұл сауатсыздық қой. Егерде жаңағы сөзді біз сол мағынасында түсінетін болсақ, онда жер жөнінде бодандар емес, керісінше үкіметтің өзі қазақтарға қысым мен қиянат жасап, 150 жылдан астам уақыттан бері үнемі күш көрсетіп келеді деген қорытынды жасаймыз", - деп мәселені ашық түсіндіріп береді.

Ал қоғамдық ғылымның биік дәрежесіне көтерілген "тоқыраудың толқынында туған" ғалымдар 150 жыл емес, 250 жыл бойы заңды түрде өз еркімізбен басыбайлы болдық деп қалың-қалың кітап жазып, ұлы кеңестік империя дәрежесінде ұлан-асыр той өткіздік. Соншама тарихшы мен заңгерлердің зейіні мен білімі жалғыз Әлихан Бөкейхановтың зердесіне жетпегені ғой.

Тағы да масқара!

Абай туралы және оның "Жиырма бесінші сөзі" туралы дақпырт таратып, оқу орындарының маңдайшасына жаздырып жүрген де сол ағайындарымыз-ау! Сонда, Абайдың "ұлықсыған орыстың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік" –  деген арманы қайда қалды.

Иә, біліміміз өсті, бірақ ол ғылым дәрежесіне көтерілмеді. Білімділер шықты. Бірақ олар тәуелсіз ғалым дәрежесіне көтеріле алмады. Оқу - ағарту жүйесі еуропалық үстемдік, ұлы орыстық тәуелділік тұрғысында еңбек етті. Оның жемісін Ильминский мен Остроумовтың, Александровтың орнын басқан "коммунист-колонизатор" (С.Садуақасов), оқу министрінің орынбасары Щевченко көрді. Өзінің патшалық самодержавие тұсындағы ұстаздары жүзеге асыра алмаған оқу-ағарту мен тіл, мектеп саясатын кандидаттық диссертация арқылы орындап тынды. Республика жаппай орыс мектебін ашу бағытына көшті. Біздің заманда да Ыбырай Алтынсариндер шықты. Бірақ Ыбырай Алтынсарин өмірінің соңында бұл ісіне қатты өкініп, елден кешірім сұрап, 99 молдаға жаназа шығарту туралы өсиет айтып, "Мұсылмандық шарты" атты кітап жазып кетсе, біздің заманның "қазақ миссионерлері" беті бүлк етпестен докторлық, кандидаттық дипломдармен әлі де күнін көріп жүр. Соның нәтижесінде марқұм Оралхан Бөкей ашына әшкерелеген "будандар" қазақтың рухани дүниесіне әкімдік етті. Мұндай "будандарды" Абай да жақтырмаған. Ол:

"Қазірде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылсада сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің балаларын орысқа зорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және кейбір қазақтар ағайынмен араздасқанда "Сенің осы қорлығыңа көнгенше баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!" – деуші еді. Осындай жаман сөзді құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанмен де не бола қойсын! Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене? Қайбір көп үйреніпті? Кірді, шықты. Ілді, қашты. Түбегейлі оқыған бала жоқ. Әкесі ел ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын неғып шығарсын?" – дейді.

Абай жақтырмай отырған "оқыған шәкіртпен" кейінгі замандағы оқыған орыс тілді шәкірттің арасында көп айырмашылық бар. Абай әуелі түркіні, одан соң араб пен парсыны, содан кейін экономиканы үйрен десе, кейінгілер қазақ тілі мен дінін де ұқпай өсті. Сондықтан да олардың бойындағы қан –  таза қазақы қан емес. Будан. Ал будандар үшін ең қауіпті нәрсе – ұлттық сезім, ұлттық мүдде, ұлттық билік. Олар өз ұлтын ешқашанда сүйе алмайды және түсінбейді. Қандай қызметте отырса да айналып кеп "қазақты аңдысам" дейді. Ұлттық тәуесіздікке қарсы күрес майданы басталған тұста солардың шүлдірлеп басы қосыла қалатыны сондықтан. Колбиннің тұсындағы "будандардың" буы бұрқырап шыға келгені соған дәлел. Яғни, Абай айтқандай олар:

 Орыс съезд қылдырса,

 Болыс елін қармайды...

 ... Орыссыз жерде топ болса,

 Шақырған кісі бармайды, -

дегеннің нағыз өзі.

"Кіреді, шығады. Іледі, қашады". Түбегейлеп елдің қамын ойламайды. Дәл қазір Абаймен бірге түңілудің қажеті жоқ. Тек бостандық рухын жүрекке мықтап сіңіру керек. "Дейді, деді, депті" дегеннің заманы өткен. Ғылымды, білімді тәуелді болу үшін емес, тәуелсіз болу үшін игеру лазым. Тәуелсіздік рухы –  қасиетті рух. Тәуелсіздік ғылымы – қасиетті ғылым. Дәл осы жол үшін:

"Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың (қандай ғылымын үйрену керек екені қазір түсінікті – Т.Ж.) ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең –  оқыт, мал аяма. Өйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсетер, өзі рахат көрер ме, иә жұртқа рахат көрсетер ме?" – дейді Абай.

Абайды енді тобырға жеңдірудің өзі қиянат. Ақыл, ойға жасалған қорлық. "Тыңдаушымды ұғымсыз, қылып Тәңірім берген-ді" дейтін зердесіз заман өтті. Ұлттың рухы өзгерді. Қаншама зауалды тарихи кезеңді бастан кешіріп, сабақ алды. Енді "ақылға сүйеніп" өмір сүретін дәуір туды. Елге күзетші болатын зиялы ұрпақ келді дүниеге. Сондықтан:

 Өлеңі бар, өнерлі інім, сізге,

 Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге, -

деген Абайдың сөзінің мағынасын терең талдап түсінейік.

Бұл – өсиет, Абайдың өсиеті. Оның себебін "Жиырма бесінші сөзді" талдау барысында түсіндіруге тырыстық. "Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл", -   деген емеурінмен әңгімені аяқтаймыз.

Тұрсын Жұртбай

"Күйесің, жүрек... Сүйесің" кітабынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5701