Жұма, 3 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Әдебиет 31508 46 пікір 23 Желтоқсан, 2019 сағат 12:39

Абадан

Қазақтың қайсар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың аяулы анасы Ділдә Матайқызының дүниеден өтуіне байланысты ардақты ағамыздың көңіліне – жебеу, жігеріне – медет болсын, деген ақшаңқан пейілмен аталмыш дүниені ұсындым...

Автор

(Дала дастанынан үзінді)

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке!

 «Мен Шыңғысхандай бақытты бола алмадым!»

Наполеон Бонапарт

«Өртейін деп отқа көмдім,

От жүрегім жанбады...»

Шәкәрім Құдайберді.

 

Ардақты ағам, сыйласым!
Ессіздерге – қиғашым,
Тексіздерге – қимасым,
Абаданым, Имашым!

Жүрегіме сыйғасын,
Ізетім зор, сый басым.
Ілкі топтың ішінде,
Іліп алар тұлғасың!

Асыл-мұрат ұлттың,
Мүдде-мұңын қуғансың.
Баба қыбын құбақан,
Кісілікпен жиғансың!

Сұрлы-сатпақ сай-белден,
Кербез-көркем Ай көрген.
Баянына барыңның,
Бақуатың сай келген...

Мың құбылған дүние,
Мұңсыздығын ұрласын.
Белін буды бейбағың,
Бастан батпан ұрғасын!

Қара қалам – алдаспан,
Қаны тамған сырласым.
Тас уатқан от тілім,
Дауылдатқан бұрқасын!

Қаным қызып тұрғасын,
Шын ақиқат – ұлға сын.
Әділдікті аттаман,
Аттың басын бұрғасын.

Қызыл есті терістен,
Қыжылдасып, керіскен.
Арманымның ақ дәні,
Мазалады мені іштен.

Суарып күн нұрымен,
Көмкеріп дүр-гүлімен.
Тозған айдың сынығын,
Жаптым жорық жырымен.

Көңілі-күп алаштың,
Жанар-жасы құрғасын!
Мұздымұхит-зарымды,
Қалың қазақ тыңдасын!

Биссмиллаһ – Тіл нәрі!
Ұлы Алланың құлымыз!
Әлһәмынан әлденіп,
Бағаланған құнымыз.

Қорғанымыз Әл-Хафииз!
Пейіш төрі – тура Жол.
Уағдаға иландым,
Күнәмізді жуған Ол!

Ие-илһам бұйырған,
Иманыммен сыйынғам!
Жеті насыр, ақ нұры,
Сыбызғылап құйылған.

Аспан асты, жер үсті,
Хақтың ісі келісті.
Жалғыз Өзі шешетін,
Оңы менен терісті.

Таңғы саһар тәубені,
Қабылдағай, Иеміз!
Жанабыңа ылайық,
Басымызды иеміз!..

Рақымға мұқтажбыз!
Жарылқағай, Жаббарым!
Жағым талмай Күрсіңді,
Дәріптедім, мақтадым!

Діл суаты – Қанағат.
Дін қуаты – Ынсап-ты.
Жарылқайтын қанасты,
Толтыратын құрсақты.

Талай шортан шорт сынар,
Нәпсі торын құрғанда.
Күйбең қуған күңкілмен,
Тұншығады тырбаңдап...

Ала жіпті аттама,
Жалау жалғап жылмаңға.
Баяны жоқ бес күнде,
Былапытқа былғанба!..

Алдамшыға «аһ» ұрма,
Алқауын ұқ Әмірдің.
Хан Иенің – хақы емес,
Бұйрығы Хақ Тәңірдің!

Таңбалама сүйекті,
Сыбайласып сырдаңға.
Хан Иені қайтеміз,
Жан Иеміз тұрғанда!

Ғафуур Жалғыз Иеміз!
Мұхаммедім – Елшісі!
Үмбет сүйген нәбиге,
Туылмаған тең кісі!

Иен ақса мол мейір,
Иман татыр тілге шын.
Мұхаммедтің үмбеті,
Екі дүние – біргесің!..

Ғұн мен Түркі тұқымы,
Заман жалын жұлқыңдар!
Асыл текті ұланың,
Артық туған жұртың бар!..

Қан аңсаған дұшпанның,
Бассүйегі қорымда.
Мөрлі байрақ желдеген,
Мөде қаған қолында!..

Күл-Тегіннің қаһары,
Күн түбіне жеткендей!
Білте қаған – берекем,
Намыс жиған, кек бермей...

Қаған кегі – қорғасын,
Берік қаққан тағасын.
Шылғау еткен аяққа,
Жаудың жыртық жағасын!..

Ер Түріктің байтағы,
Орда-Балық – тірегі.
Сары теңіз, Ақ теңіз,
Емен-жарқын жүзеді.

Әлем-алты өркеннің,
Кеппейтұғын сиясы.
Ең шоқтығы биігі,
Түркі империясы.

Ая-айнала, сұлу су,
Інжу көл, мұз дария.
Арқыраған көп өзен,
Алты арысқа жария.

Алтын тағы алаулы.
Барақаты қасында.
Жарты жерді қамтыған,
Кие-тәжі басында...

Топырағында Тұранның,
Сібірде де – түркілер.
Оғыздар мен хазарлар,
Түркі десе сілкінер.

Еділ қаған – Атилла,
Жауда кеткен кегі мың...
Қытай менен Римді,
Еңіретті Еділім!

Қағандығын, хандығын,
Халифатын арабтың.
Хорезм мен Парсыны,
Ер қағаным таратты.

Таразымды тәркілеп,
Фарабымды бұйыртты,
Нұрлы Отырар – Фарабым,
Отты жұртын ұйытты...

Ұлыс құты тайғанда,
(Жатқа алақан жайғанда)
Қанжар салсаң қандасқа,
Қабір қалар қай маңда?!.

Құйын – құрық шалдырмас,
Тегеуріні алдырмас.
Зорға зәру қараша,
Қара қарды талдырмас!

Туды Темір, Темірші.
Жеңістерді құшқан мың.
Қамаутері жарылып,
Ақты қаны дұшпанның!

Тәңір Өзі таңдаған,
Бес қаруын қамдаған.
Кеудесі кең, қуат зор.
Сайыпқыран, Ер Қаған!

Қоңырат қыз – анасы.
Болмақ емес, жәй кісі...
Ақ бәйбіше – қоңырат,
Шыңғыс Қаған – Қай кісі!?.

Шеккен тепкі тексізден,
Кеудесі лық қайғысы.
Түрікке Хақ бұйыртқан,
Жанның жайсаң, жайлысы.

Тиегі – Ұлы Даласы,
Сүйегі – түрік баласы!
Қоңыраттың жиені,
Қазаққа жоқ аласы...

Ақ киізге көтерген,
Шыңғыс ханды Түркілер!
Найман, керей, қоңырат,
Асқақ аты дүркірер!

Жалайыр мен қыпшағым,
Қиятым һәм меркітім.
Алтай тауын андыздап,
Ерен өскен, еркі тың!..

Тәңіріне табынған,
Қабыл болып батасы!
Көшпендісі Алтайдың.
Алдаспанның атасы.

Шыңғыс – түркі қағаны,
Мұрагері Ғұндардың.
Қағанаты Түркінің,
800 жыл тұрған Күн!

Ана сөзі Шыңғыстың,
Қазақ-найман тілі еді.
«Шағатай» деп аталған,
Түркі тілдің бірі еді.

Теңгесінде Шыңғыстың,
«Қазақ» деген сөз бар-ды.
Иманымен күйдірген,
Сатқындар пен азғанды.

Қара туы Қағанның,
«Қара сәлде» аталған.
Таза тілі қазақтың.
Араласпас жат арман.

Ел басшысы – «Қоңтайшы»,
«Хан» сөзі жоқ моңғолда.
Қазақ тілі – «Хан» деген,
Тасқа басқан таңбамда!

Нөкерлері қағанның,
Түгелімен түркілер.
Алтын, Тегін, Ұрынхай,
Реті жоқ іркілер.

Жебе, Шыңқай, Мұқалы,
Шәмші менен Алақұс.
Тоқтабек пен Кетебек,
Тастүнектей тарамыс.

Жошы менен Бату хан,
Нар сенімге жарапты.
Алаулы Алтын Орданы,
«Тәңір сыйы» санапты...

Орасан күш орманды,
Ылғи отқа ораған...
Алтын Орда 300 жыл,
Шығармаған табаннан!

Тақымы Еділ қағанның,
Ғасыр бойы басты да...
Қағанатты Хазардың,
100 жыл түсті астына.

Азап, қорлық, тапталу,
Қабырғасын сындырған.
Боз самалдай бостандық,
Жанар алдын тұндырған.

Залым Петр Бірінші,
Жарлық қылды, зар қағып:
«Мұсылманды қырып сап,
Көзбояумен алдалық!»

Берекесіз күй кешті,
Билігінде аз-ақ күн.
Жаны қалмай шошынды,
Қаһарынан қазақтың!..

Мың жыл алдын Қашқари,
Түркі тілін түлеткен.
«Жұлдызды аспан» картасын,
Ұлықбегім – нұр еткен.

Арада өтіп тоқсан жыл,
Коперник туылды.
Ұлықбектің қолына,
Құя алмайды суыңды.

Бір қол шығып жеңімнен,
Бір ғазиз бас жағадан.
Ынтымағым ұйысқан,
Өткен күнім аламан!

Көк аспанның тіреуі,
Қара жердің қыртысы.
Көк Түрікті демеді,
Күресуге жұрты үшін!

Жусан-самал, туған жер,
Атамекен аяулы.
Рухыңмен тазартам,
Кеудемдегі қаяуды.

Тағдыр – Тәңір жазуы.
Ғаффар ісі қирамас.
Сыбағасын Қағанның,
Қайыршыға сыйламас!

Көпе-кернеу кесірлік,
(Көкірегімді кірлетті)
Қайыры жоқ қараға,
Қағанымды үлгі еттім!

Есім ханым ерулі,
Еңсе биік қандасым!
Қасым ханым қарулы,
Қуат-қолың талмасын!

Түлкі жазып түгінен,
Шыбын жанын қорғай ма?
Қалың нудың қысасын,
Алла жазды маңдайға...

Шаншулы елім қапалы,
Жықты тауын – тапалы,
Берекесіз бес күнде,
Жетпіс жамау шапаны.

Азарлықтың дауысы,
Қарқылындай қарғаның.
Құтырды құл-құтаның,
Құдыққа сап қармағын!

Намыс – түні қаңтардың.
Аязы атан жығатын.
Бекзатсыздық – бейдауа,
Ділмар білмес шын атын.

Ақпанның ақ түтегі,
Қыдырма жел, қараң күн.
Сыя қоймас көйлегі,
Шын Адамға – наданның.

Құралайдың салқыны,
Қыраулаған қырқаны.
Қара надан – тар тесік,
Қараңдайды шынтағы.

Аузы қисық болса да,
Бай баласы сөйледі.
Дөп тигізген ғалымның,
Сардар сөзі бейнелі.

Қара ормандай қалың ем.
Қатар сирек азардай.
Өрт-өзегім ауыр зар,
Қайғым қара қазандай.

Арыстандай айбарлы,
Намысты елім, қайдасың?
Алаяқтар Ай барды,
Асырып сан айласын.

Екі езуі көпірген,
Көсеутілді «көсем» көп,
Сайрат күнді, тәтті елес.
Өзеуреген «есем» деп.

Қамшы ұстар Қадірмен,
Ұлықсыздан уланған.
Шат-шадыман күн кешті,
Шаталардан туғандар.

Қандыкөйлек кигенің,
Көргенсізге ылайланды.
Қотанаяқ жабылар,
Жарыспастан бәйге алды...

Айнымалы адамы,
Қыз – қылықсыз, бала – сұр.
Жерге жүзін жасырды,
Иық сүйер Жанашыр.

Қияс, қиын, зомбылық.
Зорлық, жала, қылмысың.
Көпе-кернеу жәбірлік,
Құл жасады – ұлды шын.

Опасызды мансапшыл,
Оңғақ қызық желпіді.
Мәңгіп әңгі есектей,
Есерленіп, керкіді.

Бітісі кем босборбай,
Ай бетінде – айғыздай.
Міскін-ұсқын мүсірке,
Ін аузында байғыздай.

Бишігештің серт-сөзі,
Бата жүрмес, бос табақ.
Қайқаңдайды інгендей,
Аңдығаны қас-қабақ...

Асау өзен, тұнық су,
Былғанбайды ылайға.
Қаңсық туса – таңсықтан.
Сәуле құймас шырайға.

Санасы кем сандуғаш.
Салған елді бұлғаққа.
Нәмсіз жерге шөп шықпас.
Тұқым өнбес құрғаққа...

Көзі тура Құдайдың.
Дәргейі дәу – дөң үсті.
Мың құбылып, морт сындық,
Қастерлемей кенішті...

Ізі – суыт, түс – суық,
Жетесіз көп, тар маңдай.
Топқа түсер тарпаңның.
Құр қаңқасы қалғандай.

Теңсінбеген Төрбасы,
Менсінбеген Төрбиі.
Талай тұма талант,
Жалғыз қалды ербиіп.

Аума-төкпе қу тірлік,
Бітеусіздік бүгінің.
Былшылдайды Бас биің,
Былқылдайды жұлының...

Қырық қырсық жабысқан,
Қаперсіздің қасына.
Бүркенгенін қоймаса,
Бүрге қаптар басына...

Жайсаңдыққа жұғыспас,
Жалаң бұттың сылтауы.
Қырық сідік қосылса,
Таусылмайды бұлтаңы...

Құрт-құмырсқа қаптады,
Арқа кеңге жайғасын.
Жалған жиын әупілдеп,
Молдас құрды жайғасып.

Мейірімсіз желауыз,
Үрлеп-үрді шырағын.
Аяқ – көрде, бас – төрде,
Ақ шатырда – құладын.

Құстың құлы құладын,
Садаға кет, сұңқардан!
Тышқан ұстап, ас қылып,
Құба шыңнан құр қалған...

Нар атанның төсіне,
Қолқа-қалқан жарасар.
Шауып қана түзерсің,
Қисық бітсе қара тал...

Қаспақ қырған қат-қабат,
Қарапайым майыспас.
Құрттан таза діңгегі,
Ала қайың қайыспас...

...Берекесіз, бірліксіз,
Бекке – айла, байға – сын.
Айбалтаңды өткірле,
Жау тастамас қайласын!

Сары орманға өрт қойған,
Тоқтамысым – асылдан!
Тәмәм жұрты сәжде қып,
Мәсі сүйіп, бас ұрған!

Теріс түссе боз қалқан,
Батыс беткей шаң толған.
Ораз-Мұхаммед кепілде,
Опық жемей, оқ жонған...

Көңілі – лай, көзі – лас,
Көрісуден не пайда?!.
Серті – шылық, сөз – былық,
Келісуден не пайда?!.

...Алтын шапақ араймен,
Тапыраңым тыныстар!
Қыр астында құныс бар,
Қынабымда қылыш бар!..

Базынасы киелі ел,
Құс-ұйқыма жиі енер.
Бағы тайған байғұсың,
Бір Аллаға сүйенер!

Күлдібалам көкжиек,
Кеудем кермек тұнады.
Өзек шоқтай шыжғырып,
Көзімде жас тұрады.

Суытқанмен сыздатып,
Жүрегімде жарам мың.
Ыстық қаны бойымда,
Қыран менен қағанның!..

Мейірімді Жаратқан,
Құлатпаса санақтан.
Жарау-жауды сүйрегем,
Тұлымынан қан аққан.

Найза ұшын батырып,
Омыратқасын жайғағам.
Теке-дауысын бақыртып.
Күтір-күтір шайнағам!..

Мүкәммалым маңызды,
Дәмелісі дөңестен.
Телегейлі пәк пейіл,
Жинай алмас тегешпен.

Кедей-кепшік, жоқ-жітік,
Жетім-жесір қол жайды.
Ғәріп-ғәсір, шын пейіл,
Ер мұратын толғайды...

...Сақарасын қазақтың,
Көк майсамен көмкерем.
Ары мөлдір бекзатым,
Ат суарды ертемен...

Қамыс ормай қимадым,
Шегірткенің шырылын.
Нәлетіге негізсіз,
Қарамадым бұрылып.

Кіндік қаны заңғарда,
Тау тағысы емес пе ем?!.
Қос қабылан қос тіксе,
Жауы қалмас егескен!

Жайлау-жайы шың-құзда,
Жолбарыспен теңескем.
Ырғып-қарғып өтермін,
Жеті қырқа-белестен!

Бетегеден бел қалар.
Доғасы дүр дөңеспен.
Бегің кетсе, ел қалар,
Баласы бар тел өскен!

Дараланған ісімен,
Жаға болған кішіге.
От-рухты Бейбарыс,
Сұлтан кірді түсіме...

...Ұмытпайды жебір-жау,
Қан сасыған таңдарды.
Абаданым төрде ұста,
Кенесары қанжарды!

Кенесар – ұлы хан!
Зады асыл, құштармын!
«Ұлттың сағы сынды» деу,
Сандырғы дұшпанның.

Алмас рух алапат,
Мәңгі өлмеске теңделген.
Соңғы хан әр қазақтың,
Жүрегіне жерленген!

Асық түсіп алшыдан,
Бір күн шығар Жаз-күнім!
Табысарсың басыңмен,
Кенесары Мәжнүнім!

Шемен шерім шегірен,
Қаталаған кегім ең.
Мүмін төрі тура жол,
Матай көрі – бөріден.

Борандатты батысым,
Шыжғырады шығысым.
Көз жанарын жасытып,
Жараспайды тұрысым...

Құлынымды тай қылдым,
Алқауындай айғырдың.
Шүршіттерді шірітті,
Абылайдай айбындым!

Ақтамберді нар жырау,
Тасқа салсаң майырылмас.
Өшпейтұғын өр сөзі,
Қынабына қайырылмас:
«Абылай қонған кең қоныс,
Елсіз болар деймісің...
Орын тапқан ер жігіт,
Жерсіз болар деймісің.
Орда тігіп орнаса,
Төрсіз болар деймісің!»

Топырақтың қадірі,
Татығанда таңдайға.
Жер тарпыған арғымақ,
Жәйлі жүріс таңдай ма?!.

«Абылай»-лап аттандап,
Қосылады айғайға!
Баяны үшін елінің,
Ат шаршатып шалғайға!

Тұяғын желге ілгізген,
Нарқызылын мінгізген.
Бата беріп Бөгенбай,
Абылайды білгізген.

Уытты-отты балаға,
Таңба салып дана аға.
Қырық ру қазақтың,
Сәйгүлігі санаған.

Атойлатып тездеген,
Шоқпен қатты жез деген.
Сақта, депті, тұлпарды,
Кек алатын кез келер.

Нарқызыл – көз қарасы,
Қалың жүрек жарасы.
«Абылайлы» ұранда,
Таймаған еш тағасы.

Қол сынса – жең ішінде,
Бас жырылса – бөрікте.
Жаудың қаны қарайған,
Жібермейді ерікке...

Салақ қылма сырыңды,
Досыңа да, қасқа да.
Өңің менен түсіңде,
Ақберенді тастама!

Таза ниет, пәк пейіл,
Тұнық тұма лайламас.
Көк байрағың – әділ ой,
Ойға – найза бойламас!

Адалыңды ластама!
Қасық қаның аққанша!
Азаймағай айбатың,
Арай Күнің батқанша!..

Жайдақ пайым жігерсіз,
Жазығынан жел кетпес.
Маңыз-мүдде тереңде,
Тістер ат – тіс көрсетпес...

Жабағы-жүн жаманның,
Көр-көкейін тескейсің!
Жәдігер-жер бетінде,
Ғаділ ғұмыр кешкейсің!

Ала балта суырып,
Аймауытпен қорғандым.
Сырдария шалқыса,
Көне Хазар толғанды.

Аттың буын суытпан,
Қамдап жарақ-керегін.
Жаралғанға сенбеймін,
Жаратқанға сенемін!

Қызыл іңір жылымшы,
Қайым қазақ жылыншы!
Тоқсан мың ат шапқанда,
Абаданым – БІРІНШІ!

Күнгей теріс тартылса,
Тілерсекті шаң қабар.
«Абаданнан айырылса,
Һәр бір итке жем болар».

Алты қанат Алаштың,
Қозы-лағын тай дерсің!
Қара судан – лай көрмей,
Қара түннен – Ай көрсін!

Алматы шәрі.

09.12.2018-24.04.2019.


Абадан, абдан, абдана қасқырдың үйірін бастайтын арлан, көкжал. Абадан – жаугершілікте қол бастайтын мықты тұлға, көшбасшы, ақын-жыраулар «Абадан байрақты» дейтін ержүрек қолбасшы. «Шекті Мөңке би, шеркеш Түрке би, тана Нұрке би айтты» деген сөздерде көп кездеседі. «Абаданнан айрылса, Һәр бір итке жем болар» Қазтуған жыраудың өлеңі.

Әл-Хафииз–Алла Тағаланың 99 есімінің бірі, Сақтаушы, қорғаушы.

Әл-Ғафуур–Алла Тағаланың 99 есімінің бірі, Кешіруші, Кешірімді.

Жанабы – құзыреті һәм құдыреті.

Қанас – әйелдің жатыры, ұлтабары.

Ниқмет – азап-тозақ.

Сайгез – садақ жебесінің бір түрі.

Темір, Темірші, Тэмуджин – Шыңғыс хан.

Әңгі есек – есектің еркегі.

Әл-дүрман – әл-дәрмені, күш-қуаты.

Жамиғы – бүкіл, күллі, барлық, жамағат. «Атамыз алыс болғанмен, Жамиғы қазақ бір туған» «Үш ғасыр».

Есіл – өзеннің аты.

Орыстың химик ғалымы Михаил Ломоносовтың: «Тесіктен бай баласының шынтағы көрінеді, мен сол надандық тесіктен қорқамын» деген сөзі бар.

«Құл құтырса, құдыққы қармақ салады». Қазақтың мақалы.

Құладын – тышқан жеп күнелтетін қасиетсіз құс.

Тоқтамыс хан – Жошы хан әулетінен шыққан Алтын Орда ханы. Қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіріп, Көк Орда, Хорезм, Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды жаулады. Алтын Ордадан бөлініп шықпақ болған Ресей жерлерін, 1382 жылы Мәскеуді қиратып, өртеп жіберді.

Кенесары хан – қазақтың соңғы ханы һәм

Мүкәммал – нақты мақсат-мүдде, иігілік-қазына, байлық-дәулет.

Нәлеті – лағынет, қарғыс атқан адам.

Бейбарыс Сұлтан – бала күнінде Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан – қайраткерлікке дейін көтерілген, Мысырдай алып елді билеп, күллі араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз, аса ғажайып тұлға.

Құныс – омыртқаның артқа қарай шығыңқы майысуы, яғни, бүкір. «Бүкірді – көр ғана түзейді» Қазақтың мәтелі.

«Абаданнан айырылса,

Һәр бір итке жем болар». Шалкиіз (Шәлгез) ТІЛЕНІШҰЛЫ.

Хазар – Каспий теңізі.


Мыңжан Байжанин

Abai.kz

46 пікір