Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3179 0 пікір 20 Ақпан, 2011 сағат 22:41

Ғаббас Қабышұлы. Ағаттықты «ағаттық» демеу де – ағаттық

Мұқағалиға қатысты бір жәйт

Жақында «Түркістан» гәзеттің  3-нші ақпандағы санынан «Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны» атты жазбаны оқып (марқұм Жәлел Кеттебектің естелігінен үзіндіні), ақын аға жайындағы бір ескі өсектің сонда тағы қайталанғанына өкіндім. Ол - күнделіктегі: «...Кейіннен ол кісіні Әдебиет институтынан шығарып, Жазушылар одағынан қуды деп естідім. «Естідім» деп отырғаным, өсітті деген нақты құжатты өз көзіммен көрген жоқпын. Осылайша қазақтың Мағжаннан кейінгі ең аруақты ақыны ресми әдебиеттен шеттетілді» деген екіұшты сөз. Мен марқұм Жәлелді жазғырудан аулақпын, бірақ «нақты құжатты өз көзіммен көрген жоқпын» дей тұра Мұқағали «ресми әдебиеттен шеттетілді» деп тұжыруы ағаттық болған. Атүсті оқыған кісіге бұл тұжырым шындық іспеттенеді. Осы жөнінде көзі қарақты ағайындарға пікір айтуым керек тәрізді.

Мұқағалиға қатысты бір жәйт

Жақында «Түркістан» гәзеттің  3-нші ақпандағы санынан «Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны» атты жазбаны оқып (марқұм Жәлел Кеттебектің естелігінен үзіндіні), ақын аға жайындағы бір ескі өсектің сонда тағы қайталанғанына өкіндім. Ол - күнделіктегі: «...Кейіннен ол кісіні Әдебиет институтынан шығарып, Жазушылар одағынан қуды деп естідім. «Естідім» деп отырғаным, өсітті деген нақты құжатты өз көзіммен көрген жоқпын. Осылайша қазақтың Мағжаннан кейінгі ең аруақты ақыны ресми әдебиеттен шеттетілді» деген екіұшты сөз. Мен марқұм Жәлелді жазғырудан аулақпын, бірақ «нақты құжатты өз көзіммен көрген жоқпын» дей тұра Мұқағали «ресми әдебиеттен шеттетілді» деп тұжыруы ағаттық болған. Атүсті оқыған кісіге бұл тұжырым шындық іспеттенеді. Осы жөнінде көзі қарақты ағайындарға пікір айтуым керек тәрізді.

КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне директорлыққа тағайындалған кезім. 1975-жыл. Бір күні бөлмемнің есігі айқара ашылып, алып денелі Мұқағали тісі ақсиып кіріп келді. Ұшып тұрып, сәлем беріп, қарсы қабырға іргесіндегі диванға жайғасуына ишара жасадым. Ол диванға емес, үстелімді жанай тұрған биік арқалықты орындыққа отырды. Үстінде -қоңырқай жылы күртешесі, басында -қауқиған сары малақайы. Өңі жүдеу. Әншейінде жымиысын жарасымды етіп түратын бет шұңқыры суалыңқы жағына сіңіп кеткендей. Мен ірге жақтағы орындықтардың бірін алып, Мұқаңмен дізе түйістіре бере:

-Иә, Мұқа, хал-ахуалың қалай? - дедім.

Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970 жылда, мен "Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген тұста жатқан және, қалайша екенін білмеймін, мен әу дескеннен-ақ "сен" деп  кеткенмін-ді.

-Диваныңа отырмағаныма сен ренжіме, қызталақтың жүмсағын да, қаттысын да көріп жүрмін ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды, оны қойшы, саған келген себебім: сенің анау бұғалтырың бар ғой, сол менің "көкқағазымды" көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айтарынды айтшы! -     деді ол.

-Шошығаны қалай? - дедім, ештеңе түсінбей.

-Өзінен сұра, - деп сәл жымиды да, малақайын алып диванға тастай салды. Қобыраған шашын қос қолдың саусағымен артқа қарай салалап-салалап тарады. Кең мандайы жарқырай ашылды.

-Қазір сұрайын, - деп орыныма бардым да, бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны шақырдым. Мұқаң:

-Қызық, - деді.

-Не "қызық"?  Қай сұлу есіңе түсті? - дедім, әзілдесе беретін әдетіммен. Сол әредікте келіп кірген Факең не үшін шақырылғанын аңғарса керек, қолындағы "көкқағазды" - еңбекке жарамсыздық жөніндегі бюллетеньді маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап:

- Бұларыңа  ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, - деді.

-"Правомыз жоғы" қалай? - дедім. "Көкқағаз" екеу екен.

-Литфондтың мүшелігінен шығарылған, өзіне айтқанмын.

-"Шығарылғаны" қалай?! - дедім, еріксіз танданып.

-Постановлениені алып келейін, көріңдер, - деп Факең бұрылып жөнеле берді.

-Айттым ғой, «қызық» деп?! - деді Мұқаң, тиісті ақшасын санап алған  кісіше жылы күліп.

-"Қызығың"  бар  болсын!  -  дедім. "Көкқағаздарына"  қарасам: біреуі жақында ғана беріліпті, екіншісі төрт ай мөлшері бұрында жазылған.

Факең қайтадан келіп, бір парақты алдыма қойды. Бөлімшенің ресми бланкісінде "Постановление правления" деп орыс тілінде сайрап тұрған қаулының тұжырымы: "Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен де шығарылғаны болып табыладыны" айтып айқұлақтанған. Бөлімше директоры Әбдірашит Ахметов қол қойып, мөр басқан.

-Қызық, ә? - дейді Мұқаң, жайбарақат сөйлеп.  Сөзі қитығыма тиіп:

-Мына қаулыны Мәскеу бекітіп қойса, "қызық" сонда болады, "қызықтың" көкесін сонда көреміз! Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазір келемін, - дедім де, Әнуар Әлімжановқа  барып келетінімді айтып, есікке беттедім.

-Бірінші секретарьға барасың ба? Ол секпетариатсыз  шешер ме екен? - деді Факең, маған ілесе шығып. Үндемедім.

Әнуар Тұрлыбекүлы Әлімжанов - Жазушылар одағының басшысы -   бөлмесінде оңаша екен. Сәлемдестім де, мән-жайды айтып, әлгі қаулыны ұсындым:

-Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? - деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:

-Әкәу, (Әнекенде осылай "әкәу" дейтін одағай сөз бар-ды, - Ғ.Қ.), бір рет сыртынан ақылдасқанбыз оның мәселесін. Масайып жүретінін қоймаған соң. Біріміз: "одақтан шығарайық!" деп, біріміз: "мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!" деп талқылағанбыз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, бірде Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! - деп иығын кужың еткізді.

-"Қызық" көбейді, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жіберемін де, ол жақтың жауабын тоспай-ақ, Мұқаңның бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беремін, - дедім. Әнекең қаулыны маған қайырып:

-Дұрыс, дұрыс!  - деді. Мен үстелге қаулыны аударып төседім:

-Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазір жазып қоямын, - дедім.

-Сөйт, мен қол қойып берейін,  - деді ол.

Қысқасы: Мұқағалидың «Жазушылар одағына мүшеліктен шығарылуы себепті  Әдеби  қор  мүшелігінен  шығарылғаны  туралы  қаулының» жаңсақ екені жайында Мәскеуге хат жаздым. Сөйтіп тынышталдық.

Ал  «Әнуар  Әлімжанов  Жазушылар одағын басқарып тұрғанында Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарып тастаған болатын» деген  «жаңалық» мүлде бекер, ол - кәдімгі өсек.

Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатжайында басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің №3 «а» қаулысы бар. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға шешім қабылданғаны жазылған. Ол-жалған шешім. Себебі: біріншіден, сол мәжілісте қаралған негізгі мәселе - «Орыс әдебиеті мен өнерінің Қазақстандағы онкүндігі» жайында баяндама жасаған Қалаубек Түрсынқұловтан (одақ басқармасының үшінші хатшысы) кейін сұрағанымда ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты. Екіншіден, ҚЖО басқармасының бірінші хатшысы Ә. Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен өзі белгілі. Егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы - Ілияс Есенберлин өткізіп, шешімге сол қол қоюға міндетті еді. Олай болмаған. Сыртқы байланыс жөніндегі хатшы (төртінші) Олжас Сүлейменов қол қойыпты. Үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б»... деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына: «а», «ә», «б»... деп тармақ енгізіледі. Яғни мынау «№3 «а» қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарді арандату үшін керек болған да, кейін және сауатсыз жазылған, демек, жалған құжат екені даусыз. Жалғандығына және бір дәлел-ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, хатшылар алқасының мүшелерінен кім-кімнің сөйлегені, не дегені, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі ғой, мұнда ондай құжат (мәжіліс хаттамасы) жоқ, пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар.

2009-жылғы мамырда  Президент мұрағатжайынан Әнуар Әлімжановқа қатысты ақпарлар іздеп, мақалалары, сұхбаттары, аудармалары, хаттары бар он шақты папканы ақтардым. Әнекеңнің туғанына 2010-жылдың мамырында 80 жыл толатын еді де, соған орай жазушының бұрын жарық көрмеген мақалаларын, хаттарын кітап етіп шығаруды қолға алғанмын. Сөз ретіне қарай айта отырайын: Әнекеңнің 70 жылдығы жетім қыздың тойына ұқсап ауданында ғана өткізілген. Ал 80 жылдығы Алматыда, М, Әуезов атындағы драма театрында «өткізілді»  деу үшін ғана өткізілді, атына заты сай болған жоқ. Әлемнің алпыс бірдеңе елінде болған, Қазақстанын, қазағын мейлінше насихаттаған, КСРО әдебиетшілері, жорналшылары түгел дерлік таныған, құрметтеген, күні кеше КСРО Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесін басқарып, Кеңес Одағын ыдырату туралы қаулыға қол қойған атақты қаламгерінің аруағына Алматы облысының басшылары әлі де тағзым етер емес. «Естелік жинақты шығарып береміз» деп алдағандары өз алдына, Әнекеңнің мүсінін жасатуды таусылмас жырға айналдырып, оған «қаржы таппай қиналып», мектеп мұғалімдеріне салмақ салып жүрген көрінеді. Көзі тірі жазушыларының 60, 70 жылдығын дүркіретіп өткізіп, автокөлік бастаған сый-сияпатты үйіп-төгеді. «Айтыс жеңімпаздарына» автокөлікті тізіп тастайтын мақтан-әдет те бар. Ал Мұхтар Әуезов алғашқы кітабына алғысөз жазған, кейінде: «Егер Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара ашты» деп мақтаныш тұтқан Әнекеңе «өзі жоқтың көзі жоқ» жасалып келеді. Студент Әнуардің 1953-жылдың көктемінде Ұстазы Мұхтар Әуезовті КГБ деген пәлекеттің қақпанына тұтылудан сақтап, құтқарып жіберген ерлігі көпке мәлім болса да, біздің ұлықтарға беймәлім сияқты.

Енді аталған мұрағатжайдан табылған мына хатқа үңілелік:

«Әнуар!

Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің Жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма.

Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім...

Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапымнан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.

Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл -менің азаматтық сөзім!

Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па -білеймін. Мендегі бар айып -жеккөретін, құлқым сүймейтін адамға жеккөретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).

Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті...

Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан... Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім!

Сәлеммен, Мұқағали.

20. 03. 1973 ж.

Панфилов, 147, кв.95. Телеф. 27497».

Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Көп кешікпей  Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілген. Ол Әнуардің: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973-жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде  қазақ тіліне аударып жазып алғанымды ұсындым): «...Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: - Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін, - деп кетіпті... Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Мәскеуде «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар -Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «...творчество Мукагали Макатаева - яркая страница казахской поэзии  шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом...  Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардің Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл - және бір дәлел. Әнуар болмаса, бұл жинақ шықпас та еді (сөз ыңғайына қарай айта отыруға болар бір жәйт: сол жылдары Ленинград баспасынан жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын Мұхтар  Мағауинге құрастыртып, жолын ашқан да Әнуар екен).

Әнуардің хатындағы Александр Петровичтің  әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге симаған Мұқағали» деп жазған  естелігінен  білдім ( «Айқын» гәзеті, 14-тамыз, 2010-жыл).  Өтеген ақынның Мәскеумен хош айтысқан өлеңінен мына  жолдарды келтіріпті:

...Үйреніп қалған ұямдай,

Мәскеуді барам қия алмай.

Миллиондардың ішінде

Бір басым менің сия алмай.

Еңсемді бір сәт жия  алмай.

Не бетімді айттым, Алматым,

Не деймін саған, ұялмай?!.

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, мені аман-сау

Алматыммен жолықтыр!

Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: «ауылыма кетіп барамын» дегені осы көңіл күйінің жалғасы екен-ау!..

Жалпы Мұқағалидың аспаны ерекше бұлтты болған жоқ. Өлеңдері гәзет-жорналдарда да, кітап болып та шығып жатты. Ал қайсыбір жинағының  баспадан бір жыл, екі жыл кешігіп шығуы - ақын-жазушылардың көбі дерлік көрген жәйт..

Әнекеңнің: «...біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық» дегеніне оралайын.

Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердің бірі - Мүқағали Мақатаевтың тәртібі. Жиналысты Олжас Сүлейменов  ашып, жүргізіп отырды. Негізгі мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, шешім қабылданып, одан соң күнтәртібіндегі басқа мәселелерді қарауға кезек келді.  Олжас әрқашанғы  әдетінше Мұқағалиға шүйіліп біраз сөйлеп: - Мақатаевты кәсіподақ мүшелігінен, тіпті жазушылар одағынан шығару да керек! - деп көсілді. Мінберге шыққандардың бірсыпырасы қостады. Екі-үш кісі қарсы сөйледік. Мен: - Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ.  Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды  куып тастау ма? - деп, орынсыз ұсынысқа мүлде қарсы екенімді айттым. Ию-қию өршіді. О тұстан, бұ тұстан ала-құла сөзді айқай шықгы. Сол кезде әлдекім:

-Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі! - деді.

Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Жүрт: "Иә, иә, айтсын!" десіп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Сонда бір жазушы: "Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!" деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары бухгалтер Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: Мүшелік жарнасын үш жыл бойы төлемегендігі себепті Мақатаев жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығып қалған болатын, - деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы тарап кете барды. «Біздің жігіттердің қызығы» - сол!

Сөз соңында мына бір ойды ортаға салғанды жөн көрдім. Бұрын да кәперімде бар жәйтке Жәлелдің Мұқағали туралы: «...қазақтың Мағжаннан кейінгі ең аруақты ақыны...» дегені жетекші болды. Соңғы жылдары әдеби баспасөзде жарияланып жүрген мақалалардан: Абайдан кейінгі ең пәлендей де түглендей ақын Мағжан Жұмабаев...  Ілияс Жансүгіров... Қасым Аманжолов... Мұқағали Мақатаев...  деп түрлі-түрлі анықтама беру жиі кездесетін болды. Бұл қаншалықты қажет? Үлкенді-кішілі марқұм ақындарымыздың әдебиет тарихымызда өз орыны, өз деңгейі бар емес пе? Оларды «Қазақтың Бас ақыны» Абайдан (Ахмет Байтұрсынов) кейінгі «екінші орынға» қоюға құмарлық кімге, неге қажет? Тіпті кейде Абаймен иықтастыру секілді өрескелдік те қылаң береді.

Сондай-ақ, кейбір көпе-көрінеу жандайшап саясаткерлерше, ақын-жазушыларымыздың арамызда жоғына да, барына да: «ұлы; кемеңгер; әулие; пайғамбар...» деп  атақ үлестіретін ойсыздық, дарақылық өршіп барады. Меніңше, бұл - әдеби сын бетін басып, аузын жапқан соң  жол алған, бетімен кеткен бейпілауыздық! Атақ үлестіргіштер - не өзін әдебиеттің білгірі, төрешісі санайтындар, не «батыл пікірайтқыштар», не жағымпаздар, не  «мен де айта салайындар».

Қалай десек те, бұл «жаңалықтар» есен-сау ақын-жазушыларымыздың, ең алдымен әдебиетіміздің  мерейін, беделін арттырмайды, керісінші - нұқсан келтіреді, кемітеді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір