Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4472 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 07:52

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. Ұлт рухын асқақтатқан дауылпаз

Қазақ поэзиясы үшін Қасым Аманжоловтың орны бөлек. «Жығылсам  да жүгірумен  өтермін, Аяңшылдың  ақылын  мен  не  етермін?» деп жырлаған дауылпаз ақын, шынымен-ақ, өмірде де, өлеңде де жасындай жарқылдап, құйылып-төгіліп, бұрқасындай боратып өтті.

 

Қазақ поэзиясы үшін Қасым Аманжоловтың орны бөлек. «Жығылсам  да жүгірумен  өтермін, Аяңшылдың  ақылын  мен  не  етермін?» деп жырлаған дауылпаз ақын, шынымен-ақ, өмірде де, өлеңде де жасындай жарқылдап, құйылып-төгіліп, бұрқасындай боратып өтті.

 

Қасымның бетің бар, жүзің бар демейтін қайсар мінезі, қалтарыс-бұлтарысы жоқ, бүкпесіз табиғаты көп адамдарға, әрине, ұнай қойған жоқ. Сол себепті де, сонау соғысқа дейін-ақ ол «поэт-хулиган» атанды, әділетсіз сындарға ұшырады. Бірақ өзі айтпақшы, «солдаттың етігіндей жаны сірі» ақын бәріне төзді, бәріне төтеп берді. Алмас қылыштың қын түбінде жатпайтыны тәрізді, Қасым поэзиясы да талай өткелектен өтіп барып қалтқысыз мойындалды, шынайы бағасын алды. Деген­мен ақын поэзиясына жасалған кезіндегі қысастықтан бүгінгі ұрпақ қаншалықты хабардар және сол қиянат салдарынан жол берілген олқылықтарды түзете алдық па?! Қасым поэзиясын шынайы саралап-салмақтаймыз, өз дәрежесінде бағалауға тырысамыз десек, міне, осы мәселені ойда ұстағанымыз абзал.

Ұлтын сүйген ұлы жүрек Қасымның еліне, жеріне деген перзенттік махаббатқа, сүйіспеншілікке толы өлеңдер жазуына түрткі болды. Қазақтың арғы-бергі тарихы, бүгіні мен болашағы кейбір жағдайда ақынды терең ойға шомдырып, көңіліне алаң кіргізді, нәзік мұңға, сезімге бойлатты. Алайда оның сондай сәтте жазылған: 

...Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл  емеспіз: еркін жанбыз, азатпыз.

Қас тағдырдың  қиқаңына көнбейміз.

Ел намысын  кескілеспей бермейміз.

Сертің  осы, азат жігіт, азат  қыз, – деген тәріздес жүрек сырлары жыр жинақтарына мүлдем жолатылған жоқ. Сол сияқты: 

...Елу жаста «елім бар»

деп айта алмай, 

Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.

«Елім бар» деп айтатұғын туды күн,

«Елім  бар» деп шырқатайын

мен бүгін,

Қойсын енді Қорқыт бабам сарнамай. 

Асан ата, желмаяңа бер тыным,

Сен таппасаң, біздер таптық

жер тыңын.

«Гүлжазира», «Жерұйықтан»

кем бе екен,

Мынау дала – біздер өскен кең мекен.

Қызыл тулы ел «Қазақстан» дейтұғын, – деген шумақтарындағы Қорқыттың, Асанқайғының аттары алынып тасталды. Асанқайғының орнына Абайдың аты қойылып, өлең жолы «Атам Абай, арма­ныңа бер тыным» деген сарында өзгертілді. Әрине, өзгенің, нақтырақ айтқанда, кеңес­тік саясатпен уланғаны сонша – ұлтты сүю­дің кез келген нышанына шошына қарай­тын «қырағы» баспа редакторла­ры­ның қо­лымен. Мұндай ревизия ақынның көпте­ген өлеңдеріне аяусыз жүргізілді. Сөйтіп, «Ертіс» өлеңіндегі:

Тербеліп толқыныңда ән сап өскен,

Қайтып та сорлы болсын қазақ ұлы! – деген  жолдардағы «қазақ  ұлы» «совет ұлы» деген сөздермен ауыстырылды. «Ту­ған жер» деген өлеңінің:

Жақын жүрсем, мен –

төрінде рақаттың,

Алтын діңгек – өзім туған босағам! – деген соңғы жолдары:

Өз советім – өзім туған босағам! – болып шыға келді.

 

Түпнұсқадан айтарлықтай ауытқып, осындай үлкен түзетулерге ұшырай отырып жарияланған шығармаларының үш том­дығын Қасымның өзі көре алмай кетті. Небәрі 44 жасында ажал құрығына іліккен аяулы ақын өлеңдеріне жасалған мұндай редакцияны көрсе, өзінің тікмінезіне салып, біраз адамдармен, бәлкім, біржола кетісер де еді. Қасым өлеңдерінің терең білгірі, академик, сыншы Серік Қирабаев ақынның кейінгі төрт томдығын шығару барысында Ғафу Қайырбековтің көп өлең­дерді қалпына келтіруге тырысқанын, бірақ жөнделмей кеткен нәрселердің әлі де жетіп-артылатынын айтады. Мысалы, Қасымның поэмалар байқауында топжар­ған «Құпия қыз» атты шығармасының алғашқы нұсқасы 1938 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған екен. Бірақ ақынның үш томдығында да, төрт томдығында да поэма қысқарған кү­йін­де жарық көрген, ал түпнұсқасы жоға­лып кеткен. Сондай-ақ Қасымның соғыс кезін­де жазған орысша өлеңдері көп бол­ған. Олар да табылмай, шындығында, із­дес­тірілмей келеді. Осындай жайттар ақын­ның өлеңдерін бұрынғы шыққан м­әтін­дерімен, қолжазбаларымен салысты­рып отырып, қайтадан жинақтау, тіпті қай­та бастыру қажеттігін аңғартады.

Шығармашылығына қатысты алғанда, «Қасым үлкен ақын ретінде соғыс жылда­рын­да қалыптасты» деген де пікірлер ай­ты­лады. Бірақ қаламгерлік қуатын, қарым-қа­білетін Қасым соғысқа дейін-ақ танытып үлгер­ген. Мысалы, оның ертерек­те жазыл­ған «Мазасыз музыка» атты бал­ладалық сипа­ты бар өлеңі өзге қаламдас­тарының ешқайсысынікіне ұқсамайтын өзгеше туынды екендігін әдебиетші ғалымдар сөзсіз мойындайды. Тұлғалық жағынан да Қасым өзгелерден оқ бойы озық тұр. Яғни ақын, композиторлығы өз алдына, соны­мен бірге ол – Пушкин, Лер­монтов, Руста­вели, Шевченко сияқты бас­қа да ақын­дарды қазақ тілінде сөйлеткен өте шебер аудармашы, «Досымның үй­ленуі», «Аңқау Жүсіп» пьесаларын жазған драматург, әңгіме, очерк жазып, әдеби сынға аралас­қан жан-жақты тұлға. Яғни «Дүниеге келер әлі талай Қасым» деп жырлағанымен де, қазақ үшін Қасым қа­шанда Қасым болып қала береді. Ұлт рухын мейлінше асқақ­татқан дауылпаз ақынды бүгінде қалай дәріптеп, қалай ұлық­тасақ та орынды.

Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz/main/26980/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340