Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5624 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 16:38

Сөзжасам талаптары сақталмай, сөз түзелмейді

Тіліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген «Ана тілі» газетінде кезінде жарық көрген профессор Т.Несіпбаевтің «Салалық мамандардың да айтар пікірі бар» (№18, 2010) мақаласына өз пікірімді білдіріп хат жолдағанмын. Кейін өзім де осы ұлт газетіне медицина саласындағы тіл мәселесіне қатысты мақалалар жазып, жариялап жүрмін. Алайда өкінішке қарай, сол мақалаларымда көтерілген проблемаларға қатысты әріптестерімнің, яғни ақ халатты дәрігерлердің үн қосқанын, пікір білдіргенін байқай алмадым.

Тіліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген «Ана тілі» газетінде кезінде жарық көрген профессор Т.Несіпбаевтің «Салалық мамандардың да айтар пікірі бар» (№18, 2010) мақаласына өз пікірімді білдіріп хат жолдағанмын. Кейін өзім де осы ұлт газетіне медицина саласындағы тіл мәселесіне қатысты мақалалар жазып, жариялап жүрмін. Алайда өкінішке қарай, сол мақалаларымда көтерілген проблемаларға қатысты әріптестерімнің, яғни ақ халатты дәрігерлердің үн қосқанын, пікір білдіргенін байқай алмадым.

Оған қоса ҚазҰПУ-дың ғалым-хатшысы Б.Жәлелұлы сынды басқа да аудармашы-ғалымдар «Ана тіліміз аударма тіліне айналып бара ма?» деген проблемалық сауал тастап жүр. Бірақ мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Қазір оқулықтар жетіспейді. Қала берді, олардың сапасы да сын көтермейді. Ал бізде бас­ты олқылық - халықаралық немесе әлемдік терминдерді сараптап, сүзгіден өткізбей жатып, сөзжасам талаптарын толық және мұқият ескермей аудара саламыз. Мысалы, «автивный» сөзі, латынша «activus» - «деятельный», яғни қазақ тілінде ол «іскер» деген мағынада және тек адамға қатысты айтылуы тиіс. Ал қазіргі сөздіктер мен оқу құралдарында бәрі де «белсенді». Түйе де, ешкі де, ит-мысық та, түрлі аурулар да «белсендіге» айналып шыға келген. Мысалы, «белсенді темір», «белсенді ағаш», «белсенді туберкулез», «белсенді тағам» және тағы сол секілді сөздер өріп жүр. Ал дұрысында «активный» сөзі адамға қатысты болмаған жағдайдың бәрінде де «активті» деп қалуы керек.
Сондай-ақ бүгінгі күні қолданысқа енген және медицина саласындағы көңілге қонымды, сәтті шыққан үш тілдегі сөздік иесі, профессор Мухамбедия Ахметов «слизистый» сөзінің аудармасын - 1. сілемейлі (адамдар мен жан-жануарларға қатысты). 2. шырыш (өсімдікке тән) - деп дәлелдеп көрсетті, яғни адам ағзаларындағы «слизистая оболочка»-ны «сілемейлі қабық» деп атаған жөн екен. Алайда бір сыпыра сөздіктер мен оқулықтарда әлі күнге ол «шырышты қабық» деп аталып келеді. Біраз жыл бойы баспалардан шыққан салалық оқулықтар мен сөздіктерде «слизистая оболочка» сөз тіркесі түрліше аударылып жүр дегенімізбен, біздің ойымызша, дұрысы - «кілегейлі қабық» болуы керек. Өйткені қазақ халқының ауызекі тілінде диалекттер аз емес, оған қоса «сілемей» мен «сілекей» - бір ұғымдағы сөздер. Ал «сілекей» деген кәдімгі орыстың «слюна» сөзі емес пе?
Сонымен қатар «симптом» деген әлемдік терминнің баламасына «әйгіленіс», «әйгіленім» деген жаңа сөзді телігеніне таңымыз бар. «Әйгілену» сөзінің түп төркіні - атағын шығару, яғни дәреже-деңгейін көрсету деген мағынаға келеді. Ал оның симптомға қандай қатысы бар екенін білмедік.
Соңғы он-он бес жылда баспадан шыққан сөздіктер мен кітаптардың көпшілігінде «алкоголизм» терминін қазақ тіліне «маскүнемдік» деп аударып, қолданысқа қосып жіберді. Бұл терминді бүкіл әлем жұртшылығы сол ерте заманнан танып-білген «алкоголизм» қалпында қолданып келеді. «Алкоголь» - арғы тегі араб сөзі, кейіннен латын термині «alcohol» болып қалыптасқан. Ал «маскүнемдік» сөзінің орысша баламасы - «пьяница», яғни «маскүнемдікке» «пьяница» сөзі лайық. Оған қоса арақ ішкеннің бәрі немесе мас болғанның бәрі бірдей ауру емес. Ал «алкоголизм» термині тек медицина саласында аурудың диагнозы анықталған соң ғана айтылатын термин.
Кейде орысшадан қа­зақшаға аударылған термин қайтадан орысшаға көшкенде бастапқы мәнінен өзгеше мәнге ие болып шыға келеді. Бұл, сөз жоқ, синонимдер санын көбейтіп, аударма терминдердің дәлдігіне нұқсан келтіреді.
Сондай-ақ сөз арасында тағы бірді-екілі сөз бен сөз тіркестерінен мысал келтірейін. Ол - «дифференциальный, дифференциальная диагностика» және «диссеминация, диссеминированный туберкулез легких» сөздері. 1.Диссеминация (рассеивание) - шашырау.
Диссеминированный туберкулез легких - шашыранды өкпе туберкулезі немесе өкпенің шашыранды туберкулезі.
«Диссеминированный» сөзін білгіштер «диссеминирленген, диссе­минацияланған», диссеми­ниро­ван­дық» деп әбден бұрмалап, бүлдіріп бітті. 2.Дифференциальный (различитель­ный) - ажыратылған.
Дифференциальная диагностика - ажырату диагностикасы болу керек.
Дәрігерлердің жұмысында осы келтірілген терминдер тәрізді қиын сөздерді басын ауыртпай, «ауырдың асты, жеңілдің үстімен», еш ойланбас­тан қате айтып та, жазып та жүр.
Қазіргі қазақ терминоло­гия­сындағы басты проблеманың бірі - термин қолданудағы бірізділіктің сақталмауы. Өкінішке қарай бір терминді немесе сөз тіркесін әртүрлі сөздікте, құжаттарда, тест сұрақтарында, мекемелерде әртүрлі атау кеңінен етек алып кеткен. Солардың бірі - «обезвреживание» сөзі. Оны бірде «залалсыздандыру» деп аударып жүрді, енді бір жерде «зарарсыздандыру» деп те жүр. Бұған біздің де қосарымыз бар. Медицинада «обезвреживание» және «обеззараживание» деген бір-біріне өте жақын сөздер жиі кездеседі. Менің ойымша, «обезвреживание» сөзін - зиян­сыздандыру деп алған дұрыс. Өйткені оның орысша түбірі - «вред, вредный» сөзі ғой. Ал «обеззараживание», яғни «дезинфекция» - инфекцияны кетіру, жою деген мағынаны береді. Сондықтан оған, яғни «обеззараживание» - залалсыздандыру баламасы лайықты.
Сондай-ақ бұлардан бөлек басқа сөздердің де аудармаларына қатысты да айта кететін ұсыныстарым бар. Солардың бірі - «правила» сөзінің «қағида», «положение» сөзінің - «ереже» аталуы. Дұрысы - «правила» «ереже» болуы керек. Мысалы, «Правила дорожного движения» - «жол қозғалысы ережелері», «Правила противопожарной безопасности» - «өртке қарсы қауіпсіздік ережелері» деген сияқты мысалдар жетерлік. Ал «положениеге» «қағида» сөзі лайық.
Сол секілді «проблема», «практика» терминдері барлық салаларда қолданылып жүр. Бұл ертеден келе жатқан ғылым мен технологияның қарыштап даму жолында көп уақыттан бері қолданыста жүрген әлемдік терминдер қатарында және оларды ана тілімізде сол күйінде қалдыру керек сияқты. Оны дәлелдеп көрелік:
«Проблема» - «мәселе» емес. Егер «мәселе» десек «проблемные вопро­сы», «проблемные задачи» деген тіркестерді қайда қоямыз?
«Практика» сөзін «тәжірибе» немесе іс-тәжірибе дегеніміз де көңіл көншітпейді. «Тәжірибе» - «опыт, эксперимент» сөздерінің баламасы. Мәселен, сонда «практический опыт» сөз тіркесін қалай аудармақпыз? Немесе «проходил производтcтвенную практику» дегенді «іс-тәжірибеден өтті» деп аудару да дұрыс емес. Өйткені тәжірибеден өтпейді, тәжірибені алады. Сондықтан «практика» термині қазіргі жаһандану кезінде ана тілінде сол қалпында қалғаны жөн.
«Қазақстан - Заман» газетінің өткен жылғы 15 сәуірдегі нөмірінде журналист-ғалым Б.Исаевтың «Қазақ сөзінің құнын түсірмейік» деген мақаласы шықты. Автор газет беттерінде шетел сөздерінің (блогбастер, имидж, инаугурация, презентация, рейтинг және тағы басқа) өріп кеткенін сынға ала отырып, медицинадағы «инсульт» сөзін - «секіру, шоршу, ми қан айналымының күрт бұзылуы» деп аударып береді. Автордың балама таптым деп отырғаны - ол сөзге балама да, дәлме-дәл аударма да емес, тек ауызекі түсіндірме ғана. «Инсульт» (латынша «insultus, insulto») терминінің қазақ тіліндегі түсіндірмесі - «миға қан құйылу», яғни бір сөзбен айтқанда - инсульт. Бұл да термин күйінде жазылғаны жөн. Тағы бір мысал, «интоксикация» терминінің «улану» деп аударылуы дұрыс емес. Өйткені «улану» - «отравление», ал «интоксикация» сөзіндегі түбірі «токсин», яғни «токсинмен улану» деген түсініктеме сөз тіркесімен қоса аударылады.
Тап осы сияқты қазақшаға аудар­ғанда өзгермей сол күйінде жазылатын сөздер көп. Солардың бір сыпырасын атап өтсек, олар: аллергия, ампула, аспект, бальзам, вирус, гипс, гимназия, доза, диспансер, каверна, инфильтрат, тест, токсин, фермент, фаза, форма, фиброз, реферат және бүгін-ертең таусылмайтын осы секілді халықаралық терминдер. Медицина және оған қатысы бар салалардан осы секілді жүздеген мысалдар келтіруге болады.
Жазғанымды қорыта келе айтарым, арада табаны күректей үш жыл өтсе де ел Президенті Н.Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға бейімдейді» деген сөзін қайталағым келеді. Иә, сын түзелмей, мін түзелмейтіні анық.

Темірғали Қоңырқұлжаев,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина
университетінің доценті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347