Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4237 6 пікір 21 Шілде, 2020 сағат 19:24

Дәрі тапшылығы. Бизнес пе, Ұлттық қауіпсіздік пе?

Бұл жазбамды төбедегі кісі мен оның төңірегіндегілерге арнаймын. Өздеріңіз білесіздер, өткенде дәрі-дәрмексіз қалған ауылымның мәселесін көтеріп көп нәрсеге көз жеткіздім. Бұл бір ғана менің ауылымның проблемасы емес екендігін түсінемін. Қазір қазақтар ғана тұратын қаншама ауылдар дәрі-дәрмек жетіспеушілігін бастан кешіруде. Неге бұлай болды? Зерттеп көрдім. Өздерінің миы ашып жатқан жоғарыдағылар бұған назар аудара қояды деген үмітім аз. Дегенмен мына індеттің жуық арада кетпейтінін ескерсек бұл мәселені шұғыл шешу қажет деп ойлаймын.

Сонымен дәрі-дәрмекпен халықты қамтамасыз ету бизнес пе, жоқ ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі ме? Ең алдымен осы сұраққа жауап беруіміз керек.

Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерілген, сондықтан дәрінің сапасы, қауіпсіздігі және бағасы мемлекеттің қатаң бақылауында үнемі тұрады.

Біз болсақ бұл сұраққа бизнестің бір түрі ретінде қараймыз, яғни дәріні халыққа арналған тауар ретінде нарық заңдарына тәуелді етіп қойғанбыз. Егер халықтың сұранысы көп болса, бағасы қымбаттай түседі, азайса – бағасы да арзандайды деген қағида. Әрине бұл өрескел қателік және фармацевтика бизнесінің мүддесін халық мүддесінен жоғары қою болып табылады.

Осының салдарынан заманауи дәріханалар мен дәрі-дәрмектер тек қана Астана мен облыс орталықтарына шоғырланып, ауыл тұрғындарына қол жетімсіз болып қалды. Ауыл тұрғындарында ақша жоқ, ал бизнеске шалғай ауылға барып дәрі сату тиімсіз. Сондықтан ауыл дәріханалары тек қана күнделікте қажет ететін арзан дәрілерді ғана сатуға мәжбүр, сапалы, бірақ қымбат дәрілерді қаладан тасиды.

Әрине, мемлекет тарапынан көп ақша бөлініп тегін дәрілер барлық ауруханалар мен емханаларға жеткізіледі. Ол дұрыс. Бірақ маман тапшылығына байланысты дер кезінде дұрыс диагнозды қойып қажетті дәрі-дәрмекті беретін мамандар күннен күнге азаюда.

Себебі, министрліктің бұйрығымен барлық науқастар "регионализация" деген тәртіппен деңгей деңгейге бөлініп тасталған, яғни, егер диагнозыңыз тек облыста емделетін болса онда ауыл дәрігерлерінің сізді емдеуге еш құқығы жоқ. Сондықтан ауданда істеу білікті мамандарға қызықсыз және болашағы жоқ.

Не істеу керек? Алдымен ауылдық жердің медицинасына ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті. Ол тек мемлекеттің қолында. Арнайы әлеуметтік дәріханаларды ашу керек. Ол үшін әр облыста дәріні сатып алып, ауылға жеткізетін арнайы құрылымдар жасалуы тиіс. Олардың ішінде арнайы жылжымалы дәріханалар да болуы қажет. Бұл шараға арнайы қаржы бөлініп, мемлекеттен көмек болмаса жағдай еш түзелмейді. Бәлкім бұл ұсынысты нарықтық экономиканың заңдылықтарына қайшы дерсіздер. Біздің елде осы отыз жылда оңған нарықтық экономика қай салада болып еді? Одан ең көп зардап шеккен медицина мен білім беру саласы! "Ештен кеш жақсы". Ауылдағы жағдайды әлі де түзеуге болады. Оны тек ауылы түсіне жиі кіретін азамат қана жасай алатын шығар? Ондай тұлға бізде бар ма?..

Арман Сқабылұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446