Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4570 0 пікір 4 Шілде, 2009 сағат 13:06

Смағұл ЕЛУБАЙ. Қазақтану

Есте жоқ ескі заманнан Еуразия ендіктерін еркін жайлап, бойлықтарын бойлай көшкен  бабалар керуені тырнадай тізіліп 20-шы ғасыр  басына  жеткен. Жетіп отызыншы жылдар ойранына ұшыраған. Астамшыл қызыл саясат көшпелілерді де, көшпелі өмір салтын да социализмге жат элемент деп жаназасын шығарған. Қазақтың  тал бесігі  даласын табытқа айналдыруға аз-ақ қалған. Көшпелілердің өзі ғана емес, репрессияға сөзі де, яғни, түгел дүниетанымы  ұшыраған.  Қағазға түскен тарихи жады - шежіре, кітап, Құрандары өртеліп, жырау- жыршы, жазушы, күйші, молда, бақсы, емшілері оққа байланған.

Есте жоқ ескі заманнан Еуразия ендіктерін еркін жайлап, бойлықтарын бойлай көшкен  бабалар керуені тырнадай тізіліп 20-шы ғасыр  басына  жеткен. Жетіп отызыншы жылдар ойранына ұшыраған. Астамшыл қызыл саясат көшпелілерді де, көшпелі өмір салтын да социализмге жат элемент деп жаназасын шығарған. Қазақтың  тал бесігі  даласын табытқа айналдыруға аз-ақ қалған. Көшпелілердің өзі ғана емес, репрессияға сөзі де, яғни, түгел дүниетанымы  ұшыраған.  Қағазға түскен тарихи жады - шежіре, кітап, Құрандары өртеліп, жырау- жыршы, жазушы, күйші, молда, бақсы, емшілері оққа байланған.

Сөйтіп, қызыл саясат қазақтың дәстүрлі дүниетанымына балта шапты, халықты халық етіп ғасырдан-ғасырға сүйреп, талай аласапыран заманалардан  алып өткен ұлттың ұлы рухи тірегі -  дәстүрлі дүниетанымын  бұтарлады. «...Жалпы көшпелілер қоғамы, көшпелі өмір салтта қалыптасқан қазақ қоғамы, оның төлтума бітімдегі барша құрылымдық болмысы «жабайылық» тұрғысында парықталды» - дейді  «Қазақтың ауызша тарихы» атты жаңа еңбегінде елтанушы Ақселеу Сейдімбек. Ең сорақысы, бірнеше буын қазақ ұрпағының осынау солақай да сорақы түсінік аясында тәрбиеленуі. Қазақтың қазақтанудан шеттетілуі. Көшпелілер болмысын кертартпа қоғам ретінде балағаттауға жол ашылып, оның күнгейін көруге тиым салынуы. Ондай зерттеулер ұлтшылдық делініп, пышаққа түсіп, туралуы. Кезінде Мұрат Әуезов бастаған бір топ ғалымның «Көшпелілер эстетикасы» атты зерттеуі соның кебін киді. Ақиқатында есте жоқ ескі заманнан Еуразия кеңістігін игерген көшпелілер өркениеті түсінуді қажет ететін тарихи феномен еді.

«Қазақтың ауызша тарихында»  әйгілі неміс этнографы  Альфред  Вебердің мына пікірі келтірілген:

«Ат үстіндегі көшпелілер дүниенің кеңдігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениетке ие елдерін жаулап алды.  ...Үстем нәсіл ретінде олар дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы қалыптастырып, оны эпос түрінде паш етті.  ...Сөйтіп өмірдің мән-мағынасына қатысты сол кездегі тарихы соқталы істердің бәрінде де трансцендентті әмбабап дінді, философияны және тәртіпті қалыптастырды».

Тегі неміс орыс  зерттеушісі В.В.Радлов: «Мен қазақ арасында көп болдым және мына жағдайға көзім жетті. Оларда анархия  жоқ, тек бізден өзгеше өзіндік даралық бар. Ол даралық  әбден қалыпқа түскен мәдени қарым-қатынас». Орыс этнографы  А.Н.Харузин: «Дала шетсіз, шексіз, онда жердің қатаң үлеске бөлінген шек-шекарасы жоқ, даланың осы болмысының өзі-ақ  төсіндегі тұрғындарын белгілі дәрежеде бір жанұя мүшесіне айналдырып жіберетін біріктіруші элемент болып табылады».  Араб тарихшысы Рашид-ад-Дин: «Түркі-моңғолдардың көнеден жеткен салт-дәстүрі бойынша, олар өздерінің ата-тегін, ру шежіресін есте сақтауға айрықша мән беріп  отырады. Олар балаларына өзге жұрт сияқты тәрбие беру үшін тілі шығысымен-ақ құлағына ру туралы, ру шежіресі туралы аңыз-әңгімелерді құя береді. Бұл дәстүрден олар бұрын да, кәзір де қылдай ауытқыған емес»

Ш.Уәлиханов болса: «Қазақ өзінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең-жырлар еш өзгерісссіз қайталанатыны. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық»,- дейді.

Осынау аз ғана сілтемелердің өзінен көшпелі өркениетке тән  төлтума ерекшелік атойлап тұр. Яғни, көшпелі өмір салты өз тарихын хаттап сақтайтын кітапханалардың орнына әрбір жұмыр басты  пендені кітапханаға айналдырған. Онсыз тарихын, тегін білмейтін тұтас халық мәңгүртке айналар еді. Адам сапасының ұлт сапасына ұласарын алдын-ала болжаған дана халқымыз Рашид- ад-Дин байқағандай тілі шыққан әрбір бала құлағына тегі мен тарихын там-тұмдап құя берген. Осыны  бұлжымас дәстүрге, парызға айналдырған. Нәтижесінде Шоқан айтқандай даланың қай шалғайына барсаң да алдыңнан өзгеріссіз таза сақталған  тарихи танымдық үлгілер шығып  отырған.  Тарихи жад бірлігі - ұлттық бірлік.  Елтануға саналы ғұмырын сарп еткен Ақселеу Сейдімбектің  осы саладағы қорытынды еңбегі -  «Қазақтың ауызша тарихи» монографиясының бір кесек құндылығы қазақ шежірешілдігінің  астарында жатқан   осынау ұлттың ұлы мұраты - бірлік идеясын  жан-жақты таратып беруінде. Бүгінгі қазақ халқы 47 тайпадан құралған.  Ал Қазақ хандығы оңаша шаңырақ көтерер тұста Ұлы даладағы  тайпалар саны  92-ден асып жығылған.  Қырық құрау халықты бір мемлекетке біріктірудің алғышарты ұйыстырушы ұлттық идея екенін сол тұста қазақ ақылмандары  тап басып дәл болжаған.  «Міне, осы сияқты аса күрделі этносаяси жағдайда Қазақ хандығының тізгінін ұстаған ақылмандар бытыраңқы  ел-жұртты ұйыстыратын тегеурінді тетік ойлап табуы қажет болды. Ең алдымен Қазақ хандығының аясындағы алашабыр ру-тайпалардың этногенелогиялық жадын жаңғыртып, түбі бір туысқандық сезімдерін оятатындай символ-этноним керек еді. Осы орайда, Қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың біртұтас туысқандық сезімдеріне тұғыр болған символ-этноним ретінде «Алаш»  атауының таңдалғанына ден қоюға болады» «Алаш!» деген ұранды естігенде күллі қазақ дүрк көтерілетін болған»,-  деп жазады Ш.Уәлиханов.

Содан кейінгі ұлтты ұйыстыратын ұлы идеяның бірі -  исі қазақты бір атадан тарататын шежірелерді жүйелеу болған сияқты. «Қазақ хандығы жасақталған соң, судай сапырылысқан  ел-жұрттың ру-тайпалық құрылымы жаңаша жіктеліп, жаңаша жүйеленгенін ел ішіндегі даңғайыр шежірешілер де тап басып, біліп отырды. Ру-тайпалардың жаңадан жүйеленуі ел болып ұйысу жолындағы ұлы қадам, ең мәнді және ең нәтижелі реформа еді»,- дейді А. Сейдімбек.  Оған дәлел ретінде автор өзі салыстырған қолындағы 831 шежіренің 819-да аталар саны 19-22 арасында шектеліп отыратынын алға тартады. «Әр атаның арасын 20-25 жылдан есептегенде 19-22 буынды қамтитын шежірелер Қазақ хандығы құрылғаннан бергі кезеңдегі ұрпақтар сабақтастығын айғақтайды».

Ал бүгінгі қазақ халқының құрамына кірген ондаған тайпалардың тарих сахнасына біздің жыл санауымызға дейінгі ғасырларда-ақ шыққаны аян.

Сондай-ақ, Қазақ хандығы тұсында қырықру халықты бір орталықтан басқаруды жеңілдету үшін «жүз» институты енгізілгенін, оны үшке бөлудің астарында тағы да мемлекеттің бірлігін сақтау, демократиялық шешімдерге ыңғайлау тәсілі жатқанын ғалым қисынды таратады.

«Сөз жоқ, елді жарастырып, ұлтты ұйыстыруға бағытталған қағидалар бір ғана ханның тұсында, бір ғана жарлықпен жасақтала қоймағаны аян. Бұл ретте, қазақ хандары бұрынғы кағанаттық, ұлыстық, ордалық басқару жүйесінің тарихи сыннан өткен тәжірибесіне табан тіреген. Алайда, хандық аясындағы жүздік бөлікке негізделген әкімшілік басқару жүйесінің тарихи қажеттілігі Қазақ хандығының қалыптасу үдерісі нығайғанда ғана жүзеге асты деп қорытынды жасауға негіз мол.

Рас, қазақ қоғамының жүздік бөлікке бөлінуі туралы әр тарапты пікірлер бар. Аңыз-әпсананың айтуында исі қазақ бір ата Алаштан  туған үш адамнан өрбіпті-міс. (Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс). Бұны ұлтты ұйыстыратын ұлы бірлік идеясы тудырған шежірелік идеология  тұрғысында қабылдаған абзал». Осы орайда  ойшыл қаламгер Әбіш Кекілбай-ұлының ұтымды пікірі келтірілген.                                                                                                                «Бірнеше тайпалар бір халыққа бірігерде  саяси  құрылымды жұп санға бөлмей, тақ санға бөлуге тырысқан. Әсіресе, үш санын ұнатқан. Өйткені жұп сан қарама-қарсы екі жаққа бөлініп кетуге, ыдырау мен тартысқа ыңғай тұрса, тақ сан қарсыласушы  күштерге арасалмақ жасай алатын үшінші күш. Бұл ретте, қазақтың үш жүздік құрылымы алауыздық емес, ағайынгершілікті, жікшілдік емес, ынтымақты көздеген концепция еді»,- депті жазушы.

Бұдан әрі де автор  пікіріне жүгінелік:

«Мұндай ой-тұжырымның ең жарқын айғақтарын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің әрі қоғамды реттегіш, әрі адам сапасын шыңдағыш киелі-құқықтық сипаттарын, эпос түрінде көрініс тапқан асқақ рухтан, ақын-жыраулар поэзиясындағы қағанаттық өрлік пен эпикалық қарым-қуаттан, ән-күй өнеріндегі өмірпаз сұңғыла сарындардан айқын аңғаруға болады. Осынау ұлы қасиеттер қазақ халқы бодандық тұзағына түскен  18-ші ғасырдан бері  ұдайы шектеу көріп, ұдайы тыйым-тежеуге ұшырап келді. Былайша айтқанда, қазақ халқының ұлттық төлтумалығына бодандық кезеңде толассыз репрессия жасалумен болды. Сөз жоқ, қазақ ұлтын мұндай зұлматтан аман алып шыққан ең басты құдірет те сол әдет-ғұрыптары, сол салт-дәстүрлері, сол жол-жоралғылары, сол жөн-жобалары  еді. Демек, қазақ ұлтының жаны да осы қасиеттерге ұялаған деуге бола. ...19 ғасырдың екінші жартысында  сыртқы күштің зорлығымен жүзеге асқан  әкімшілік және сот реформалары қазақтың дәстүрлі этноәлеуметтік институттарына  елеулі өзгерістер енгізді. Бұның өзі қоғамдық өмірді реттеуге бағытталған дәстүрлі құндылықтардың солғын тартуына себепші  болып, этностың  өздік санасының (самосознания)  табиғи дамуына салқынын тигізді. Сөйтіп, қазақ халқының дәстүрлі этникалық болмысы сыртқы өктем күштің ықпалымен жүзеге асқан саяси-әлеуметтік өзгерістерге  бейімделуге мәжбүр болды. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақтың дәстүрлі қоғамы туралы белгілі бір ой қорыту үшін 18, 19, 20 ғасырлар дерегіне үлкен талғампаздықпен қараған абзал».

«Көшпелі өмір-салт деген - тек ғана ұжымдасу, мүдде-мұрат біріктіру арқылы мүмкін болатын әлеуметтік құбылыс. Ал көшпелі өмір-салт жағдайында ұжымдасу, мүдде-мұрат біріктіру арқылы қалыптасатын өмір-салт өзінен-өзі ру-тайпа жүйені дүниеге келтіреді. Себебі, ұжымдасу (қауымдасу)  үшін алдымен етжақын туыстар, одан әрі көрші-қолаңдар бір мақсат жолында бас біріктірулері керек. Яғни, қауымдасудан бастау  алатын  ру-тайпалық жүйе - көшпелілер үшін бақытты өмір сүрудің алғышарты».

«Дәстүрлі қазақ қоғамында «ноқта ағалардың» жолы айрықша мәртебелі болғанын атап өткен жөн. Осы орайда, үш жүздің «ноқта ағалары»  - жалайырдың да, тарақтының да, табынның да таңбаларының бірдей тарақ таңба болып келуі және бұл таңбаның төре таңбасымен тектестігі назар аудартады. Шежірелік және фольклорлық - этнографиялық деректерде  «ноқта ағалары»  ру-тайпалардың  ел басқару ісіне жиі араласатыны, бітім-мәміле кезінде ноқта ағалық жөн-жобаның ілтипатпен ескерілетіні, әсіресе, жол-жора жасалғанда  «ноқта ағаларға»  айрықша құрмет көрсетілетіні  айқын байқалады. Мәшһүр-Жүсіп төре жоқта «ноқта ағалары» төрелік ететінін айтады».

«Қазақтың туысқандық жүйесіне төлтума сипат дарытатын тегеурінді тетік ретінде, ең алдымен, жеті атаға дейін, яғни, жеті буын ұрпақ алмасқанға дейін қыз алыспайтын дәстүрді бөле-жарып айтуға болады. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық. Бұндай дәстүрдің орнығуына себепші болған тарихи екі алғышартты алдымен атап өткен жөн. Біріншісі - адамдарды тектендіруге, яғни, тұқымын жақсартуға байланысты, екіншісі - көшпелі өмір-салттағы қазақ қоғамын әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани тұрғы да біртұтас жаралым етуді көздеуден туындаған ұстаным. Сөз жоқ, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі қазақ қоғамындағы туысқандық байланыстар аясының мейлінше кеңеюіне  бірден-бір себепші болған фактор».

«Ұлттың ұлы бірлік идеясынан туындаған шежірелік дерек бойынша Орта жүздегі исі найман атаулы Ұлы жүздің Әлпеш деген қызынан өрбиді. Дәл сол сияқты, Орта жүздегі қалың арғынның түп аналары Кіші жүздің үш қызы екені айтылады. Осы сияқты шежірелік дерекке қанық әрбін найман адамы Ұлы жүзді, әрбір арғын адамы бүкіл Кіші жүзді нағашы жұртым деп білген.    ...Түптеп келгенде, қазақ халқын не тілінде, не ділінде, не дінінде, не өмір салтында айырым-өзгешелік жоқ, біртұтас этножаралымға айналдырған ғажайып тетік болған фактор ретінде  осынау жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін атауға болады».

«Ел қамын, ұрпақ болашағын ойлаған даналар бұл мәселеге айрықша мән беріп, жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінен қылдай ауытқымауды қырағылықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың  аралары төрт- бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа бағаланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан».

«2004 жылы шығарылған зерттеу қорытындысы бойынша қазақтың 56 пайыздық гені - азиялықтарға, 44 пайызы еуропалықтарға, 17 пайызы тува, саха, бурят халықтарына тән «Д» галотобына, 13 пайызы - Франция, Англия, Германия  тұрғындарына тән батыс еуропалық «Н» галотобына сәйкес келген. Яғни, бұл, қайсыбір замандарда қазақтардың Таяу Шығыс, Оңтүстік Еуропа, Солтүстік және Батыс Сібір, Скандинавия, Шығыс елдерімен, тіптен, Америка үндістерімен де қайсібір заманда байланыста болғанын көрсетеді. Демек, Еуразия мен Африка  құрылықтарындағы халықтар  үшін 3-4 жыл бойы «Тәңірдің дырау қамшысы» атанған Ұлы Дала көшпелілері, сол көшпелілердің кіндік мекеніндегі қазақтардың ата-бабалары төңірегіндегі алыс-жақын елдерге тегеурінді ықпал еткен деген қисынға келеді».

Ақселеу Сейдімбек Адам-Ата ғаләйссаламның тұңғышы Абылдан басталатын мал шаруашылығына негізделген көшпелілер дүниетанымы, яғни,  философиясы,  наным-сенімі тым ерте, есте жоқ ескі заманда қалыптасқан деп біледі.

«Күн, ай, жұлдыздар сияқты аспан денелерінің қозғалысын, ол қозғалыстармен тікелей байланысы бар  жердегі өзгерістерді мұқият пайымдап, мол тәжірибе жинақтаған көшпелілер ең алғашқылардың бірі болып уақыт пен кеңістік туралы таным-түсінік қалыптастыра алды. Басқасын былай қойғанда, 12 жылдық жануарлар циклынан тұратын күнтізбені алғаш рет көшпелілердің ойлап тапқаны бүгінде әлемдік ғылыми танымда мойындалған ақиқат.  Осы орайда айта кетуге болады, аспан денелерінің белігіл бір тәртіппен және қайталанып отыратын ырғақпен ұдайы қозғалыста болуы, бұл қозғалыстардың жер бетіндегі мың-сан құбылыстармен тікелей байланысып жатуы, мұның бәрінің қапысыз үйлесім табуы байырғы адамдарға ғажайып бір құдірет иесінің саналы әрекетіндей әсер берген. Ол құдірет иесінің тұрағы аспан деп білген. «Тәңір» сөзі «аспан» деген мағына береді. Осылайша ең алғаш рет көшпелілер ортасында бір Құдайға сенетін трансцендентті таным-түсінік қалыптасқан. Мұндай ұлы идея тағы да сол көшпелілер арқылы төңірегіндегі елдерге тарап, нәтижесінде бір мезгілде деуге болатындай уақыт аясында әлемдік діндердің пайда болуына ықпал еткен». Бұл уәжін автор Альфред Вебердің төмендегідей ойларымен тұжырымдайды.

«Біріншіден, әлемдік діндердің Ұлы Дала көшпелілері ареалына жапсар өңірлерде дүниеге келуі назар аударса, екіншіден, Бір Құдай, Құдай тұрағының көкте болуы, о дүние, пейіш пен дозақ, жан, мәңгілік ғұмыр, ақырзаман сияқты  идеялардың әлемдік дін атаулыға ортақ болуын басқаша уәжбен түсіндірудің қисыны жоқ».

Альфред Вебер мен Ақселеу Сейдімбектің осы уәжін тарихи шындық жоққа шығармайды. Ағылшын дінтанушысы Мэри Бойс өзінің «Зорастризм» атты іргелі еңбегінде бүгінгі әлемдік діндерге тән  - адам мен әлемді жаратқан жалғыз жаратушы туралы, ақырзаман, періште мен сайтан, дозақ пен жұмақ, жалғаншы бұ дүние мен мәңгілік о дүние жәйлі аяттарды біздің жыл санауымызға дейінгі 15 ғасырда алғаш уағыздаған  Заратуштра (Зората)  Каспий теңізінің солтүстік шығысында жатқан Ұлы Далада түйе баққан көшпелілер арасынан шыққан пайғамбар екенін дәлелдейді. Және бұл  бағзы дін әйгілі «Авеста» арқылы алдымен Таяу Шығыста содан кейін Үндістанға тарап, иудаизм, буддизм, христиандық  тәрізді діндердің пайда болуына зор ықпал еткенін жазады.

Ақселеу Сейдімбек бұл зерттеуін «Қазақтың ауызша тарихы» деп атауы негізінен халық арасында өз тарихы жәйлі ауызша айтылатын аңыз, шежіре, мифтердің жинақталған мол дерегіне сүйеніп және осынау ауызша тарихқа жан-жақты талдау бергендіктен болса керек. Ресми тарихнама бұндай деректерге мұрын  шүйіре қараса, Ахаң халықтың өзі жәйлі өзі айтқан ауызша тарихын хатқа түсіріп  жүйелеп, саралап өзіне қайтарған. Бұ кітапта жинақталған халықтың мол шежірелік  аңыз мұралары  сан ғасырлар сорабында халық жадында сақталып,  оның  рухани айналымында тұрақты болғанын ескерсек, бұндай мұраны айналып өтіп қазақтануға  қадам баса алмайтынымыз шындық.

Сондай аңыздардың бір шоғыры қазақтың шығу тегі туралы. Соның бірі Мәшһүр-Жүсіптің «Қазақ шежіресі» кітабынан келтірілген дерек. 19 ғасырдың екінші жартысы. Ішінде Құнанбай қажы бар жүзден астам кісі Меккеде қажылық парызын өтеп жүреді. Олардан «сіздер кім боласыздар?» деп сұрайды. «Біз қазақпыз!» дейді. «Сіздердің тектерің туралы шежірелік дерек бар ма?» делінеді. Сонда қажылар өз арасынан Кіші жүз табын Досжан хазіретті Бағдат кітапханасына аттандырыпты. Досжан хазірет Бағдаттан қазақтың қайдан шыққаны туралы шежірелік құжат алып келеді. Ол дерек бойынша қазақ Әнес сахабадан тарайды екен.

«Әнестен - Жабал, Құрақ. Онан - Мағаз, Мұрат. Онан- Бұхарбай, Сейіл. Онан - Ақшолпан, Құрай. Онан - Аламан, Алаш. Алаштан - Сейілхан, Жайылхан. Сейілханнан - сегіз арыс түрікпен. Жайылханнан - Майқы. Майқыдан - Өзбек, Сыбан. Сыбаннан - Айырқалпақ, онан - Қазақ пен Созақ. Созақтан - Қарақалпақ. Қазақтан - Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс».

Көзімен көріп, қолымен ұстаған ешкім жоқ. Айтушылардың айтып, Әнестің өзін де бір нұсқада «Алаш» деп айтады.

«Ерте заманда Қызыларыстан деген хан болыпты. Бір жорықта Қызыларыстанға асқан сұлу бір қыз тұтқынға түседі. Қызды хан әйел етіп алады. Әйел жүкті болып  бір ұл табады. Әлгі ұлдың тұла бойы түгел ала болады. Бұны жамандыққа жорыған бәйбіше баланы Сырдарияның суына тастаңдар дейді. Баланы балық аулап жүрген бір кедей құтқарып бала етіп алады.  Бала ержетеді. Ақылды, ержүрек болады. Жұрт оны «Алаш» деп атайды. Хан баланың атағын естіп оны ордасына алдырмақ болады. Сонда Майқы би «жоқ, оған жүз жігіт қосып беріп, өз еркіне жіберу керек» дейді. Алдымен, Үйсін деген бір жігіт бастап барып жүз жігітімен қосылады. Содан кейін Болат деген жігіт бастаған жүз жігіт барып қосылады. Аяғы, Алшын деген жігіт бастаған жүз жігіт те барып Алашқа қосылады. Олар жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырады. Кейін олар жиын ашып Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріпті».

Бұдан әрі әр жүздің, тайпаның  ата-тектері туралы шежірелік деректер, аңыздар «Қазақтың кәрия сөздері» бөлімінде молынан келтірілген.

Байқап отырғаныңыздай, біз, ғалымның қазақтануға қосқан қомақты үлесін неғұрлым дәйекті насихаттау тұрғысында кітаптан  үзінділерді үзбей  келтіріп отырмыз. Өйткені, әңгіме болып отырған тақырыпты Ахаңнан артық айту қиын. Мақсатымыз -  қазақтануға қосылған  осы қомақты еңбекке қалайда көпшілік назарын аудару. Оған себеп, өзге еуропалықтар тұрмақ, соңғы 70 жылда қазақты түсінуден қазақтың өзі қалып, көшпелілер қауымы дегенге тұмсық шүйіре қараушылар көбейді. Басқаны қойғанда ондайлар қазақтың өз ішінен  шықты.  Олар тілден, діннен, ділден, яғни қазақтықтан безінді.  Отаршыл озбыр саясат қазаққа тән құндылықтарды  тәрк ету арқылы  оның  өз ұрпағын өзінен жерітті. Бүгінде  қағынан жеріген құландай ондай дүбаралар қатары көбейіп қазақ болашағы үшін қатерлі күшке айналып отыр.  Осындай тағдырхал  тұста   қазаққа оның болмысын, тарихын  түсіндірудің өзектілігі орасан.  Осы тұрғыдан «Қазақтың ауызша тарихы» - оқырманын тек  тегін түсіндіретін тектілікке тәрбиелеп қана қоймай, киіз туырлықты көшпелінің кешегі күніне, өмір салтына, сол алмағайып замандарда болашақ үшін жүргізген қайсар күресіне деген  құрметке, ілтипатқа  бөлейтін сирек құрал. Тәрбие құралы. Әр үйде тұруға тиіс кітап. Көшпелілердің бір ұлы қасіреті - ат жалы, атан қомында жүріп өз тарихын өзі жазып соңында қабырғалы қала, қордалы кітапханалар қалдыра алмауы. Нәтижесінде олардың дүмпулі   каһармандық  жеңістері, қасіретті жеңілістері көбінесе жау қолымен  жазылды. Ал олар болса көшпелілерді сыбаудан кенде қалмапты. Әлем тарихшылары соңғылықта сол жылнамаларға жүгінді. Содан, көшпелілерге кезінде жаулары теліген «варвары», «погание» «жабайылар»  тәрізді   балағаттар тарихнамада  оларға телінген  теңеулерге  айналған. Көшпелілерге деген  осындай тарихи әділетсіздікті түзетуге, оны  тарихи санадан жоюға кім ат салысты десек  тым сирек есімдер еске түседі.  А.Вебер, Л.Гумилев тәрізді санаулы есім. Демек, көшпелілер тарихы - әлемдік тарихнамада қайта зерттеуді, қайта зерделеуді қажет ететін  тақырып. Ол өзінің объективті тарихшыларын әлі  күтіп тұр. Көшпелілер тарихын ойдан-қырдан құрастырып сыртқы тарихшылар  жазса жазар, бірақ, көшпелілер тұрмысын, болмысын, салт-санасын,  дүниетанымын жазса тек  сол ортаның  белбаласы ғалымдар ғана жаза алар еді. Тағдыр Шоқанға сондай мүмкіндік берді. Ғалым уыз жас қысқа ғұмырында қазақтану майданында қыруар із қалдырды.

Шоқаннан кейін араға аттай ғасыр салып көшпелі өркениеттің өзі де тарих сахнасынан көшті. 20 ғасыр ортасына жетпей-ақ көшпелілердің Ұлы дала  төсін дүбірлеткен,  талай тарихи дүмпулерге төтеп берген даңқты эпикалық болмысы  келмеске кетті. Көшпелілер ат жалы, атан қомынан түсіп аутокөліктерге отырды. Олардың тұрмысы, болмысы  түбегейлі өзгерістерге  ұшырады. Алайда, эпикалық көшпелілер дәуірінің жаңғырығы елуінші жылдарға дейін жетті. Елуінші жылдары көшпелілердің соңғы көшін көрген,  балалық шағын сондай ауылда өткізген ұрпақ өкілдері, Құдайға шүкір, бүгінде арамызда жүр. Олардың арасынан қазақтың дәстүрлі тұрмысын жыр еткен даңғайыр жазушы, тарихшылар шықты. Оларды «соңғы Могихандар» деуге лайық. Олар - бүгінде  жастары 60-тан асқан, бастарын қырау шалған  аға ұрпақ. Осы «соңғы Могихандар» ойында, бойында әзірше көшпелілер дүниетанымының жаңғырығы  сақталып келеді. Өлмей, өшпей  келеді.  Бұл ұрпақ - келмеске кеткен көшпелілер әлемінің,  сөзсіз, соңғы жаңғырығы, соңғы көлеңкесі, соңғы өкілдері, соңғы куәгерлері. Олар тірі тұрғанда  көшпелілер мәдениеті, көшпелілер рухы әлі де тірі, біржола өлді деуге келмейді. Олармен бірге, алайда, келмеске бет алып, Ұлы Дала төсінде мыңдаған жылдар дүниені дүбірлеткен көшпелілер рухы, кеудесін көлденеңге  бастырмаған   бабалар рухы өтіп бара жатқанын ұғу парыз. Пайымдау, мойындау парыз.

Дала сәйгүлігін - қала «сәйгүлігіне», уықты үйін - жәйлі пәтерге   айырбастағанымен, бала жаста жадта қалған көкжиегі кең өріс көш-керуен   өмірдің  ғажайып жаңғырығы жанын қашанда мазалаулы, сахраның сол «соңғы Могихандарының» бірі - Ақселеу Сейдімбек.  Ол өз балалық шағы туралы өзі былай толғайды.

«20 ғасырдың 50-60 жылдарындағы ахуал. Арқа мен Бетбақдала жапсарындағы көшпелі ел.  Кәсібі - мал шаруашылығы. Ол кезде ел жазылып жайлауға шығады. Әдетте, он шақты үй бір ауыл болып, оты-суы мол жерге киіз үйлерін шүпірлете тігіп, мәре-сәре күй кешеді. Жазғы жайлаудың дәурені өтіп, шөп буыны қата бастаса  да сары ала күз бен қоңыр күзге малды семірту үшін ел-жұрт күзеуден табан аудармай отырады. Содан қара күздің қарлы жаңбыры біліне бастағанда шұбап Шу бойына қарай көшеді.  Үйреншікті әдетпен ауыл-ел Шу бойын бетке алып үдере көшіп келе жатқан. Арқаның шүйгін алабынан көшіп шыққан соң араға он сегіз қонып, он тоғызыншы қонаға Шу бойына тұяқ іліктіреді. Бетпақтың шөлін басып өтетін ұзақ көште ат жалын тартуға жарайтынның бәрі жұдырықтай  жұмылып, айрықша ширақ қимылдайтын әдеті».

«Арқаның оты-суы мол ұядай алқабына бауыр басқан киіз үйлі ауыл жаздың ең бір мамыражай шуағына бөленген. Тіршілік атаулы табиғатпен мінсіз үйлесім тауып, рахатқа бөгіп, өзгеше бір сабырлы қалыпқа түскен. Бұл дүниеде қайғы-қасірет, қулық-сұмдық, зорлық-зомбылық деген мүлде болып көрмегендей. Ондай жамандықтың ешқашан болуы да мүмкін еместей маужырап, уылжып тұрған ұлы әлем.

Ауыл әйелдері әлсін-әлсін топтасып барып бие сауады. Мұның өзі олар үшін жан қиналатын жұмыс емес, бейне бір бой жазып қайтатын сейіл-серуен сияқты».

Бұл үзінділер автордың өзінің балалық шағы жәйлі жазған этнографиялық эпизодтарынан алынды. Ол эпизодтардың қай-қайсысы да қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық психологиясы туралы автордың көзбен көріп, бастан кешкен бағалы танымдық көріністер, оқиғалар.

Егер,  балдәурен балалық шағы киіз туырлықты көшпелі ауыл  бесігінде тербелмесе,  қаламы жүйрік сөз шебері Ақселеу Сейдімбек, кім біледі, әдебиет майданын шиырлап жүріп алып, тың өріс,  қашаннан қағажу көріп келе жатқан қазақтануға қадам басар ма еді, баспас па еді. Қадам басқанның өзінде де, егер ол өзінің ұшқан ұясында ұлттық құндылықтардың уызына жарымай өскен болса, онда оның болмысынан дәл бүгінгідей қазақтың дәстүрлі мәдениетін  қызғыштай қорғаушы  шығар ма еді, шықпас па еді, кім білсін! Ақселеу Сейдімбекті елтануға алып келген  феномен  - қалайда, Арқада туып қаймағы бұзылмаған ата жұрт салтын арда емуі. Оны ата салтымыздың адвокатына айналдырған да сол перзенттік парыз, терең тамыр.  Оның туа бітті қаламгерлік қасиеті, жүре келе дамытқан  этнограф  ғалымдық қарымына тек ұшқыр қанат, ыстық қан, ұлттық рух берген. Айтулы сөз шебері елтанудың тілін көркейтіп, байытып, кеңейтіп әкеткен. Талай терминдер қазақша жұп-жұмыр баламасын тауып талмауға келмей-ақ жұтылып жатады. Ақселеу Сейдімбектің тілі жалпы қазақ гуманитарлық ғылымының тіліне айналса ғой дейсің. Қазақ тілі - ғылым тілі емес деп жүргендер кім десек, ол сабаздар  қазақ тілінің көл-көсір мүмкіншілігін Ахаңдай игере алмай жүргендер екен. Тілді толық меңгере алмай жүріп ондайлар  там-тұм өз тілін  кіналаудың орнына, белден басып байбаламға салып барлық жаланы исі қазақ тіліне жауып жатады.

«Қазақтың ауызша тарихи» -  алдымен қазақты қазаққа түсіндіріп беретін  құнды еңбек. Сондай-ақ, қоян-қолтық өмір сүріп жатқан мемлекетіміздің негізгі халқын түсінгісі келетін кез-келген өзге ұлт өкілдері үшін де таптырмас құрал.  Қазақты терең білу - өзге этнос өкілдері  үшін өмірлік өзекті  мәселе. Өйткені, Қазақстан жағдайында қазақтану - өзара түсіністік, сыйластық, құрмет кепіліне айналмақ.  Қазақтану сондықтан  Қазақстан оқу орындарына пән ретінде  енгізіліп жатса, бұл ұлтаралық татулықтың рухани көпірін тұрғызғанмен бірдей болары аян.

Көлемі 60 баспа табақтық осынау шежірелік-әпсаналық ауқымды еңбек өз оқырманын осындай ойларға жетелейді.

 

«Алты Алаш» газеті, №3 (03.07.2009)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383