Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 4411 0 пікір 26 Шілде, 2012 сағат 13:06

Мұхан Исахан. Рамазан – махаббат сынағы

Адамзат баласы ынты-шынтысымен тепсінгенде ғана өз жүрегіне терең бойлап, жаратылыс жұмбағын шешіп, асыл сезімін Аллаға арнай алады. Тегінде, Хақ-Тағала біздің бойымызға ғашықтық сезімнің алтын ұрығын еккен. Ал, ғашықтық сезімнің иесі кемшілік атаулыдан ада, кінәратсыз, нұқсансыз, мінсіз, пәк болуы тиіс. Алайда, Алла-Тағала тіршілік иелерінің бәрін кемшілікпен жаратқан.

Адамзат баласы ынты-шынтысымен тепсінгенде ғана өз жүрегіне терең бойлап, жаратылыс жұмбағын шешіп, асыл сезімін Аллаға арнай алады. Тегінде, Хақ-Тағала біздің бойымызға ғашықтық сезімнің алтын ұрығын еккен. Ал, ғашықтық сезімнің иесі кемшілік атаулыдан ада, кінәратсыз, нұқсансыз, мінсіз, пәк болуы тиіс. Алайда, Алла-Тағала тіршілік иелерінің бәрін кемшілікпен жаратқан.

Тіпті, бір-біріне өлердей ғашық болып, ақыл-естен айырылуға шақ қалған қыз бен жігіттің өзі үйленіп, отау тіккеннен кейін сүйіспеншіліксезімі суалып, тауы шағылғандай болады. Себебі, олардың атқақтаған ғашықтық сезімі кемшіліксіз, аппақ-айдын пәктікті іздеген-тін. Олар етене жақындасқаннан соң барып, жұбайлық өмірдің байыбын бағамдап, ғашықтық сезімнің иесін таба алмағанын сезінеді. Тіршілік жаратылғаннан бері ақыл-ой иелері адамзат баласының не үшін жаратылғанының құпиясын таба алмай, бар күш-жігерін сарқа жұмсап, санасын сарсылтып, пайымын түгесіп, өзіндік тұрғыдан байламдар жасап, ұшаң-теңіз еңбектер жазып, артынан том-том кітаптар қалдырды. Небір ойы ұшқыр ақылмандар мен зерделі ғұламалар осы сұрақтың жауабын табу мақсатында зейініне салмақ түсіріп, қиялына қанат бітіріп, ғарышқа ұшып, ғаламды кезіп, жаратылыс жұмбағын шешуде бар ғұмырын сарп етті. Алайда, жалаң ақылға жүгінгендер тіршілік құпиясын көктен де, жерден де таба алмай дымы құрып, дәрменсіз күй кешіп келеді. Себебі, тіршілік құпиясының кілті сақталған ар-ұжданмен жүректен қуат алып, санаға сілкініс жасамайынша, ақыл-ой иелеріне ақиқаттың ауылы алыс болып қала береді.

Задында, Ұлы Жаратушы тіршілікті түгесілмейтін махаббатымен жаратқан. Әсіресе, тіршілікте адамзат баласын илаһи шуағына малындырып, ерекше мәпелеп, жетіқат көкті, жеті қабат жерастындағы түрлі байлықтарды, жер-ана қыртысындағы небір асыл тастар мен қазыналарды, жер бетіндегі ұшқан құс пен жүгірген аңды, түрлі өсімдіктер мен дарақтарды, тау мен тасты, орман мен көлді, өзен мен теңізді, оны мекендеген түрлі жәндіктерді, жеміс-жидек пен түрлі дән-дақылды, түнгі аспандағы жымың қаққан жұлдыздарды, ибалы келіндей иіліп туған түнгі айды, кенезесі кеуіп сусаған топыраққа қазбауырлап келіп тамшысын төгіп-төгіп кететін қою қара бұлтты, қылаяғы мүлгіген тыныштыққа қозғау салатын керімсал желді, тіпті, тіршілікке нұрын төгетін алып күннің өзін адамзат баласының игілігі үшін жаратқан. Ғаламның жаратылысындағы үйлесімдіктер мен илаһи заңдылықтар, жан-жануарлардың өз тіршілігіндегі үндестігі, адамзат баласын ортақ түсіністікке жетелейтін ғұмырлық өлшемдер, оның ішінде ата-анаға, ағайын-жұрағатқа деген жылы сезім, туған жер мен Отанға деген ынтызарлық, адал жар мен қимас дос-жаранға деген сүйіспеншілік, тәрбиелі ұл мен ұлағатты ұрпаққа деген ізгі тілек, бәрі-бәрі Алланың адамзатқа деген махаббатының көрінісі екені талассыз шындық.

Әйтседе, осыншама зор жаратылыс Тәңір-Тағаланың махаббатының ұшқыны, илаһи зор сүйіспеншіліктің сынығы іспетті. Ал, мейірімі шексіз ҰлыЖаратушының толық махаббатымен қауышу ақыл иелері үшін ақырет әлеміндегі жасыл бақ жаннатқа қалдырылған. Яғни, тіршілікте түйсіне алмайтын, тіл мен айтып жеткізе алмайтын махаббат ләззатын адамзат баласы Хақ дидарымен қауышқанда ғана сезінеді. Алайда, руханияттың бұл биігіне көтерілу үшін пенделерін Хақ-Тағала алдымен сынақ әлеміне жіберген. Сынақ әлемінде адамзат баласы осыншама ғаламды өзіне қызмет еттіріп қойған Ұлы Жаратушының жақсылығының қарымтасын қайтаруы шарт. Ал, қарымта қайтарудың кілтін таба алмаса, сынақтан сүрініп, құр аласұрған күйі шаң қауып қала бермек.

Сонда бізді мәңгі мазалайтын, тек пәктікті қалайтын бойымыздағы ғашықтық сезімнің иесі кім? Ол асыл сезім кімге арналуы тиіс?

«Махаббат» сөзінің түбірі «қабба», яғни, дән мағынасын береді. Ұрық себілгеннен кейін, топырақты бүркеніп жатқан дәнге жел мен жауын зиянын тигізе алмайды. Сол секілді әу бастан жүрегімізге егілген ғашықтық сезімге ешкім зарарын тигізе алмайды. Себебі, ғашықтық сезімді иесінің өзі қорғайды. Әсілі, кемшілік атаулыдан ада, иненің жасуындай кінәраты жоқ, пәк болған ҰлыЖаратушы ғана. Сондықтан, пендесі әлдеқандай жағдаймен ғашықтық сезімін жаратылғандарға арнаса, Хақ-Тағала өзіне тән илаһи қызғанышқа беріліп, құлының адасқандығын қатаң ескертеді (Ғайратуллаһ). Ал, салих құлдар болса, маңдайымен сәждені өпкенде «Субхана Раббилалааны» (Аллағана кемшіліксіз) тілмен ғана емес, ділімен айтып, ғашықтық сезімнің иесіне құлшылық жасап қауышқанына өзін шексіз бақытты санайды. Ғашықтық дертіне шалдыққан салих құлдар ғибадат уақытында ғана емес, ақыл-есінен айырылған пәруанадай Тәңірін ұдайы еске алады. Жаратушыны бір сәт жадынан шығарып алса, өзін күнәһар сезініп, көзінің жасы мен көңілдің кірін кетіруге күш салады. Мұндай шақта дүниенің өткінші қызықшылығына мүлде көңіл-қошы соқпайды. Тіпті, әлем астаң-кестең болып жатса да дегдарлық қалпын жоғалтпай, жүрегін Хаққа бұрып, мәңгілік бақыттың ұшқынынан нәр алып, ұдайы Ұлы Жаратушыны зікір етеді. Хақ-Тағаланың әрбір істегі үкімін жан-тәнімен қалтқысыз орындап, Оның разылығын алуға құмбыл болып тұрады. Тәңір тарапынан бекітілген илаһи міндеттерді өзін күштеп емес, бойындағы атой салған алғадай сезіммен мінсіз атқарып шығады. Жан азығын Жаратушыдан алып кемелденген рух, бақай-есеп алаңынан алшақтап, хақиқат мақамына иек артады. Маңдайына ақиқат мөрі басылғаннан кейін, Хақтың разылығы үшін қалың бұқараның қамын жейтін қара нарға айналып, жансебіл рәуіште адамзат баласын ақиқатты тануға үндейді. Яғни, жүрек көзі ашылып, рух нәрі мен сусындаған арда емген момындар Ұлы Жаратушының жамалына күйіп-жанып, махаббаттың қарымтасына махаббатпен қарайды.

Рамазан айындағы Хақтың разылығы үшін тартқан тақсырет пен шеккен азаптың қарымтасы Хақ пен қауышуға, яғни, мәңгілік бақытқа кенелуге жетелейді. Осы тұрғыда, Ібіліс тұғыры тәкаппарлық тағынан түсіп, ой-санамызды меңдеп алған мекерліктен арыла алмасақ, тіршіліктің құпиясын еңсеруіміз әсте мүмкін емес. Жаратылыс жұмбағын шешуде Хақ құзырына еніп, мәуесін көтере алмаған майысқақ ағаштай иіліп тұруымыз аса маңызды. Сонда, бойымыздағы ғашықтықтың дәні өз кәусарынан сусындап, бүршік жарады. Ауыз бекіткенде тәніміз азап шеккенімен, рухымыз нәпсінің қалауларын ауыздықтайды. Пейіліміз «Пәруадиргармен» жымдасып, ақиқат тұнығынан қанып ішіп, жан-сарайымыз жадырайтүседі. Хақтан алған жылуармен «махаббат мәйегі» мәуелі баққа айналып, ақиқат іздеген жұртшылыққа үйіп-төгіп мол жемісін ұсынады. Ендеше, қасиетті Рамазанда лайым халқымызға хақиқатпен қауышу нәсіп болсын деп тілейміз!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1513
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3283
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5825