Әмірхан Балқыбек. Детектив жанры неге кенже қалып отыр? (жалғасы)
Детектив қазақ әдебиетiндегi кенже қалған жанрлардың бiрiнен саналады. Бұған әрқалай себептер бар. Солардың бiрi әдебиетшiлер тарапынан детективтi жанр ретiнде менсiнбеушiлiк болса керек. Жағдайдың бұлай қалыптасуына арзанқол детективтiк шығармалардың көбейiп кетуi де аз әсер етпей жатқан жоқ. Амал қанша, осылай жүргенде детективтi газеттiк жанр санайтындай жағдайға да жетiп қалдық. Детективке келгенде жағдайдың осылай қалыптасуы керек пе едi, бiздi ойландыратыны, мiне, осы.
Көпшiлiк детективтi Батыстық әдебиеттiң жемiсi деп түсiнедi. Қазақ әдебиетiне әлi сiңiсе алмай жатқандығын да осы пайымнан шығарып түсiндiруге құмар. Оның үстiне детективтi жеңiл жанр көретiнiмiз де жасырын емес. Бұл бағыттағы туындылар қол боста, сапар үстiнде уақыт өткiзу үшiн ғана керек сияқты болып сезiлiп жатады. Қысқасы, детективке байланысты әдебиетшiлер арасында қалыптасып отырған ой-пiкiр жақын арада оның көсегесi көгере қоймайтындығын аңғартатындай.
Детектив қазақ әдебиетiндегi кенже қалған жанрлардың бiрiнен саналады. Бұған әрқалай себептер бар. Солардың бiрi әдебиетшiлер тарапынан детективтi жанр ретiнде менсiнбеушiлiк болса керек. Жағдайдың бұлай қалыптасуына арзанқол детективтiк шығармалардың көбейiп кетуi де аз әсер етпей жатқан жоқ. Амал қанша, осылай жүргенде детективтi газеттiк жанр санайтындай жағдайға да жетiп қалдық. Детективке келгенде жағдайдың осылай қалыптасуы керек пе едi, бiздi ойландыратыны, мiне, осы.
Көпшiлiк детективтi Батыстық әдебиеттiң жемiсi деп түсiнедi. Қазақ әдебиетiне әлi сiңiсе алмай жатқандығын да осы пайымнан шығарып түсiндiруге құмар. Оның үстiне детективтi жеңiл жанр көретiнiмiз де жасырын емес. Бұл бағыттағы туындылар қол боста, сапар үстiнде уақыт өткiзу үшiн ғана керек сияқты болып сезiлiп жатады. Қысқасы, детективке байланысты әдебиетшiлер арасында қалыптасып отырған ой-пiкiр жақын арада оның көсегесi көгере қоймайтындығын аңғартатындай.
Ал, бiздiңше, осы детектив керемет жанр. Рас, жанрдың ерекшелiктерiн түгел ескере отырып жазылатын дүниелердi оқуға мүмкiндiк туып жатса. Оның үстiне детективтi Батыстық әдебиеттiң еншiсiндегi дүние көру қате тұжырым. Соңғы кезде орыс детективтерiнiң «жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай» қаптауы да бұл сөзiмiзге жақсы дәлел бола алса керек. Шынын айтсақ, детективтiң айы осылай оңынан тууына КСРО сияқты алып империя құлағаннан кейiнгi кезеңде қылмыс әлемiнiң күрт күш алып кетуi де аз әсер етiп отырған жоқ. Қысқасы, детективке материал жетерлiк. Әйтсе де, орыс әдебиетiндегi осы жанрдағы сiлкiнiс қазақ әдебиетiнде байқалмауы нелiктен? Бiздi осы жағы ойландырады.
Егер, тамыры терең Шығыс әдебиетiне үңiлсек, детективтiң бастау элементтерi сонау ерте кезден бұл әдебиетте де жетерлiк екендiгiн аңғарар едiк. Қытай және жапон әдебиеттерiнде бұл бағыт орта ғасырларда-ақ жеке жанр ретiнде қалыптасып қойғандығы да нақты факты. Бiр мысал келтiре кетелiк, орта ғасырлық Әбу-л-Фарадж есiмдi қаламгердiң «Ғажайып әңгiмелер» атты жинағында шағын әңгiме бар. Мазмұны төмендегiдей. Энциклопедист ғұлама Әбу әли ибн Сина жергiлiктi әмiршiнiң қуғындауынан бас сауғалап Сирия асады. Дамаск (Дамшық) шаһарының көшелерiн аралап келе жатып, ем-дом жасап отырған бiр дәрiгердi ұшыратып қалады. Әлдебiр келiншектiң тамырын ұстап, дертiн анықтап отырған дәрiгер ара-тұра келiншектi әңгiмеге тартып жатса керек.
- Қожайыныңыз жебiрей ме?
Келiншек:
- Иә,- деп жауап қатады.
- Шаһардың түстiк жағындағы маһаллада тұрасыз ғой?
- Оныңыз да рас.
- Кеше таңертең қожайыныңыз айран iшiп пе едi?
- Бұл жолы да дәл айттыңыз.
Емшi келiншекке дәрiсiн берiп қайтарып жiбередi. Мұндай сұңғылалықты көрмеген Әбу Әли ибн Сина аң-таң. Дәрiгерден:
- Сiз келiншектiң жебiрей екендiгiн, қаланың түстiк жағында тұратындығын, кеше таңертең қожайынының айран iшкендiгiн қалай дәл бiлдiңiз? - деп сұрайды.
- Оп-оңай. Келiншек жебiрей екен. Ал жебiрейлер өз ұлтының адамы болмаса, өзге ұлттың адамдарына қызмет етпейдi. Демек, қожайыны да жебiрей. Ал жiбейлер тұратын квартал қаланың түстiк жағында. Қожайынның кеше айран iшкенiн бiлгенiм, келiншектiң көйлегiнде айранның дағы бар екен. Бiр күндей болғаны сезiлiп тұр. Кеше таңертеңгiлiк жұққан болса керек деп жорамалдадым. Байқайсыз ғой, таң қалатындай түк те жоқ. Ал сiздiң Әбу Әли ибн Синаның дәл өзi екендiгiңiздi айтсам және таң қалмаңыз. Өйткенi мұндай жайтқа қызығушылық бiлдiру тек Әбу Әли ибн Синаға ғана тән нәрсе болса керек.
Әңгiме осы ғана. Бiрақ әңгiме кейiпкерiнiң жекелеген детальдардан жасаған тұжырымдарынан Конан Дойльдың атақты Шерлох Холмсының ойлау жүйесi, қисынға құрылған байқампаздығы мен мұндалап тұрған жоқ па! Шығыс Шерлок Холмстары жайлы мұндай деректердi көптеп келтiруге болады. Қазақтың жоғалған түйенiң бiр көзiнiң соқырлығын, құйрығының шолақтығын айтамын деп ұры бола жаздаған байқампаз жолаушы туралы әңгiмесi де - детектив жанрының халық шығармашылығындағы озық үлгiлерiнiң бiрi. Сондай-ақ, осы әңгiмелерден детектив жанрына қойылатын басты талаптардың бiрiн аңғармау да мүмкiн емес. Яғни детектив кейiпкерi байқампаз болуы шарт. Логиканың индукция және дедукция iспеттi басты ойлау тәсiлдерi iз кесушiнiң негiзгi қаруына айналуы керек. Оқырманның алар ләззаты - детектив қаһарманының қиыннан жол табар осындай ойлау машықтарынан құмар қандыру болатындығын ұмытпаған жөн. Дәлiрек айтқанда, детектив жанрына қалам тербегiсi келетiн талапкер логика ғылымының бiлгiрi болуға тиiс. Эдгар Аллан По, Артур Конан Дойль, Агата Кристи шығармаларының детектив жанрының, жапы әдебиеттiң классикалық үлгiлерiне айналуына мұрындық болған, мiне, осы математикалық дәлдiктегi ойлау жүйесiне құрылғандықтары. Осы ретте ақындығымен де мәшһүр Аллан Поның мына сөзi ойландыратындай-ақ: «Қарғаны» жазу барысында мен ешқандай кездейсоқ оралымдар мен әсершiл шалықтауларға ұрынған жоқпын. О баста ойластырылғандай, ақырына дейiн логикаға сүйене отырып математикалық есептi шешкен секiлдi салқынқанды болдым».
Детектив әлдекiмдер ойлайтындай оңай жанр емес екендiгiн әдебиет тарихына зер салсақ айқын аңғарар едiк. Мысалы, шығармашылық ғұмырында бес мыңдай кейiпкердi сомдаған Оноре Бальзактың өз замандасы, Париждiң атақты iз кесушiсi Видокпен жақсы таныс болғандығы, одан ма¬териалдар алып отырғандығы жазушының шығармашылы¬¬ғы¬на қаншалықты әсер еткендiгiн бүгiнде дәл тап басып айту қиын. Бiрақ бұл таныстықтың жемiссiз болмағандығы анық. Оның бiр дәлелi жазушының шығармасынан шығармасына көшiп отыратын Вотрен образы.
Сондай-ақ, Достоевскийдiң романдарында да детектив эдементтерi аз ұшыраспайтындығын ешкiм жоққа шығара алмайды. Газеттегi «қылмысты iстер хроникасы» айдарымен берiлген кiшкентай ғана хабарды «Қылмыс пен жаза» секiлдi ғажайып психологиялық романға айналдыру - хас шеберлiктiң үлгiсi болса керек. Бiздiңше, дәл осы шеберлiктi детектив басқа жанрлардан артық болмаса кем қажет етпейдi. Мәселе - автордың материалды қалай игеруiнде, оған қай қырынан келуiнде. Сөзiмiз дәлелсiз болмасын, аргентин жазушысы Хорхе Луис Борхесте «Иуда сатқындығының үш версиясы» атты әңгiме бар. Сол версиялардың бiрiнде автор Иуда емес, Иса мәсiхтiң өзi сатқын едi дейдi. Автордың пайымдауына сүйенсек, расында да солай сияқты. Борхес Иуданы күнәһарлық жолға Иса мәсiхтiң өзi итермеледi, өйткенi осылай болуы оның өзiне қажет едi деп санайды. Iзбасарларымен бiрге отырғанда, «Сендердiң бiреулерiң менi сатасыңдар» деп жиi айтуы және бұл сөздi айтқанда содан күдiктенгендей әрдайым Иудаға қарайтындығы Иуданың жан дүниесiнде Исаға деген ренiштiң тууына әкелiп соқтыруы әбден заңды едi деп санайды автор. Әйтпесе, Иса мәсiхтiң өзiн кiмнiң сататындығын бiлiп отырып, оны ағат жолдан аман алып қалуға тырыспауы қалай? Борхес әңгiмесiн оқып отырып, автордың батыл жорамалдарына таңқалмасқа шараң жоқ. Ерiксiз Иуда опасыздығының мұндай да бiр версиясы өмiр сүруге қақылы екен-ау деген ойға қаласыз. Мiне, бұл - шеберлiк.
Өркениеттiң дамуымен бiрге, қылмыстың да күрделе түсетiндiгi, оның жаңа түрлерi пайда болатындығы заңдылық. Сонымен бiрге онымен күрестiң де жаңа тәсiлдерi дүниеге келетiндiгi ақиқат. Криминалистика тарихына қарасақ, бұл дамудың қандай қиын өткелектерден өткендiгiн аңғарар едiк. Иденфикация, дактилоскопия, баллистика, токсикология секiлдi криминалистика тарауларының әрқайсысы өз алдына бiр-бiр күрделi сала екендiгiн, ғылымның соңғы iзденiстерiнiң жетiстiктерiн молынан пайдаланып отыратындығын сезiнген адамға детектив жанрының үлкен әдебиеттiң қолбаласы бола алмайтындығы айқын аңғарылар едi. Мысалы, бiз ХIХ ғасырдағы Францияда қауiптi қылмыскерлердi есепке алудың бой өлшеу, аяқ киiм мөлшерiн тiркеу секiлдi қарапайым тәсiлдерi қолданылғандығын бiле бермеймiз.Ал осы тәсiлдермен бүгiнгi күнi қандай қылмысты аша алар едiңiз. Ешқандай да. Бiр ғана алып қалада бойы 180 см. келетiн, аяқ киiмi 42 размерлi қаншама қылмыскер бар. Өзiңiз қолға алып отырған қылмысты iстiң осылардың қайсысының қолынан болғандығын қалай анықтаймын десеңiз де шарасыздыққа ұрынарыңыз анық. Ал адам саусағының таңбасы секiлдi бұлтартпас айғақпен кiрiссеңiз дәл қылмыскердi табуыңыз анағұрлым жеңiлдейтiндiгi дәлелдеудi қажет етпейдi. Бiрақ бедерi әр адамда мiндеттi түрде әртүрлi болатын сол саусақ құпиясына криминалистика бiр күнде ендеген жоқ қой. Сол секiлдi арғы-бергi тапанша мен мылтық түрлерiнiң барлығын бiр ортаға жинап, олардың оғының, атылу ерекшелiктерiнiң мiнездемелерiн жасау да адам миына бiр күнде келе қоймағандығы жасырын емес. Қазiр ғой қылмыс жасалған жерде қалған оқтың мылтықтың қандай түрiнен атылғандығын баллистикалық экспертиза әп-сәтте-ақ анықтап бере алады. Сырт қарағанда оп-оңай секiлдi. Мiне, детектив жазатын адамның криминалис¬ти¬ка¬ның осындай жаңалық, ерекшелiктерiмен жан-жақты жақсы таныс болуы шарт. Ал, бұл детектившiден үлкен ғылыми дайындықты қажет етедi. Бiздiңше, осындай ұшқыр логика мен ғылыми негiзге құрылған және психологиямен өрiлген детектив қана шын мәнiсiндегi детектив бола алса керек.
Әдетте, ұлттық менталитет, ұлттық дүниетаным деп жатамыз. Қазақтың қанында анау бар, мынау жоқ дегендi қосып қоямыз. Жоқтың қатарында кейде осы детектив те кетiп қалып жатады. Өкiнiштi-ақ. Бiздiңше, ұлттық менталитеттiң жарқын көрiне алар бiр тұсы - осы детектив жанры. Мысалы, қылмыс адам таңдамайды. Бiрақ ұлтты таңдайтын қылмыстар бар. Яғни сирек те болса жекелеген ұлттарға ғана тән қылмыс түрлерi бар деген сөз. Ғылым осылай дейдi. Мұнысы негiзсiз де емес. Қылмыспен күрес саласында ұзақ жыл қызмет еткен мамандардың айтатыны да осы. Анау бiр жылдары милиция қызметкерлерiнiң тынымсыз тiршiлiгiне айналған бiр кiтаптан мынандай әңгiме оқығаным бар. Қарақшылар түн құшағында әлдебiр қойманың құлпын бұзып тонап кетедi. Қылмыс орнына келген оперативтiк топ жетекшiсiнiң бiрден көңiлiне түйгенi бұл ұрлықты цыган ұлтының өкiлдерi жасаған болса керек деген ой болады. Қылмыскерлердi iздестiру жұмыстары да осы бағытта жүргiзiледi. Және сәттi аяқталады. Сонда жаңағы iз кесушi қандай дәйекке сүйендi дейсiз ғой. Бар болғаны, құлыптың қандай тәсiлмен бұзылғандығына назар аударады. Ал құлыпты бұл жолғыдай көбiнесе цыган ұлтының өкiлдерi бұзады екен. Жорамал дұрыс болып шығады. Мiне, қылмыс және ұлттық менталитет дегенiмiздiң өзара тоғысып жататын осындай тұстары бар. Осындай жолмен Достоевскийдiң «Қылмыс пен жазасындағы» өсiмқор кемпiрдiң ұлтының қандай екендiгiн анықтауға болар ма едi, ойланып көруiңiзге болады.
Қазақ детективiнiң кенже қалуын ұлтымыздың қалаға бертiнiректе келуiмен, ал далалық тұрмыста қылмыстың барымта мен қыз ұрлаудан өзге түрлерi болмағандығымен түсiндiргiсi келетiндер де бар. Және бұл сөздiң жаны да жоқ емес. Өйткенi өзiне өзi қол көтеру, түбi маньяктыққа әкелiп соғатын психиканың бұзылуы iспеттi дерттер негiзiнен үлкен қалалардың тудырған кесапаттары екендiгi құпия емес. Дәлiрек айтқанда, өркениеттiң тудырған құбыжықтары деуiмiз орынды. Қазақ детективiнiң әлi балаңдау болып жатқандығының бiр сырын осындай себептермен де түсiндiруге, ұғындыруға болады. Бiрақ бұл қазақ детективi дамымауға, өспеуге тиiс деген сөз емес. Оның мықты болашағы бар екендiгiне күмәнiмiз жоқ. Детектив жанрының әлемдiк әдебиеттегi озық үлгiлерiнен үйрене отырып, өзiндiк дауысын танытатын кезi де алдағы күндердiң үлесiнде екендiгiне сенiмдiмiз. Бұл мақаламен бiздiң айтқымыз келгенi, детектив әдебиеттiң өгей баласы емес, өз баласы екендiгiн, оның белдi жанрларының қатарына жататындығын аңғарту едi. Қоғамның кеселi, көлеңке жақтары қылмысты iстер арқылы көрiнiс табатындығын ескерсек, сол дерттi анықтап беретiн тамыршы жанр осы детектив болса керек. Олай болса, оны менсiнбеуiмiз орынсыз.
Ендi қазақ детективiнiң бүгiнгi халi жайлы аз-маз көңiлге түйгенiмiздi айта кетелiк. Айтсақ, жағдайы көңiл жұбатарлықтай емес. Авторларының атын атап, түсiн түстеп жатпай-ақ қоялық, бұл жанрдағы қазақ тiлiндегi оқырманға ұсынылып жатқан дүниелердiң барлығы дерлiк негiзiнен ортанқол ғана туындылар. Қылмыс тақырыбына жазылатын күнделiктi газет мақалаларына ұқсап кетiп жататындары да аз емес. Кейбiрiнiң тасасынан әдебиеттi «сауынды сиырындай» көретiнi де аңғарылып қалады. Бұл заңды құбылыс болар, бiрақ қауiптi нышан. Сондай-ақ шығармалардан буыны қатып қалған стеоротип ойлау жүйесiнiң салқыны еседi. Мысалы, көбiнесе «Түнгi сағат екiлер шамасында аудандық қылмысты iздестiру бөлiмiнiң бастығы капитан Садыхановтың үйiндегi телефон тыныштықты қақ тiлiп безектеп қоя бердi» деген ыңғайда басталатын дүниелердiң детектив жанрына қаншалықты қатысы барлығын бiз бiле алмадық. Қазақ детективiнiң жарқын күндерi алда дейтiнiмiз де сондықтан. Тек талап дұрыс болсын.
(Жалғасы бар)
"Абай-ақпарат"