Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3052 18 пікір 18 Ақпан, 2022 сағат 13:37

Президент сөзі және журналист жауапкершілігі

Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі сұхбатында қоғам алдындағы міндеттерін анық айтты. Енді біз журналисттер қауымы сол алғышарттарды ел тұрғындарына жеткізіп, үлкен реформалардың орындалуына лайықты үлесімізді қосу басты парызымыз. Осы бағыттағы менің ФБ постарыма «Жұрттың бәрі қолдау көрсететіндей ол әлі ештеңе жасамады. Ең әуелі халыққа берген уәдесін орындап, саяси реформалар жасасын»,- сыңайындағы өкпе жазбалар коммент пен жекеме келуде... CОҒАН ЖАУАБЫМ!

Тәуелсіздік алғанымызда да демократиялық қоғамға бет түзегенбіз. Кейінгі бірер жылда ол қағаз бетінде қалды. Оған біз журналисттер қауымы ең алдымен кінәліміз... АҚШ пен Европа елдерінде Журналисттер демократияның күзетшілері. Дәл қазіргі жағдай егемендігімізді алған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын еске түсіреді. Жаңа Қазақстанға жаңа толқынның адал қызмет етуіне журналисттер - жалпы қалам ұстаған қауымның жауапкершілігі еселене түспек. Өткен қателігімізден сабақ алып, екінші сынақтан сүрінбей – Демократия мен Әділеттілік сақшылары болу сын сағатты соқты!

Мемлекет Басшысынан сұхбат алған Жайна Сламбектің сұрақтарына көпшілік разы. «Хабар» құрылған жылдары қазақ редакциясының жетекшісімін. Тілші Бибигуль Жексенбай журфакті бітіріп, облысқа жолдамамен аттанбақ Жайнаны таныстырып: «мықты журналист тапсырма беріп көріңіз», дегені есімде. Жайна сол күні алғашқы сюжетін жасап, сол күні «Хабар тілшісі» куәлігін алды. Қазіргідей қызметке қабылдау үшін 3 айдан 6 айға дейін "сынақтан өту мерзімін созғылап", босқа сабылтып, жас дарынның сағын сындырмайтын кез еді... Кейінгі жылдары, бәрі демеймін жалпы бюджеттік журналистика бюрократия батпағына батты. Министрліктің мықты тоқпағы журналисттерді қызметтеріне бейжай қарайтын жағдайға жеткізді. Содан да қалам ұстаушылар Ақорда өзі айтқанын жүзеге асырсын, сосын барысын байқайық деген енжар, ештеңеге сенбейтін депрессиялық ахуалда...

Өзімнен мысал келтірейін. 2016 жылдан ресми жұмыссызбын. Сол жылы «Қазақ радиосының» Бас директоры ретінде кураторларыма редакцияны жарнама есебінен өзін-өзі қаржыландыратын жетістікке қол жеткізгенін мәлім еттім. Қызметкерлерім де республикалық жүлделердің бәрін алып, тіптен Дүниежүзілік радио конкурстардың Бас бәйгесін иелендік. Осы жетістіктер өкініш әкелді. Сол кездегі Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары – Бас идеолог пен Министрім шақырып: «Елуге келдіңіз, еңбегіңіз ерекше. Енді тізгінді жастарға беріңіз. Алты ай күтерсіз, сосын бір қызмет тауып берерміз» деді. Оған келісе алмайтынымды жасырмадым. Сосын Министрліктің өкілі бар 20 адамнан құрылған арнайы комиссия екі ай бойы бес жылдық қызметімді тексерді. Жүзге тарта журналистеріме қысым көрсетіп, әрқайсысыңнан «түсініктеме» жаздырып алды. Нәтижесінде бір тиын ысырап пен мынау мінің деп тағар кемшілік таппады. Осымен болды деген сенімім алданыш екен. Министрім Парламентке барып «Қазақ радиосы кейінгі жылдары ерекше табыстарға жетіп, өзіндік БАҚ болды. Сол себептен Корпорация құрамынан жеке дара шығарып, ТОО «Қазақ радиоларын» құрамыз»,- деп Мәжіліс депутаттарының келісімін алды. Мекеме қайтадан құрылғанда Басшысын тағайындау Заң бойынша құрылтайшының еркіне көшеді. Осылайша Қазақ радиосы Бас директоры қызметінен кетуге мәжбүр болдым...

Қаламгерлер қауымының «қызметімді алсаң да, қаламымды ала алмайсыз» деген мәтелі бар. Ол да сол тұста бекершілік болды. Ешбір мемлекеттік БАҚ-қа қатардағы журналист болып орналаса алмадым. Тіптен ескі көз таныс Мемхатшы Қырымбек Көшербаев та кабинетіне шақырып, уәдесін үйіп-төгіп бергенімен елдегі орташа жалақы алатын журналисттік қызмет бұйырмады...
Мемлекет Басшысының кешегі сұхбаты ел еңсесін көтерер жаңа кезеңге бастау салатынын көзі қарақты, сөз ұғар кісі байқады. Өткен кемшіліктер да айтылды.

Көп көрген, талай сыннан өткен журналист ретінде айтарым, бұйырған бағымыздан сырт айналмайық. Бірінші болып, елімізде Әділеттілік пен демократияның орнауына жауапкершілігі зор мамандықты таңдадық екен, қол қусырып отырмай, бел буып кірісейік.

Осы Әділеттілік жолына өзі бастаған Мемлекет Басшысын қолдау - әрбір журналист әріптестерімнің, жалпы қалам ұстаған қауымның ең басты парызы деп білемін!

Махат Садық

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408