Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2363 0 пікір 17 Қараша, 2011 сағат 07:52

Интернет-конференция: Мейірхан Ақдәулет (Басы)

Конференциямыздың кезекті -  қонағы талантты ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС-нің директоры, көрнекті қаламгер Мейірхан Ақдәулет оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне тұщымды жауаптар беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

Ассаламу ғалейһим!

Біз пақырды кісі санап, мықты сауалдар қойып жатқан бауырларға рахмет.

- Мейір аға, ақын алда болар жақсылық-жамандықты қарапайым адамдардан әлдеқайда бұрын сезіп біледі деген ұғым бар. Айтыңызшы, қазіргі орыс тілді, орыс жанды, балаларын орысша тәрбиелеп, орысша мектептерге беріп жүрген билік біздің Ана тілімізді Ақорданың, Парламенттің, Сенаттың, Соттың, Прократураның, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі Істер министрлігінің, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төріне шығарады дегенге сіз сенесіз бе? Жалпы қазақтарды орыстандыру саясаты қашан тоқталады деп ойлайсыз?

Конференциямыздың кезекті -  қонағы талантты ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе»ЖШС-нің директоры, көрнекті қаламгер Мейірхан Ақдәулет оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне тұщымды жауаптар беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

Ассаламу ғалейһим!

Біз пақырды кісі санап, мықты сауалдар қойып жатқан бауырларға рахмет.

- Мейір аға, ақын алда болар жақсылық-жамандықты қарапайым адамдардан әлдеқайда бұрын сезіп біледі деген ұғым бар. Айтыңызшы, қазіргі орыс тілді, орыс жанды, балаларын орысша тәрбиелеп, орысша мектептерге беріп жүрген билік біздің Ана тілімізді Ақорданың, Парламенттің, Сенаттың, Соттың, Прократураның, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі Істер министрлігінің, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төріне шығарады дегенге сіз сенесіз бе? Жалпы қазақтарды орыстандыру саясаты қашан тоқталады деп ойлайсыз?

- Сене алмаймын, үміттенемін. Кез келген қазақ өз ана тілінің ертеңіне қатысты осындай күй кешіп жүр. Ал үміт бірте-бірте күмәнға айналуы бек мүмкін, онда тіл де, қазақ та қажып бітеді. Соңғысы қорқынышты: екі-үш ұрпақтан соң ас ішіп, аяқ босатқанына мәз, ағылшын, орыс... немесе дүбәрә түркі тілінде сөйлейтін «саяси хайуан», дүниені билегелі келе жатқан Дажжалдың қарны тоқ, күйі қанық, адами уайым-жұбанышы кем құлы қалады... Қазақ афроамериканец те бола алмайды - мұның жері бай, адамға, жерге, өмірге, дүниеге деген сүйіспеншілігі мен қимастық сезімі күшті, сол себепті, әлемдік үкімет мұны толық жоюға мүдделі болатын шығар.

Жалпы, тіл, ұлт жанашырлары қазақ тілінің құлдырауының түпкі себептерін толық біліп алмағандықтан, айғай-шудан, өте бәкене талпыныстардан, «хан сыртынан жұдырық» көрсетулерден әрі бара алмай жүр. Әрине, мен солардың барлығына қазақы сезімдері үшін бас иемін, бірақ құр сезіммен, «жапырағы қуарған ескі үмітпен», тіпті, заңмен де бірдеңе бітіремін деу - жұмсақтау айтсақ, аңғалдық.

Тілдің - біздің есіл, асыл тіліміздің - қазақтың өз үйінде (мемлекет қазақтікі сияқты ғой!) мемлекеттік дәрежеге көтеріле алмағаны өз алдына, біртіндеп көтерем күйге түсіп келе жатқанына бірнеше себеп бар. Әуелі соны ұғып, анықтап, мойындап алып, соған орай жүйелі, пәрменді жұмыстар жүргізу керек, сонда ғана тіл тиісті тұғырына көтеріледі. Бұл проблема емес, ауыр науқас сияқты нәрсе: зерттеу, диагноз, содан соң өте мұқият, кешенді ем керек. Біз басы ауырған тілге іш аурудың дәрісін беріп, одан әрі сорлатып келеміз.

Сонымен... бірінші себеп - қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген күннен бері қазақ тілін жүйеге түсіру (систематизация языка) мәселесімен ешкім айналыспады. Керісінше, кім көрінген өзінің «салалық» сөздігін «жасады», кім көрінген «қазақша сөз түзумен» айналысты. Күні бүгінге дейін «мына орысшаны қазақша қалай айтудың» телебәйгелері, т.б. өткізіліп келеді. Ниет дұрыс, ішің уылжиды, бірақ дәл осы «көпшілік болып тіл жасау» дейтін «жалпыұлттық» ақымақшылық кешегі кеңес заманының өзінде тәп-тәуір күй кешіп тұрған қазақ тілін мүгедектендіріп бара жатқанын ешкім аңғармайды немесе аңғарғысы келмейді. Нәтиже белгілі. Кезінде, жұрт, қазақы жұрт, қуанғаннан бөркін көкке атып, тіл туралы заңның шыққанына ғана қуанып, «енді қатырамыз!» десіп жатқанда біз осы мәселені жазып едік. Данышпандықтан емес, оны-мұны оқып-біліп жүргендіктен. Мәселен, әлемнің айтулы алты тілінің бірі - орыс тілін жүйеге түсірумен Дальден Розентальге дейінгі ірі лингвистер айналысты, ірі ғылыми орталықтар үздіксіз осы мақсатта ғылыми жұмыс істеді. Орыс тілі сөйтіп қазіргі деңгейге көтерілді. Немесе, тағы бір мысал: екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің бәрінде де біздікіне ұқсас проблема болды - ағылшын, француз, неміс, испан, т.т. отарлары болып, солардың тілімен тілдері шыққан ұлттар өз тілдерін мемлекеттік деп жариялады. Соның басым бөлігі күні бүгінге дейін біздің күйімізді кешіп отыр - ана тілдерін қырға шығара алмай әлек. Ал бес-алтауы тілдерін ғылыми негізде жүйеге түсіріп, мемлекеттік дәрежеге көтере алды. Мұның өзі аса құпия емес, қарапайым, есті ғылыми тәсіл: 20-25 нағыз лингвистерден тұратын ғылыми топ тілді 2-3 жыл бойы «түгендеп», жалпы сөздік шығарды, тағы бір-екі жылда салалық 5 сөздік жасады, содан соң сол жүйемен ондаған сөздіктер қалыпқа түсірілді де, айналасы 7-10 жылда толыққанды, барлық саланы қамтыған, тілдің заңдылықтарымен қалыпқа түсірілген тіл барлық жүйеге сатылап енгізілді. Енгізілген тіл үкімет пен заңның қатал бақылауында болды. Бар болғаны - осы!

Біз осы жолды ұсынғанбыз. Ешкім естімеді. Және... айтқанбыз: бұлай етпесек, тіл саясаттың құралына айналарын, өзінен өзі нәрін жоғалтарын, келе-келе «тіл бюрократиясының» дүниеге келерін, ерінбегеннің ермегіне, пысықайлардың «нан табу көзіне» айналарын, «сен салар да мен салар» боларын, үкіметтің құдайдан қорқып, адамнан ұялса да, халықты ауық-ауық алдарқатып отырарын, т.т. Соны бәрі айнымай келді. Біздің әулиешілігімізден емес, ғылым мен білімге арқа сүйемей істелген ақымақшылықтардың кесірінен... Қазір кезінде бөркін көкке атқандар жоғарғы бұтаққа ілініп қалған бөркін ала алмай пұшайман болып жүр. Ал тіл, әрін де, нәрін де жоғалтып, орыс тілінің тікелей аудармасы кейпіне түсіп, креолданып барады (есек пен сиырдың төлі сияқтыны креол дейді).

Екінші себеп - тәуелсіздікпен қатар келген капиталдандыру тұсында қазақтардың натуралданған тобы (орыс мәдениетіне, орыстық стереотипке көшкен, қазақы «мырқымбайлықты» мойындамайтын «қала көрген» қазақтар) алға шығып, билік пен байлықты иемденіп алды. Өкініштісі сол, қазақтың белсенді, сауатты, жігерлі тобы да осы еді. Қалғаны атажұртта - ауылда, ата-бабаларының зираттары жатқан далада, әуелі кеңес үкіметінің, кейін қалалық ақындардың өтірік әлдиіне құдайдай сеніп, «мына заман қайтеді-ей!» деп отырған-ды. Орыс тілінде сөйлеп келген «нарық экономикасын» меңгерген де, «заманауи қулықтарды» жетік игерген де, ауылда мал бағып, малта езіп отырған қазаққа мүмкіндігінше ұқсамауға ұмтылған да, европалық боп көрінуге жанын салып, әйелдерінің шаштарын сарыға боятқандар да әлгі «белсенді топ» болатын. Қоғамның, нақты айтсақ, қазақтардың белсенділері (саясатта, ғылымда, бизнесте, т.т.) осылар болғаны хақ - бұрын Иван Иванычқа жағу үшін бәріне бара алған коммунист, комсомол, кәсіподақ, мекеме басшылары. Бұлардың қатарына қазақ тілін білсе де, іштей қазақтықтан іргесін аулақ салатын пысық қазақыларды да (олар да натуралданғандар) қосуға болады. Осы топтың ұл-қызы, шөбере-шөпшегі әлдеқашан түгелдей орысшаға көшкен, ділі орыстанған-ды. Осы процеске енді бұрынғы КСРО көлемінде жедел жүргізіліп жатқан америкаландыруды (американизация сознания, стереотипов поведения, ценностей, взглядов и т.п.) қосыңыз. Дәл осы белсенді топ күні кеше ғана нағыз қазақтарды - ауыл адамдарын, назары төмен ауыл балаларын! - «мәмбеттер» деп атап келді. (Қазір іштерінен айтатын шығар - қазір қалаларға үдере көшіп келген қазақтар салмағы көбейіп келеді!) Мәмбеттің түбі, шын аты Махамбет екенін олар әлі ойлай алмай отыр.

Екінші себептің салдары - бай да, бағлан да, бастық та - натуралданған қазақтар. Олар қазақтықтан іштей жериді. Бай еврейге, орысқа, т.т. тым болмаса, киімі мен машинасы ұқсаса, өзін бақытты сезінеді. Бұларда ұлттық құнар жоқ. Себебі, бұл елдегі әлеуметтік сатының ең төменгі басқышында нағыз қазақтар - алыс ауылдардың «шүкіршіл», «тобашыл» адамдары тұр. Өмірде, өнерде, барлық салада ұлттық құнарынан біріндеп ажырап бара жатқан нағыз қазақтардың қатарына Сіз айтып отырған лауазымдылар қосылғысы келмейді. Олар ағылшын тілінің Иоркшир диалектісінде таза сөйлесе де, скрипач, пианист болып әлемді таңдантса да, үстем еуропалықтар үшін «батыс мәдениетіне көшкен чукчалар» болып қала береріне намыстанбайды. Сол себепті, қазақ тілін билік төрге шығарғысы келсе де, шығара алмайды. «Сөйлесеңдер, өз тілдеріңде, кім қой деп жатыр!» деп, нағыз, бірақ әбден жасыған қазақты жасыта түседі.

Мемлекет бір ғана себеппен қазақ тілін шындап қолға алуы мүмкін - тексізденіп біткен ұлтқа Ресей ме, өзге ме, бәрібір болып, елді менсінбеу, мемлекетті сыйламау басталғанда ғана. Егер осылайша жалғаса берсе, енді бір 20 жылда Қазақ елі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі мүмкін. Бұған натуралданған қазақтардың жаны ауыра ма - ол да неғайбыл. «Ит тойған жеріне». Ал енді ғана қалаға келіп, замананың қатал талабын түсіне бастаған нағыз қазақ ұлтының ол кезде әбден қары талуы да немесе қайраттанып, өз құнарына ұмтылуы, ерекше қайсарлықпен ұмтылуы да бек мүмкін. Үміт пен күдік дегеніңіз - осы. Қазақы тілдің, жалпы мәдениеттің, қазақы атаулының қазіргі нағыз қазақтың өзінің күйін кешіп тұруының себептері көп. Бірақ ол - үлкен, есті талқылаулардың еншісі.

- Мен Сізден 86 жылғы желтоқсан котерілісі жайында сұрамақпын. Айтыңызшы, шыныңызды, қазақ зиялылары қандай ерлік көрсетті? Кімдер? Атын атаңызшы! Сосын жалтақтар мен қорқақтарды да атаңызшы!

Қобыз

- Желтоқсан көтерілісінде, Қалтай Мұханбетжанов айтып кеткендей, ұлттың ең адал, ең сүйікті ұл-қыздарына араша түсуге «қазақ зиялыларының к...ті жеткен жоқ».  Бұл ұлттық масқара да еді. Зиялылар үшін. Мен бұл жайлы талай рет айттым. Қайталағым келмейді. Қалаған кісі «Жел өтіндегі тағдыр» деген менің кітабымнан оқып алар.

- Қазақ әдебиетінен оқыдық, жуырда Ақтөбеде мерейтойыңыз өтіпті, құттықтаймыз!Әдетте мерейтой кезінде Алматы мен Астанадағы ақын-жазушылардың көбі, әсіресе, Президент әкімшілігі, Парламент, Үкімет, немесе БАҚ билігінде жүргендері туралы «Егеменнен» бастап бүкіл газет-журналда көлдей мақала-мадақтар шығады. Оқып отырып біртүрлі ұяласың, мерейтой иесінен асқан жазушы не ақын жоқ сияқты. Сіздің мерейтой БАҚ-та еленбеді. Әлде сіз Ақтөбеде жүргендіктен бе?

- Рас, өтті. Қартайыппыз. Бостан босқа. Ешкімге қажеті жоқ жоқтарды іздеп, жаманатты болып жүріп, том-том өтірік өлең жазбай, мықтылармен сыйласпай. Шүкір, біреулерге қажет екенмін: тойға Фариза апам, Қажығали, Үмбетбай ағаларым, Жұмабай, Әлия, Байбота мен Кәмила, Таласбек, Шәмшиддин (Паттеев) достарым, Елена Әбдіқалықова қарындасым, т.т. келді. Ақтөбенің жұрты келер, соларға аз-мұз әңгіме айтып, дастарқан жаярмын деп едім, күтпеген жерден көп адам келді. Сол аз ба?! Сауытбек менің кешім туралы хабарды «ЕҚ»-ға басыпты... қа-андай бақыт!

Шынына келсек, менде кембағалдық, балалық комплекс жоқ: мен жайлы барлық газет өп-өтірік жел сөзді басқанда өмірім ұзара ма, баспағанда бағам кеми ме? Орысша айтсақ, мен самодостаточный адаммын. Қазақбайский науқасым жоқ. Кеште айттым: «Маған туған жерім велосипед те сыйламайды - өкпелемеймін, «джип» сыйласа, тағы да қуанбаймын. Соған бола бықсу, бейшаралану маған қол емес» деп. Мұны өзіңді көргенде сенің ішкі мазмұныңмен ісі жоқ, «бұл кісі примерно қанша доллар тұрады» деп қарайтын, сенің құныңды қай дөкейдің досы екеніңе, «крышаң» кім екеніне қарап белгілейтін, өзінен бір саты биікке құл болып, өзінен қызметі төменге бейшара деп қарайтын сорлылар түсінер ме деп те қапаланбаймын - менің қазақтығым мен адамдығым өтпелі, алдамшы қуыршаққа алданып, кісімін деп жүргендердің көзқарасымен өлшенбейді.

Жалпы, еленбеген де дұрыс - еленіп жатқандардың көпшілігінің бәкенелігін көріп отырып, сол қатарға қосылмадым деп налуға бола ма?!

Ешкімге өкпем жоқ. Аяу ғана бар. Адамдардың бәрін аяймын - үлкендік кіргені шығар.

Шыны керек, мен қатардағы, аз-мұз сауаты бар қазақпын. Кімге, не үшін бұлданам? Құдай сақтасын.

- Меке, неге ескі фотоны жарияладыңыз? Бүгінгі кейпіңіз билікке жақындағасын жұрттан қаймықтыңыз ба? Ақтөбедегі әсіреисламшылдар қаншалықты қатерлі? Өтірік ойынның көрінісі емес пе? Қазақ журналистикасы әдебиеттен ажырамаған деген пікірді айтқан сіз болатынсыз, бүгінгі халі қалай? Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті қалыптасты ма? Көш басында кімдер тұр?
Ақтөбе өнері неге тұншығуда? Кішкентай ғана Ақтаудың дауысы зор шығады дегенім ғой.
Ақтөбе билігіне баюдан басқа жолды таңдайтындар неге келмейді?
Әбілқайыр хан сатқын ба, әлде Ұлы отан соғысының бас кейіпкері ме?
Ақтөбеде мұнай болмаса не болар еді?

Сабыр

- Қолда бары сол болған шығар. Мен аса ажарлы кісі емеспін, иегін ұстап, «ойға батып» суретке түсетін ештеңем жоқ. Ал билік... билік мені қызметке жалдап отыр: ақша береді, шаруаны істеймін - күн көру керек. Бірақ, шүкір, басымды төмендеткен жерім жоқ. Себебі, жұмысымды білемін. Билік үшін мен жауап бермеймін, келісімді көлемде жұмыс істеймін. Әрине, Ақтөбенің барлық жағынан озық болуына тілектеспін, қолдан келгенінше сол үшін қызмет істеймін.

Тағы бір нәрсе: менің жолым болған-ау деймін - Аслан Мусин де, Елеусін Сағындықов та мені сыйлады, бетіме жел боп тимеді. Мен де солардың қанжығасында кеткен ештемем жоқ, жағымпазданған, жампарсыған жерім жоқ, керісінше, мінез көрсетіп жүрдім, сонымды көтере білді, рахмет.  Мені орынсыз нәрсеге жұмсамады, зекіп-сөкпеді. Демек, сыйлағаны шығар. Қазіргі Архимед те солай сияқты. Аға деп сыйлайды. Ал біреуге барып, «сен менің бармай тапқан қағбамсың» деп зуылдайтын әдетті маған құдай қимады. Билікпен бірге жүрген жоқпын: тендерге қатыспаймын, экономикаға қатысым жоқ, ойындардың ішінде жоқпын. Бірақ биліктің барлық табыстарына тілектеспін. Сол жарамайды ма?!

Ақтөбедегі әсіреисламшылар - біздің қоғамның өзі кіндігін кесіп берген, шетелдің арнайы қызметтері ұйымдастырған құбылыс деп ойлаймын. Қоғам, кезінде есті кісілер қайта-қайта айтып-жазып  жатқанына қарамастан елдің, діннің бәрін бетімен жіберді. Алғашқы капитал қалыптасуы үшін күллі ұрлық пен заңсыздыққа едәуір уақыт көз жұмып отыру, бәлкім, дұрыс-ақ шығар, бірақ идеологияны бетімен жіберген билік (мүмкін, уақыты болмаған шығар - ұрласаң да, өзге нәрсе істесең де, қалай да баю деген «мұрат» болды онда) кезінде бәріне рұқсат етті. Енді, міне, менің сүйікті мақалымның кебі келді - «құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөркіңе». Елімізде (Атырауда, Таразда, т.т.) бой көрсетіп отырған терроризм өте қатерлі тенденцияға айналып кетпегей деген уайым бар.  Меніңше, бұл да әлемдік сценарийлердің бірінің көрінісі сияқты. Бұған ел болып қарсы күресу керек. Есті, сауатты, ұстамды түрде. Алла қазақты сақтайтын шығар бұл дерттен.

Журналистика қазір қайта төмендеді. Екі ұшқарылық бар: бірі - негізсіз бөспе сөз, «көк бөрі болып ұлығансу», қызылқырттық пен даңғаза, т.т., екіншісі - Президентті, лауазымдыларды, т.т., болмаса, «маған ұнамайтын дорақты сынаймын деп мәдениетті, тектілікті ұмыту, «менікі ғана дұрыс!» деген қызылкөздік. Журналистика 90-жылдары жақсырақ еді, ол кезде біз айтсақ, ел түзеледі деген шынайы сенім мен романтика бар еді. Қазір, «маған - по хрен!» дейтіндей салғырттық, «мен нені түзетем?» деген марғаулық басым, қарапайым адамдардың өмірі, жалпы, өмір, оның кейде ажарлы, кейде ажарсыз бет-ауызы жоқ. Күлесің де қоясың: кімнің не үшін олай деп отырғаны, шолақтық, т.т. Бәлкім, қоғамның өзі бейжай күйге түсті ме, әлде, қазақ әндері сияқты журналистикадан да мән-мағына кетті ме? Ал қоғам қызық: әйгілі философ айтқандай, бізде «тобырдың көтерілісі» (восстание масс) өтіп жатыр: қазақша айтсақ, «төре отырар төбеге, төбет шықты». Бәрі философ, бәрі мәдениеттанушы, бәрі тұлға, бәрі «алаштың азаматы» - бәрі бәкене. Амантай Өтегенов деген ақын досымның маған арнаған өлеңінде:

«...как мало овец в степи осталось,

как много развелось волков.

Нам осень человечества досталось,

Не мы мелчаем -

мир теперь таков...» -

дегені бар. «Біздің маңдайға адамзаттың күзі бұйырды» дегені, «просто и гениально!». Мүмкін, біз ұсақтап бара жатқан шығармыз. Адамзат та, қазақтар да... Журналистика, әдебиет, өнер - біздің көрінісіміз ғой. Ақтау, дәлірегі Маңқыстау, аруағы басым өлке ғой. О жаққа орыс барғалы 40 жылдан асты. Біз, қазақша сөйлегенімізбен, орыс бірінші боп отарлаған, кешеге дейін орыс билеп келген өлкеміз. Сол инерция әлі де сақталып тұрғанымен, шүкір, қазақшылық, «қазақ та адам баласы ғой» деп қарау соңғы бес-алты жылда түзеліп келеді. Негізі, Ақтөбеде қазақы рух пен қазақы құнар күшеюге тиіс. Шықпаған жанда үміт бар - оны да көрерміз.

Ақтөбенің билігі соңғы 7-8 жылда едәуір табысқа жетті. Билікке ұрсу мода демесеңіз, Ақтөбе республика бойынша барлық салалар бойынша алда келеді. Сондықтан Ақтөбенің өзге болмағанымен, әкімнен жолы болып тұр деп ойлаймын.

Әбілқайыр - қазақ деген халықты жоғалып кетуден сақтап қалған, өмірі күреспен өткен, көзі тіріде де, өлген соң да лайықты құрмет көрмеген ұлы тұлға, даңқты қолбасшы, тамаша саясаткер, ержүрек батыр.

Біздің бейшара тарихшылар Әбілқайырды төмен көрсеткісі келеді. Қытай императорының дәргейіне жүгініп, хат жазған Төле биді ешкім сатқын демейді - тарихи ситуация солай еді. Ал Әбілқайыр Қазақстанды қалмақтардан азат етті, башқұрттардың, Еділ қалмақтарының, түрікпендердің бұлғақтарын басты. Оны «Ордабасында бас қолбасшы етіп сайлады» деп жүр, бұл - қате немесе оңбағандық пиғыл. Шын мәнінде 45 мың қолмен барып Түркістанды азат еткен де, әйгілі шайқастарда қалмақты жеңген де Әбілқайыр, оның өз әскері. Қалған қазақ оның жеңімпаз қолына келіп қосылған-ды. Орысқа бодан болам деп те жазған жоқ, мұның шындығы енді ашылып жатыр. Абылайды тұтқыннан құтқартқан да сол еді. Біздің тарихшылар да, орыс тарихшылары да оның шынайы болмысы мен миссиясын әдейі бұрмалап келеді. Біздікілер - бейшара пиғылмен, орыстар Әбілқайырды жек көрген Неплюевті қолдап. Қазір қазақта Абылайдан өзге ешкім болмағандай етіп айтылып жүр. Әбілқайыр қазақ тағдыры үшін арпалысып жатқанда Абылайдың 25-тегі жігіт екенін, оның аз-мұз соғысын, кейін татуласып жүрген қалмағы Әбілқайыр меселін қайтарып, мүйізін сындырған, Қытай 100 мың әскермен келіп талқандаған қалмақтан қалған, атты империя емес, шоғыр-шоғыр бөлініп, қалмақтың сұлтандары билеген ұлы елдің қалдығы екенімен, мұның бәрі орыс, қытай жазбаларындағы факт екенімен, Әбілқайырдан соң оның елін бірнеше ұлдары билегенімен ешкімнің ісі жоқ. Әбілқайыр - билікке келмедім деп едәуір елді ертіп, башқұрт арасына кеткен Сәмекеден де, Неплюевке келіп бәсекелесе ант берген Абылай, Барақ, т.б. сұлтандардан да биік тұрған ұлы тұлға. Ол біздің сорлылар жазып жүргендей «хан сайламаған соң Ордабасынан кетіп» қалған жоқ, сол тұста еділдік қалмақтардың ел шебіне қайта кіргенін естіп, өз әскерімен жедел жорыққа шыққан-ды. Біздің тарихта бәкене тарихшысымақтар мен жазушысымақтар қолдан жасаған мифтер көп, соларға халықты сендіріп әлек болып жүргендердің ресми ұстанымға айналып кететініне қайранмын, демек, билікте де сауат кем болғаны ғой.

Ақтөбеде мұнай ғана емес, өзге игіліктер де жетіп артылады. Мәселен, Ақтөбенің жер қойнауындағы байлықпен (алтыннан тастемірге дейін) Қазақстанды 100 жыл асырауға болады. Қазір жаңа зауыттар, ірі кен орындары, өзге өнімдер өндіретін кәсіпорындар өте көп. Ақтөбе мұнайсыз да осы жақсы күйінде қалар еді деп ойлаймын.

- Мейірхан аға, әйгілі "Алтын Орда" газетін қалай шығарып бастадыңыз?

- «Алтын Орда» - толық жүзеге аса алмаған жоба. Тәуекелмен бастадық. Аз уақытта абыройға жеттік. Жұмысты дұрыс істесе, бәрі мүмкін. Мен талай нәрсе жасар едім, «кедейдің күні «әттеген-ай!»-мен өттінің» кебі болып тұр.

- Аслан Мусин сіздің кіміңіз?

- Аслан Мусин - мені қатты қадірлейтін кісі, үлкен азамат. Ол ірі шаруаларды дабыралатпай-ақ тындыратын тұлға. Туыс, құда, жекжат, курстас, «рюмкілес», т.б. емес, мені қадірлейтін сырты қатты көрінгенімен, іші сәулелі жігіт деп ойлаймын. Мен сыйлағанның (бірдеңе бергеннің емес!) құлымын. Оны еш жамандыққа қимаймын.  Қажет болса, араша түсем. Еркек еркекті осылай сыйлау керек. Мен іші тоңғақ адаммын, ол соны терең түсінеді. Сонысына разымын. Биікте жүргесін оның дұшпаны көп шығар, сынай береді, айта береді, бірақ мен білетін Аслан - бір сөзді, өте сауатты, жақсы көрген адамы үшін жанын бере алатын, мемлекетшіл, мемлекет билігін жетік меңгерген, өте дұрыс адам. Мен білетін билікті топтың ішінде өте қадірлі кісілерімнің бірі. Бірақ мен оған сүйеніп, оны малданып көргем жоқ, тек сыйлаймын. Оның да шынайы сыйластыққа берік екенін білем.

- Мейірхан аға, алыста жүрсіз. Алматыны сағынған жоқсыз ба?

- Алматыны емес, сонда өткен күндерімді, достарымды сағынам.

- Мәке, қоғам қарбаласып жатыр. Жұмыс көп. Сіздің өткір сөздеріңіз бен тұнық ойларыңыз керек болып тұр. Қайда жүрсіз? Неге көрінбейсіз? Неге жазбай кеттіңіз?

Ермек, Алматыдан.

- Менің жазғанымды бір жеріне қыстыратын билік те, қоғам да жоқ сияқты. Қажетім жоқ. Солай ойлаймын. Оның үстіне мені «өмірдің прозасы» жеңді: бала-шаға асырау керек. Қоғам қажет етсе, «Жел өтіндегі тағдырды» оқыр. Көрінген кісі сайрап тұрған, шыны қайсы, өтірігі қайсы заманда не жазып, кімді тоқтатам деп те ойлаймын.

- Мәке, ана Бөрібай Кәртен деген қыртқа айтыңызшы, Сегіз Сері туралы шатпай жүрсін.

Қазақ руына қатысы жоқ төлңегіт ініңіз.

- Ол - Бөрібайдың өз шаруасы. Мені жамандаса да еркі. Мен өзі туралы сәл жайсыз бірдеңе айтқанның соңына түсетін қазіргі көрдемшелерден емеспін. Айтсын, еркі ғой. Оған қарсы пікір жаз, сөз таластыр.

- Қазіргі жастардан кімді оқисыз? Қазақ поэзиясының келешегі туралы не айтасыз? Кейінгі жастарға жазатын не қалды? Нағашыбай Қабылбек

-Жастарға қызығамын. Заман солардікі. Жалпы, әдебиетке үлкендік жүрмеуге тиіс. Бедел де. Менде билік болса, барлық сыйлықты 40 жасқа дейінгі хас дарындарға берер едім. Қазіргі жас поэзияда тамаша ұмтылыстар бар. Ол жайлы дербес мақалада болмаса, шолақ әңгімеде не айтамын? Қазақтың қазіргі жас ақындары бізден гөрі талайлы, бақыттырақ болса деп тілеймін.

- Біраз жылдар «Пионер» журналында  істеген екенсіз. Қазір балалар шығармашылығын назарыңызда ұстайсыз ба? Қазақстанда балалар шығармашылғы қалай дамып жатыр деп ойлайсыз?

- Бұл - үлкен әңгіменің тақырыбы ғой. Қысқа айтсам: бәрі өмірді жырлайды да. Балалар әдебиетінің салмағы азайып барады. Ең үлкен қамқорлықты балалар әдебиетіне жасау керек. «Бесікті түзеудің» ең мықты амалы - сол. Ұлт үшін. Ел үшін.

- Ел тарихындағы ең даулы, ең сорақы, ең үлкен сот процесі өтті. Сопылар ісі деген. Еліміздің нағыз патриоты Саят Ыбырай есімді атақты ғалым адам 12 жылға сотталып кете барды. Зиялыларға рахмет, араша сұрап, хат жазды, сот отырысына қатысып, ақтау куәлігін берді. Анау өзбек, өзбек болса да әділдігін жасап, Жапониядан скайппен Исматулла ұстанған сопылық Иассауи ұстанған сопылықтан еш айрмасы жоқ екендігін, Исматулла салған жария зікірдің Иассауи салған зикри джахрдан еш айырмасы жоқтығын ашық айтып, дәлелдеп берді. Сіздің дауысыңыз шықпай қалды ғой? Әлде сіз хабарсызсыз ба?

- Анық-қанығын білмеген соң, айту қиын. Қорқып емес, әділін айтып отырмын. Дегенмен, сондай білімдар, зиялы қазақты қия салу, әрине, дұрыс емес.

- Елеусін Сағындықов пен Архимед Мұхамбетов арасында не айрымашылық бар?  Ақтөбе облысы әкімдеріне қандай баға бересіз? Өйткені сіз оларды жиі көресіз, қарапайым халыққа қарағанда, «ШАМШЫРАҚ» ЖШС  облыс әкімдігі тарапынан қаржыландырылады ғой, яғни, сіз биліктің қыр сырын жақсы білуіңіз керек.

- Бұл сауалға жауап берген сияқтымын. Ал Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов - нағыз дегдар, өте парасатты, ұсақ-түйектен биік тұратын үлкен азамат, ірі тұлға, жаны, жүрегі шуаққа толы адам. Бұл - қарапайым халықтың пікірі. Оны шығарып салу кезінде қазіргі облыс әкімі, жас, есті, жігерлі профессионал Архимед Бегежанұлы «Ел-ағаның Ақтөбені басқарған 7 жылы Ақтөбе тарихында Сағындықовтың сара жолы деген атаумен қалады» деді. Бұл - адал сөз, көргенді жастың сөзі және ақиқат. Өз басым Ел-ағаң күйіп кетті деп ойламаймын, Сенатқа да сондай сирек кездесетін, ақыл-парасаты мен білім-білігі, алғаусыз адал жаны мен азаматтық бітімі тең түсетін ірі тұлға керек болған шығар.

-Мәжіліс депутаттары тарағалы жатыр. Депутат болып, ел ісіне араласып, ерен еңбек еткіңіз келмей ме?
Гаухар

-Құдай сақтасын. «Болыс болдым мінекей»-дің кебі ғой ол. Мен депутат болардай «пәленшекеңнің пәленшесі», «түгеншекеңнің жиені, балдызы, құдасы, рөмкілесі, т.т.» емеспін. Әрі оған өзге болмыс-бітім керек. Құдая тоба, сол менде жоқ.

- Көп әйел алуға қалай қарайсыз? «Нақсүйерлер» бағы жана ма екен? Қазақ қайтсе көбейеді?

-Бір әйелді келістіріп жатсаң, кім қарсы - ала бер. Оның үстіне қазір әйел сені алатын боп тұр ғой! (әзіл).

Қазақ ұлттық құнарына, өз суатына қайтып оралса, көбейеді. Ер табыс табады, қатын бала табады, әйел айғырсуын, еркек әйелшілігін қояды - сонда байы жоқ, бірақ баласы бар әйелдер азаяды (бұған жесірлерді қоспаңыз!), әйел о бастағы міндетіне кіріседі. Еркек жылы қараса жалқы, күле қараса, егіз табады. Бірақ, бір ағам айтпақшы, «ондай әйел қай-йда-а бізге!».

Ел есін жиса, бәрі қалпына келеді. Түпкі проблема - осы. Қалғаны осыдан тарайды.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1484
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5513