Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Арылу 4832 6 пікір 16 Мамыр, 2020 сағат 15:30

Оқушылар аралас мектепке зәру емес!

Павлодар облысы әкімі

Әбілқайыр Сқақов мырзаның назарына!

Егемендік кезеңінің алғашқы жылдарында Павлодарда қазақ мектебі түгіл орыс мектептерінде бастауыш қазақ сыныптарын ашудың өзі үлкен күшке түсетін. Кейінгі жылдары қала тұрғындарының ұлттық құрамы өзгерді. Өзге ұлт өкілдерінің арасынан тарихи отандарына қоныс аударушылардың қарасы көбейіп, олардың орнына ауылдық елді мекендерден, оңтүстік өңірлерден, шетелдерден қандастарымыз көшіп келіп орнықты. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың саны еселеп артты да, қазақ мектептерінің саны аздық ете бастады. Біршама мектепте оқу екі ауысымда жүргізіледі. Керісінше, орыс тілінде білім беретін мектептердегі оқушылар саны азайды. Олардың жартысына жуығын қазақ балалары құрайды.
Павлодардың Затон ықшам ауданында жаңа қазақ мектебі салынып жатыр деген қуанышты хабарды естігенімізде өзекті мәселе күн тәртібінен түсіп қалмаса да, аталған аудандағы мәселе оң шешімін табатынына сенімді болғанбыз. Бірақ жуырда сол маңда орналасқан орыс тілінде оқытатын №13 орта мектептің ата-аналары мектептерінің тарлығын айтып, құрылысы аяқталмаған ғимаратты аралас мектеп қылып ашу жөнінде мәселе көтеріпті. Оларды білім саласының кейбір шенеунігі мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары қолдаған көрінеді.

Қазақ мектебіне қарсылық танытқандар қаламыздағы нақты жағдайға саусақ арасынан қарап отыр-ау деген ойдамыз. Жыл өткен сайын мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңи түсіп, балаларын мемлекеттік тілде оқытатын ата-аналар санының көбейе беретіні, керісінше, балаларын орыс тілінде оқытатын ата-аналар санының кеми түсетіні қалыпты табиғи құбылыс. Тіпті қазірдің өзінде балаларын қазақ мектебіне берген өзге ұлт өкілдерінің қарасы біршама. Алдағы уақытта бұл процестің қарқыны күшейе түседі деп күтілуде.
Тағы бір назарда ұстайтын жайт, аралас мектептерде орыстілді оқушылар мен мұғалімдер қазақ тілді ортаның қалыптасуына кері әсер етеді, соның салдарынан мемлекеттік тілде білім беру нәтижесі таза қазақ мектептеріндегідей жоғары деңгейде болмайды. Қаншама жылдан бері ата-аналар мен педагогтар осы жайтты білім және ғылым министріне жария айтып, аралас мектептерді жабу жөнінде ұсыныс білдіруде.

Рас, егемендіктің алғашқы кезеңінде кішігірім ауылдық елді мекендерде екі мектеп салу ісі тиімсіз болғандықтан қолға алынбады да, аралас мектептер қалдырылды. Бірақ бұлардың барлығы дерлік кейін сұранысқа сәйкес қазақ мектептеріне айналдырылды.

Республика бойынша, оның ішінде Павлодар қаласында тіпті мектепке дейінгі балалар мекемелерінде бірыңғай мемлекеттік тілде тәрбие беру жөнінде мәселе көтерілгені күні кеше ғана емес пе! Енді оны жүзеге асыру бағытындағы іс-шаралар жоспары жасалудың орнына аралас мектеп ашу жөніндегі мәселе күн тәртібіне қойылса жұртшылыққа түсініксіз жайттың орын алатыны анық.

Біздің ойымызша, ең дұрыс шешім Затон ықшам ауданында салынып жатқан мектепке қазақ мектебі мәртебесін беру. Ал №13 орта мектептің ғимараты, шынында, оқушыларға тарлық етсе қосымша құрылыс салу арқылы мәселені шешуге болады. Солай десек те, күндердің күнінде ол оқу орнының да қазақ мектебіне айналуы ықтималдығын жоққа шығара алмаймыз.

Арман Қани,

Павлодар қаласының құрметті азаматы,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6173