Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3872 0 пікір 22 Тамыз, 2011 сағат 05:17

Сағымбай Ботпайұлы. «Тәкәппар ұлы дүние! Қазақ деген – мен деймін»

Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл!

Көркемдік дәстүрдегі тарихи сабақтастық күретамырына ұлттық рухтың қаны мен жанын дарытқан Қасым ақын қазақ сөз өнеріндегі өзгеше бітімдегі бірегей тұлға. Сталиндік саяси зобалаңдардан поэтикалық қуатының әлеуеті ойсыраған қазақ поэзиясын Абай, Мағжан, Ілияс шығармашылығының классикалық стилінде жаңғыртқан Қасым ілкі дәстүрдің қуатты үйлесімде ілгерлеуіне қажетті эстетикалық мұрат пен этикалық мақсатын

«Көңілдің күйін төгейік,

Арманда кетті демейік,

Бәрінде беріп ел-жұртқа,

Қарыздар болмай өлейік», - деген жан толқытар сырымен тереңнен ұғынған жан. «Абайға айтарым» өлеңінде:

«Жатыр көп жыр жырланбай,

Шырқар кім бар шындықты?!

Керек боп тұр, шіркін-ай,

Өзіңіздей бір мықты», - деп толғаған ақынның:

«Көрсетуге ұялсын,

Кейбір кесір керауыз;

Бағалансын, сый алсын

Ойлы, күйлі жыр нағыз.

«Заманына ақын сай Болса...» дерсіз,

білемін;

Болмай жатыр, япырмай,

Болсын! - менің тілегім», - сынды көкірегін кернеген көңіл толқынында әдебиет мүддесіне деген адалдығы жатыр.

Хас таланттар әдеби мектебі тағылымынан көкірекке жасындай нұр құйылуын діттеген өр Қасым:

«Өлең керек өмірге,

Өлеңсіз күн көңілсіз,

Күй бітпей ме темірге

Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл!

Көркемдік дәстүрдегі тарихи сабақтастық күретамырына ұлттық рухтың қаны мен жанын дарытқан Қасым ақын қазақ сөз өнеріндегі өзгеше бітімдегі бірегей тұлға. Сталиндік саяси зобалаңдардан поэтикалық қуатының әлеуеті ойсыраған қазақ поэзиясын Абай, Мағжан, Ілияс шығармашылығының классикалық стилінде жаңғыртқан Қасым ілкі дәстүрдің қуатты үйлесімде ілгерлеуіне қажетті эстетикалық мұрат пен этикалық мақсатын

«Көңілдің күйін төгейік,

Арманда кетті демейік,

Бәрінде беріп ел-жұртқа,

Қарыздар болмай өлейік», - деген жан толқытар сырымен тереңнен ұғынған жан. «Абайға айтарым» өлеңінде:

«Жатыр көп жыр жырланбай,

Шырқар кім бар шындықты?!

Керек боп тұр, шіркін-ай,

Өзіңіздей бір мықты», - деп толғаған ақынның:

«Көрсетуге ұялсын,

Кейбір кесір керауыз;

Бағалансын, сый алсын

Ойлы, күйлі жыр нағыз.

«Заманына ақын сай Болса...» дерсіз,

білемін;

Болмай жатыр, япырмай,

Болсын! - менің тілегім», - сынды көкірегін кернеген көңіл толқынында әдебиет мүддесіне деген адалдығы жатыр.

Хас таланттар әдеби мектебі тағылымынан көкірекке жасындай нұр құйылуын діттеген өр Қасым:

«Өлең керек өмірге,

Өлеңсіз күн көңілсіз,

Күй бітпей ме темірге

Таба алсаңыз ебін сіз», - деп сөз сарасын қиыннан қиыстырар ер данасының даралық ақындық қасиетінің парасат биігін діттеді. «Әдебиет елдің жанында жүре бастаған толқындардың жарыққа шыққан жаңғырығы» деген Мағжан рухында Қасым Аманжолов «Ақын ұлан арыстандай айбатпен ар, намыстың майданына енеді...Бұл майданда албырт ақын, жас ұлан Түн қысымын көп көріп, зар шегеді...Амал қанша! Жалмауыздар желікті, Аямапты, ақын қанын төгіпті...» деп асыл сөз әлемінің майданында ақиқат жүгін арқалар арлы ақын болуды әу баста айқындап ала білді. Сондықтан өнер өріндегі шығармашылық еркіндік аңсарын:

«Мен табиғат бөбегі

Еркін жанмын еркемін...

Тәкаппарлық, ерлікті

Асқар таудан үйренгем;

Мен бір жанмын ерікті,

Жарысып желмен жүгірген», - деп әдіптеген Қасым ой еркіндігін, тұлға бостандығын аяусыз жаншыған кеңестік саяси қысымның балағат заманында рух асқақтығының ғаламат үлгісін танытты.

«Мен едім от жүректі Қасым ағаң,

Дүние қасіретіне жасымаған.

Дауыл ғой, дауылдап бір тұрған бойым,

Мен қайтіп іштегі өртті жасыра алам».

Бұл құдыретті сөз өнерінің шын мәніндегі эстетикалық мұратына деген ақын жанының кіршіксіз адалдығын танытады. Демек,

«Өмір теңіз толқыны теуіп сыртқа,

Шығарып та тастап жүр кей уақытта.

Тереңіне қайтадан ұмтыламын,

Толқынымен ойнаймын, ақпай ыққа.

Жаман-жақсы болсам да ел ұлымын,

Елім деген ер болса - серігімін.

Туған елдің намысын, абыройын,

Өрге тартар бір жүрдек көлігімін».

 

«Өкінбеймін өмірге Босқа келген екем деп,

Өкінемін, бір күнде Түк бітірмей кетем деп» - білген Қасым қарағайға қарсы біткен бұтақтай:

«Өзім болып айтармын өз сөзімді,

Жамау-жасқау жасап мен құрамаспын.

Жұрттың сүрлеу жолымен жүргенім жоқ,

Нар тәуекел, омбылап, тура бастым», - деп поэзияға өнер өріндегі қайтпас қайсар мінезін дарытты.

Өлең жолдарынан тұсаулы ой толқынының қалыпты да таптаурын сүрлеуімен емес, арлы да сырлы әдебиеттің табиғатымен жан әлемі біте қайнасқан Қасым стихиясын аңғарамыз. Сондақтан да шынжырға байланған арыстандай айбынды ақын хас тұлғаның шығармашылық еркіндігін шідерлеген сталинизм қасіретіне наразылығын айқындайтын эстетикалық жан әлемінің бұлқынысын поэзиясына арқау етті. Кеңестік идологияның социалистік реализм сипатындағы қалыпты да қасаң канондарына деген ішкі қарсылық «Ішім пысты. Жалықтым», «Күлемін де жылаймын»,  «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Ақынның мінезі», «Без!!!», «Ойпырмай! Батыл сөзді көп айтамын», «Оңаша ой», «Нар тәуекел» т.б. өлеңдерінің шабыт шалқарындағы қуатты болмысын даралайды.

«Өткен күннен белгім аз,

Беттегі әжім болмаса,

Шимайлаппын көп қағаз, -

О-дағы бір далбаса». («Ішім пысты. Жалықтым»)

«Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,

Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!

Бұл сапарда сүрініп те қалармын

Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!». («Нар тәуекел»)

«Мен не жаздым, шығармастай үнімді,

Әлде маған қырық дей ме екен тілімді,

Әлде менің жүрегіме су құйып -

Өшірмек пе оттан жанған көңілімді». («Мен не жаздым, сонша соңға түскендей»)

 

«Жылама сен, күл , - дейді.

Күлсем және сенбейді.

Қара тер боп тергейді,

Неге күлдің сен? - дейді». («Күлемін де жылаймын»)

«Құлдықтың құрсауы емес - баста бөркім,

Табиғат бөбегімін өскен еркін.

Жүрегі торда отырған емес тоты,

Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім». («Ғалиға жауап»)

«...Әруақтай мола кезген сұп-сүр түсі,

Болғанмен сырты күмбез, қуыс іші.

Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,

Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен». («Сұлтанмахмұт туралы баллада») Осы сипаттағы өршіл өлең өрімі рухани өмірдің ағымында орын алған саяси қысым ағысының психологиялық бейнесін әлеуметке тайсалмай жеткізудегі Қасымның азаматтық ерлігі, ақындық шеберлігінің терең иіріміне жетелейді. Демек:

«Жақсылық пен жамандық шекаралас,

Ойсыз пенде екеуін айыра алмас.

Жаздым мұны жанымен түсінер деп,

Жері жерлес, бауырым қаны қандас». - деген ақын тобырлық санадан ада арлы ұрпақтың таяз бен тереңді, анық пен танықты, ер мен езді айырып аларына нық сеніммен қарайды.

Хакім Абай, Шәкәрім үлгісіне тән көркемдік ойлау жүйесін, өлең өрімін шығармашылығына сіңірген Қасым адамзаттық гуманизмді, еркіндік пен азаттық киесіндегі мәңгілік құндылықтарды ұлт ақыны биігінде жырлады. Ақпан, Қазан төңкерістерінен кейінгі аласапыран кезең шындығы, өмір ағысының асау толқынында адасқандар тағдыр-талайы, қоғамдық жүйеде белең ала бастаған әміршіл-әкімшілдік кесір-кесапат, ата қоныстан айрылып, жат жерге шұбырған ел дүрбелеңі «Дүние - дүние боп жаралғалы», «Бай илеп, патша билеп озды өмір», «Біреулер батырсынып барқырады» т.б. өлеңдерінде реалистік айшықта көрініс тапты.

«Құйыны қилы заман соққан кезде,

Кім жылап, кім адасып шұбырмады.

Адазмат бірін-бірі жүрді талап,

Талай жан қан ағызып, шырылдады.

Адамның - адам сорып қанын, сөлін,

Жыландай жиырылды, ызылдады.

Тоймады қанша ішсе де қызыл қанды.

Дариға, не болмады, не болмады?

Тек қана дүние құрып суалмады». («Дүние - дүние боп жаралғалы»)

 

«Бай илеп, патша билеп озды өмір,

Айуандық дүниеде қозды өмір.

Азшылық көпшілікті байлап, матап,

Былығып, булығумен тозды өмір...

Бүлік кіріп халықтың арасына,

Жармасты бір-бірінің жағасына,

Ұлт пен ұлт, ел мен ел қырылысты,

Жұлысты бір атаның баласы да».  («Бай илеп, патша билеп озды өмір»)

 

«Біреулер батырсынып барқырады,

Аттан сап, айдалада ақырады.

Сартылдап сары садақ, сары сойыл,

Қызыл қан ойда, қырда сарқырады.

 

Елірген ел ішінде есерсоқтар,

Ерсініп, соған-дағы қарқылдады.

Арам күш, алаңғасар, ақымақтар,

Момынды мұқатудан тартынбады». («Біреулер батырсынып барқырады»)

Жүрегі ізгілік пен адамгершілікке, қайырымдылық пен мейірімге толы ақын:

«Арпалыс ала-құйын заманалар,

Арбасып тұрып алды, мен не етемін», - деп қан қасап заман ағысына көңіл наласын білдіреді. Туған халқы қынадай қырылған зұлмат жылдар Қасым санасында өшпес табын қалдырды. «...Жазы-қысы үйде тұрмай, қырдан жем іздеген күйкентайдай күйкі тұрмыстың қармағына ілінген қайыршы аға, аштан өлген қарындас қалды көңілде», - деген толғанысымен көкіректі кернеген шемен шерді тарқатқан-ды.

Қоғамдық өмірдің саяси-әлеуметтік мәселелеріне ұлттық мүдде ұстанымындағы азаматтық ар-ожданмен қарап:

«Ей, тәкәппар дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!», - деп дүниеге жар салған ақын кешегі өмір қайшылықтарына жаңа ғасыр биігінен зер салады. «Тәкәппарсың дүние Көп қорладың аз ұлтты» деген толғанысымен оқырманды тарих ақиқатына жетелейді. «Тәкәппар ұлы дүние! Қазақ деген - мен деймін» деп тарлан тарихтың шексіз уақыт пен кеңістік тоғысында шер тарқатқан Қасым:

«Құраулап жылқы шақырған,

Қоңырау үнді келіншек.

Қуалап құлын қайырған

Қайда жүрсің, жеткіншек?», - деп кешегі көшелі елдің ерлікке толы көшпелі дәуірін Алаш аңсарындағы сағынышпен санада жаңғыртады. Ол бастапқы отарлау, кейінгі кеңестік ұлтсыздандыру саясаты асқақ тұғырынан еш төмендете алмаған ұрпақтар сабақтастығының тектілік тініндегі үзілмеген елдік желіні танытады.

«Қазақ деген атымды,

Өшіре алмас еш бір жау!

Төбесінен тиіссе, Төңкерілер Алатау», - деп ата-баба ерлігін, өрлігін туған жер сұлулығымен әсем үйлесімде жырлаған Қасым поэзиядағы мәңгілік муза құдыретінің мөлдір тұнық тылсым тұмасы табиғат лирикасында өшпес ақындық шеберлік заңғарындағы қолтаңбасын қалдырды, жаңа бағыт ашты. Ақынның туған еліне, халқына деген шексіз махабат сүйіспеншілігіндегі елдік мұрат, оның ертеңгі күн түптің түбі қол жеткізер еркіндігіне сенімі жүрек тереңіндегі имани шындық сөз дестесі, ой кестесінің асау қанды толқыны болып аласұрады. Қандастарының тарихи санасына,  көркемдік  ойлау жүйесіне елдік рухын дарытқан классикалық поэзия ұлт әдебиетінде, Қасымды да асыл сөз  мәдениетінің құзар  шыңына шығарды.

«Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,

Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.

Сен деген қасиетті бір махаббат

Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң».

 

«Жанымды күйдірсем де жалынға сап,

Қасқыр боп таласа да мені азап,

Туған жер топырағында тіп-тік өскен,

Қара емен қасарысқан мен бір қазақ», - деген Қасымның отаншылдық рухтағы өлеңдеріне «ұлтшылдық» айып тағылып, сын ызғарына ұшырағанымен, жойқын пейзаждық лирика поэзия жанрына ғажайып көркемдік нәр, соны ұлттық болмыс сіңірді. Бұл ретте «Көкшетау», «Атамекен», «Талғар», «Ертіс», «Сарыарқа», «Орал»,  «Сібір», «Жайық», «Алматы», «Қазақстан», «Туған жер» т.б. лирикасының тарихи-эстетикалық концепциясы, идеялық-философиялық жүйесі кейінгі көркемдік дамудың бағытын айқындап берді.

«Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,

Орнашы зердеме кеп, ұлы Алатау,

Құйылшы жүрегіме, Есіл мен Сыр,

Өтейін қаптатып сел, қиратып жау». («Көкшетау»)

 

«Сүйем сені туған ел - атамекен,

Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.

Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем». («Атамекен»)

 

«Ертісім - еркіндіктің бесігі бұл...

Жерімнің жатқан бұл бір көк жойқыны,

Үстінде ойнақтаған өр толқыны,

Болаттай суарылған сол Ертісте

Қайтып та ер болмасын қазақ ұлы!». («Ертіс»)

 

«Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,

Қоналқы мекен болған сан ғасырға.

Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен

Лебімен алар тартып, шықсаң қырға» («Сарыарқа»)

 

«Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс» («Орал»)

 

«Жеріміз бар қасиетті киелі,

Сен бақытты, атам қазақ баласы!

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз». («Қазақстан»)

 

«Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,

Өзімді отқа атар ем әлде қашан;

Сен деген қасиетті бір махаббат

Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң». («Елге хат»)

 

«Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!

Нендей күйге жүрегімді бөледің?

Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем,

- Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім». («Туған жер»)

Иә, қазақ әдебиетінің көгінде жасындай жарқылдаған хас таланттың өршіл мұрат биігіндегі шығармашылық жолы ұлт әдебиетінің алтын ғасырын сомдаған ұлы тұлғалар аманатының асыл арнасында болды. Бақилыққа мәңгілік аттанар алдында ақын өзінің орындалмаған үш арманын «Абайдан ассам ба деп едім, аса алмай бара жатырмын. Екіншісі - қазақтың «Евгений Онегинін» жазам ба деп едім. Оған да ажал шіркін жеткізбей кететін түрі бар. Үшіншісі - қөшеге шыққанын бүкіл Париж аңдып тұратын Виктор Гюгоның құрметіндей құрметке бөленсем бе деп ойлап едім. Бұл да арман болып қара жерге менімен бірге көмілетін болды» деп сыралғы досы Сырбай Мәуленовке жектізген-ді. Өрелі мақсаттағы айшықты аңсар ұлт әдебиетінің дамуын діттеген ақын жүректің қанымен жазылған поэзиясымен мәңгілік муза құдыретіне бөлей бермек.

Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440