Дархан Қыдырәлі. Құтты шаһары
Қазақ даласының ұлы перзенті, даңқты бабамыз әл-Фараби өзінің әйгілі еңбегінде қайырымды қоғам, парасатты қала туралы ой толғайды. Оның пікірінше, зиялылар басқарған, қайырымды, парасатты адамдар шоғырланған қала парасатты, тұрғындары да бақытты болмақ.
Адамзаттың ой алыбы аңсаған мұндай парасатты, қасиетті, бақытты қала бұл дүниеде бар ма? Қалалар да адамдар сияқты бақытты һәм бақытсыз, қайырымды һәм қайырымсыз бола ма? Қала қайтсе парасатты болмақ? Шынында шығыс шайырлары жырлағандай, шаһарлардың да рухы мен жаны, өмірі мен өзегі бар ма?
Біздіңше, қала рухының қандай болмағы әң әуелі сол қаланың тұрғындарына тікелей байланысты сияқты. Тұрғындарының біте қайнасқан тыныс-тіршілігімен, мұң-махаббатымен, қуаныш-қайғысымен, арман-аңсарымен қаланың рухы қалыптасады. Сондықтан сәулеті мен сымбаты, кескіні мен келбеті әрқилы болатын қалалардың да «тағдыры» әртүрлі өрбиді.
Қазақ даласының ұлы перзенті, даңқты бабамыз әл-Фараби өзінің әйгілі еңбегінде қайырымды қоғам, парасатты қала туралы ой толғайды. Оның пікірінше, зиялылар басқарған, қайырымды, парасатты адамдар шоғырланған қала парасатты, тұрғындары да бақытты болмақ.
Адамзаттың ой алыбы аңсаған мұндай парасатты, қасиетті, бақытты қала бұл дүниеде бар ма? Қалалар да адамдар сияқты бақытты һәм бақытсыз, қайырымды һәм қайырымсыз бола ма? Қала қайтсе парасатты болмақ? Шынында шығыс шайырлары жырлағандай, шаһарлардың да рухы мен жаны, өмірі мен өзегі бар ма?
Біздіңше, қала рухының қандай болмағы әң әуелі сол қаланың тұрғындарына тікелей байланысты сияқты. Тұрғындарының біте қайнасқан тыныс-тіршілігімен, мұң-махаббатымен, қуаныш-қайғысымен, арман-аңсарымен қаланың рухы қалыптасады. Сондықтан сәулеті мен сымбаты, кескіні мен келбеті әрқилы болатын қалалардың да «тағдыры» әртүрлі өрбиді.
Қалалар да адамдар сияқты әртүрлі болады. Ал жаңа жыл сайын көрсетілетін баршаға белгілі комедия тек кеңес өкіметінде ғана болуы мүмкін оқиға шығар, сірә. Үйткені «кеңес адамы» мен «кеңестік қоғам» қалыптастыруды көздеген әміршіл-әкімшіл жүйе қалаларды да бір қалыпқа, бір жүйеге, бір тәртіпке келтірген еді. Адам қиялына тұсау салатын, темірдей тәртіпке бағынған кеңестік қалалар партияның сара саясатын жүзеге асыру үшін жұмыс істеді. Белгілі жоспар шеңберінде бірінен кейін бірі бой көтерген кеңестік қалалар бір-біріне қатты ұқсайтын. Бір-бірінен аумайтын сұрғылт түсті ғимараттар, бойлары бірдей қаздиған үйлер, түп-түзу көшелер адам өмірін де бір қалыпқа түсіретін. Адам арманын қанаттандырып, талғамын ұштайтын асқақ ғимараттар онда көп кездеспейтін. Ал мұндай қалада өмір сүріп, бір сарынмен тіршілік кешкен адамның өзгеше ойлап, өзге әлемге талпынуы да әлбетте, әсте мүмкін емес еді.
Шығыста адам атына көп мән береді. Баласына жақсы ат қою - мұсылман ата-ананың ең бірінші парызы. Ел арасында аттың адам тағдырына әсер ететіні жөнінде де сенім бар. Қалай дегенде де, азан шақырылып қойылған ат - ата-ананың ой-өресі мен сана-сезімін, арманы мен талғамын, ақ тілегі мен үкілі үмітін әйгілеп қана қоймайды, ол сонымен қатар баланың қалыптасуына да белгілі дәрежеде ықпал етеді.
Қалалардың ат-атаулары да сондай. Кеңестік қаланың атына қарап оның қандай мақсатта салынғанын және онда көбіне кімдердің тұратын аңғару қиынға соқпайды. Мәселен, Целиноград. Атауының өзі қаланың тарихы мен тағдырын әйгілеп тұрғандай. Бұл атаудың астарында тек тың игеру ғана жатқан жоқ, одан империяның өктемшіл, отаршыл пиғылымен бірге ұраншылдық, науқаншылдық сияқты кеңестік кейіпті көруге болады.
Көпшілікке белгілі, Астана атауы парсының «астан» деген сөзінен шыққан, парсы тілінде «табалдырық, босаға» деген мағына береді. Әйтсе де, бұл түбір сөз түркі тіліне енгеннен кейін өзінің түпкі мағынасынан түбегейлі ауытқып кетті. Азия, Еуропа және Африкаға сөзін өткізіп, жарты әлемге әмірі жүрген, кезінде Еуразия кеңістігіндегі ең алып империяға айналған Осман түріктері Стамбул қаласын алғаннан кейін, оны Астана, дәлірек айтқанда «Аситане» деп атай бастады. Біздіңше, Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың ұрпағы «табалдырық» деген мағына беретін бұл сөзді империя астанасы үшін жайдан-жай таңдап алған жоқ еді. Табалдырық - түркі жұртының тәу етіп, қасиет, кие тұтатын орны. Қазақ әлі күнге дейін табалдырықта тұрғызбайды, табалдырықты бастырмайды, табалдырықтан оң аяғымен аттайды. Ұлт жадысына жатталып қалған бұл сенім сол уақытта мұсылман түріктердің санасында да жаңғырып тұрды. Сондықтан олар үш құрлықты түйістірген, талайларға арман болған Стамбулды қасиетті құт мекенге балап, оны Астана деп атай бастады.
Әрине, Стамбулдың бұдан өзге «Ислам қақпасы», «Бақыт қаласы» деген атаулары да болды. Түпкі мағыналары әртүрлі, бірақ уақыт өте келе бір-біріне синоним сөздерге айналған бұл атаулар тек Стамбулға ғана тән еді. Мәселен, Шам, Бағдат, Исфаһан, Құдыс және тағы басқа шығыстың әйгілі орталықтары Астана деп аталған емес. Осылайша түркілік сипат алған астана атауы «бақыт қаласы», «ислам қақпасы», «империяның орталығы» деген жаңа мағыналарға ие болды. Дәлірек айтқанда, алты ғасыр салтанат құрып, шығыс пен батысты үндестірген Стамбул мен астана атаулары егіз ұғымға айналды. Осылайша атау сипаттан есімге ауысты.
Астана сөзінің осман түріктерінде бұдан өзге тағы бір мағынасы бар. «Қамус-и түрки» деген көне османлы тілінің сөздігіне жүгінер болсақ, Астана - әулие моласы, руханият ордасы, дәргәһ деген мағыналар береді екен. Мәселен, Мәулана Жалаледдин Руми негізін қалаған Мәулауи тариқатының орталығы мен әйгілі әулиенің қабірі орналасқан Қония қаласын осман түріктері «Аситане-и Мәулауи» деп атаған. Бұл - Румидің мәңгілік қоныс тепкен жері, Мәулана тариқатының орталығы деген ұғымды білдіреді.
Назар аударарлық бір жайт, Ақмола атауы ерте заманда Түркістан жерінен жол тартып, Италияның негізін қалаған етрүсктердің тілінде «тынығатын, дем алатын мекен» деген ұғымды білдірген екен. Ұлы даланың төсінде, керуен жолдарының бойында қоныстар болған, жолаушылар сонда тоқтап, қонған, түріктер оны «мола» деп атаған. Қазақ қазір де «елсіз далада адасып қалсаң, молаға қон» деп жатады. Түпкі мағынасынан ауытқығанмен, ел арасында сақталып қалған бұл сөз қазақта ғана қолданылатын сияқты; өзге түрік халықтары оны «қабристан», «зират» «мазарлық» деп атайды.
Сол сияқты астана сөзін де бүгінде қазақ халқы ғана қолданады. Мәселен, оңтүстіктегі өзбек бауырлар бас қаланы «пайтахт», солтүстіктегі татар туғандар «пайтехет» дейді. Ал астананы «башкент» деп атайтын түріктердің көбі бүгінде «астана» сөзінің мағынасын түсінбейді де. Үйткені, Осман империясының құлауымен, жаңа республиканың құрылуымен бірге Стамбул өзінің мәртебесінен және астана деген атауынан айырылды. Сондықтан Осман түріктерінің ұрпақтары бүгінде Анкараға «башкент» сипатын берген.
Егер Стамбулмен сыңарлас болса, бұл сөз қазаққа қайдан келген? Бұған түк те таңырқаудың реті жоқ. Біздіңше, астана сөзін қазақ осы Стамбулдан алған. Біріншіден, қажылыққа сапар шеккен бабаларымыздың әуелі Стамбулға, яғни халифат ордасына барып аялдағаны тарихтан аян. Міне, сол қажы болып қайтқан аталарымыздың «астанаға бардым, астананы көрдім» деп айтып келуі әбден мүмкін. Оның үстіне, Қырым, Қазан, Бұхара мен Ташкенттен келетін кітаптар мен басылымдар арқылы да қазақ арасына астана деген сөз етене ене берген. Бұған тағы бір дәлел, Елордасын бұрын «пайтахт», «хан ордасы», «орда» деген қазақ Орынборды да, Омбыны да, тіпті, Ташкентті де «астана» деп атаған емес.
Орда - орта деген сөзден шыққан. Байырғы түріктер өз астанасын өзен жағасына және елдің ортасына салған. Ұланғайыр аймаққа иелік еткен бабаларымыз ел астанасын жердің кіндігі деп есептеген.
Ел тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты ордалар болған. Кеңестік кезеңде қазақ халқы астанасын екі рет көшірді. Алғашқы таңдау Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып жарияланған 1925 жылы Ақмешітке түсті. Дегенмен, дінге қарсы соғыс ашқан билікке Ақмешіт атауы ұнамай, қаланың аты Қызылорда деп өзгертілді. Қызыл - революция рәмізі, орда - астана деген байырғы ұғым болғандықтан, Қызылорда атауының кешегі Алашордамен үндесіп жатқанына бастапқыда ешкім назар аудармады. Алайда, көп ұзамай ел басшылығы жаңа шешім қабылдады. Көштің беті Алатауға бұрылып, ежелгі Алматы деген атына қайта қауышқан әсем қала 1927 жылдан бастап Қазақстанның орталығы болды. Бұл жолы Алашордаға бітіспес майдан ашқан қызылдар орда сөзінен түбегейлі бас тартып, астана сөзін қолданысқа енгізді. Олар «байтақ» сөзін де пайдаланбады, үйткені «тақ» сөзінен тарайтын бұл бұл сөз хандық дәуірді еске түсіретін еді. Осылайша астана сөзі орда, байтақ деген сөздерге балама ретінде пайда болды. Ал арқа төріне тұғырын тіккен Астанамен бірге қазақтың орда сөзі «елорда» болып ана тілімізге қайта оралды.
Жаңа ғасырдың табалдырығынан аттар тұста қазақ халқы өз астанасын орнатты. Батыс пен Шығыстың ортасына, Ұлы Жібек жолының бойына, Еуразия кеңістігінің кіндігіне орналасқан астанамыз өз бойына бүкіләлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтарды жия білді. Осылайша «табалдырық», «империяның, державаның орталығы», «салтанат ордасы», «шығыс пен батыстың түйіскен тұсы», «бақытты қала», «құтты мекен», «әулие жатқан жер», «рухани орталық» деген сияқты мағыналарға келетін Астана мемлекетіміздің тарихи шешімдер қабылдайтын саяси орталығы ғана емес, руханият ортасына, мәдениет ордасына айналды.
Расында, бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналды. Тарих үшін он жыл деген қас-қағым сәт болғанымен, он жылдың ішінде Астана әділетті, парасатты істерімен әлем назарын бірден өзіне аудара білді. Әлемдегі дін өкілдерінің басын қосып, адамзаттың ортақ мәселелеріне шешім іздеуі, талай жылдар бойы бітім жасай алмай жүрген алып мемлекеттердің басын қосып, оларды пәтуаға шақыруы, өркениеттер қақтығысына мәдениеттер келісімі арқылы жауап беру сияқты іргелі әрекеттерімен Астана бүгінде ізгілік мекеніне, руханият ордасына, құтты қалаға айналды. Әлемдік деңгейдегі игі, ізгі осындай шараларға ұйытқы болған Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Еңселі Елорданың 2012 жылы түбі бір түркі жұртының мәдени астанасы деп танылуы да сөзіміздің бір айғағы іспетті.
Астана - тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміздің символы, ұлт болып ұйысуымыздың, жұрт болып жарасуымыздың белгісі. Жаңа астана арқылы қазақ жерінің тұтастығы сақталды, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сеңді бұзып, ұлы көшті бастаған астана қазақтың бұйығы тірлігіне жан бітірді, санасын сілкіндіріп, жүрегіне сенім ұялатты. Жаңа астанамен бірге Ақмола - қазаққа, қазақ шын мәнінде қалалық халыққа айналды. Мәдениет пен өркениеттің қалада жасалатынын ескерсек, Астана ұлттық жаңғыруымыздың да басы. Сондықтан, астананың тағдыры - қазақтың тағдыры, астананың мәртебесі - қазақтың мерейі, астананың табысы - қазақтың жеңісі. Бүгінде әлемге әйгілі болған Астана арқылы қазақтың да абыройы асқақтап отыр.
Қала өзінің тұрғындарына ұқсайды. Сарыарқаның сар даласына қоныс тепкен Астана да қазақ сияқты кең, кешірімді, жайдары, бауырмал әрі қонақжай. Сонымен қатар Астана жас, қайратты, асқақ, сымбатты, сергек, білім мен дүниеге құштар. Ең бастысы, Астана - азат, еркін ойлы. Кібіртіктемей, кеңінен көсілетін ол кез-келген алпауытпен терезесі тең тұрып сөйлесе алады.
Кез-келген шахар салтанатты сарайлардан, сәнді ғимараттардан, сұлу көшелерден ғана тұрмайды. Бұлар қаланың тек сыртқы көріністері ғана, қаланың жаны адамдардың жүрегіне ұялаған. Заңғар көкпен таласқан зәулім үйлерімен емес, парасатты, қайырымды тұрғындары арқылы ғана қала парасатты шаһарға айналады. Қалаға парасат пен қасиет сыйлайтын оның тұрғындары.
Сарыарқа төрінен дүркірей көтеріліп, еңсе тіктеген Астана шын мәнінде бақыттың мекеніне, қасиет қонған парасатты қалаға да айналар. Бұған біздің күмәніміз жоқ. Үйткені парасатты қала дегеніміз утопия да, идеал да емес, ол шындап келгенде, біздің ішкі рухани дүниеміздің көрінісі.
Көк түріктер Күлтегін ескерткішіне: «Түрік қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен. Сонда түркі халқы тоқ» деп, тасқа жазып қалдырған екен. Одан беріде әл-Фараби «парасатты қаланы», Асан қайғы «Жерұйықты» аңсады. Бабалар армандаған Өтүкен мен Ергенеқон, ғұлама-ойшылдар аңсаған парасатты қала мен Жерұйық - соның бәрі бүгінде шындыққа айналып, Астанамен астасып жатқандай...
Дархан Қыдырәлі,
тарих ғылымдарының докторы,
«Абай-ақпарат»