Зайлағи Кенжалиев. Ұстаз ұлағаты
/заң ғылымдарының докторы, профессор, академик
Салық Зиманұлы Зимановты еске алу/
2011 жылдың 4 қарашасында 90 жастан асып 91-ге қараған шағында заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Зиманов Салық Зиманұлы өмірден озды... Теледидардан да, радиодан да ресми тілде өрілген осы суық хабар елге тез тарады.
Сәкең таңертеңгісін сағат 7-де үзіліпті. 4 қараша - жұма күні, ішімнен бұны жақсы нышанға жорыдым. Иманды болғыр, жақсы кісі еді, Алла тағала жақсы күні алған екен, ол да болса Жаратқанның пендесіне көрсеткен мейірімі шығар деп түсіндім.
«Жұрттан ақша жинамаңдар, жерлеуіме өзімнің адал еңбегіммен тапқан қаражатымнан жұмсаңдар, басыма венок әкелмеңдер» деп, баласы Мұхтарға аманатын тапсырып кетіпті.
Адалдықты адам өмірінің мәні деп түсініп, осы қағидаға сай өмір сүруге ұмтылған академик өзін ақтық сапарға аттандыруға жиналар жұрттың да ниетінің ақ, айтар сөзінің хақ, Жаратқанға арнар садақаларының адал болуын меңзеп кеткенін сездік.
Академиктің ресми өмірбаяны жалпы жұртқа мәлім. Мен ол кісінің өз өмірнамасының кейбір тұстарын оның өзі қалай қабылдағанын ескере отырып қайта бір ой елегінен өткізсем деймін.
Жаратқан Иеміз Салық Зиманұлына сынағы да мол, дегенмен жақсылығы мен жеңісі де жеткілікті тағдыр сыйлады.
/заң ғылымдарының докторы, профессор, академик
Салық Зиманұлы Зимановты еске алу/
2011 жылдың 4 қарашасында 90 жастан асып 91-ге қараған шағында заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Зиманов Салық Зиманұлы өмірден озды... Теледидардан да, радиодан да ресми тілде өрілген осы суық хабар елге тез тарады.
Сәкең таңертеңгісін сағат 7-де үзіліпті. 4 қараша - жұма күні, ішімнен бұны жақсы нышанға жорыдым. Иманды болғыр, жақсы кісі еді, Алла тағала жақсы күні алған екен, ол да болса Жаратқанның пендесіне көрсеткен мейірімі шығар деп түсіндім.
«Жұрттан ақша жинамаңдар, жерлеуіме өзімнің адал еңбегіммен тапқан қаражатымнан жұмсаңдар, басыма венок әкелмеңдер» деп, баласы Мұхтарға аманатын тапсырып кетіпті.
Адалдықты адам өмірінің мәні деп түсініп, осы қағидаға сай өмір сүруге ұмтылған академик өзін ақтық сапарға аттандыруға жиналар жұрттың да ниетінің ақ, айтар сөзінің хақ, Жаратқанға арнар садақаларының адал болуын меңзеп кеткенін сездік.
Академиктің ресми өмірбаяны жалпы жұртқа мәлім. Мен ол кісінің өз өмірнамасының кейбір тұстарын оның өзі қалай қабылдағанын ескере отырып қайта бір ой елегінен өткізсем деймін.
Жаратқан Иеміз Салық Зиманұлына сынағы да мол, дегенмен жақсылығы мен жеңісі де жеткілікті тағдыр сыйлады.
Ең бірінші. Тұңғыш. Ең алғашқы... Мінеки, Салық Зиманұлы туралы айтқанда ауызға жиі-жиі түсетін сөздер осылар. Шынында да, Салық Зиманұлы, қазақтан шыққан және Қазақ Республикасынан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, заңгерлер арасынан шыққан тұңғыш академик, Қазақ мемлекеттік Университеті заң факультетінің ең бірінші деканы, Ұлттық Ғылым Академиясының философия және заң институтының ең алғашқы директоры, тағысы тағы болып жалғаса береді.
Республика заң ғылымының патриархы атанған Салық Зиманұлы Зиманов 1921 жылы 19 ақпанда Гурьев /Атырау/ қаласында дүниеге келген еді. Осы жерде ол Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітіреді. Әкесі Зиман Жарылғасынов суретшілік өнермен әуестенген кісі екен. Ол кісінің кенеттен қайтыс болуына байланысты Алматыдағы дәрігерлік институтқа түссем деген ойы іске аспай қалады. Ол мұғалімдік курсты бітіріп Форт-Шевченкодағы орта мектепте математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1939 жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Грузияда әскери борышын өтеп жүргенде соғыс басталады.
Салық Зиманұлы Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан майдангер және жұрттың көбі біле бермейтін бір жәйт, ол кісі - қатардағы солдаттан бастап полк командирі дәрежесіне дейін көтерілген қолбасшы жауынгер. Өзінің айтуы бойынша Сәкең Ұлы Отан соғысы кезінде полк командирі дәрежесіне дейін көтерілген ең алғашқы қазақтардың бірі. Кейде «осы мен полк командирі дәрежесіне Бауыржанмен /Бауыржан Момышұлын айтады - З.К./ қатар жеттім-ау деймін» - деп отыратын. Өйткені полк командирінің орынбасары қызметін атқарып жүрген кезінде полк командирі ұрыста қаза болып, оның орнына уақытша 3 айдай полк командирі қызметін атқарғанмын дейтін. Ол кісінің майдангер ретінде алған асулары соғыстан кейінгі бейбітшілік заманда жеткен жетістіктерінің көлеңкесінде қалып қойған сияқты. Сондықтан, Салық Зиманұлының майдангер-солдат ретіндегі бейнесі әскери тарих мамандары тарапынан арнайы зерттеуді талап етіп, сұранып тұрғандығын еске сала кетсек дейміз.
Соғысқа басынан аяғына дейін қатысса да соғыс жәйлі Сәкең көп айтпайтын. Жеңіс күндері тойланатын сәттерде ғана аз-кем ашылып сөйлейтін. Онда да өзінің батырлығын емес, соғыс уақытының ауырлығын және майдан көріністерінің ащы шындықтарын тұспалдап жеткізуге тырысатын. Не дегенмен де соғыс адам өлтірудің ашық және заңдастырылған нысаны және жүйесі екендігін естен шығармайтын.
Сәкеңнің соғыс уақытында орын алған мына оқиғаны бірнеше рет есіне алғаны бар. «Европаның бір қаласын алдық - дейді Сәкең. - Содан жауынгерлерге арнап концерт беретін болып театрға бардық. Сахнаға көтерілген әртістер би билеуден бастады. Бір би, екі би, үш би... Қасымдағы содаттар «қашан ән айтады»? - деп мені мазалай бастады. «Шыдаңдар, қазір айтады» - деймін. Бірақ концерттің соңына дейін бірде-бір ән салынбай, кілең би билене берді. Мінеки, балет дегеннің не екенін мен осылай білдім» - деп, жарықтық, қарқылдап күлетін.
Соғыстан екі дүркін 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, сансыз медальдармен марапатталып, гвардия майоры дәрежесінде /соңғы шені полковник/ елге оралған 25 жасар жас жігіт бейбіт өмірге құлшына араласады.
Сахараның аптап ыстығынан әзер құтылып, кепкен кенезесін қаталаған шөлін басу үшін мөлдір бұлақ суына құмарлана әрі құштарлана бар епкінімен бас қойған жолаушы іспеттес, Салық Зиманұлы да бейбіт өмірдің айдынына сүңгіді де кетті. Және ертегілердің жыл сайын емес ай сайын, күн сайын өсетін алыптарындай өзі таңдап алған білім мен ғылым жолы - заңтану саласында замандастары ғана емес, кейінгі буын өкілдері мен ұрпақтары да таң қалатындай айтулы адымдар, қарышты қадамдар жасады. Шын мәнінде де ол кісі 2 жыл ішінде Бүкілодақтық заң институтын экстернмен бітіріп /1946-1948жж./, ал одан кейінгі 2 жылда аспирантура бітіріп /1948-1950жж./, бітірісімен Мәскеуде заң ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды /1950ж./. Сөйтіп, соғыстан кейінгі бас-аяғы 4 жыл ішінде заң ғылымдарының кандидаты болып шыға келді.
Салық Зиманұлының қызмет бабында өсуі де осы жылдардан бастау алады. Әрине, Сәкең үшін мансап жолы ешқашан да басты бағыт болып есептелген жоқ, дегенмен ұйымдастырушылық қабілеті мен жұртты ізіне ерте білер талантын байқаған республика басшылары /олардың ішінде Қаныш Сәтпаевтың Сәкеңе деген ықыласы ерекше еді/ жас ғалымды басшы қызметтерге тарта бастайды. Ұлттық Ғылым Академиясы құқық секторының аға ғылыми қызметкері болып бастаған ол, кейін осы сектордың меңгерушісі /1950-1952жж./, одан кейін Алматы заң институтының директоры /1952-1955жж./, С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті заң факультетінің деканы /1955-1958жж./, Ұлттық Ғылым Академиясының философия және заң институтының директоры /1958-1969жж./ болып қызметтер атқарады. 40 жасында Мәскеуде заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап /1961ж./, 46 жасында Республиканың Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып сайланады /1967ж./.
Салық Зиманұлы осы жылдар ішінде заңгер-ғалым ретінде қалыптасып, жазған еңбектері Республика және Одақ құқықтанушылары тарапынан жақсы бағаланып, есімі танымал бола бастайды. Ол кісінің осы уақыт аралығында жазған көптеген еңбектерінің ішінен 3 монографиясын атап өтуге болады. Олар - 1958 жылы Алматыдан шыққан «Общественный строй казахов первой половины XIX века» еңбегі, 1960 жылы шыққан «Политический строй Казахстана конца XVIII и первой половины XIX века» кітабы және 1965 жылы А.Атишевпен бірігіп жазған «Политические взгляды Чокана Валиханова» монографиясы. Бұл еңбектер жыл өткен сайын өз құндылықтарын еселеп, қазақ заң ғылымындағы ерекше орынға ие ғылыми ізденістер екендігі айқындалып келеді.
Салық Зиманұлы 1970 жылдан 1990 жылдардың басына дейін күректей 20 жыл бойы мансап пен лауазымнан бойын аулақ салып, таза ғылыми еңбекпен айналысады. /Тек 1976-1977 жылдар аралығында ғана Ғылым Академияның ғылыми хатшысы болып істегені болмаса/.
Мінеки, осы жылдар кезінде Сәкең заң ғылымының күрделі де қиын теориялық және тарихи мәселелерін арнайы қойып, тереңдеп зерттеуге мүмкіндік алады. Әрине, бұл мәселелердің түпкі тоғысатын тұсы және басты бағыты мен мақсаты біреу-ақ еді. Ол - қазақ ұлттық мемлекеті мен құқығының кешегісі мен бүгінгісі және болашағының теориясы әрі тарихы болатын. Сондықтан да болар академик Зимановтың партиялық идеология мен таптық дүниетаным толық әмірін жүргізіп тұрған осы заманның өзінде жазған еңбектері бүгінге дейін танымдық тартымдылығын және ғылыми құндылығын сақтап қалды. Ол еңбектердің ішінен арнайы атап өтуді талап ететіндері мыналар: «В.И. Ленин и Советская национальная государственность в Казахстане» /1970ж./, «Казахский отдел Народного комиссариата по делам национальностей РСФСР» /1976ж. С.А. Даулетовамен бірігіп жазылған/, «От освободительных идей к Советской государственности в Бухаре и Хиве» /1976ж./, «Казахский Революционный Комитет» /1981ж./, «Россия и Букеевское ханство» /1982ж./, «Общественно-политические взгляды М. Сералина» /1989ж. К.З. Идрисовпен бірге жазылған/.
Ал Кеңес Өкіметі құлап, еліміз егемендік пен тәуелсіздікке бет бұрған 90-жылдары Салық Зиманұлы өзін жаңа заманның жаңаша ойлау мен жаңаша іс-әрекеттерге дайын жасындай жалынды мемлекет қайраткері екендігін көрсете білді. Сөйтіп, ол Республикалық Жоғарғы Кеңестің депутаты болып 2 дүркін сайланады. 1990-1993 жылдары Ғылым Академиясының атынан халық депутаты болып сайланса, 1994-1995 жылдары Атырау облысынан депутаттыққа түскен 3 кандидаттың ішінен бірінші орын алып, қайтадан халық депутаты атағына ие болады.
Мемлекетіміз бен құқықтық жүйеміз аяғына жаңа тұрып, «тәй-тәй» басып келе жатқан осы ұрымтал кезеңде олардың ішкі мәні мен мазмұны, бағыт-бағдары мен құндылықтары қандай болу керек деген сұрақтар қоғамда да, Жоғарғы Кеңес ішінде де кескілескен талас-тартыс, дау-дамай арқылы шешіліп жатты. Мінеки осы тұста Салық Зиманұлының білімі мен біліктілігі, көрегендігі мен өткірлігі, екі тілді еркін меңгерген шешендігі ұлтымыздың мемлекеттік мүддесін мүдірмей қорғап, заң жүзінде берік бекітуге қызмет жасады. Мемлекеттік егемендік, мемлекеттік тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, мемлекеттік қауіпсіздік, оралмандар тағдыры, әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттің ең жоғарғы билік органдарының мәртебесі - мінеки, Сәкең араласып оң шешімін табуға септігін тигізген көптеген мәселелердің қысқаша ғана тізбегі осындай.
Салық Зиманұлы мұнан кейінгі жылдары да өзінің азаматтық белсенділік тұғырынан тайған жоқ. Соның айшықты дәлелі ретінде 1995 жылы Қазақ Академиялық Университеті атты мемлекеттік емес жоғарғы оқу орынын ашқандығын айтуға болады. Өмірден қайтқанға дейін Сәкең осы Университет негізінде құрылған «Парасат», кейіннен «Интеллектуал-Парасат» аталатын ғылыми-зерттеу институтының директоры болып ғылыми ізденіс қызметін жалғастырады.
Соңғы жылдары Сәкең өзінің Парламентте депутат болып істеген уақыттағы көріп-білгендерін және ой елегінен өткізіп түйгендерін «Конституция и Парламент Республики Казахстан» /1996ж./ еңбегін жариялады. Ал, ол кісінің «Теория и практика автономизация в СССР» /1998ж./ кітабы ғылыми жұртышылық тарапынан аса жоғары баға алып та үлгерді.
Салық Зиманұлының арнайы атап өтуде талап ететін ғылыми жетістігі - ол кісінің дәстүрлі қазақ құқығын зерттеуге бағытталған қазақша, орысша, ағылшынша жазылған 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» атты еңбегі. Бұл еңбектің жүйелі түрде қолға алынып, жазылып баспадан шығуына он жылдан астап уақыт өтті. Қазір бұл серияның 10 томдығы толық жарық көрді. Салық Зиманұлының аталмыш еңбегі ұлттық қана емес әлемдік құқықтанымдағы үлкен құбылыс, заң ғылымындағы биік жетістік, әлем халықтарының құқықтық мәдениетін зерттеу ісіндегі аса ірі табыс екендігі қазірдің өзінде мойындалуда.
Әрине, айналып өтуге болмайтын және зиялы қауым түгел мойындаған Салық Зиманұлының тағы бір қыры - ол кісінің майталман шешендігі. Осы жерде менің есіме Сәкеңмен алғашқы жүздескен студенттік өмірдің бір сәті түсіп отыр.
1980 жыл. ҚазГУ- дің заң факультетінің студентімін, 4-ші курста оқып жүрген кезім. Бір күні Қасым Мауленов /Сырбай Мауленовтың баласы, қазір-профессор/ мені оқу корпусінде кездестіріп, «Жүр, академик Салық Зиманов бүгін кешкі бөлім студенттеріне лекция оқиды екен, соған барайық» - деді. Зимановтың есімін сырттан естігенім болмаса, өзін бұрын-соңды көрген емес едім. Атағы жер жарып тұрған, Республиканың нөмірі бірінші заңгері, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, әрі тұңғыш заңгер - академик екенін білетінбіз. Ол кісінің негізгі жұмыс істейтін жері - Ғылым Академиясы, Университетке сағат алып қана сабақ береді. Бір жағы - қолым бос, екінші жағынан «қандай кісі екен көрейік» деген ойменен келісе кеттім.
Сәкең лекцияға 5 минуттай ерте келді. Қасым екеуміз қасына барып амандасып, лекциясына кіруге рұқсат сұрадық. Ол кісі қарсы емес екендігін білдірді.
Әрине, мен бұған дейін талай ғылым докторлары мен профессорлардың лекцияларын тыңдап, талап-талғамым біршама қалыптасып қалған кәнігі студенттердің бірі едім. Ал, академик Зимановтың лекциясы мені «апырай, лекция оқудың осындай да шырқау шыңы, бітім-болмысы түгел де толық өнер /искусство/ деңгейіне көтерілген түрі де болады екен-ау» деген ой-әсерге алып келді.
Зимановтың шешендік қабілетінің ерекшелігі - тыңдаушының тыңдаушы ретіндегі барлық мүмкіндігі мен потенциалын, талантын /тыңдаушы бола білу де - талант /толық аша алуына жағдай жасайды екен. Оның барлық зейіні мен ықыласын өзі айтып отырған мәселеге аудара отырып және сол мәселені тайға таңба басқандай көз алдыңнан түйдек-түйдек суреттер арқылы елестете отырып, сонымен бірге, тыңдаушының өзімен-өзі қалуына, ұсынылып отырған ой-оқиға әлемін жеке-дара барлап, өз көзқарасын қалыптастыруына толық жағдай жасайды екен. Академик лекция оқу кезінде тыңдаушының информацияны қабылдау және оны қорыту бостандығына қол сұқпайды, оның ақпаратты тыңдай отырып сол ақпараттан жеке-дара қалу және сол ақпарат әлемінде жеке-дара саяхат жасап, өз әсерін өзі емін-еркін қалыптастыруға бар мүмкіндікті береді екен. Және мұндай мүмкіндік - ұсынылып отырған ой және оқиғалық ақпараттың барынша айқындылығымен, дәлдігімен әрі лектордың соған деген шынайы сенімділігімен қамтамасыз етіледі екен. Ал, лектордың өз тыңдармандарына деген сүйіспеншілігі әрі қамқорлығы және олардың тыңдарман есебіндегі табиғи таланттарын ашуға деген шынайы ынтасы лекция әсерін еселеп қана қоймай, оны құдыретті сөз өнерінің қайталанбас туындысы деңгейіне - «Зиманов лекциясы» дәрежесіне көтеріп жібереді екен.
Иә. Зиманов лекциясы - өнер туындысы, әрі сөз құдыретінің біздің дәуірімізге жеткен ұлы көріністерінің бірі, ой мен оқиғаның, сөз бен суреттің астасқан асқар биігі және үйлесімді үндесуі десем артық кеткендік болмас.
Салық Зиманұлының жеке басының батырлығы, адамгершілік қасиеттері және іс-әрекеттері туралы аңызға бергісіз оқиғалар көп. Соның бірі, әрине, Сәкеңнің 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы кезінде Мәскеу өкілі, Коммунистік партия Орталық Комитетінің хатшысы Соломенцевке, Қазақстанның жаңа басшысы Колбинге қарсы шығып сөйлеуі. «Партиялық билеттен айырылып қаласың, қарсы шығып сөйлеме» - деп үгіттегендердің тілін алмаған айбарлы академик «Желтоқсан» оқиғасын «жалаң ұлтшылдық» деп айыптаушыларға бой бермей, өз сөздерінде және мақалаларында бұл оқиғаның сыры мен сипаты тереңде жатқанын, қазақ халқының ұлттық мемлекеттік мүддесінен бастау алатынын және соған қызмет ететінін меңзеген.
Әрине, Колбин де және сол кездагі партия қайраткерлері де Сәкеңнен ақыларын алып, «кектерін» қайтарып қалуға тырысты. Сөйтіп, «қалада екі үйі бар» деген желеумен Сәкеңнің тау бөктерінде салынған дачасын сатуға мәжбүрледі. Әйтпесе, партиялық және өзге де жауапкершілікке тартатындарын мәлімдеді. Дачасын сатуға қойғаннан кейін, ондағы мүліктерін көшіруге мен де барып көмектестім. Сәкең дачаның подвалынан әртүрлі заттарды жинастырып жүріп, бұл үйді 20 жылдай өзі салғанын, қай қабырғасын қалай көтергенін айтып, үйіне деген қимастық сезімін ашық білдіріп жүрді. Үйін өте асығыс және арзанға сатқан Сәкең (үйді сату кезінде Сәкеңнің қасында көмектесіп мен де жүрдім) ол ақшаны жинақ кассасына салады. Екі жетіден кейін ақша құнсыздданып өзге жұрттың ақшасымен бірге Сәкеңнің де бар жиған - тергені «күйіп» кетті. Ақша құнсызданған сол күні бәріміз жұмысқа жиналдық. Ол кезде Ғылым Академиясының философия және заң Институтында істейміз. Сәкең бөлім меңгерушісі еді. Кабинетке күліп кірген Сәкең «Зайлағи, 20 жыл салған үйді бір келі колбасаның құнына сатып жіберіппіз ғой» - деп әзілдеді. Ақшасын жоғалтқан Академия қызметкерлері жиналып, Сәкеңе шағымдана бастады. Сонда Сәкең өзінің соғыс кезін есіне түсіріп: «Мен артиллерист болдым ғой. - деді. - Шабуыл жасарда бізді сағат таңғы 3-те оятып, «артподготовкаға» дайындайды. Ол сағат таңғы 4-те басталады. 4-ке 10-15 минут қалған кезде бүкіл фронтта мүлгіген тыныштық орнайды. Бірнеше минуттан кейін осы тыныштықты бұзып артиллериялық жойқын атыс болатынын сезіп, бәріміз іштей ойға кетеміз. Өйткені, мұндай шабуылдардан кейін алдыңғы шептегі солдаттардың жартысынан көбі қырылады. Сонда, осы тыныштық бұзылмаса екен, мәңгі созыла берсе екен деп бәріміз армандайтын едік. Және бірімізге біріміз әрі өзімізге - өзіміз ант беріп едік, егер осы соғыстан аман қалсақ ештеңеге мойымаймыз деп. Бүгін сол уәдем есіме түсіп отыр. Деніміз сау, өзіміз тіріміз, әлі өмір алда, жігіттер мойымаңдар, елмен көрген ұлы той» - деп, ақшаларының қараптан - қарап бір күнде «күйіп» кеткеніне ренжіген жігіттерге басу айтты. Сәкеңнің өзі де, оның жұбайы - Шарбану Батталқызының да 30 жылдан астам академик болып қызмет істегенін және жинаған қаражаттарын ең көп жоғалтқандардың бірі де осы кісілер екендіктерін іштей білетін біз академиктің бұл оқиғаға аса қынжылмай, керісінше өзге жұртты жұбатуға күш салған қайсарлығына бәріміз риза болып, сүйсініп едік.
Көп жұрт біле бермейтін мына бір оқиғаны да айта кетсем деймін. 2003 жылы болуы керек. Сәкеңнің үйіне және оның көршілеріне ұры түсті. Бір күні Сәкең ұрының ұсталғанын және онымен сөйлескенін айтып келді. «Өзі рецидивист» ұры екен. Түрмеден шыққанына 4-5 ай болыпты. Ешкім жұмысқа алмапты. Үйленейін деп жүр екен. Амалсыздан ұрлыққа барыпты» - деді. «Жұмысқа тұрғанда ұрлық жасамас па еді. Енді сотқа қатысып оны құтқарып қалуым керек» - деді. Кейін білдім, Сәкең, өзі және ұрыдан жапа шеккен көршілерінен /кілең академиктер/ «ұрыны кешірдік, оған қояр талабымыз жоқ» деген хатты ұйымдастырып сотқа беріпті. Және Алматы қалалық сотының төрағасына барып ұрыны босатып жіберуді сұрапты. «Сәкең өзі келгесін ұры рецидивист болса да, заң шеңберінде мүмкін болған бар жеңілдікті жасадық » - дейді сол кездегі қалалық сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, осы оқиға туралы сұрағанымда. Аяғын жаза басқан осы азаматқа Сәкең кейін де қол ұшын беріп тұрды, жиі-жиі хабарын біліп, керек болса жұмысқа тұруына көмектесіп өз таныстарына телефон шалып жүргені әлі есімде.
Салық Зиманұлы туралы сөз қозғағанда ол кісінің жұбайы- химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, марқұм Шарбану Батталқызы Батталованы еске алмай өту мүмкін емес. Сәкеңмен елу жылдан астам отасып, Меруерт, Мұхтар, Гүлжамал есімді ұл-қыздарын ұядан ұшырған, немерелерін көріп, сүйіп өткен Шарбану Батталқызы мінезге бай, ойға алғыр, сөзге жүйрік қазақтың азамат қыздарының бірі еді. Жерді жеке меншікке беруге жаны қас болып, тіліміздің мемлекеттік тұғырдан берік орын алуына аянбай атсалысқан Шарбану апамыз Сәкеңнің адал жары ғана емес, өмірдегі айнымас серігі де бола білді.
Салық Зиманов соғыс кезінде алған 1-дәрежелі «Отан соғысы» /2 рет алған/ және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен қоса, «Халықтар достығы» /1987ж./, «Парасат» /2001ж./ ордендерімен марапатталды. Ал, 1993 жылы Президенттің бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығына ие болса, 2001 жылы Республикамыздың мемлекеттік сыйлығының иегері болды, 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қайтыс боларынан 2 апта бұрын Сәкеңе ауруханаға кіріп шықтым. Екі бөлмелі жеке палатада жатыр екен. Аяғы ісіп, жүріп - тұруы қиындап қалған екен. Күтуші қыздары адам қабылдамай жатқанын айтты. Мен барғасын көңілі көтеріліп, керуетте аз - кем отырды да, сосын жастығын биігірек көтергізіп, шалқасынан жатты. Көңіл - күйінің көтерілгенін сезіп, «Сәке, анау есіңізде ме, мынау есіңізде ме?» деп өзімізге ғана белгілі, қызығы таусылмас, қайта айтқан сайын қызық тұстары өрши түсер бір - екі оқиғаны есіне түсіріп, күлдіріп алдым. Өзі де көңілді бір - екі әңгіме айтты. Ауру халін ұмытқандай жайға түсіп, әдемі әсерленіп, жақсы жайлана бастады. Соны пайдаланып мен де әзілге көштім: «Сәке, Жамбыл бабамыз 90 - нан асқанда 15 жасар қызға ғашық болып, үйленем деп ағайын - туғанын әбігерге салыпты. Ал, Сіз 90-ға жаңа келдіңіз. Ойыңызда жүрген «оймақ ауыз» болса айтыңыз, ертең, Алла бұйырса, мына төсектен түргелерсіз, сол кезде біз де - ізіңіздегі іні - шәкірттеріңіз - қамсыз қалмайық, той жабдығын жасайық, дайындалайық» - дедім. Сәкең басын шайқап, бетіне қан жүгіріп, мәз болып күлді. Сосын «Зайлағи, күлдіре берме, күлуге де күш керек қой» - деді. Сәл ойланып: «Шәкірттеріме ризамын, бәрің жақсы азамат болдыңдар, осыдан таймаңдар» - деді. Сосын «Осы сендер КазГУ - ді «исследовательский университет» жасайын деп жатыр екенсіңдер. Ол үшін мынандай нәрселерді істеу керек» - деп, сілкініп алды да біраз ойларын ортаға салды. Жүзі жүдеу, төсекте жатыр демесең - баяғы Сәкең, атақты академик Зиманов қайта орнына келгендей болды. «Иследовательский университеттің» әлемдік бір -неше үлгілеріне тоқталып, олардың шетелдік аттарын атап, түстерін түстеп сайрады да кетті. Бір - екі чиновникті «сынап» та алды. Ойы - айқын, жадындағысын жатқа соғар жойқын естілік, сөзі - түгел де бүтін. Сырттан дәрі алып күтуші қыздар кірмегенде орнынан түргеліп жүріп кететіндей. Күліп, жақсы көңіл - күймен қоштастық. Сәкеңді соңғы көруім екен бұл...
Салық ағамыздың ең соңғы кітабы «Парламент Казахстана в трудные годы провозглашения независимости» өзі өмірден озардан 10 күн бұрын баспадан шықты. Жақсы көрген адамдарына кітаптарын арнайы сөз жазып таратуды ұнататын академик бұл кітаптың 3-4 данасына ғана өз қолымен арнайы сөздер жазуға шамасы жетті, қалған даналарына қолтаңба қоюға әлі келмей қалды.
Қазақ мемлекетінің тарих қалтарысында қалып қоймай, қайта жаңғырып әлемдік аренаға егемен ел деңгейінде көтерілгенін өз көзімен көріп, ой елегінен тағы бір өткізген Сәкең бұл кітабында, әдетте ашық айта бермейтін бір ойына орын беріпті. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декаларацияны» қабылдағаннан кейін кешкісін 20-30 депутат - қазақ зиялылары кабинетте жиналып «шай ішу» өткізеді, өздерін билеген ой-толғауларын өзара ортаға салады. Сонда академик Салық Зиманов бастаған олардың айтқан пікірлерінің ішінде мынандай сөз бар: «Казахи должны благодарить вначале Бога.... за провозглашение автономии, а сегодня суверенной Казахской Республики». (Аталмыш кітап, 5 бет).
Кеңестік дәуірде өз ойын «тұмшаланған», эзоптық тәсілмен жеткізуге әбден машықтанған Салық Зиманұлы өзінің Аллаға деген кәміл сенімін, берік иманын, шексіз шүкірлігін бізге өзінің соңғы кітабында дәл осылай жеткізіп кетіпті.
Жаратқан Иеміз ұлағатты Ұстазымызға жәнаттан орын бергей!
Кенжалиев Зайлағи Жантуғанұлы
заң ғылымдарының докторы,
профессор
«Абай-ақпарат»