Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тарих 7171 3 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 13:21

Қарқабат-Күнай киелім

2018 жылдың 25 қыркүйегінде  «Абай.kz» порталында жарық көрген журналист-қаламгер Болат Жәмкеновтің «Қарқабат ана» мақаласына өз пікірімді білдірмекпін. Сөз басын Анамыз Қарқабат (Күнай) туралы Б.Жәмкеновтің жазғаны және басқа жазбалардағы жазылымдар мен ел аузындағы «Қарқабат» есіміне тоқталайын. Қазақтың сөз қорында бір ұғымды білдіретін «қарқабат» деген сөз де, ұғым да жоқ. Қарқабат деген адам аты екенін ерекше білдіретін атау, сол дәуірде өмір сүргендер арасында тек біздің Анамызда ғана бар десе де болады (кейінгі қойылған аттар болмаса).

«Һарһаббат» сөзі арабша екі түрлі ұғым беретін, екі араб сөзінен алынған құрама сөз. Араб тілінде Хар رك — ыстық, Қар رخ — суық, Һар رق — мырза деген ұғымды береді.

Ал, Һаббат (хаббат, қаббат) сөзінің араб тілінде үш мағынасы бар.

Бірінші, Хаббат ةبح — дән, екінші Қаббат ةبق — жаға, үшінші Һаббат ةبه — жылы (шуақ) желдің соғуын білдіреді.

Осы талдау бойынша Хар+хаббат, Қар+- қаббат, Һар+һаббат сөздерін бір-біріне қосқанда:

1.Ыстық дән (ركةبح(
2.Суық жаға (ةبحةبق(
3.Мырза жел (жылы) (رقةبه (деген сөздер тізбегі пайда болады. Яғни, әрқайсы өз алдына белгілі бір түсінігі бар ойды тұжырымдайтын сөздер.

Енді, осы үш сөздің ішінде адамның есіміне ыңғайлысы қайсысы?

1.Ыстық дән деген ұғым адам атынан гөрі дәнді-дақылдан пісірілген тағамға лайықты.
2.Суық жаға сөзі салқындықты білдіретін болғандықтан қатқан сулы өзен, көл жағасын, яғни, қатқан мұздың анықтамасына көп жақын.
3.Мырза жел (жылы) деген сөздің ұғымында адамға есім ретінде қоюға тән көп ұғым жатыр. Мысалы, «мырза» сөзін алсақ, ол қамқоршылдық, мейірімділік, жанашырлық, ізеттілік және басқа игіліктер тізімімен тікелей байланысты. Ал, «жылы желді» алсақ, адам жанына жұмсақ бір сүйіспеншілік, ыстық сезімді, жайбарақат рахатты, ләззатты сезіндіреді. Осы орайда, қазақтың төл сөзінде кездесетін қыз балаға қойылатын «Самал» есімі Һарһаббат сөзіне тікелей балама болары сөзсіз. Ендігі айтайын дегенім, Анамыз Һарһаббаттың негізгі аты Күнай да арабша қосымша қойылған ҺарҺаббат атымен ұғымдық ойы ұқсас «күн мен ай» деген сөзден құралғандықтан, жылылық пен мейірімділікті жеткізіп үндесіп тұр. Күнай анамыздың қосымша аты «неге араб тілінен алынған?», «оны қалай қойған?» деген оқырмандар көкірегінде осы мақаланы оқып отырғанда туындайтын сұраққа аздап болса да түсінік берейін.

Осы мақалаға себепкер болып отырған Бөкеңнің мақаласында мынандай жыр жолдары дәлелге келтіріледі :

«…Кең далада бірліктің отын көсеп,
Іргелі ел болыпты Қаракесек,
Соларды ер жеткізген Қарқабатты,
Бақ дарыған киелі ана десед.
Қазаққа тұрақ болған Арқа жері,
Ен жайлап өсіп-өнген қалың елі.
Қасиетті Шадияр Әли екен,
Қарқабат анамыздың арғы тегі…».

Ендеше, осы жыр жолдарын оқи отырып, тағы сол Бөкеңнің мақаласында келтірілген дәлелдер ішіндегі Шортанбай жыраудың жырында айтылатын сөз мәніне көңіл бөлсек, білгіміз келген сұрағымыздың алды ашылары сөзсіз… Шортекеңді біз жақтың (Қарағанды обл.Ақтоғай ауданы) сонау елуінші-алпысыншы жылдары өмір сүрген, өзім көзін көріп, әңгімесін талай естіп көкірегіме түйген ақсақалдар Шортанбай әулиенің мына жырын айтып отыратын:

«…Сыр қызын Мейрамсопы алған екен,
Жеңгесі ертіп келіп салған екен.
Жау шауып, екі арада ел бүлініп,
Қайта алмай осы Арқада қалған екен.
Емшекте жеңгесінің бар баласы,
Үш адам келген еді айналасы.
Біреуі Арыстанбаб тұқымынан,
Бірге өскен бай қызының жан жолдасы…».

Олай болса, Күнай анамыздың арабша қосымша Һарқаббат атын алуы өмір-тұрмыс салттар заңдылығы екенін көрсетеді. Өйткені, Мұхаммед пайғамбардың тікелей елшісі төрт жүз (діни аңыз бойынша) жыл өмір сүріп, Қожа Ахмет Яссауиге пайғамбарымыздың аманатын қиянатсыз жеткізіп тапсырған, ұстазы болған Арыстанбабтың тұқымы бұл атқа, яғни, араб ұғымындағы «Һарһаббат» атына сөзсіз лайық екені көрініп тұр.

Осы арада оқырмандардың назарына тағы бір сала кететін мәселе, негізі бұрынғы жазып кеткендер мен қазіргі айтушылар және зерттеушілер біздің анамыз Һарһаббатты «күң» деп айтулары негізсіз және оғаш қате. Бұл арада зертеушілер мен жазушылар және әңгімелеушілер өз тараптарынан мына ерекшеліктерге көңіл бөлмей, бірінің сөзін бірі қайталаған. Һарһаббат – діни есім және Арыстанбабтың тұқымы екеніне, Һарһаббаттың Нұрфия анамыздың жан жолдасы болғанына және Мейрамсопының «күң» қызды алмайтындығына бабамыздың сол кездегі қоғамдағы ықпалдық орны сәйкес келмейтініне және Һарһаббатты Мейрамсопыға Нұрфия анамыздың өзі қосқандығына мүлдем назар аудармаған. Өйткені, Мейрамсопының «күң» қызды алмайтыны Һақназар ханның әскербасы, ақылшысы әм батыр сардары болғаны Мейрамсопы жөнінде Қазтуған жыраудың толғауларынан белгілі: «…Бес сопы ағайынды Мейрам шешен, Арғынның тайпасына болған көсем. Көркіне көз тоймайтын сұлу еді, Өзі батыр, қартайса да нұрлы әсем».

Осы арадағы Мейрамның жалпы Арғын тайпасына көсем болғандығына көңіл бөлсек те орынды.

Һарһаббат діни есім және Арыстанбабтың үрім бұтағы екеніне жоғарыда тоқталдым. Осы орайда, Арыстанбабтың өте қасиетті адам болғанын біле отырып, сол баба қасиетінен Һарһаббат анамызға бір қасиеті дарымады ма екен деген заңды сұрақ туады. Мұндай сұраққа жауап ретінде өзім көзіммен көріп, құлағыммен тыңдаған елуінші-алпысыншы жылдарда өмір сүрген біздің ауылдың сақалы төсіне түсіп, алыста қалған ата тарихтарына үңілгендей көкжиекке ойлана қарап отырып, ауызша жеткізіп отырған әңгімелерін бар ынталы мақтанышпен шертетін дуалы ауыз қарттардың әңгімелерін еске түсірейін. Сол әңгімелерді естіген қарттарымның біразының есімдерін де атай кетсем артық болмас. Тобықты атаңның сыйлы ақсақалы Шағалам, Табын атаңнан Жәмбек. Бұл кісі кешегі Әміренің Парижде ән салғанда тартқан домбырасын жасаған адам. Әлтеке Жидебай батырдың ұрпағы Сары. Нарманбет Орманбетұлының ұрпағы Ықымет. Кәдірбек, Жәзибек, Әділбек, Мұса, Кәрімхан, Садыхан, қожа Сәтбек, Кәріпжан, Байжұман, Шақа Қараменде әулие бидің ұрпағы Махмет және басқа ондаған ақсақал болатын. Солардың ішіндегі ең жасы кішісі – менің әкем Ақторғай. Әкей үй басатын үйші, қолынан ағаш өнімдерін жасайтын шебер еді. Әкем сол кезде елудің ішінде болатын. Мал өрістен қайтар кезде ақсақалдардың бәрі ауыл шетіндегі «Қалмақоба» басына жиналып, мал өрістен келгенше кезекпен-кезек бірінен кейін бірі әңгіме бұлағын ағызатын.

Сонымен, Мейрамсопы бабамыз өзін шын ниетімен қадірлейтін Һарһаббат анамызға су төгілмес жорға ғана мінгізеді екен. Ол жорғаны басқалар мініп қоймасын деп, үлкен үй тіктіріп, соның ішінде арнайы атбегі жігітке ақысын төлеп қаратады екен. Мейрамсопы бабамыз алыс сапардан келе жатқанда Һарһаббат анамыз қасына бабамыздың естияр екі баласын ертіп жорғаға мініп, сүт пісірім жерден алдынан шығып, таяғанда аттан түсіп, қолына қысырақтан сауып, торсықтан жаңа ғана қотарылған қымызды күмістен жасалып, алтынмен көмкерілген шараға құйып, бетін ақ жібекпен жауып, алдынан жаяу алып шығады екен. Һарһаббат жақындағанда бабамыздың серіктері арқан бойы артта қалып тоқтайтын болса керек. Сол кезде Һарһаббат анамыз бабамызға:

– Алла дәмдеріңізді әрдайым үйден жазсын. Үйдің дәмін аңсаған шығарсыз, – деп ат үстіндегі бабамызға бал қымызды ұсынады екен.

Бабамыз қымыздан сабырмен ауыз тиіп, қалғанын артына ерген серіктерін шақырып соларға ұсынады да, олар ауыз тиіп жатқанда өзі аттан түсіп балаларының қасына барып, олардың төстеріне қол қойып, тізерлеп берген сәлемдерін маңдайларынан иіскеп барып қабыл алады екен де:

Еңсесі түспес ер болыңдар,
Қанатын жайған ел болыңдар.
Іргелеріңнен жел өтпесін,
Біріңе бірің тел болыңдар, – деп батасын берген соң  ғана анамызбен төс түйістіріп амандасып маңдайынан сүйіп:

– Өркенің өсіп, ұрпағың қара ормандай қалың ел болсын, Алланың ырзашылығына кенел! – дейді екен…

Бір жолы Бабамыз сапарға кетіп, ауылға ақсақалдар бас-көз болып қалыпты. Әйелдер мен бала-шағаға Һарһаббат анамыз иелік жасапты. Даладағы жылқы ішінде болатын сақа жылқышылар көрші ауылға асқа кетіп, өздері келгенше жылқыны бақылап отыруды ауылдағы бір-екі балаң жігітке тапсырыпты. Бесін намазы алдында жылқышылар жылқыны қарайлай тұруға тастап кеткен балаң жігіттің біреуі ауылға келіп, жылқыны барымташылар торуылдап жатқанын, кеш түссе қуып кетуі мүмкін екенін жеткізіпті. Хабарды естіген ауыл ақсақалдары сасқалақтап, көрші ауылға кеткен жылқышылардың артынан хабаршы жібермек болып жатқанда, Һарһаббат анамыз мән-жайды білген соң, оларды тоқтатып хабарға үлгермейтіндерін айтып, өзі бармақ болады. Һарһаббаттың бұл сөзіне қарттар жағы қобалжу білдірсе, анамыз абыржымауларын сұрап, баптауда тұрған су жорғасын ерттетіп алдырыпты да, ерінің кемер белдігін, қанжарын беліне байлап атқа қонып, жылқы жатқан жақты бетке алып кете барыпты. Жылқы жатқан жерге жеткен соң жылқыдағы жігітке: «Сен ауылға қайт. Құрығыңды бұлақ басына шаншып кет, өзім аламын» деп жігітті ауылға қайтарып жіберіпті.

Жылқыны аңдып, бақылап жатқан барымташылар үйір басын қарауылдап, жалғыз әйелдің қалғанын көріп, өзара істерінің оңайланғанына қуанып, қауқылдасып қалыпты. Тіпті, бір-екеуі әйелді аттан түсіріп, жорғасын тартып алмақ болып дауласып та қалса керек.

Барымтаның басшысы әйел не істер екен деп қарап жатыр екен. Анамыз аспай-саспай жылқы сыртын айналып шығып, жылқышы құрығын шанышқан бұлақ басына келіп аттан түсіп, атының айыл тартпасын тартыпты. Омырауына тыққан үлкен ақ орамалды алып маңдайын баса желке тұсынан шарт түйіпті де қолына шаншулы тұрған құрықты алып, құбылаға бетін түзеп басын иіп бата жасапты да ауаны тілгілей үш бағытта, үш сілтеп «Қолда, қолда, қолда!» деп айқайлапты. Содан соң аттың таса жағына шығыпты. Әйелдің бұл қылығына таңданған барымта басы басқаларын қасына шақырып алып, әйел жақты нұсқап, көріңдер деген белгі беріпті. Барымташылар баспалап келіп қарағанда аспанда желбіреген ақ орамалды, жылқыны үркіткен құрықты, жорғалаған атты ғана көріпті. Барымташылар жаңағы өздері көрген, көз алдыларындағы әйелдің жоқ болып кеткеніне аң-таң қалып тұрғанда, айналаларын бағыт-бағдар айыра алмайтындай қалың қою тұман басып қаңтарып, қосақтап қойған аттарының қай жақта екенін таба алмай естері шығып, өздері мен өздері әуре болып қала беріпті…

Бұл әңгіме Һарһаббат анамыздың қасиет пен кие қонған адам болғанына дәлел. Мұндай дұшпан көзіне көрінбей кету қасиеті сол қарттардан естігенім бойынша, Тарақты Байғозы батырда да болған екен. Жарықтық Байғозы батыр бабамыз да ақ орамалын басына тартып, аруақтап жауға кіргенде басындағы орамалдан басқа жері көрінбей, айналаны тұман бұлт басып кетеді екен. Қарттардан естіген әңгіменің рас екеніне тоқсаныншы жылдыры Ағыбай батырға Айыртаудың етегінде ас бергенде өз көзім жетті…

Менің бір қағидам жазба тарихы жоқ ауыз әдебиетіне сүйенген қазақ үшін «Шындықтың анасы аңыз» деп ойлаймын. Бірақ, бір өкініштісі сол аңыздарды өзіне қарай бұрмалап жазушылар көп болады. Өйткені, әлгіндей көрінбей кету мен басқа да әңгімелерді біздің қарттардан естіген кейбір үлкен жазушылар да өздерінің шығармаларына пайдаланып кеткен.

Нұрфия анамыз бен Һарһаббат екеуінің ауылы аралас-құралас отырса керек. Нұрфияның әкесі бай болыпты. Күнайдың әкесі дін жолындағы беделді адам болса керек. Екеуі дос болып, жақсы араласқан болуға тиіс. Өйткені, екеуі құдандалы болмақ болып Нұрфияның әкесі Күнайдың әкесіне қызына құда да түскен екен деуші еді қарттар. Сондықтан да болар, Нұрфия өзінің кенже інісінің қалыңдығы Күнсұлуды жақын тартып, жас кезінен қасында ұстапты. Екеуінің де жастау кезі екен, Нұрфия Күнайдың таңға жақын ұйқылы-ояу сыртқа шығып кетіп, сүт пісірім уақыттан кейін қайта келіп жатқанын аңғарып қалыпты. Нұрфия бұл елең-алаң уақытта далаға шығып кетіп не істейді екен деп ойлап, бір күні соңынан еріпті. Күнай үйден шығып, ешқайда бұрылмай ауыл іргесіндегі кісі бойы шидің ішіне барып кіріпті. Нұрфия да тасаланып келіп ши ішіне қараса, киіз үйдің көлеміндей жер таңғы алакөбеге қарамай жап-жарық екен. Орта тұсында аппақ оюлы текемет жазылып жатыр. Сол текеметтің үстінде өте әдемі төрт-бес қыз бала қуыршақтармен ойнап отыр екен, Күнай да соларға қосылып шеткері жатқан ер бала кейпіндегі қуыршақты киіндіріп ойнай бастайды. Мұны көрген Нұрфия аңтарылып тұрып қалады. Ойын жалғасып, бір кезде Күнай қасындағы қызбен тағы бір қуыршақты алмақ болғанда таласып қалады. Осы кезде екеуінің арасында шағын тұман пайда болып, сол тұманның арасынан өте әдемі, үстіндегі аппақ киімі төгіліп, бұрын-соңды Нұрфия көрмеген әшекейлермен безендірілген, ұзын бойлы сұлу әйел біртінбіртін пайда болады да екеуінен неге ренжісіп жатқандарын сұрайды. Екеуі кикілжіңдерін айтқан екен. Әйел екеуінің маңдайларына қолын қойып тұрып: «Бекер дауласасыңдар, екеуіңе тиесілі әзелде маңдайларыңа жазылған ұрпақтарың қолдарыңда тұр. Олардың болашағы Алланың еркінде» деп, екеуі таласқан қуыршақты қолына алып, «Ал, мынаның иесі басқа адам» деп Нұрфия жаққа қарап өзі жай-жайдан көзге көрінбей кетіпті. Сол сәтте ши ішіндегі жарық та біртін-біртін көмескілене берген соң, Нұрфия да сасқалақтап үйге қарай жүгіре жөнеліп келіп, төсегіне қозғалмағандай болайын деп жата қалса ұйықтап кетіпті. Шидің ішінен көрген әйел түсіне қайта кіріп: «Күнай, саған аманат, өмір бойы қасыңнан тастама. Бас-көз бол. Саған атам батасын береді» деп жоқ болып кетіпті…

Сірә да болса, түске кірген Ана бейнесіндегі киенің «…батасын береді» деген атасы Арыстанбаб болар…

Ал, Нұрфияның жан жолдасы Һарһаббат Арыстанбабтың ұрпағы екенін Шортанбай әулие жырында айтып отыр емес пе? Осы арада, Һарһаббат анамызға кемсіту үшін кезіндегі күншілдердің сөзіне орай қазақта досын, жолдасын ешқашанда, еш қазақ «құл, күң» деп атамайтыны бесенеден белгілі екенін айтамын. Оның үстіне, қожа мен төрені қазақ қазақ болғалы «құл, күң» деп кемсіткен емес. Қайта, екеуін төріне шығарып ардақтап, құрмет тұтқан. «Құл мен күң» қандай да болсын жаулау кезінде қолға түсіп келген тұтқындарға берілетінін еріксіздік пен тәуелділік белгісі, таңбасы іспеттес екенін түсіндірмесем де оқырман білуге тиіс. Сондықтан, Һарһаббат атына қосылып кемсіту үшін айтылатын «күң» сөзі өзіміздің қазақтың бақастығы мен күншілдігінің бір көрінісі. Оның үстіне, жақсы тоқалды кемсіту үшін «күң» сөзі әйелдер арасындағы мұқату сөзі. Мысалы, осы күнге дейін әр қазақтың сөз қоржынында «Тоқал, тоқалдың баласы» деген нашар адамдардың аузына түсетін кемсіту сөзі әлі сақталып келеді емес пе? Айтпақшы, Һарһаббаттың қожа қызы екеніне тағы бір дәлел Мейрамсопының басқа балаларының аттары Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік болса, Һарһаббаттан туған баласы Болатқожа. Неге оның аты бір әкенің баласы, бауырларына ұқсастырылып қойылмаған? Осы қойылған аттың өзі де, аңдаған адамға баланың қожа тұқымына жақындығы барын білдіріп тұр емес пе? Сонымен, Һарһаббат анамыз туралы айтар әңгімеміздің жалғасы баршылық. Һарһаббат анамыздың бабамызға қалай қосылғаны, Һарһаббат анамыздың қалай ұранға айналғаны туралы қазыналы қарттарымыздың айтқан талай-талай әңгімелері көкейде жатыр. Сонау елуінші, алпысыншы жылдары кешкі дәм ішіліп біткен соң жаяу білте шамның ала көлеңке жарығында отырып тыңдалған сан құнды дүниелер не таспаға, не қағазға түспей, балалық кезімнің бұлдыр сағынышы болып қала берді. Басқасын былай қойғанда өз әкем Ақторғай жырлайтын дастандарды, батырлар жырларын есіме алғанда алыста қалған жылдар арасынан көкірегіме еміс-еміс сағыныш сәулесін түсіріп тұрғандай болады.

Сөз соңында «Қарқабат ана» мақаласын жазған Болат Жәмкенов бауырыма және осындай келелі ойға қозғаушы болып отырған ынталы топқа өзімнің үлкен алғысымды айтып, қолдайтынымды білдіремін!

Аманолла ШАЙБЕКОВ

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671