Ыдырысов: әл-Фарабидің рухани мұрасына иек арту аса маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын кең көлемде атап өту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, бүгінде республикалық және халықаралық деңгейде Әл-Фараби мұрасын насихаттауға арналған түрлі конференциялар мен шаралар өтіп жатыр.
Сол шаралардың бірі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі мен Оксфорд университеттері бірлесіп ұйымдастырған «Әл-Фараби: оның өмірі мен мұрасы» атты халықаралық ғылыми симпозиум. Аталған симпозиум әлемдік пандемия салдарына байланысты онлайн форматта өтті. Оған Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Қазақстан және тағы басқа мемлекеттердің ірі ғалымдары мен фарабитанушылары қатысып, ойларын ортаға салды.
Бүгінде ұлы ойшылдың мұрасы Шығыс пен Батысты байланыстыратын рухани көпірге айналды десек артық айтпаспыз. Ал, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында өтіп жатқан онлайн іс шаралар түрлі құрлықтар мен елдердің ғалымдары бас қосатын ортақ диалог алаңына айналғандай.
Аталған симпозиум Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған. Ерлан Ыдырысов симпозиумның ашылуы барысындағы құттықтау сөзінде ӘлФарабидің рухани мұрасына иек арту аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қазіргі әлемде болып жатқан пандемия мен әлемдік саясат және экономикадағы айтулы өзгерістер кезеңінде де ұлы ойшылдың мұрасы мен шығармаларының әлемде маңызы аса зор екенін алға тартты.
Ұлы ойшылдың ізгілікті ілімі кемел қоғамға қол жеткізуді, сол мақсатта бірлесе, ынтымақтаса әрекет етуді насихаттайды. Бұл идеялар бүгінгідей сын-қатерлерге толы кезеңде аса маңызды.
Сонымен қатар, симпозиум барысында ұлы ойшылдың атымен аталатын университеттің ректоры Ғалым Мұтанов та сөз алды. Мұтанов өз сөзінде қазіргі заманауи жоғары оқу орындары Әл-Фарабидің маңызды ойлары мен идеяларын насихаттауда аса белсенді болу қажеттігін айтты. Бұл дегеніміз – білім алуда тек қана оқу жеткіліксіз, оның өзегінде жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесі жатуы тиіс.
Осы негізде бүгінде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық Хабы ретінде жаңа буын университетінің «Университет 4.0» моделін енгізген. Аталған модельдің негізгі мақсаты – университетті білім алған әр шәкіртті тек білікті маман ретінде ғана емес, өзінің тағдырына һәм бүкіл адамзаттың болашағына жауапты әлемдік тұлға ретінде даярлау.
Бүгінде бұл модель Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде ұсынылып, кеңінен таратылды. Мәселен, бұл идеяны қазірдің өзінде халықаралық деңгейде БҰҰ Өркениеттер Альянсымен біріге отырып әлемнің 12 алдыңғы қатарлы университеттерінде құрылған Әл-Фараби орталықтары арқылы жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар, симпозиум барысында Әл-Фарабидің ұлы мұрасының қазіргі әлем үшін маңыздылығы жөнінде Оксфорд университетінің исламдық зерттеулер орталығының директоры Фархан Низами де сөз сөйледі.
-«Ұлы ғалым барша адамзаттың игілігіне айналған бай шығармашылық мұра қалдырды. Ол «Исламның алтын ғасырында» түрлі ғылыми салаларды зерттеді. Біз ұлы ғалымның ілімін бойымызға сіңіру үшін әлі де көп ізденіп, көп зерттеулер жүргізуге тиіспіз. Сондықтан аталған симпозиум жалпы Қазақстанмен ғылыми және академиялық қарым-қатынастарды нығайтуда әрі қарай да өз жалғасын табады деген үмітім бар»,- деп сөйледі Фархан Низами
Сонымен қатар Әл-Фарабидің ілімін талқылауды басқа да шет елдік ғалым профессорлр жалғастырды. Мәселен, ұлы ойшылдың ізгілікті қоғам туралы ілімін Людвиг-Максимилиан атындағы Мюнхен университетінің профессоры Питер Адамсон талдады. Ал, ұлы ғалым философиясындағы жақсылық пен зұлымдықтың онтологиясын Кембридж университетінің профессоры Фериэль Бухафа сөз етті. Сондай-ақ, ұлы ойшылдың әлемдік музыкаға үлкен үлес қосқан еңбегі мен музыканы дамытудағы маңызды рөлі және оның осы бағыттағы зерттеулері мен ғылыми еңбектері туралы этнограф және араб музыкасының теориясы жөніндегі маманы, АҚШ-тың Уэслиан университетінің профессоры Саида Даукеева әңгімеледі.
Онлайн форматта өткен халықаралық симпозиумға қатысушылар мұндай іс-шаралардың өткізілуі Ұлы ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің ізгілікті мұрасын нсихаттауға, оны бүгінгі қоғамға таралуына ықпал етіп қана қоймай, ізгілікті, қайырымды әлем құруға да жол ашатынын айтып өтті.
Шын мәнінде, шығыстың ғұлама ойшылы атанған ғалымның мұрасы бүгінгі ізілік іздеген қоғамға аса қажет. Осы мақсатта арнайы гибридтік ауанда өткен халықаралық ғылыми симпозуимның маңызы мен мәні ерекше. Бұл ойды халықаралық бас қосуға онлайын форматта қатысқан екі жүзге жуық қатысушы да қуаттайды.
Және алдағы уақытта ұлы ойшылдың мұрасы негізінде әлем ғалымдары мен фарабитанушылары Қазақстанмен әрі қарай да ынтымақтаса жұмыстар істейтінін баса айтты.
Abai.kz