Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6108 13 пікір 16 Тамыз, 2021 сағат 15:51

Ауғанстан қазақтарға жат емес

Ауған жастарының патриоттық тәрбиесі мен әскери дайындығы бізден кем түспейтін. Мына «Талибан» деген топты американдықтар қолдан жасады. Соғыста қаза тапқан кісілердің ұрпақтарын жиып, «қанға –қан, жанға - жан» қағидасын бұлжытпай насихат жүргізіп тәрбиеледі. Сол топ ақыры үлкен қырғынды салды. Өшпенділікке үйренгендер үшін дүниенің ақ пен қарасы бірдей болатындығын осы тәжірибеден көз жеткізесіз. Советтік идеология да осы бағытта жұмыс жүргізді. Шымкент, Жамбыл және Волгаград айналасына коммунист ауғандардың ұл – қыздарын лагерьге жинап, жалынды жауынгерлер даярламақ амалын жасады. Бірақ біздегі қалыптасқан жемқорлық жүйеде оны орындау қиын еді. Ақыры сол лагерлердегі ауған балалары өз бетімен кетті. Олардың тағдырына ешкім жауап бермеді. СССР әскері Ауғанстанан шығарылған күннен бастап дұшмандар, талибандар біздің қорғауымызда болған елді мекендерді жаппай жаулап, ойларына келгенін жасады. Советтік билікті жақтаған, Мәскеу саясатына қызмет істеген, жергілікті биліктің құрамында болған, әскерге барған барлық адамдар атылды. Жаппай жазалау мен қанды қырғыннан, қудалаудан тек бас сауғалап, қашып құтылды. Олар мемлекеттің, ұлттың жауы ретінде табаланды. Ал Совет Одағының билігі Ауғаннан қашып келгендерге босқын мәртебесін беруден аса алмады. Қазір де сол кезде қашып барған ауған азаматтары Ресейде, Орта Азия елдерінде өмір сүруде.

Жалпы Ауғанстан мен ауған мәселесіне кешегі Советтік кезеңнің көзқарасымен емес, жаңаша тәуелсіз ел ретінде қарайтын уақыт жетті. Коммунисттік идеологиямен тәрбиеленген адамдар үшін оғаш болса да Ауғанстанның өзалды үлкен ел екенін мойындайтын, өзара байланысты күшейтіп, сенімді де пайдалы барыс-келісті дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстанда өтіп жататын халықаралық жиындарға Ауған елінің басшыларының тұрақты түрде шақырылып, сөз беріліп, абыройларын көтеріп отыру қалыптасты. Содан да ауғандықтар қазақ елінің басшылығына үлкен құрметпен қарайды. Әлбетте өз елдеріне тұрақтылық пен бейбітшілік орнауына Қазақстан тарапынан атқарылып отырған игілікті істерге құрмет білдіреді. Осы ізгі ісімізге тағы да басымдылық беріле түссе деп ойлаймын.

Ауғанстан қазақтарға жат емес. Бір қарағанда тіке шегара болмағанмен Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан арқылы баруға болады. Большевик коммунистердің қысымы мен қудалауына түскен мыңдаған қазақ сонда барып паналағынын білеміз. Бүгінгі ауғандағы қазақтар солардың ұрпақтары. Ендігі кезекте ұзақ уақыт бойы өзара соғыстан шаршаған ауған халқына Қазақстан үнемі түрлі көмек көрсетіп келеді. Мамандарды тәрбиелеп беріп жатқанымыз да сол жақындықтың айғағы. Сириямен салыстырғанда елімізге жақын әрі әсері де мол. Ауғандар Қазақ халқын да жақсы ілтипатпен жылы қабылдайды. Совет әскері Өзбекстан мен Тәжікстан арқылы кіргендіктен қарапайым ауған халқының бұл елдерге әлі де күмәнмен қарайтыны рас. Ауғанстанда болып көзбен көргенімді баяндап берейін. Тарихтағы Жібек жолының өтінде болған Ауғанстанда сауда мен шағын бизнес қалыпты өмір салтына енген. Біздің қазіргі айтып жүрген нарықтық экономикамыз оларда бұрыннан бар екенін сол жерде кеңесшілікте жүргенде ғана түсіндік. Мысалы, қандай соғыс болып жатса да оларда ең қажетті тұрмыстық бұйымдар: қант, нан, тұз, ет секілді азық-түлік бағасы тұрақты әр тұрғынға қол жетімді болып қала береді. Мәселен, сол соғыстың қызған кезінде Алақадри деген аудан орталығы ШринТагоб қаласынан жиырма тоғыз түрлі өнім экспортқа тұрақты шығарылған және соғыс жағдайы деген сылтаумен тоқтатылмағана куә болғам. Ауғандағы елді - мекендер этникалық құрамдарына қарай бөлек-бөлек орналасқан. Әр ұлт өз тілдерінде білім алады. Өз дәстүрін сақтайды. Әр ауылда бұрыннан келе жатқан ақсүйек отбасылар бар. Олар ақсақалдардың келісімімен, өзара кезектесіп билік жүргізеді. Шамаларынша өз орындарын сақтап қалуға мүдделі. Сол отбасылардан сайланған депутаттар Кабулға аттанады. Егер бұл отбасында белгілі бір жағдайға байланысты қоғам әшкерелейтін, тайпаның ар –ожданына ұятты таңба түсіретін іс болып қалса, онда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан билік жүргізу мәртебесінен де, ел алдындағы абыройлы құрметтен де жұрдай болып айрылады.

Ауғанстанда ақсақал мен анаға деген құрмет ерекше. Ауылдағы тындаған барлық дау-шар, өлім-жітім, той-томалаққа қатысты шешімдерді тек ақсақалдар қабылдайды. Ал жастардың тәрбиесі сол ата-әжелердің қатаң да мықты өнегесіне қарай қалыптасқан. Көшпелі халықтың «уәде – Құдай сөзі» деген түсінігі темірдей тәртіп болып санаға сіңген. Өтірік айту оларда жоқ. Ауған халқында жөнсіз жерде такаппарлану, сабырсыздық, әсіре мақтаншақтық сынды санаға жат нәрселер «тумасынан ауру дарыған» деп саналады. Егерде біліп тұрып, қара бастың қамын күйттеп бір келеңсіз іс істеп қойсаңыз, тәрбиесіздік көрсетсеңіз – елдің сенімінен айырыласыз, абыройыңыз айрандай төгіледі. Тіптен ұрпақтарыңызға да кесіріңіз тиеді. Сол үшін әр отбасы, әр адам барынша саналы да тәртіпті, тәрбиелі болуға тырысады. Міне, бұл берік қоғамдық дәстүр. Жұрт мақтайтын жауапкершілік жүгінің салт – дәстүрмен бойға сіңіп қалыптастырған ауған елінің қағидасы. Ауғанстанда біздегідей классикалық білім беру жүйесі мүлдем жоқ. Әр адам өз шамасына, деңгейіне және өмір сүрген ортасының қажетіне қарай икемді де қажетті білімді алады. Талаптылар мен аса таланттарға жақсы білім алуға, шетелде оқуға да мүмкіндіктері қарастырылған. Ер балалар мен қыздар бөлек оқытылады. Олар үшін диплом маңызды емес. «Оқыған білмейді, тоқыған біледі» деген тәртіпке бағынған. Әр отбасыдан алғашқы 1-2 бала оқиды. Солар қалған іні-қарындастарын оқуына жауапты. Жасы асып тұрмысқа уақытында шықпай отырып қалған қыздар көбіне екінші әйелдікке беріледі. Ал жесірлерді қамқорлыққа алу үшін, жағдайы бар адамдар үшінші әйелдікке алады. Ауған әйелдері негізінен тек үш бала ғана тууға ниетті. Себебін білгенімде әйел организмі үш баладан кейін тозады, кейінгілері қабілетті мен денсаулық жағынан дамуы кемшін болады дегенді естідім. Бұл енді оларда кеңінен тараған тағлым.. Ауғанды көріп түйген өз ойым, бұл өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Бәрінің бағасы бар. Сыбағасы дайын тұрады. Түптің түбінде адамның тағдыры ғана емес, халықтың та тағдыры қыл үстінде тұратынын ауған тәжірибесі көрсетті. Ол елдің сабақтары бізге де сын тезі болуы керек.

Жандарбек Кәкішев

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5452