Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 4225 3 пікір 17 Ақпан, 2021 сағат 12:39

«Қоғамда «өтірік айтуға да» бір сұраныс бар»

Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

«Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» - бұл Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясының эфиріне шығарып, көрерменнің көзін арбап, рухани көмбесін толтырған  бағадарламалар тізбегі. Бұл - бағдарламалар тізбегі ғана емес, Нұртілеу Иманғалиұлының ғұмыр жолы, қазақ тележурналистикасындағы автобиографиясының айшықты беттері; еңбекпен, қайрат жігермен, жасымас, мұқалмас рухпен, үмітпен, сеніммен сомдалған бел-белестері болса керек.

Ландшафттың адам жаратылысына әсерін ғылымда жазған Лев Гумилев дейтін кісі екен. Кісіміз қателеспеген. Қазақты туып-өскен жеріне қарап тануға әбден болады. «Ақынды танығың келсе, ауылына бар» дейтін сөзіміз де осыдан шыққанға ұқсайды. Ал, Нұртілеу Иманғалиұлын тану үшін тау асып, тас басудың қажеті шамалы. Тек Ілияс... Ілияс Жансүгіров десек жетеді: көз алдыңда тізбектеліп Жетісудің аспан таулары тұрады. Ілияс қаламынан төгілген ұлы жырдың ұйқасындай болып Жетісу жеріне шөккен таулардың  тарпаң ұлы  эфирде де, өмірде де бір адам болды.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы қазақ тележурналистикасының Құлагері атанған Нұртілеу Иманғалиұлының туған-туыстарының, жақындарының, жалпы қазақ көрермендерінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Редакция ұжымы


«Менің пайымдауымша дарынның екі түрі бар ма деп ойлаймын. Біріншісі, адамның бойына Алладан келетін ерекше бір құбылыс. Ал екіншісі, кейде ақыл-ойдың жемісі секілді ме дейсің. Біз мектепте жүргенімізде – дарынсыз адам болмайды деп айтылатын. Мен осыған сенгім келеді. Адам баласының қай-қайсысы да дарынды болып келеді. Қазақта дарындылықты классификациялаған ғылым жоқ болар. Мынау дарын, ал мынау дарын емес деген формула жоқ. Әрқайсысымыздың пайымымыз, өреміз қай жерге жетеді, сол жерден ғана қайта саламыз. Маған өзіңіз секілді бір әріптесім сұхбат алып отырғанда: - «Сіз өтірік айтасыз ба?» деген бір сауал қойды. Сонда мен өтірікті күнде айтамын, деп жауап қатқаным бар. Мен айтқан сайын ел сенеді. Қызығы сол - ел сенген сайын өтірік айта бергім келеді. Бір ғажабы - менің айналамдағының бәрі де өтірік айтады. Мұнан да басқа кереметі – басқаның айтқанының өтірік екенін біле тұра біз соған өтірік сенеміз. Жалпы қоғам осындай бір сұмдыққа келдік. Демек бүгінгі қоғамда «осылай өтірік айтуға да» бір сұраныс бар сияқты. Қажеттілік болмаған жерде ол алға баспас еді. Міне, осындай бір күңгірттіктен біз сол дарындылықты бағалайтын жауапкершіліктен айрылып бара жатырмыз. Өйткені, ешкім өзін дарынсызбын деп те айтпайды. Бұрын өзінен дарынды адамды көргенде іштей мойындап тұратын қасиет болған еді. Өкінішке орай қазір олай емес. Сенен де «дарынды» адам алдыңда тұрғанымен, егер қомақты қаржың болса сен онан да өткен «дарынды» болып шыға келесің. Осындай ұғым біздің қоғамды бір қасіретке әкеп отыр. Дарынды мен дарынсызды ажырата білу үшін де дарын керек. Естеріңізде болса, коммунизмге келе жатырмыз деген кезде капитализмді аттап, феодализмнен социализмге өтіп кеттік деп мақтанып жүрдік. Сонда коммунизмді насихаттаушылардың былай дегені бар еді:

«Қоғамдық формацияда баспалдақтан аттап кетуге болмайды. Феодализмнен бірден капитализмді аттап социализмге өткен дұрыс емес деген идеяға күмәнмен емес, сеніммен қарайтынбыз. Сіздердің қозғап отырған тақырыптарыңыз да осындай жағдайға кеп саяды. Біз олай да былай тартқылағанмен, аумалы-төкпелі жол айырығында тұрған кезімізде осындай бір процесстің болуы да әбден ықтимал. Бәлкім бәріміз де өзімізді таланттымыз, дарындымыз деп есептейтін, шын дарын иесін мойындамайтын осындай бір кезеңнен өтуге тиісті шығармыз. Бәлкім, тәуелсіздік алған жылдары өзімізді басқаларға қандай екендігімізді дәлелдеу үшін дарынсыздың өзін дарынды етіп көрсеткен өзіміздің де кінәміз бар шығар. Ал дарынды мен дарынсыздың шама-шарқын өлшеп беретін механизмдік құрал жоқ. Мұның бәрі де әркімнің өзінің ішкі шаруасы болар. Мысалы, мен өзімнің ішкі бас редакторыма бағынамын. Ол мені жөндейді, маған бағыт береді. Міне, осы секілді ұғым менің алдымда тұрған адамның менен дарындырақ екендігін мойындайтын дәрежеге жеткенде ғана мәдениеттіліктің көрінісі шығады. Бұл да мәдениеттілік не жауапкершілік болуы  мүмкін. Мен білмеймін анығын...? Бір білетінім – мәселен кейде қоғамда бір көшенің атын өзгерту сияқты ұсақ-түйек мәселелерді айтып, соншама назар аударып, даурығып жатады. Бірақ соның қазаққа, ұлт болашағына беретін қаншалықты пайдасы бар екендігін ұғына бермейміз. Ал сіздердің қозғап отырған әңгімелеріңіз ұлттың негізін, болмысын және ұлтымыздың талантының өзге ұлттардың алдындағы дәрежесін анықтайтын тақырып екендігі анық. Әрине, бұл тақырып – біздің өзімізді өзіміз тануға, яғни, қазақты қазақ танып білуге, сол арқылы адамды тануға апарады. Сондай-ақ, Адамтану ғылымын жетілдіруге әкеледі. Ал бұған баратын жол - біз Абайтану, Мұхтартану, осындай құбылыстарды айта-айта кеткен - Шыңғыстану, Мұқағалитану деген сияқты үлкен ғылымдар пайда болуы керек деп санаймын. Осындай ғылымды меңгерген қоғамның күн тәртібінде мұндай мәселелер болмайды. Бұл мәселелер уақыт өте келе өз бағыттын тауып кете алады».

Нұртілеу Иманғалиұлы. 2017 жыл.

«Ақпараттық кеңістігімізді қауіпсіз деп айту қиын. Әлдеқайда дамып кеткен елдердің принципін ұстаймыз деп, өзіміздің басыбайлы құндылықтарымыздан ажырап бара жатқандаймыз. Теледидардағы айқай-шу, шоулардан ел шаршады. Маңайымдағы адамдардан естіген соң айтып отырмын. Ел ойланатын дүниелер қажет. Мекемтас аға былай айтты: «Біздің ұлттық кодымызға оралатын кез келді. Соған толықтай мүмкіндік туып тұр. Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет».

Рас, қазақы құндылықтарды жаңартып қарау, барынша жаңғырту сынды жолайрықта тұрмыз. Осыған біздің де үлесіміз болса дейміз. Қорыта айтқанда, «Nur Tileу» – 45 жылдық тәжірибеден алынған хабар десек, қателеспейміз. Іштегі запыран ойларды қозғасақ, біраз шындықтың беті ашылады деп ойлаймын. Эфирдегі айтқанымды қайталауға тура келіп тұр: біз ескі, есті, керек болса, сесті сөзді де айтамыз. Өрекпіген өлерменнің сөзі емес, үмітін үкілеген көрерменнің сөзін сөйлейміз. Бәріміз бай-қуатты болайық»!

Нұртілеу Иманғалиұлы. 2019 жыл.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408