Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2501 0 пікір 4 Шілде, 2009 сағат 12:59

Өркен КЕНЖЕБЕКОВ. Сүйеуі бардың сөзі де басым

Кәрі құрлықты тәмсіл еткен бір ойшыл: «Жауырыны жер иіскеп жатып, өзін жеңімпаз сезіну тек саясатта ғана кездеседі», - депті. Жарықтықтың саясаттың сорпасын ішкен-ішпегені бізге беймәлім. Бірақ Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілі Дмитрий Рогозинді тыңдасаң, Эдгар Фос әдемі теңеуін кімдерге бағыштағанын аңғару машақат емес.

Кәрі құрлықты тәмсіл еткен бір ойшыл: «Жауырыны жер иіскеп жатып, өзін жеңімпаз сезіну тек саясатта ғана кездеседі», - депті. Жарықтықтың саясаттың сорпасын ішкен-ішпегені бізге беймәлім. Бірақ Ресейдің НАТО-дағы тұрақты өкілі Дмитрий Рогозинді тыңдасаң, Эдгар Фос әдемі теңеуін кімдерге бағыштағанын аңғару машақат емес.

Мұндайда «Мәскеудің мүддесі дегенде, жалаңаш қолмен жауға шабатын  Рогозин мырза не айтып еді?»  деген сауал қылаң береді, әлбетте. Өткен жұманың соңында ақ тілекті Астана Солтүстік Атлантикалық әскери одақ пен бір кездері бақайшағына дейін қаруланған Кеңес Одағының бүгінгi мирасқоры Ресейдің «айтыс алаңына» айналды. Орыстың «суырыпсалма ақыны» Рогозин НАТО-ның қауіпсіздікке арналған III форумы барысында күтпеген жерден сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Мәселенки, адал әйелдің қошеметшілері болады. Яғни ондай әйел күйеуіне берілген. Алайда өзіне гүл сыйлайтын серілері бар. Міне, НАТО - Қазақстанның қошеметшісі. Ал Қазақстан ең әуелі бұрынғы КСРО-ның беломыртқасы Ресейге үйленген немесе күйеуге шыққан (кім, қалай ойлайды? Өзі білсін). Біздің етене, туысқан, отбасылық байланысымызды тәтті күлшесін әкеліп, ұнауға тырысатын басқа жанұялармен арадағы қарым-қатынаспен салыстыруға әсте келмейді. Менің ойымша, Қазақстан басшылығы мұның бәрі нақты дәйекке негізделген келешек емес, боркемік сандырақ екенін өзі де түсінеді. НАТО Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер де қарап қалған жоқ. «Мен НАТО-ны ешкімнің де көңілдесі деп есептемеймін. Біздің өз саяси рөліміз бар. Мен тікелей Орталық Азиямен айналысамын. Бірақ түрлі сипатта».
Сөзбен сүзісуді жіліктеп жатпайық. Басы ашық нәрсе - терістік көршідегі рогозиндер біздің басқалармен барыс-келісімізді, қоян-қолтық араласқанымызды қаламайды. Мәскеуді айтасыз, біздегі Вадим Борейко деген журналист: «Кербез көпқырлы (көпвекторлық) сая­сатымен қияндағы һәм тұмсық түбіндегі қошеметшілердің басын айналдырған еліміздің өзі кінәлі», - деп салыпты. Тілшінің сатираға иек артуға тырысқан сөйлемін де талдамай-ақ қоялық. Айтпаса да түсінікті. Бірақ мұндай «дуалы уәжден» кейін біреуді «үлкен аға» деп, тек соның алдында  елпектемей, көпшлікпен терезесі тең мемлекет ретінде араласуға мүмкіндік беретін көпқырлы саясатымыздан айырылмаған абзал-ау деген ұйғарым жасадық. Әлемдік дәстүрлі діндердің құрылтайы да құлашты кеңге сермеудің дұрыстығын дәлелдейді.

Қарғаның миын қайнататын шілденің шымылдығы ашылысымен, Астана төріне айшығын асынған, сәлдесін оранып, кипесін киген кісілер ағыла бастады. Абдырамаңыз, Елорда екінші Бабылға (Вавилонға) айналған жоқ. Алайда Жер шарын ен жайлаған ұлттарды ортақ сенімге ұйыстырған діндер жетекшілерін жинау арқылы Астана асқақ мақсатына тағы бір табан жақындады. Осымен үшінші рет. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне бұл жолы 77 делегация қатысқанына қарап, динамика бар дерсіз.

Мысалға, 2003 жылғы бірінші жиынға 17 делегация қатысса, екінші съездің жұмысына 29 делегация араласты. Ендеше, Астана съезінің осы жылдар аралығында бедел жинап, мәртебесі өскеніне үш жыл бойы оны үздіге күтетіндердің көбейгені айғақ болса керек.
Алқалы жиынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. «Адамзатқа ортақ құндылықтарды жинақтап, ортаға салып, ой бөлісіп, өркениеттер үндестігін нығайтсақ деген ізгі мақсат, асыл мұраттар сіздерді Астана қаласына топтастырып отыр. Астана төрінде осы күндері сіздер тарапынан айтылатын салиқалы сөз, салмақты ұсыныстар дүниенің түкпір-түкпіріне тарап, Жер шарында бейбітшілік пен өзара бәтуаластықтың орнығуына септігін тигізеді деген үміттемін», - деді Елбасы. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы елімізде 3200-ге жуық мешіт, шіркеу және ғибадатхананың жұмыс істеп жатқанын, Астанада бес мыңдық адам бір мезетте мінәжат ете алатын мешіттің іргетасы қаланғанын да атап өтті. Айтқандай, діндер тоғысқан  жиында Елбасы жаңа әлемдік құрылымның  негіздерін тұжырымдап берді. Мысалға, алаяқтық пен ысырапшылдыққа жол берілмейтін, адал һәм қайырымды әлемдік қаржылық, валюталық жүйені ұстын ететін экономикалық үлгі, екіншісі - алдыңғы орынға жекелеген алпауыттардың емес, жұмыр әлемнің мүддесін қоятын, халықтар «үлкен» мен «кіші», «жақсы» және «жаман» болып бөлінбейтін, тең дәрежедегі әріптестік пен өзара диалогқа иек артқан елдер арасындағы қарым-қатынастардың саяси моделі, үшіншісі - ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жаңаша көзқарас. Дайын концепцияны бір-бірімен бастары сыйыспай жүрген саясаткерлер қаперіне алып, құлақтарына ілсе, игі....

Ал жиынға қатысқан Израиль басшысы Шимон Перес мұсылман әлемі елдерін Қазақ елінде келісім үстеліне отыруға шақырды. «Біздің бәріміз бейбіт бастамаларды қолдауға тиіспіз, - деді  Перес. - Қазір кезде Израильге қатысты араб елдерінің ұстанымы өзгере бастады. Біз бұрынғы үш «болмайдыдан» - «Израильмен келіссөз жүргізілмейді!», «Израиль мемлекетін тануға - болмайды!» және «Израильмен бейбіт өмір болмайды!» деген ұрандардан алыстай бастағанына куә болудамыз. Мен арабтық бейбітшіл бағдарламаның бастамашыларына қайырыламын! Иерусалимде, Әр Риядта жиналайық, мүмкін болса, Қазақстанға келіңіздер».
Бүкіләлемдік Ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла бен Әбдель Мұхсин Әт Түрки болса бұл жиынның Сауд Арабиясы патшасы Абдалла Ибн Әбдел Әзиздің түрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты ілгерілету бойынша бастамасымен мұраттас екендігін мәлім етті. «Біздің заманда адамзат санасын билеуші ойшыл тұлғалардың әр алуан діндер мен мәдениеттер арасындағы ынтымақтастық формалары туралы ұсыныс талап етіліп отыр. Бұл съезд соған жауап табу үшін оңтайлы диалог алаңы болып табылады», - деді ол. Бүкіләлемдік лютеран федерациясының Бас хатшысы Ишмаэль Ноко Қазақстанның «ықпалды елге» айналып келе жатқанын, енді жай үндеу жолдап қоя салмай, салмақты іс-шараларды қолға алуға тиістігін қадап тұрып айтты.

Қорытындылай келгенде, осы съезде Н.Назарбаев әлемдік құрылымның жаңа концепциясын ұсынды. Әлемдік дінбасылардың кеңесін құру туралы ұсыныс тастады. Ал Перес араб елдерімен достасуға пейіл танытты. Нәтижесінде, қазақ елінің «дінаралық татулықтың ордасы» ретіндегі имиджі сырт көзге иррационалды түрде өсті. Тағы бір ұтымды тұсы - әншейінде бір-біріне тіксіне қарайтын дін өкілдері арқасын кеңге салып, беймарал күйде әңгіме тиегін ағытты. Ал мұндай жағымды рәуіште тіл табысып, пікір алысу да оңай болады емес пе?

Кеше Фостер «пирамидасының» кең дәліздері 35 елден келген меймандардан босады. Қонақтар еліне қайтты. Көңілде не қалды? Жиында елімізде осымен бесінші синагога ашылатыны белгілі болды. Жатсынбаушылық немесе толеранттылық терминін қайта-қайта ауызға алған қайсыбір шешендер «ТМД кеңістігінде басқа ешбір елде мұншама синагога жоқ, - деп лепірді. «Діни наным-сенім бостандығы туралы» Заңымыз солай солқылдақ болып қала бере ме?» деген сауал да көкейді мазалайды. Бір қызығы, Франция сияқты дінді қоғамнан оқшаулау үшін лаицизм саясатын жүргізу керек дейтіндер де,  Иран секілді Исламды ортақ идеяға айналдыруды дұрыс көретіндер де бар. Жалпы, көпқырлы саясаттың ұтымды тұсы бір нүктеге үңілмей, қилы бағытқа қарауға мүмкіндік береді.

 

«Жас қазақ» газеті, №26 (03.06.2009)

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499