Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3061 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 18:42

Жабал ШОЙЫНБЕТ, Абай орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты: Қазақ елі Ислам дінін берік ұстанып келеді

 

 

- Әлемдік және дәстүрлі дін­дер жетекшілері бас қосатын ал­қа­лы жиын Аста­нада осымен үшін­ші рет өтіп жатыр. Айтулы дін­ба­сы­ларының ортаға салар ойлары бұл жолы да аз болмасы анық. Сіз мұ­ны қалай бағалар едіңіз?
- Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың бас­та­масымен 2003 жы­лы Астанада өткен съезге сол кез­­дегі Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Бас хат­шысы Кофи Аннан, бел­­гілі қайраткерлер Джордж Буш, Мар­­гарет Тэт­чер және әлемнің ал­дың­ғы қатарлы елдерінің басш­ы­ла­­ры аса зор мән берді. Содан бері жиынның халықаралық деңгейде бе­­делі артып, жыл өткен сайын ма­ңызы да күшейіп келеді. Бұл Қа­зақ­стан Президентінің кө­ре­ген­дігін паш етумен қатар, қазақ елі­нің жер ша­рында тыныштық пен түсініс­тік­ті, достық пен сый­ластықты қа­лыптастыруда ма­ңыз­ды рөл ат­қарып отырғанын дә­лел­деді.
Жаһандану ғасырында ты­ныш­тықты қамтамасыз етудің бір­ден бір жолы - өзара құрмет пен сый­ластық. Ортақ тіл табысудың та­маша тәжірибесі де осындай жиын болғандықтан, келісіп піш­кен тонның келте болмасы анық. Әлем­дік діндер исламды және Қа­зақстан арқылы оның бейбіт дін екендігін мойындай бастағанда, үй ішінен үй тікпеудің де қамын ой­лаған дұрыс. Қазақ халқының атына сөз келтірмеудің өзі де ұл­тымыздың исламды қаншалықты бе­рік ұстануына келіп тіреледі. Мұ­ны Елбасының өзі де қадап ай­тып, қазақтың қадірін арттыру жо­лында барлық қамқорлығын жа­сап келеді. Мәселен, күні кеше Ас­танада бір мезгілде 5000 адам мі­нажат ететін мешіттің іргетасын қа­лауға қа­ты­суы - осы сөзімізге дә­лел.
Қазақ ортақ үйімізге айналған Жер шарында өзінің бар мүмкін­ді­гін осылайша паш ете бастады. Тек енді осы өнегеміздің өрісін ке­ңейту - бізге парыз, ұрпаққа ама­нат. Абайша айтқанда «Абай­лап жүріп, анық басатын» кез кел­ді.
- Елбасымыз кейбір жиын­дар­да Абайға жүгінеді, Абайдың ең­бек­терінен мысал келтіреді. Осы­ны ой елегінен өткізе отырып, «қа­зақ­тың биліктегі бар азаматы осы­лай ойласа, осылай сөйлесе, осы­лай ой түйіндей білсе» деген қиял же­тегіне берілесің. Амал қанша, біз сенген шенеуніктердің қайсы­бі­рі Елбасынан өнеге ала алмай жүр­ген секілді...
- Президентіміз Нұрсұлтан На­­зар­баевтың тікелей бастама­сы­мен тәуелсіздік алған елімізде ал­ғаш­қы өткізген іс-шараның бірі - қа­­зақ ұлтының данышпаны Абай­д­ың даналығын бүкіл әлемге та­ны­туды қолға алу болды. Бәрі­міз­ге белгілі 1995 жылы аса беделді ұйым - ЮНЕСКО-ның аясында ақын­ның 150 жылдық мерейто­йын атап өттік, әлем халқы қазақ де­ген ел, оның азаматтық құнды­лық­қа зор үлес қосқан дана Абай­дай ұлы бар еке­нін білді. Сіз ойым­дағыны дөп бас­тыңыз, Абай­дың кітабын қолға алар­да Ел­ба­сының сол кездегі жа­саған баян­да­масын бір шолып өтем, кейде кей­бір шенеуніктер сұх­бат бер­генде «жұмыс үстелінде Абай кіта­бы тұрады» деп мысал ай­тады, он­да неге мән беріп оқы­май­ды деп та­ңырқаймын, әйтпесе баян­да­ма­д­а: «Абайды мұқият оқы­ған адам оның көзқарастары күні бү­гінгі на­рық экономикасымен де ті­ке­лей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адас­тыр­мас темірқазық іспетті. Со­ған қа­рап тілегіміздің дұрыс-бұ­рысын са­раптай аламыз. Өйт­кені жанды же­гідей жеп жүрген көп сауалдың ж­ауабын Абай әл­де­қашан айтып кет­кен. Абайды оқып отырып-ақ, көш­тің басын бая­ғыда-ақ жөнге са­лып алуға бо­ла­тын еді. Сорлат­қан­да, біреудің уа­қыты жетпейді, бі­реудің ұғымы жет­пейді, біреудің атымен зауқы жоқ.
Әйтпесе, көп дүние әуелі сол әр­кім­нің өзін-өзі түзей алмаған­ды­ғынан өрге баспай жатыр емес пе?!
Өз халқын «жұрт болсын, өс­сін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуе­лі Абайды оқысын, Абайға құлақ ас­сын» деп анық көрсетті. Тіпті «Абай армандары - тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күл­лі адамзат ұстанатын мұраттар. Қа­­зақ топырағында оның орайын кел­­тіруге мүмкіндік туып отыр. Мы­на сіздер мен бізге үлес боп тиіп отыр» деп мақсат-мүддемізді ай­қындап берген жоқ па?!
Елбасымыздың айтқанын орын­­­­­­­­дауда енжарлық танытып отыр­­­мыз. Ең болмағанда, абай­та­ну­­д­ы балабақшадан жоғары оқу орын­­дарына дейін түгел оқытуды қол­­ға алайық деген Үкімет қау­лы­сы да орындалмай, қағаз жүзінде қал­­ды. Алысқа бармай-ақ екі жа­ғы­­мыздағы екі алып көршімізден үл­гі алсақ болар еді. Ресей елі Пуш­кин туралы неше жүздеген док­тор­лық диссертациялар қор­ғап, ақын мұ­раларын наси­хат­тау­ды бір сәт те тоқ­татқан емес, ал Қы­тай Конфу­ций­дің ілімін идео­ло­гиясының не­гізі етіп, сан ға­сыр­дан бері берік тұ­ты­нып келеді. Был­тыр әл-Фараби атын­дағы Қа­зақ ұлттық универ­си­теті жанынан жә­не батыс облыстың бі­рінен Кон­фуций институты фи­лиалдарын аш­ты. Біз Абай мұ­раларын өзіміз те­рең танып-біліп ал­май, өзгеге қа­лай танытамыз?!
- Қазір бірсыпыра жоғары оқу орын­дары Абай, Шәкәрім орта­лық­тарын ашып жатқан жоқ па? Мүм­кін, сіз айтқан олқылықтың орнын осылар толтырар, әлде бұл бі­лім ордасының мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан науқан­шыл­дық саясаттың бір түрі ме?
- Семейде Шәкәрімнің 150 жыл­дығын тойлау қарсаңында екі бір­дей Шәкәрім ғылыми-зерттеу ор­талығы ашылды, бірі той өткесін жа­былып қалды, екіншісі жұмыс іс­теуде. Көптеген игілікті істер жа­сал­ды, қуандық. Бірақ солардың ара­сынан көз майын тауысып, тек бір салаға маманданған шә­кә­рім­та­нушыны көрмей отырмын. Сон­дық­тан болар, сол орталық шы­ғар­ған Шәкәрімнің екі томдық шы­ғар­малар жинағына Ғаббас Қабы­шев ағамыз: «бұрынғы шыққан­да­ры­нан еш өзгеріссіз көшіре сал­ған» деп сын айтса, мен «Шәкәрім ту­ралы зерттеу жинақтағы ең­бек­терде ақын қағидалары бұр­ма­лан­ған» деп көзқарасымды білдірдім. Жа­уап жоқ, яғни егер маман-шә­кәрімтанушы болса, бірден мы­наларың бұрыс, мыналарың дұрыс деп, дереу жауабын айтар еді. Әри­не, бұл - менің жеке пікірім. Биыл­ғы жыл­дың басында әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тін­де Абай институты ашылды, жақ­сы бас­тама, тек бірде-бір ар­на­йы абай­танушысы жоқ институт жұ­­мы­сын қай қырынан бастады екен деп күдікпен қараймын. Мұн­дай үл­кен істің басында бүкіл өмі­рін абай­тануға арнаған Мұхтар Әуе­­зов, Қайым Мұхамедханов, Зә­ки Ах­метов, Мекемтас Мырзах­мет­ұлы сияқты ғалымдар, нағыз абай­­та­ну­шылар тұрса деген игі ті­лек ме­нікі.
- Сізді жұрт абайтанушы ға­лым­­дардың бірі ретінде ғана емес, ұлт­­тың ұлы мұраттарын көздің қа­ра­­шығындай қорғай білетін азамат ре­­тінде де таниды. Әйтеуір барлық жа­­ңалық атаулыдан құралақан қал­мау­ға тырысасыз. Дәл қазір өзіңіз құ­­ралпы азаматтардың таным-тү­сі­нігі қалай, «мен қазақпын!» деген ата­­лы сөзді ауыз толтырып айта ала ма?
- Мен мектептің қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімінен Білім жә­не ғылым министрлігінің бас ма­маны қызметіне дейінгі ұзақ жол­дан өтсем де, әлі күнге дейін орыс­ша сөйлесем тілім бұралып, тұт­ы­ғып қаламын, балам айтады «орыс­ша сөйлемей-ақ қо­йы­ңыз­шы, қасымдағылар сізге күліп қа­райды» дейді. Бұл сірә, Созақта орыс көрмей өсуіме байланысты емес шығар, себебі орта мектепті Кен­тау қаласында бітірдім. Бірақ инс­титутта «қазақ тілінің бола­ша­ғы жоқ» деп жүрекке біз тық­қан­дай ашық айтты, қызметте «орыс ті­лін білмесең - өспейсің» деп кө­­кі­рекке шаншудай қадады, қа­зақ­тық намысым тапталды, ашын­дым. Не де болса тілімді, ді­лімді тұтығуға алып барған ашу-ызамды, қайғы-мұңымды айтып қа­лайын деп, 1980 жылы «Қазақ әде­биеті» газетіне «Әдебиет пәні оңай ма?» деген ма­қа­ламды жі­бердім, мұнда айтайын де­генім, «қа­зақ тілі мен қазақ әде­биетінің ұлтқа қа­жеті жоқ па, нем­құрайлы қа­рай­тын, оңай пән бе» де­ген жан ай­қа­йымды көлденең сауал­мен жеткізу еді.
Бір мен емес елімізде «іштей тұ­тығып» жүргендер көп екен, екі жыл­­дай газет бетінде қызу пі­кір­талас жүрді, менің атыма «Қа­зақ әде­биеті» газеті редакциясына 200-дей хат түсіпті, әттең, сол хат­тар сақталды ма екен?! Абай қа­ра­­сөздерін зерттеуге ден қойған ке­зім­де, енді бүкіл қазақ ұлтының мұ­­ңы мен зары көз алдымда көл­де­неңдей бастады. Қалай шы­дар­сың, көзің көріп, шығу себебін біліп тұрсаң...
Жақында жазушы Мұхтар Ма­ға­уиннің: «мен өзім Абай жөнінде жа­­зуға қорқамын, мұны бұрын айт­­қанмын. Өзіңнің деңгейіңнің бә­­рі көрініп қалады. Абайды тал­да­­май-ақ, Абаймен салыстыр­май-ақ, сол өз бетіңмен жүретін бол­саң, кішкене абыройлырақ бо­ла­сың. Абайдың тереңдігіне біз әлі жет­­кеніміз жоқ» дегені шынайы шын­­дық. Абай мұраларын те­реңдеп зерттей бастасаңыз өз мі­ні­ңізді де, қазақ ұлтының айтарға жеңіл, жү­рекке ауыр күнгейі мен теріскейін де себеп-сал­да­рын ұға бастайсыз...
Замандастарымның таным-тү­сінігі екіге бөлініп тұр. Орыс­тіл­ділер арасында «мен қазақпын!» де­генді айтатындар шамалы, осы сөзді ауыз толтырып айта ала­тын­дар билікте аз. Таразы басы те­ңес­пей тұрғаны шындық.
- Абай атындағы Қазақ ұлт­тық пе­дагогикалық универ­си­те­тінде өзі­ңіз ұйытқы болып, іргелі ғы­­лыми ор­талық ашыпсыздар. Не бі­­тіріп жа­тырсыздар, жағымды жа­­­ңа­лық­та­рыңызды жұртқа қа­лай жет­кізер едіңіз?
- Былтыр бірінші қыр­кү­йек­тен бастап Абай атындағы Ұлт­тық педагогикалық универ­си­те­тін­де ректор Серік Пірәлиевтің бас­­тамасымен «Абайтану» ғы­лы­ми-зерттеу орталығы ашылды. Абай атамыздың есімін алған уни­­верситет болғандықтан ба, бү­кіл уни­верситет ұжымы біздің жұ­мы­сы­мызға шынайы ықылас та­ны­тып отыр, абайтануды жаппай оқы­туды қолға алсақ дейді. Біз ол үшін жалпы білім беретін мек­теп­тер­ге және жоғары оқу орын­да­ры­на арнап жаңаша сипаттағы бағ­­дарлама, оқулық әрі хресто­ма­тия дайындап жатырмыз.
Ғылыми орталық бол­ған­дық­тан, ғылыми еңбектер жазу - бас­ты мін­детіміздің бірі. Универ­си­теттің га­зеті «Абай универ­си­теті» деп ата­лып, жаңаша мәнге ие бол­са, уни­вер­ситеттің барлық фа­культет­те­рінің студентін қамтыған «Абай мектебі» ашылып, жұмысын бас­тап кетті. Университеттің тәр­бие басқармасы ұйымдастырған «Абай әлемі» республика студент­те­рінің са­йысы, Абай өлеңдерін, қа­ра­сөздерін, әндерін және айтыс өне­рін қамтып, Абай мұраларын на­си­хаттауда тың серпіліс туды­руда.
- Сіз кезінде философия ғы­лым­дарының кандидаты Қ.Жүке­шев­ке қарсы «мылтықсыз майдан» аш­тыңыз. Сонша неге шамдан­ды­ңыз? Ол кісі өз қателігін мойындап, ха­лықтан болмаса да сізден кеші­рім сұрады ма?
- Қ.Жүкешевтің докторлық дис­сертациясы мен 11-сыныптың «Қо­ғамдық білім негіздері» оқу­лы­ғына автор ретінде жазған «Шығыс өр­кениеттері» тарауы ешқандай сын көтермейтін, еліміздің ғы­лымына да, жас ұрпақтың тәр­бие­сіне теріс әсері бар еңбек екеніне әбден көзім жетті. Өзі туып-өскен ауылынан жерінеді, ана тілін қа­сақана келеке етеді, Абайдай алып тұлғаны биік тұғырынан құ­латқысы келеді, қалай шыдайсыз? Оның ауылға, тілге өшпенділігі ер­теректе басталған, дәлел ретінде та­нымал әдебиет сыншысы Бақыт Сар­балаевтың «Өткірдің жү­зі» (1992 ж) кітабынан үзінді кел­ті­рейік: «...Мұның бір көрінісі - «Қа­­зақ әдебиеті» газетінде «Қа­ла­ға не­ге қырын қараймыз?» (№2, 1981 жыл) деген тақырыппен жа­рия­­­лан­ған Қ.Жүкешев атты ав­тордың са­уат­сыз мақа­ла­сы...Қ.Жүкешев Ты­нымбай Нұр­ма­ғамбетов қалаға қар­сы деген бай­балам жасай­ды...Бұдан өзінен-өзі шығатын қо­рытынды Қ.Жү­ке­шев­тің мақа­ла­сы әдебиетке, әдеби сын­ға да, ақи­қатқа да, оқырман қа­былдауына да қатысы шамалы дү­ние... Со­ны­мен, Т.Нұрма­ғам­бетов шығарма­шы­лығынан қала­ға қарсылық із­деу - әдейі ұйым­дас­тырылған...» (273-бет). Бір кез­де ауыл­ға және ауыл туралы көр­кем дү­ние жазу­дың хас шеберіне ай­­нал­ған жа­зу­шыға қарадүрсін жа­ла жапса, сол әде­тімен қазақ ті­лі­нің қарапайым қа­ғидаларын біл­мей жатып, қазақ тілі «далбаса» деп тағы да бай­ба­лам салды. Оның кем­шілігін ав­тор­дың қатысуымен бол­ған 31-ка­нал «Кім?»(13.03.2007 ж.) бағдар­ла­масында маман-ға­лымдар бе­тіне басса да, мен­мен­дік­пен ап­тығы басылар емес. Оны әлі күнге де­йін, әсіресе, орыстілді бас­па­сөздерде сөз беріп, қолдау­шы­лар да табылуда. Маған мынан­дай кү­дікті ой келеді, ол әлдебір қа­заққа қар­сы топтың айтақ­та­ға­н­ына еріп, солардың ықпалында жүр­­ген­дей. Себебі оның докторлық дис­­сертациясы ғылыми еңбекке тіп­­ті келмейді, біресе үкіметке қар­сы шыққан оппозицияның сөз­де­рін мысалға келтірген, біресе қа­зақ­ты «орыстілді қазақ», «қа­зақ­тіл­ді қазақ» деп бөліп тастап, бі­рі­нен-бі­рін жоғары қойып ша­ғыс­тыруға арналған тапсырыспен жазыл­ған мақалалардың жиын­ты­­ғындай көрінеді.
Тағы бір күдігім - қазақша жа­зылған диссертациясы өте жү­йесіз, сөйлем құрауы олпы-сол­пы, ал орысша мақалалары мүл­дем басқа, сауатты жазылған, еке­уінің де авторы бір адам дегенге сен­бей қаласыз. Бір басылымда Тө­леген Жүкеев мырза оның ең­бегімен терең таныс адамдай, өте жо­ғары бағалапты. Т.Жүкеев мыр­за ака­де­мик-тілшілердің, оқы­мыс­ты­лар­дың, зиялы қауым­ның бір жылдай бас­пасөзде, теле­ди­дарда оған бі­р­ауыздан қарсы шық­қанын, тіпті де­путат Б.Тілеу­ха­нның Парла­мент­те Үкіметке са­уал жолдап, оған Білім және ғы­лым министрі жа­уап беріп, жібе­ріл­ген кемші­лік­ті түзеу үшін оның жаз­ған оқу­лы­ғын пайдалануды тоқ­­татып, дис­сер­тациясының қор­ғалмай қал­ға­нын білмей ме? Екі жылдан бері қо­ғамдық пікірге, егер Қ.Жүке­шев­тің шын жана­шы­ры болса, нақ­ты дәлелдерін ай­тып, неге қа­тыс­паған? Бұл көпке то­пырақ ша­шу демеске амал жоқ.
Жалпы, біз зиялылар мен олар­дың күні ертең ізін басатын қазақ аза­маттары арасынан араға іріткі са­латындардың емес, ұлттың жо­ғын түгендеп, Елбасындай ерекше қа­сиеттерімен көрінетіндердің шық­қанын қалар едім.

<!--pagebreak-->
- Білесіз бе, Абай төңірегінде алып­қашпа әңгімелер жиі-жиі бой кө­тереді. Ғұламаны кришнатану­шы­лар қатарына қосқандар да бол­ды. Бұл ел арасына іріткі салу ма, әл­де қазақтың ұлыларын бетперде тұ­т­ып, өзгелерді де осы дінге тар­тудың қам-қарекеті ме?
- Абайдың кім екенін не мек­тепте, не жоғары оқу орын­да­рында өз дәрежесінде оқыта ал­май ке­ле­міз. Бұл өз ішімізде Абай ту­ралы «әйел алғыш», атақ-даңқ­қа «бай­лық­пен қол жеткізген», т.б. жа­да­ғайлыққа баруға жол ашты, Абай­дың дүниетанымын жан-жақ­ты тал­дап беруге шамасы жет­пеген, яғ­ни қасаң еуропалық бір­жақты көз­қарастан арылмаған қа­зақ фи­ло­соф­тарының кемші­лі­гі­нен «Абай­ - кришнайт», «Абай - про­тес­тант», «Абай дін­нен де жоғары да­нышпан» деген жал­ған дәйекке құ­рылған шетел­ден ағылған ми­с­сио­нерлердің мем­лекетіміздің ша­ңырағын шай­қалтуға бағытталған зы­миян іс-әрекетінің басты құра­лына ай­нал­уына мүмкіндік бе­ріп отыр­мыз.
Америкадан арнайы да­йы­н­дық­­тан өтіп келген, бүкіл Орта Азия және Қазақстандағы про­тес­тант-миссионерлердің басшысы бол­ған Чарльз Уеллер секілді шет­елдіктер діни іріткі салатын үгіт-на­­сихат жұмысына алғашқыда тікелей араласса, кейіннен Дін ту­ра­лы заңымыздың осалдығын пай­­­даланып, қазір олар өздері елі­не қайтып, қазақ арасынан да­йын­­­даған «сектант - кадр­­лар» күн­діз-түні аянбай ең­бек етуде. Ха­лықаралық кришна са­­насы қо­ғамының белсенді мү­ше­лері - До­сым және Асан Ома­ров­тар Абай мен Мұхтар Әуезовті кри­ш­найт етіп «жаңалық» аш­қан­­да, біраз ака­демик пен көп­те­ген фил­ософ-про­фессорлар «жа­ңа­ша көз­қарас» деп қоштай жө­нелді, тіп­ті аға­йын­ды Ома­ров­тар­дың да, Ч.Уеллердің де теріс пи­ғыл­да, жат ағым­ның жақ­таушысы ре­­тінде жа­зылған қа­уіпті кі­тап­та­рына ака­демиктер алғы­сөз жа­зып, там­сана мара­пат­тады.
Бір ғана мысал, кришнайт Ома­­ров Абайдың шығар­ма­ларын жат ағымға икемдеп, бұр­малап түсіндіретін «Абайтану кур­сы» (1998 ж), «Ұлылар үндестігі» (1999 ж), «Абайтану» (2002 ж) т.б. кі­таптарды төпеп шығарып қана қой­май, одан кейін тағы да былтыр аға­йынды Омаровтар «Шәкәрімнің үш анығы» атты кітапты академик Р.А.Оразалиевтің алғысөзімен шы­ғарды. Адамзат баласы үшін әрі құ­пия, әрі киелі «аруақ, рух» ұғым­да­рын Омаровтар өздері «аруақ­тар­дың» ішіне барып көріп-білгендей баян­дайды, олар кришнайттық тер­мин «нәзік әлемге» кіріп кеткендігі сон­шалық, бүгінгі күннің жалған бақ­сы-балгерлерін Шәкәріммен бай­ланыстырып, беттері бүлк ет­пейді. Сөзімізді дәлелдеу үшін кі­тапқа көз жүгіртейік: «Әрине, Шә­кә­рім ар­уағы бүгінгі күндері басқа да жо­ғары аруақтармен бірігіп «Ақ жол» ұйымының «аққулары» ар­қы­лы қазіргі кезде халыққа өзінің үл­кен көмегін көрсетіп жүргеніне дау жоқ. Мұның ақиқаттығын Се­мей өңі­ріндегі «аққулармен» бір­ге Шә­кә­рім кесенесіне барған адам ай­қын сезіне алады. Оның ке­сенесіне кір­ген сәтте-ақ рухани қуат­тың әсе­рін бірден сезінуге бо­ла­ды. Шә­кәрім аруағы да, өзінің қа­сында жат­қан Абай аруағы тә­різді, келген адам­дарға өзінің ақыл-кеңесін бе­ріп, оның жақсы-жа­ман қасиет­те­рін көрсетіп, өмірін дұ­рыс жолға са­лып жібереді» (132-б.)
Халықаралық Абай клубының пре­зиденті Роллан Сейсенбаев өзін Қа­зақстандағы «ахмадийдің лиде­рі­мін» деп жариялап, сонымен қа­тар Омаровтың «Абайтануына» ал­ғысөз жазып, оны «қазіргі заман­ның данышпаны» деп айтып салды. Осыдан кейін кімге сенесіз, атақты ака­демиктің сөзі - анау, белгілі жа­зушы, Абайға жанашыр деген мық­ты­ның сөзі - мынау... Бір таңға­лар­­лық нәрсе, Ч.Уеллер де, Р.Сей­сен­­баев пен М.Телібеков те, аға­йынды Ома­ровтар мен Қ.Жүкешев те­ бір-бі­ріне қарсы шықпайды, реті келсе, жақ­тайды.
- Сізді қазақ прозасының тар­ла­ны Тәкен Әлімқұлов жетектеп жү­ріп тәрбиелеген, қазақ әдебие­тінің көрнекті сыншысы Төлеген Тоқ­­бергенов алғашқы әңгімесіне «ре­­дакторлық» жасаған дейді. Атақ­ты жазу­шылардың ықыласына қа­лай ие болдыңыз?
- 1978 жылы Тәкен ағаның ту­ған жері - Созақ ауданының Жар­ты­төбе совхозында 60 жасқа толуына ар­налған үлкен жиын өтті. Мек­тептің мұғалімі ретінде сөз сөй­ледім, кейінірек мені ша­қы­рып алып «сенде жазушылық та­лант бар» деп, өмірінің соңына де­йін Жа­зушылар одағы мен га­зет-журнал ре­дакцияларына «біле бер» деп ертіп апа­рып, «ауыл адам­дарымен, яғни ке­йіп­керлеріммен қа­лай сөйле­се­мін, байқап отыр» деп талай жерді бір­ге қыдыртқаны бар. Сөйтіп жү­ріп, он жылға жуық «Тә­кен мек­тебі» деген үлкен мек­теп­тен өтке­німді де байқамай қа­лып­пын. «Өт­пелі кезең» деген ал­ғаш­қы әңгі­мем­ді Төлеген ағаға бе­ріпті, ол аға­мыз әңгімемді аяусыз тү­зетіпті, со­дан кейін «Қазақ әде­биеті» га­зетіне «Үкілі үміт» ай­да­рында жа­рия­лады. Төлеген аға­ның қо­лы­мен түзетілген әңгіменің түп­нұс­қа­сын асыл заттай сақтап жүр­мін, одан ағаның қамқорлығын да, ащы сынның ызғырығын да се­зіндім, осылайша тағы да бір сын сы­ныбынан өтіппін ғой! Қазір сын айтылмайды, сын ай­­тылса, көтере алмайды кілең «клас­сик». Алла бұйыртып кітап шы­­ғарып жатсам, тұтастай берем, өзі­ме де, өзгелерге де өнеге бол­сын!
- Сіз бір сөзіңізде «дініне бекем болмаған ұлт құриды» деген едіңіз. Қазір «біздің біраз зиялылар түрлі ағымдарға мүше, мис­сионер­лер­дің кі­табын аударып, ақша та­ба­ды» де­ген әңгімелерді естиміз. Осы шын­дыққа жанаса ма?
- Қандай мықты, үлкен мем­ле­кет, қандай елдің басшысы бол­сын өз халқының бір ғана негізгі дін­­ді ұстанғанын қалайды, өйт­пе­ген жағдайда елінің тыныштығы бұ­­зылады. Бұған мысалды әлем­нің кез келген жерінен табасыз. Сон­дық­тан да еліміздің Пре­зиденті Н.Назарбаев: «Біз те­гіміз - түрік, ді­німіз ислам еке­нін ұмыт­пауға тиіс­тіміз. Ол үшін қа­сиет­ті кітап - Құ­ран Кәрімді на­си­­хаттауды естен шы­ғар­ма­уымыз ке­рек», - деп хал­қы­мызға иман­ды­лықтың, бірліктің са­ра жо­лын көр­сетіп отыр. Негізгі ді­­нінен қол үз­ген ел өз ішінде бір-бі­­ріне деген бауы­рмашыл­дығы­нан, ын­тыма­ғы­нан айырылады. Ба­уыр­лас екі Ко­рей мемлекеті не­ге бі­рік­пей отыр, бір-біріне неге өші­геді. Алып дер­жава АҚШ олар­дың бі­реуін жақ­тап, екіншісін қол­да­ма­уы шиел­е­ніс­ке әсері бар десек те, меніңше, басты себеп - АҚШ-тың жүз­деген мис­сионерлерінің Корея же­рінде өте белсенді әрекет жа­са­уынан, со­ның нәтижесінде негізгі дінд­ері - буд­дизмнен қол үздіріп, көп­теп хрис­тиандыққа бас идіріп, «шо­­қын­дырылуынан». Оның шет ж­а­­ғасын елімізде де кез­дес­тіріп отыр­мыз, бір отбасы бірнеше дін­ге бө­лініп, шырқы бұзылуда. Егер ал­дын алып, асқан сақтықпен қа­­жыр­лы әрекет жасамасақ, оның сал­дары бүкіл мемлекеттің шыр­қын бұзуға алып баруы мүмкін.
Қазақ елі өткен мыңжылдық та­рихында ислам дінін берік ұс­та­нып келеді. Оның мысалы, кез кел­ген ақын-жырау, ғұлам­а­лар­ «бисс­милләсіз» сөз бас­та­маған:
Биссмиллә - сөздің пірі екен,
Ең асылы - нұры екен, - деп, немесе
Биссмиллә деп бастайын
Медет тілеп Алладан, - деп жал­ғаса береді. Ыбырай Алт­ын­са­рин де «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» демеді ме?! Кеңес Одағы кезінде тілінен, ді­нінен бірдей айырылған отыз шақ­ты ұлт мүлдем жойылып кетті, бұл - өткеннің ащы шындығы, зор қай­ғысы. Тілі мен дінін берік ұс­танған ел - бірлігі мен беріктігі жа­расқан ең күшті ел!
Сол себепті, мен қолына қа­лам ұстаған қазақ зиялыларынан, қа­ламы жүрдек азаматтардан ақ­шаға құнығып, өзгелердің сойы­лын соқпауын қалар едім. Өйткені қа­зақша жатық жазылған, бірақ өзг­е дінді насихаттайтын көркем кі­таптарды қолыма алған сайын жү­регім ауырады.

 

 

Әңгімелескен Жолдасбек ДУАНАБАЙ

«Айқын» газеті 2 шілде 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2275
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591