Қазақ пен қазақтың қазақша амандасуы не үшін керек?
Осы постың алдында Мемлекеттік телеарнадан діни жоралғымен амандасу дұрыс па деп сұраған едік. Көпшілік ол дұрыс емес деп үн қатты. Ендеше, ресми түрде қазақ тілінде амандасуды заңдастыратын кез келген сияқты. Сол амандасудың бір түрі - АРМЫСЫҢ (АРМЫСЫЗ) деп амандасу.
Енді осының мағынасы мен маңызына қысқаша тоқтала кетейін:
"Армысыз" дегеннің мағынасы: 1. "Арылту" - тәнің саулығы (мыс.: қазақта бәйге атын жаратқанда артық майдан, тұздан арылтуы секілді). 2. "Арылу" - ниетіңді тазаладың ба, бізге деген ойларыңыз дұрыс па? 3. "Ар" - өзіңде кінә жоқ па, шындық жолындасың ба? Міне, бұдан біз қазақтың "армысың" деуі адамдық тұлғаға арналғанын көреміз. Мұнда - амандасу ТҰЛҒА БОЛМЫСЫМЕН өлшенеді.
Ал, енді, діни амандасуда басқа: онда адамның тұлғалық болмысы маңызды емес. Онда "құлшылық етудесің бе" делінеді. Яғни, адамның болмысы Құдайға құлшылықпен, яғни - ТАҚУАЛЫҚПЕН өлшенеді.... (Сондықтан, діни жорамен көпшілікпен амандасқанда, оған міндетті түрде мешіттегідей "жамағат" (құлшылық етушілер дегені) сөзді қосу керек... Ал, бұл ережеге "Қазақстан" сияқты телеарна жүргізушілері де бағынуы тиіс. Яғни, олар да "Ассалаумағалейкум, жамағат" деп амандасуы керек).
Бар айырмасы осы!
"Армысың" сөзіне қайта оралайық:
Осы айтылғаннан "Армысың" деп амандасу қазақтың визиттік картасы екендігін көреміз. Себебі, бұлай деп тек қазақ - қазақпен амандасады. Сөйтіп, әлемнің қай түпкірінде болмасын, екі қазақ "армысың" деп бір-бірін таба қояды... ұлттығын анықтайды!
Ал "Ассалау..."" деп бүкіл мұсылман қауымы амандасады. Онда ұлттық сипат жоқ. Сол арқылы олар өздерінің мұсылмандығын ғана анықтайды... ... ұлттығын емес...
Әбдірашит Бәкірұлының желідегі жазбасы
Abai.kz