Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 6809 5 пікір 5 Желтоқсан, 2019 сағат 18:27

Ислам Әбішев: Су саласындағы қауіпсіздік - өте маңызды

Су  –  тіршілік көзі екенін жақсы білеміз. Су  –  адамзат үшін өте маңызды, өте қажет табиғи ресурс екені сөзсіз. Сонымен бірге оның қауіпті жақтарына да баса назар аударуымыз керек.

Жылда ерте көктемде болып жататын су тасқындары  –  заңды құбылыс.  Тәуелсіздік алғалы болған су тасқындарының ең қайғылысы  –  Қызылағаш  су қоймасының жарылуынан болған апат... Одан кейін Қарағандыдағы су  қоймасында тасқын болды. Мұнда да адам шығыны болып, көптеген зиян  келді. Әсіресе Қызылағаш су қоймасы бір ауылды тып-типыл етіп, көптеген адамның өмірін алып кетті. Бұл су қоймасы жекеменшік қолда болатын.  Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясының қызметкерлері қайғылы оқиғаға дейін заңды түрде су қоймасының иесіне бірнеше рет ескертулер жасаған болатын, тиісті органдарға да хабарлаған. Өкінішке қарай, тиісті шаралар атқарылмады. Нәтижесінде қайғылы  жағдай орын алды.

Қызылағаш су қоймасының сыйымдылығы, бар болғаны, 30 млн\м куб шамасында. Соның өзі бір ауылды тас-талқан етті. Ал енді Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд\м куб яғни Шардара су қоймасы 173 есе үлкен. (5 200 000 000 : 30 000 000 = 173)

Енді Шардара су қоймасынан бар болғаны 110 км төмен орналасқан  Көксарай су реттегішінің (екеуі де Сырдария өзенінің бойында) сыйымдылығы 3 млрд\ м куб, яғни Қызылағаштан 100 есе көп деген сөз. Шардара мен Көксарай екеуін қосқанда Қызылағаштан 273 есе үлкен екен. Бұдан шығатын қорытынды, Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің қауіпсіздігі өте маңызды мәселе. Осы су қоймаларының қауіпсіздігі жөнінде кезек күттірмейтін мәселелерді Су ресурстары комитетінің жаңа басшысына, Үкіметке тағы да бір жеткізуді өзімнің парызым деп санаймын.

Шардара су қоймасы

1. Сыйымдылығы:

НПУ (нормальный подпертый уровень) – 5,2 млрд\м куб,

ФПУ  (форсированный подпертый уровень) – 5,4 млрд\м куб.

Мұны қарапайым тілмен былай түсіндірейік: 5,2 млрд\м куб суды су қоймасында  2 - 3 айға дейін ұстап тұруға болады. Ал 5,4 млрд\м куб суды, жоғарыдан бірден көп су келіп, төмен қарай жіберіп үлгере алмай жатқан кезде, қысқа мерзімге қоймадағы судың көлемін 5,4 млрд\м куб дейін көбейтуге болады деген сөз. Бірақ ұзақ мерзімге мұндай көлемді суды  ұстап тұру мүмкін емес.

1. Су жіберу қабілеті:

  • Сырдария өзеніне 1800 м куб/сек
  • Қызылқұм каналына 200 м куб/сек
  • Арнасай арқылы Айдаркөлге 2100 м куб/сек

Бұл көрсеткіштер Шардара су қоймасының техникалық көрсеткіштері. Арнасай су торабы Шардара су қоймасында су көбейіп кетіп, дамбаның бұзылу қаупі туындағанда ашылуға тиісті.

1969 жылы сәуір айының аяғына қарай Шардара су қоймасы 90%-ға жуық тола болатын. Мамыр айынан бастап, шілде айының аяғына дейін жоғарыдан орасан көп су келді. Судың келуі 3500 м куб\сек шамасында болды. Ал төмен қарай өзен арқылы, бар болғаны, 1800 м куб\сек су жіберуге болады. Міне, сонда Арнасай су торабы ашылып, артық судың барлығы Айдаркөлге жіберілді. (Шамамен 26,0 млрд\м куб астам).

Жалпы су қоймаларын жобалаған кезде 100 жылда (1000 жылға дейін де есептеледі) қайталануы мүмкін, үлкен су келгенде не істеу керек екендігі ескеріледі. Шардара су қоймасы салынып біткеннен кейін 5 жыл өткенде совет инженерлері жобасын жасаған Шардара су қоймасы үлкен сыннан өтті. Өзінің сыйымдылығынан 5 есе көп суды қабылдап (5,2 млрд\м куб = 25,0 млрд\м куб), ешқандай апаттық жағдай туғызбай Айдаркөл ойпатына жіберіп, барлық халықты, елдімекендерді ешқандай шығынсыз аман алып қалды.

Мінеки, содан бері 50 жыл уақыт өтті, яғни жоспарлаған 100 жылдың 50 жылы өтіп кетті. 1969 жылғыдай көп су кез-келген жылы қайталануы мүмкін.

Біз осындай жағдайға дайынбыз ба?

Бүгінгі таңда дәл мамыр айында 1969 жылғы судың 10%-ы келсе, Шардарадан Арал теңізіне дейін ешнәрсе қалмайды. Оның мәнісі мынада:

1. Өзбекстан мен Қазақстан шекараны белгілеген кезде Арнасай су торабының дәл түбінен шекара өтті. Нәтижесінде Арнасайдың (Айдаркөл) барлығы Өзбекстанда қалды.

2. Енді Арнасайға су жіберу үшін Өзбекстаннан рұқсат алу керек.

3. Өзбекстан біздің Арнасай су торабынан 700 метр жерден өздерінің дамбасын салып тастады. Ол дамбаға су өткізгіштігі 600 м куб\сек болатын су торабын қойды. Яғни біз Арнасай су торабын 2100 м куб\сек су өткізетін етіп барынша ашып тастағанмен, өзбектердің су торабынан 600 м куб\сек артық су өтпейді. Ал біздің су торабымыз бен өзбектердің су торабының арасына, бар болғаны, 35 млн\м куб су сыяды.

Су қоймасының жұмыс режимі төмендегідей:

Желтоқсан айынан бастап сәуірдің ортасына дейін қоймаға су жиналып толтырылады. Ол су жаз бойы Түркістан, Қызылорда облыстарының диқандарына беріліп отырады.

Енді дәл 1969 жылдағыдай мамыр айынан бастап жоғарыдан секундына 3600 м куб\сек. су келе бастаса...

3600 м куб  х  60 сек  =  216 000 м куб (1 мин.)

216 000 м куб  х  60 мин  =  15 960 000 м куб (1 сағ.)

15 960 000 м куб  х  24 сағ  =  383 000 000 м куб (1 сөтке)

Бір сөткеде 383,0 млн\м куб су келеді екен. Егер қырғыздарда, тәжіктерде, Өзбекстанда мамыр айында қатты күн ысып, таудағы қарлар тез еріп, бір апта, он күн жауын-шашын болса, мұндай судың келуі әбден мүмкін. 2017 жылы мамыр айында 2000 м куб\сек су келіп, бізді әжептеуір әуреге салды.

Сәуір айының аяғында, режим бойынша, Шардарада 5,2 млрд\м куб су ұстап отырамыз. Егер де 3600 м куб\сек су келсе, оның 1800 м куб\сек өзенге, 200 м куб\сек Қызылқұм каналына, 600 м куб\сек Өзбекстанмен келісіп, Арнасайға жіберсек, онда 1000 м куб\сек су артық болып, қоймада қалып отырады. Яғни, күніне қойманың суы 86,4 млн\м куб көбейіп отырып, 3 күннен кейін су таси бастайды. Бұл өте үлкен техногендік апат. Апаттық  жағдайда су тастайтын Арнасай су торабының мүмкіншілігі шектелгеннен кейін міндетті түрде қосымша мүмкіншілік қарастырылуы керек.

Бұл мәселе жөнінде Су ресурстары комитетінде басшы болып жүрген кезде алдын-ала техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жасалып, үкіметке ұсынылған. Ары қарай толыққанды ТЭН жасап, жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) жасалу керек.

Бұл жұмысты аяғына дейін жеткізу маңызды. Өте үлкен көп су кез-келген уақытта келіп қалуы мүмкін, соған дайын болуымыз керек. Бұл мәселені үкіметтің алдында да, Қауіпсіздік кеңесінің алдында да бірнеше рет көтергенбіз, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын.

2. Шардара су қоймасының қазіргі кездегі техникалық жағдайы қандай?

Шардара су қоймасының салынғанына 60 жылға жақындады. 2000-шы жылдардың басында Арнасай су торабының дамбасы жақсылап күрделі жөндеуден өткізілді. Ал Шардара дамбасының жөнделуі көңілдегідей болған жоқ. 2016 жылы Шардара дамбасы ортасынан ойылып, астынан бос қуыс кеңістік байқалып, қауіп төнді. Оны тиісті жобалаушы институттармен тексеріп, анықтап, жөндеп шықтық. Осындай қауіп пайда болғаннан кейін білікті су маманы академик Малик Бурлибаев басқаратын арнайы мамандандырылған компанияға Шардара су қоймасының барлық дамбасын түгел тексеріп, барлық кемшіліктерін анықтап шықтық. Барлық тиісті құжаттар дайындалып, биыл мамыр айынан бастап жұмыс бастауға тиіс болатын. Бұл жұмысты да тез қолға алып шешпесе, өте қауіпті.

3. Көксарай су реттегіші

Көксарай су реттегіші 2011 жылдан бастап су қабылдай бастады. 2017 жылдың аяғына дейін бұл нысан Төтенше жағдайлар комитетінің қарамағында болды. 2018 жылдың ортасында Су ресурстары комитетінің қарамағына өтті. Қабылдап алған кезде жоғарыда атап өтілген компанияның мамандарымен Көксарай су реттегішінің дамбасы мұқият тексеріліп, мұнда да тез арада атқарылатын кемшіліктер анықталған болатын. Жобаның авторы «Казгидроводхоз» жобалау институтымен бірлесе отырып, бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың құжатын дайындаған болатынбыз.

Көксарайдың да қауіпсіздік мәселесін тез арада шешу қажет.

Шардара су қоймасы, Көксарай су реттегіші апаттық жағдайға душар болса, Шардарадан Аралға дейінгі халыққа, барлық нысандарға өте үлкен қауіп төнеді. Одан аман қалу іс жүзінде мүмкін емес.

Шардараның деңгейі мен Аралдың деңгейінің айырмасы 200 метрден астам. Су өте жылдам, жол жөнекей барлығын қирата отырып, тез жетуі мүмкін. Осы аса маңызды мәселеге тағы да бір назар аударғым келеді.

4. Астана су қоймасы және Нұр-Сұлтан қаласын судан қорғайтын дамба жайында...

Астана су қоймасының техникалық жағдайы Шардара мен Көксарайдын әлдеқайда дұрыс. Бірақ, регламентке сәйкес, бұл нысанның да жөндеуден өтетін уақыты келді. Тиісті құжаттары дайындалған, сондықтан бұл нысанға да қаржы бөлініп, жөндеуден өткізілуі тиіс. Бұл жұмыстар да биыл басталуы керек еді. Бұл нысан бұрыннан Су ресурстары комитетінің теңгерімінде болғандықтан, осы кезге дейін барлық тиісті жұмыстар уақытында атқарылып отырған.

2018 жылы Нұр-Cұлтан қаласын судан қорғайтын дамба Төтенше жағдайлар комитенінің теңгерімінен Су ресурстары комитетіне өтті. Шынын айту керек, дамбаның техникалық жағдайы, оның құжаттары сын көтермейді. 2017 жылы осы дамбаның кемшіліктерінен Астана қаласына үлкен қауіп төнген болатын. Осының нәтижесінде бұл нысанды Су ресурстары комитенінің теңгеріміне өткізіп (2018 жылы) тез арада ЖСҚ дайындалды. Бұл жұмыстар 2019 жылы сәуір айында басталып, 2020 жылдың су тасқынына дейін аяқталу керек болатын. Бұл өте ауқымды жұмыс нәтижесінде Нұр-Cұлтан қаласын тасқын су қауіпсіздігімен толық қамтамасыз ету көзделген. Бұл жөнінде Елбасымыздың нақты тапсырмасы да бар.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – білгішсіну емес, тасқын судан халыққа келетін қауіптің алдын алу.

Ислам Әбішев,

Нұр-Сұлтан қаласы,

СИЗО, 138 қапас.

02.12.2019 ж.

Сағат 02.00.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345