Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Алыстағы бауырым 4405 5 пікір 21 Қараша, 2018 сағат 09:51

Хас дарындар қайталанбайды

Театр сахнасында, кино экранда талантты актер, түрлі қойылымдарда шебер режиссер әрі шет жайлаған ағайындар ортасында ұлттық өнер мен озық салт-сананы насихаттаушы, «Мұрагер» этно-тобының негізін салушы  ретінде Тәйф Таукейұлы ақсақалды жерлестері бұрыннан жақсы таниды. Таяуда жарыққа шыққан «Моңғолия қазақтарының театр тарландары» атты кітабын оқығаннан кейін өз басым жасы сексеннің сеңгіріне таяп қалған ағамның қаламы жүйрік публицист әрі өз саласына адал зерттеуші, ысылған өнертанушы екендігіне көз жеткізіп, жаңа бір қырынан танығандай болдым.

Тақырыбы кең ауқымды әрі масштабы жағынан келгенде, бүкіл бір өнер ошағының алпыс жылдан астам тарихы мен сан ондаған өнер майталмандарының шығармашылығын, өмірін қамтыған көлемді кітап бір  ғылыми-зерттеу институтқа жүк боларлықтай-ақ салмақты еңбек. Мұны мен тым асыра айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде, солай деуім әділеттік деп есептеймін.

Таңдаған нысаны біршама күрделі, ғылыми танымдық зерттеуге арқау боларлықтай жазба деректері тапшы, мұрағат мәліметтері көмескілеу ауыр еңбекті еңсеріп, естелік-эссе жанрымен майын тамыза жазып, діттеген тақырыбын толықтай ашқан, біреудің демеушілігін күтпей-ақ, өз күшімен кітабын жарыққа шығарған бармақтай ғана қарияның қажырлы талпынысына еріксіз қайран қаласың. Оқи отырып, мұқият зерттелген, тиянақты жасалған  ерен еңбегін ерлікке балайсың.

Қалай десек те өткен ғасыр қазақ театр өнерінің тарихында тыңға түрен салған көптеген елеулі жаңалықтарымен ерекшеленді. Оны әлдебір саяси үдеріспен, идеологиямен байланыстырып жатудың да қажеті жоқ. Бұрын-соңды өзіндік классикалық мазмұнымен бой көтерген театр атаулы, халықтың эстетикалық талғамын мейлінше биіктеткен өнер саласының маңызды тетігі ХХ ғасырдан бұрын қазақ даласында болмаған еді. Соның бірі – қазақ диаспорасының мәдениетінде елеулі орны бар Баян-Өлгий аймағының қазақ музыкалы-драма театрының Моңғолияның батыс өлкесінде отау тігуі еді. Бұл театр – қазақ сахна өнерінің құрамдас бөлігі екендігін ерекше атап айту ләзім. Қазақтың саны 150 мыңнан аспаса да, өзінің ұлттық өнерінің ошағы, дербес театры болуының өзі сол елдегі диаспора үшін ғана емес, иісі қазақ үшін мақтана сөз етуге болатындай-ақ реті бар.

Кітапты парақтай бастағанда-ақ бала кезде сахнадан көрген, радио, теледидар арқылы сазды әуендерін құлақтың құрышын қандыра тыңдаған талай өнер майталмандары көз алдымда әп-сәтте тіріліп кеткендей елестеді. Жүрекке жылы, көңілге жақын есімдер, есіл жандар, ескірмес әрі қайталанбас өнер тарландары...

Жалғыз аймақ көлемінде ғана емес, республиканың барлық елді мекендерін аралап, концерт қойып, қалың моңғол ішінде тілін ұмыта жаздаған, жат жұртқа сіңіп жойылып кетуге бейімделіп бара жатқан қандастарын шырт ұйқыдан оятып, ұлттық өнердің өшпес жауһарларымен бауырларын сусындатып, рухани шөлін басқан, өшпес өнерімен, күміс көмей ән-әуендерімен жүректі тебіренте тербеткен  қайран аға-әпкелер!

Қазір тарихи Отанға келгеннен кейін «қаймағы бұзылмаған, қазақылығымызды сақтаған жандармыз, мәңгүрт емеспіз» деп бес қап болып жүреміз. Егер осы өнер ордасы болмағанда, ұлттық намысымызды дер кезінде қайрап, қазақ екендігімізді сол дарын иелері үнемі еске салып, әрдайым дара таланттарымен түртіп, оятып отырмағанда көрер едік, мәңгүрттіктің көкесін!

Бала кезде қайнаған қазақы өмірдің ортасында есіміз кіргенде бір білеріміз, әр таудың бөктерін жағалай жайлаған ауыл тұрғындарын гастролмен аралап жүрген аймақ театрының көшпелі концерттері жадымызда сақталыпты. Сырғалы көлінің жағасындағы көкмайсада мың бұрала билеген бишілер мен ұлт аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен әсем әуенді әуелеткен әншілер, әлде бір әзіл-әжуасымен жиналған жұртты ду күлдірген артистер жайлаудың сәні мен салтанатын одан бетер асқақтата түсер еді. Кешкісін табақ тартылып, әлгі әнші, өнерпаздарды қонақ етіп күтісіп, ән-күй түннің бір уағына дейін жалғасқанда, бәрін таңдана тамашалап отырған біз әкелеріміздің тізесінде алаңсыз ұйықтап жатар едік.

Кейін қазақы ортадан алыстап, екімың шақырымдық шалғайда, қаптаған моңғол-халхалар ортасындағы  бір елді мекенде  ары кетсе 20-30 түтін ғана қазақтар тұратын өңірлерді түгендеп, концерт қойып кететін де осы қазақ театры тарландары еді. Әрине, ондай мәдениет сарайлары мен клубтарда гастролмен  қазақ театрының концерттерін ондағы азғана қазақ ғана тамашаламайтын. Ауыл-аймақтың жергілікті моңғолдары да қоғадай жапырыла келіп, көрермен залында ине шаншар жер қалмайтын. Бізді мектеп оқушылары екендігімізге қарамастан гастролмен келген артист аға-әпкелеріміз кешкі қойылымдарының өзіне артқы есіктен кіргізіп алып, сахнаның бір бұрышына отырғызып қоятын. Өздерінің қазақ екенін ұмытпасын, ұлттық өнерінен тағылым алсын дегендері болса керек.

Ондай гастролдік сапарларының өзі елдегі азғана қазақ үшін үлкен мереке іспетті еді. Концерттен кейін әр отбасы өз үйлерінен дәм татқызуға таласып, ақыры олар төрт-бесеуден бөлініп,  басты-басты деген оншақты үйге ғана бас сұғып, қонақ болып үлгеретін. Олар келесі елді мекенге бет бұрғанда ауылдағы қазақтардан бірлі жарым өкіл шығып, машинамен, мотоциклмен әудем жерге дейін еріп барып, шығарысып, салысатын. Бұл қазағы аз жерлердегі жағдай. Ал, Эрдэнэт, Налайх, Чандаган секілді барлық тұрғындарының кем дегенде, 500-1000 отбасы қазақ ұлтынан тұратын қалаларда қазақ театрының келуі кішігірім ұлттық мейрамға айналып кететін.

Баян-Өлгий қазақ театрында шығармашылығы шыңдалған талай мықты таланттар кейін Моңғолияның орталық академик театрларына ауысып, еңбек сіңірген қайраткер, халық артисі деңгейіне дейін көтерілген тұстары болды. Солардың бірі әрі бірегейі халық артисі, атақты әнші Қабылаш Әбікейұлының концертін студент кезімде Моңғол ұлттық академиялық опера және балет театрында тамашалаған сәтімде алған әсерім ерекше болды. Ол кісінің әндерін бұрын Моңғолияның орталық радиосынан талай мәрте тыңдадым ғой. Бірақ, сахна төрінен өз көзіңмен көргенге не жетсін. Оның өзінде қазақ әндерін моңғол театрының оркестрі тамылжыта орындап, аты аңызға айналған әнші қарсы алдыңда орындап тұрса, оған өзге ұлт өкілдері орындарынан тік тұрып қошамет көрсетсе, бұл дүниеде қазақ болып туғаныңа неге мақтанбайсың.

Маған бәрінен ерекше әсер еткені, Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін орындағаны болды. Кілең республика жұртына кеңінен танымал әншілерден құралған, елдегі атақты опера театрының хоры сапқа тұрып, солист Қабылаштың өз ана тілінде шырқаған әндерінің келесі бөлігін таза қазақ тілінде еріп айтқанын көргенде, күллі моңғол даласын бір ғана әнші жалғыз өзі жаулап, бағындырып тұрғандай сезіледі екен. Қазақ ұлтының киелі өнерінің құдіреті және жалғыз ғана хас таланттың өзгені өз ұлтының өнеріне еліктіре ертіп, тәнті етті деген міне, осы.

Сол секілді орталық моңғол циркінің манежінде де шебер ойындарымен күллі моңғолды табындырған атақты әзілкеш артист Латиф қара домбырасын күмбірлетіп, «Ақтамақ» әнін әуелете шырқап тұрар еді. Елдің ең ірі орталық концерт залында қазақтың «Ақмаңдайлым», «Сүйгенім менің қалада», «Ана туралы жыр», «Қазақ вальсі» секілді әндерін халханың қызы Хоролсүрэн нақышына келтіріп орындайтын. Қазақ театрының белді әншісі Қибат Долда ақсақалдың домбырасын қағып-қағып жіберіп, қазақтың халық әндерін, жергілікті сазгерлердің туындыларын тұнық әсем үнімен құқылжытып, жүректі жаулайтын. Осылайша, моңғол даласының қазақ өнерімен сусындауы ондағы саны аз болса да, сапасы саф алтындай өнер тарландарымыздың арқасы болатын.

Қиыр қонып, шет жайлаған қазақ диаспорасының азғана бір бөлігі осындай хас таланттарының арқасында, өнерлі дарындарымыздың тікелей ықпалының нәтижесінде тілін, салт-санасын ұмытпай, өзгеге сіңіп жойылып кетпей тәуелсіздікке жетіп, тарихи Отанына оралды.

Олай болса, театр тарландарының ұлтқа сіңірген еңбектерін қалай ұмытуға болады? Осыны ойлаған Тәйф ақсақалдың қолға қалам алғаны, игілікті бір істі лайықты бастағаны деп білеміз. Себебі, ұлттық тәрбиенің, қазақы намыстың тал бесігі болған  Баян-Өлгийдегі қазақ театры тарландарын тірілткен кітаптың бұл жолғысы бірінші томы ғана екен. Екінші томы тағы әзірленіп жатқан көрінеді. Әрине, еңбек бұнымен шектелмейді, жалғасын табады деген сөз.

Кітап – әрбірі жеке бір тақырыпқа арқау болатын бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі театрдың іргетасын қалаған «Алтын дәуір» алыптарына арналған екен. Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін салушы, тұңғыш драматург Ақтан Бабиұлы «Ермалай» атты пьесасымен қазақ драма театрының негізін қалағанын автор лайықты атап өткен. Сондай-ақ, театрдың қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосқан моңғол ұлтының өкілдерінің де еңбегіне шынайы  баға берілген.

Театр тарихында өздерінің өшпес іздерін қалдырған белгілі тұлғалардың барлығын келесі бөлімдерде жеке-жеке тақырыптар арқылы әрбіріне тоқталған, еңбектеріне жоғары баға берген. Кітаптағы тағы бір ерекше назар аудартқан мәселе – қазақ өнерін шет жұртта жүріп қолдаған қазақ зиялылары мен басшылық лауазымда болған тұлғалар еңбектерінің аталуы болды. Өз кезегінде диаспора тарихы үшін бұл да өзекті тақырып. Себебі, өз ұлтын шын сүйген азаматтар ғана төл өнеріне шынайы қолдау көрсетіп, таланттыларды өрге сүйрей алады.

Сонымен қатар «Өнердің беймәлім сырлары» деген бөлімде қазіргі жас өнертанушыларға, театртанушыларға үлгі боларлық танымдық мәселелер қозғалған.

Тәйф ақсақал қайта құру жылдарында ақын Кәкей Жаңжуңұлымен бірге айтыс өнерінің моңғол жерінде кең қанат жаюына зор үлес қосқан өнер қайраткері екендігін де осы тұста атап өткен ләзім. Тәкең құрып өзі жетекшілік еткен «Мұрагер» этно-тобы аймақтағы елді мекендерден тыс Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған өндірістік өңірлеріне де гастролмен барып, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүрімізді насихаттаған.

Сонау жылдары тілі мен тілінен айырыла жаздаған ішкері өлкелердегі сан ондаған қандастарымыздың ұлттық сана-сезімі оянып, «туған жерге ту тігудің» мәнін терең түсінген еді. Нәтижесінде, 1991 жылы ата жұртқа көш басталғанда  елдегі қала қазақтары суырылып алға шыққан болатын.

Ұлттық өнердің насихатшысы, өнер қайраткері, публицист, біз атаған кітаптың авторы Тәйф Таукейұлы қазіргі күні Астана қаласында тұрады.

Қуандық Шамахайұлы

ҚР мәдениет қайраткері, жазушы

Астана

Abai.kz

5 пікір