Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2480 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 13:31

«Причем тут русский язык?»

Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында «сүйінші» жаңалықтар жария болды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттермен арадағы екіжақты келісімдердің бұдан былай жалғыз қазақ тілінде жазылатындығын жеткізді! Екіншіден, ел Үкіметі Қ.Мәмидің бастамасын құп алған: кеше енді заңдық құжаттардың қазақша мәтіндеріндегі термин-ұғымдарды түзейтін арнайы топтың құрылатындығы жарияланды. Тағы бір сүйсінткен жайт: Жоғарғы палатаның осы күнгі жиынында ұлтжанды депутаттар қатарының толыққандығына куә болдық.

Сенаторлардың алдына кеше ұзақ сонар аты бар, бірақ стандартты, кезекті халықаралық құжат тартылған еді. Жоғарғы палатаның барлық тұрақты комитеттерінің бұл Келісім бойынша айтар ескертпелері мен ұсыныстары жоқ болып шықты. Демек, палата да тұтастай, еш сөзге келмей, қабылдауға тиіс еді. Алайда...

Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында «сүйінші» жаңалықтар жария болды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттермен арадағы екіжақты келісімдердің бұдан былай жалғыз қазақ тілінде жазылатындығын жеткізді! Екіншіден, ел Үкіметі Қ.Мәмидің бастамасын құп алған: кеше енді заңдық құжаттардың қазақша мәтіндеріндегі термин-ұғымдарды түзейтін арнайы топтың құрылатындығы жарияланды. Тағы бір сүйсінткен жайт: Жоғарғы палатаның осы күнгі жиынында ұлтжанды депутаттар қатарының толыққандығына куә болдық.

Сенаторлардың алдына кеше ұзақ сонар аты бар, бірақ стандартты, кезекті халықаралық құжат тартылған еді. Жоғарғы палатаның барлық тұрақты комитеттерінің бұл Келісім бойынша айтар ескертпелері мен ұсыныстары жоқ болып шықты. Демек, палата да тұтастай, еш сөзге келмей, қабылдауға тиіс еді. Алайда...

«Қазақстан Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға Испания Корольдігінің қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы Келісімнің» қазақша мәтінінде қателердің өріп жүргені сонша, ендігі бекітіліп қойған құжатты бірнеше рет бұзуға, әлденеше мәрте кері қайтарып алуға тура келіпті! Осылайша, испандар алдында ана тілі-мізді жаман білетінімізді паш еткендейміз. Сонда мемлекеттік тілдің халі мүшкіл екендігін халықаралық деңгейде көрсеткеніміз бе? «Өзі кішкентай ғана Келісім екен, - деп, таңғалды сенатор Қуаныш Айтаханов, - 8 баптан тұрады.

Соның алты бабында кемшіліктер табылып, түзетулер енгізілген! 4 рет нота жолданған! Мұны қалай түсінуге болады? Не себептен бұлай болып отыр? Өзі бір жарым парақтық Келісім, бар-жоғы!»

- Қазақ тіліндегі мәтінде кемшіліктер табылды, - деп жауап берді Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, - сондықтан біз төрт рет нота жіберіп, Испания тарапымен келіскенбіз, - деп қайыра келе, ол қателік жүгін аудармашыларға аударды: «Бір айтатыны, аудармашылардың өздерінің тілге көзқарасы әрбасқа. Сол себепті келісулерден өткен сайын мәселелер туындап отырды».

Шын мәнінде, «мәселелер» келісімдердің, заң жобалары сияқты, орыс тілінде жазылуынан туындаса керек. Тәржімалаушылардың құжат жобаларында ұғымдардың қазақ тіліндегі нұсқасын әрұдай беруі кесірінен «қарсы жақтан құжаттың елге қайта-қайта қайтарылып жататынын» Қайрат Мәми жақсы біледі екен. Содан ол аударманы түзеп, әлгіндей масқараға жол бермеу мәселесін Сенат бюросында, палата комитеттерінің төрағаларымен арнайы қараған. Артынша Қайрат Әбдіразақұлы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен келісіп, екеуі Үкіметке хат жіберіпті.

- Ол хатта мынадай ұсыныс қойдық, - деді Сенат төрағасы, - осындай келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды, қол қойылмай тұрып, қарауы үшін Сенаттың, Мәжілістің, Үкіметтің және тиісті министрліктің аудармашыларынан арнайы топ құру керек. Әйтпесе, тиісті министрлік өзінше аударады, Үкіметке келгенде, олар өздерінше тағы өзгеріс енгізеді. Кейін Мәжілістің, одан соң Сенаттың аудармашылары басқаша көзқарастарын білдіреді. Нәтижесінде қайта-қайта кері жолдап, ратификациялау өтпей жатады. Сондықтан Сыртқы істер министрлігіне бұл мәселе қатаң түрде айтылды. Жақында осындай арнайы топ құрылатын болады. Сол арқылы біз осы шарттардың сапасын көтереміз деп ойлаймын. Оған СІМ мүдделі деген сенімдемін.

Осыдан кейін сенаторлардың сыны таусылғандай еді. Бірақ депутат Ғани Қасымов сөз алды, ол Келісімнің басты кемшілігін әшкерелепті. Алдымен, Ғани Есенгелдіұлы қазақстандық-испандық келісімге 2009 жылдың 2 шілдесінде, басқа жерде емес, қазақ жерінде, Астанада қол қойылғандығына салмақ түсірді. Осы орайда сенаторды бұл халықаралық құжаттың «қазақ, испан және орыс тілдерінде, әрқайсысы екі данадан жасалғандығы» туралы ҚР СІМ-інің түсініктемесі айран-асыр етті. «Барлық мәтіндердің бірдей күшке ие екендігі жазылыпты, - деді Ғ.Қасымов, - онда орыс тілінің қажеті қанша? Маған осыны түсіндіріңдерші! Қазақша болуы - түсінікті, біздің тіліміз! Испаншасы да дұрыс. Бұл Келісім - Қазақстан мен Испания арасында бекітілген екіжақты ғана құжат. Онда, причем тут русский язык? Егер әртүрлі оқылып, түсіндірілмеуі үшін ағылшын тіліндегі ортақ мәтінін берсеңдер, бір сәрі, мен оны түсінер едім» деген сенатор сыртқы саяси ведомствоның биік лауазымды өкіліне шүйліге қарады: «Енді не, сонда сендерде мәңгілік осылай бола бере ме?»

Расында, Қазақстанның басқа шет мемлекеттермен бекіткен халықаралық құжаттарының орысша мәтінін үнемі қосақтап беру - тәуелділіктің нышанына ұқсайды. Одан Қазақ елінің басқа елмен әр келісімін, төбеден төніп, Ресей бақылап тұрғандай көрініс туады екен. Бірақ Қазақстан СІМ-і мәңгілік олай болмайтындығына сендірді. «Соңғы уақытта біз бұл тәжірибеден бойды аулақ салудамыз! - деп мәлімдеді сенаторларға Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Омаров, - 2009 жылы ол тәжірибе әлі болған. Ал, соңғы келісімдерде біз бұл тәжірибеден кетудеміз». Осыған тоқтаған Сенат депутаттары Испания Корольдігінің ауғанға бет алған әскерлері мен ұрысқа қажетті мүлкінің қазақ жері арқылы өтуі тәртібін айқындайтын екіжақты Келісімді ратификациялады.

Кеше сенаторлар Үкіметке елді елең еткізерлік тағы да бірқатар ұсыныстармен шықты. Соның бірі Ресей қазақтарының жас ұрпақтарын түбегейлі орыстанудан сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін. Бұл ретте депутат Анатолий Башмаков Ресей жерінде қазақ мәдениетінің, қазақ ұлттық дәстүрлерінің «өзіндік бір тірек пунктін құруға» шақырады. Сенатордың байламынша, бұл үшін көрші елде «Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филиалын ашу керек». Мұны Ресей қазақтары сұрап отыр. Бұл тілектерін олар сенатор А.Башмаковқа, былтырғы жылдың 2 желтоқсанында, Омск қаласында сол облыстың Қазақ мәдени автономиясының активімен кездесуі кезінде аманаттапты. Депутат оны кеше ресми сауал түрінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа жолдады. Бұл бастама ел Үкіметі тарапынан қолдаусыз қалмауы керектігін нықтаған сенатор қазақ Үкіметінің ресейлік ЖОО бөлімшелерін қолдап отырғандығын алға тартты: Ломоносов атындағы МГУ филиалы он жылдан бері Астанада жұмыс істеп келеді. Айтпақшы, кезінде оған Қазақстан сол ЕҰУ ғимаратынан орын бөліп, отау тігіп берген.

Ал, сенатор Мұрат Бақтиярұлы Кеңестің қазақ халқын қыруын «геноцид» ретінде атап, Үкіметті бұлтақтамай, дәл де әділ бағасын беруге шақырды. «Назарбаев университеті» студенттерімен таяудағы кездесуінде Елбасы кеңестік тоталитарлық жүйе қолдан ұйымдастырған ашаршылықтан қазақ халқының көп қырғынға ұшырағандығын, алайда бұл қасіретті жағдайдың ұзақ жылдар бойы құпия болып келгенін айтты, - деді депутат, - Президент 1932 жылғы ашаршылық қасіретінің 80 жылдығы биыл ел бойынша атап өтілетіндігін, Астана қаласында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монумент салынатындығын хабарлады. 1929 - 32 жылдардағы аштық қазақтың ғана емес, адамзат баласының тарихындағы ең бір зұлмат, жан түршіктірер сұмдық нәубет екендігі ақиқат» деген ол, сол алапат аштықты тұтастай бір ұлтқа қарсы қолдан жасалған геноцид, қылмыстың ең ауыр түрі деп бағалады.

Статистикалық деректерге сәйкес, 1930 жылы Қазақстанда ауылдық жерлерде 5 миллион 873 мың адам тұрыпты. «Арада 3-ақ жыл өткенде, 1933 жылы тірілер қатарында небары 2 миллион 493 мың ауылдық қалған, - деді Мұрат Бақтиярұлы. - Жаппай жайлаған аштықтан, сондай-ақ әртүрлі жұқпалы аурулардан 2 миллион 580 мың қазақстандық қырылған. Тағы 800 мыңы басқа елдерге қашқан. Қазақ ұлты жаппай ашаршылық нәтижесінде екі есеге азайып қалды». Рас, Ресей аштықтан украин, татар, басқа ұлттар да зардап шеккендігін алға тартады. Бұл ретте қазақстандық сенатор бұлтартпас дәйек келтірді: «Бәріміз келісуіміз керек: мемлекеттің күшке салу саясаты салдарынан бір ұлттың жартысынан астамынан айырылып қалуын адамзат тарихы әлі естіп, білмеген! - деді ол. - Демографтардың тұжырымдауларынша, егер сол жылдарда жаппай ашаршылық болмағанда, қазіргі уақытта біздің халқымыздың саны 45-50 миллионды құрар еді» деген М.Бақтиярұлы мұның қазақ халқының өсуін кем дегенде 100 жылға кері лақтырып тастағандығын мәлім етті.

- Заман өтіп, ұрпақтар алмасуда. Ендігі ұрпаққа осы бір сұмдық ашаршылықтың ащы ақиқатын айтатын кезең келді деп есептейміз! - деген сенатор ашаршылықтың ауқымын, залалы мен зардабын әлі де болса, нақтылай түсу қажеттігін айтты. 1992 жылы ҚР Жоғарғы кеңес Төралқасы жанынан құрылған комиссия халқымыздың ашаршылыққа ұрынуына әкеліп соққан өткен ғасырдың 20-30 жылдар аралығында қабылданған қаулыларды зерттеу жөнінде ауқымды жұмыстар жасады. Осы мәселеге байланысты қазақ және орыс тілдерінде көптеген зерттеу еңбектері жарық көрді. «Өкінішке қарай, осыған қарамастан Қазақстандағы ашаршылықтың тарихы мен зардабы жайлы әлемдік қауымдастық аз біледі. Өйткені оларда толыққанды мағлұматтар жоқ. Сол себепті ашаршылыққа байланысты Қазақстанда жарық көрген еңбектерді ағылшын тіліне аудару қажет» деп ұсынды Сенат депутаты. Ол, сондай-ақ тек Астанада ғана емес, барлық облыс орталықтарында да ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштер орнатылуға тиістігін Үкіметтің қаперіне салды.

- Зұлмат ашаршылықтың қайғы-қасіреті мен салдары ашық айтылып, оған әділ құқықтық, саяси баға беріліп, тарихымыздың ең бір қасіретті жайы бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына толық сіңдірілуі керек, - деп түйді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

Айхан ШӘРІП

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364