Екеудің ерегесі. «Өздері түшкіріп, өздері саулық тілеп отыр...»
Жаңа жылдың табалдырығын аттай бере әлем жұртшылығын алаңдатқан оқиға орын алды. Парсы шығанағы аймағынан тұтанған от тұтас дүниені дүрліктірер соғысқа ұласып кете ме деген қауіп болғаны рас. Бұндай қауіптің туатын да жөні бар: оқиғаға тікелей қатысты қос тараптың алғашқы қарқыны қатты болған. Бірі кек қайтаратынын айтса, екіншісі оққа оқпен жауап беретінін жеткізді.
Бірақ біздің уақыт бойынша, 8 қаңтар түнгі ондар шамасында Ақүйдің иесі жасаған мәлімдеме көпшіліктің көңілін орнына түсіргендей болды. Дональд Трамптың сөзін тікелей эфирде тыңдаған әлем дүниежүзілік үшінші соғыс туындамайтнын түсінді. Екі ел өзара айбар шеккенімен, шектен шығар ойлары жоқ секілді. Соғыса кетуге екі жағы да құмартып отырған жоқ. Тіпті кейбір сарапшылар Тегеран мен Вашингтон «өздері түшкіріп, өздері саулық тілеп отыр» дегенді айтады...
Трамптың халық алдындағы ресми мәлімдемесі 10 минутқа жалғасты.
«Мен АҚШ президенті болып тұрған кезде Иран ядролық қаруға ие бола алмайды. Кеше болған шабуылда біздің ешқандай әскеріміз жарақат алмады, қаза таппады. Бар болғаны әскери базаға аз-маз нұқсан келді. Біздің сарбаздарымыз қауіпсіз жерде. Америка барлық күшке дайын. Бірақ, Иран, байқауымша, аяқ тартты-ау деймін. Бұл әлем үшін жақсы шешім болар еді.
Қаза болған Иран әскерінің қолбасшысы Касем Сулеймани Америкаға қарсы соққы жоспарлаған болатын. Біз оның алдын алдық. Бағдадтағы АҚШ елшілігіне қастандық ұйымдастырып, 4 америкалық сарбазды өлтірді. Бұның бәрі – соның ісі. Ол лаңкестерді дайындап, көптеген америкалық сарбаздардың мерт болуына қатысы бар адам. Сондықтан Сулейманидің көзін құрту туралы шешімді бұдан да ертерек қабылдау керек еді», - деді АҚШ президенті.
Бұл мәлімдемесінде Трамп Иранның ядролық қарудан бас тартуы керек екенін басты назарда ұстады. Шындап келгенде АҚШ 2015 жылы қол қойылған «ядролық келісім шартында» көптеген кемшіліктер бар деп санайды. Осы келісімшартты қайтадан жазуға, оған жаңа баптар қосуға ниетті. Сол үшін де 2018 жылы мамырда бұл келісімнен шығып кеткен. Генарал Сүлеймани өлтірілген соң, 5 қаңтарда Иран да бұл келісімнен шығатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда Германия, Франция, Ұлыбритания және Ресей мен Қытай келісімшартқа құрмет етіп отырғанымен, бұл шарт қағаз жүзінде ғана қалды. Іс жүзінде өлі шартқа айналды деуге негіз бар. Енді АҚШ ядролық қару мәселесі бойынша Иранды қайтадан келісім үстеліне шақыруы мүмкін.
Әрине оған дейін қарулы қақтығысқа ұластырмай, генарал дауын шешіп алуы керек-ақ. Негізі бұл даудың өзі ядролық қару жайлы 2015 жылғы келісімді жойып, жаңа келісімшарт жасасуға себеп болған секілді. Жаңа шартта Иранның мүмкіндігін шектейтін бірнеше бап қосылуы мүмкін. Трамптың кешегі мәлімдемесінде: «Иран ядролық қарудан бас тартуы керек және лаңкестікті доғаруы тиіс. Сондықтан Иранмен келісімге келу үшін әлем болып біріге жұмыс істеуіміз керек» дегені осы ойды құптай түседі.
Трамп мәлімдемесінде Иранмен қарулы қақтығыс болмайтынын меңзегенімен, «аттан түссем де, үзеңгіден түспеймін» дегенді аңғартты. Ол өз елінің әскери және экономикалық қуатының аса мығым екенін айтып, сес көрсетті. Тіпті Таяу Шығыстың мұнайына мұқтаж емес екенін ескертті.
«Дәл қазір бізде энергетикалық тәуелсіздік бар. Мұнай мен табиғи газ өндіруден әлем бойынша №1-міз. Таяу Шығыстың мұнайына мұқтаж емеспіз. Әлем тыныштықта өмір сүру үшін соғыстан бас тарту керек. Үй үйлесім мен үндестікте болуы үшін бейбіт өмір кешу қажет», - деді Ақүй басшысы.
Осыдан-ақ, мәселе бұл мәлімдемемен шешілмейтінін аңғаруға болады. Қос тарап та соғысты қаламағанымен, өзара «кек алу» сипатындағы әрекеттер әрі қарай жалғасуы, тіпті кіші көлемдегі әскери қақтығыстар да орын алуы мүмкін. Әрі бұндай қақтығыстарға Ирак, Ливан сынды үшінші тараптың араласуы да әбден мүмкін.
Сонымен, АҚШ пен Иран арасындағы алауыздықтың дәл қазіргі жағдайы осы. Енді ақпарат үшін істің мән-жайы мен барысына шағын шолу жасай кетейік.
3 қаңтарда Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде Ислам революциясы корпусына қарасты «Құдс күштерінің» қолбасшысы Касем Сүлеймани қаза тапты. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген көрінеді. Тегеран генералдың өлімінен кейін «кек қайтаратынын» айтып, мәлімдеме жасады. Бұндай мәлімдемені Иранның көсемі, аятолла Али Хаменеи алғаш болып жариялады. Кейін Сүлейманидің орнына «Құдс күштерінің» басшысы болып тағайындалған Исмаил Каани АҚШ-тан кек алуға уәде берді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын жеткізді.
Қаңтардың 5-і күні Иран 2015 жылы қол қойылған ядролық келісім шарттарын орындаудан бас тартатынын жариялады.
Дәл осы күні оқиға орын алған ел - Ирак парламенті АҚШ әскерін елден шығару туралы шешім қабылдады. Бұл шешімге байланысты Трамп Ирак АҚШ әскерлерін елден шығарса, оларды бұрын-соңғы болмаған ауыр санкция күтіп тұрғанын айтып сес көрсетті.
Иран тарапы өздері уәде еткен «кек алу» ұранына сай, 8 қаңтарда АҚШ әскерилері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды атқылады. Атап айтқанда Ирактың батысындағы әл-Асад және Эрбилдегі базаға ондаған зымыранмен соққы жасады.
Осы шабуылдан кейін Иран мемлекеттік телеарнасы «кем дегенде 80 америкалық террорист солдаттың мерт болғанын», базадағы тікұшақтар, дрондар және басқа да әскери құралдар қирағанын хабарлаған. Ал Иранның көсемі Хаменеи шабуылдан кейін жұрт алдына шығып сөз сөйлеп, АҚШ-қа қарымта қайтарғандарын мәлімдеді.
Бірақ Вашингтон таратқан ақпаратта Иран шабуылы АҚШ-қа айтарлықтай зиян тигізбегені айтылды. Жоғарыда біз сөз еткен мәлімдемесінде Трамп Иранның шабуылынан «америкалықтар мен ирактықтар зардап шекпеді, әскери база аздап ғана зақымданды» деп мәлімдеді.
Сарапшылар бұл шабуылға байланысты АҚШ-тың мәлімдемесін дұрыс деп есептейді. Олардың айтуынша, зымыранмен атқылар алдында Иран арнайы ескерту жасаған. Ескертуді тікелей АҚШ-қа болмасада, база орналасқан Иракқа жеткізген. Ирак арқылы АҚШ хабардар болып, барлық әскерлерін қауіпсіз жерге орналастырған. Сондықтан да, Трамптың «ешқандай адам шығыны болған жоқ» дегеніне сенуге болады.
Каспий теңізі бес мемлекетпен шектеседі десе, соның бірі - Иран. 2018 жылы Каспий конвенциясы қабылданып, шекара толық бекітілген. Айта кетейік, Қазақстанның Каспийдегі үлесі 29,6%, Әзірбайжанның үлесі – 19,5%, Ресейдікі – 18,7%, Түрікменстандікі – 18,4%, Иранның үлесі 13% болған.
5 қаңтар күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иранның Сыртқы істер министрі Жавад Разивпен телефон арқылы сөйлесіп, өңірдегі жағдайға алаңдаушылық білдірген.
Ал 8 қаңтар күні Қазақстан Президенті Ақордада жиын өткізіп, АҚШ пен Иран арасындағы дауды талқы етті.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz