Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2450 0 пікір 10 Қазан, 2012 сағат 06:35

Қуандық Шамахайұлы. Дамуды кері тартушылар кімдер?

Еуропа құрлығында өткен мұз дәуірінде  ғұмыр кешкен адам баласының екі түрлі нәсілі неандартал пен хомосапиенстерге ғалымдар зерттеу жүргізгенін «National Geography» телеарнасы көрсетті. Ғалымдар неандарталды хомосапиенспен салыстырғанда, мұрындары ірі, аяқтары қысқа болып келетіндіктен суық ауаның арынын басуға, жылуды ұзақ сақтауға қабілетті келеді деп санаған.  Оның сыртында олардың сүйектері де ірі, зор денелі болғанға ұқсайды. Осы болмысымен мұз дәуірінде олар хомосапиенс яғни, қазіргі адамнан гөрі табиғатқа, ауа райына артығырақ бой үйретіп үйлесім тапқанын айтады, ғалымдар.  Сөйте тұра олардың тұқымымен тұздай құрып кетуінің себебі таңданыс тудырған.

Археологиялық қазбалардың нәтижесінде хомосапиенстер мекендеген жерлерден түрлі құрал-саймандар мен әшекей заттар табылған.  Ал, неандарталдардың қабірлерінен олардың адам етін жейтіндіктерінің белгісі болатындай айғақты іздер аңғарылған. Өткір қанжарлармен шабылып кесілген адам сүйектерінің қалдықтары көптеп кездесетін көрінеді. Сонымен қатар сүйектеріне жасалған зерттеулерден айқындалғаны, олар орта құрсақ аш болғанға ұқсайтын көрінеді.

Еуропа құрлығында өткен мұз дәуірінде  ғұмыр кешкен адам баласының екі түрлі нәсілі неандартал пен хомосапиенстерге ғалымдар зерттеу жүргізгенін «National Geography» телеарнасы көрсетті. Ғалымдар неандарталды хомосапиенспен салыстырғанда, мұрындары ірі, аяқтары қысқа болып келетіндіктен суық ауаның арынын басуға, жылуды ұзақ сақтауға қабілетті келеді деп санаған.  Оның сыртында олардың сүйектері де ірі, зор денелі болғанға ұқсайды. Осы болмысымен мұз дәуірінде олар хомосапиенс яғни, қазіргі адамнан гөрі табиғатқа, ауа райына артығырақ бой үйретіп үйлесім тапқанын айтады, ғалымдар.  Сөйте тұра олардың тұқымымен тұздай құрып кетуінің себебі таңданыс тудырған.

Археологиялық қазбалардың нәтижесінде хомосапиенстер мекендеген жерлерден түрлі құрал-саймандар мен әшекей заттар табылған.  Ал, неандарталдардың қабірлерінен олардың адам етін жейтіндіктерінің белгісі болатындай айғақты іздер аңғарылған. Өткір қанжарлармен шабылып кесілген адам сүйектерінің қалдықтары көптеп кездесетін көрінеді. Сонымен қатар сүйектеріне жасалған зерттеулерден айқындалғаны, олар орта құрсақ аш болғанға ұқсайтын көрінеді.

Осылайша, ғалымдар хомосапиенстер өзара қарым-қатынас жасағаны, тауар алмасып, бірінің қолынан келмегендерін келесі бірі істеп беріп дегендей сауда-саттық жасап, қауымдасудың алғашқы негізін қалаған. Соның  арқасында жағадан алған жұт - ұлы мұздықтан, етектен тартқан аштықтан аман қалған. Сондай-ақ, техника-технологияның деңгейін үздіксіз арттырып, өмір сүру қабілеттіліктерін зорайтқан. Бұл әрине, «National Geography» телеарнасында сөз алған ғалымдардың жасаған тұжырымдары.

Ал, әлгі берекесіз неандарталдар күштісі әлсізін тонап, бірінің етін бірі жеп, өзара ырылдасумен жүріп ақыры барлығы аштықтан құрып тынған ғой. Олар тек қана қарақан бастарының қамын күйттегендері болмаса, ұжымдасу, ынтымақтасу дегенмен онша санаспаса керек.

Осыны көрген соң еріксіз ойланасың. Осы қазіргі күннің өзінде біздің бірлігіміз қаншалықты «жарасып» тұр? Басқаны қайдам, командамен жұмыс істеуге келгенде біздің қазақ аса құлықты емес. Бұл жерде сыбайластықпен өзара ауыз жаласқан ат төбеліндей жемқорлардың құрған «жемтіктес командасын», кланаралық тартыстарын айтпай-ақ қоялық.

Жалпы, қазақ баласы жеке шауып бәйге алғанды жақсы көреді. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп мақалдап аламыз да жеке батыр болуға тым әуеспіз. Сөйте тұра біріміздің жетістігімізді көре алмаймыз, мықтылығын мойындамаймыз. Озық тұрғанды қолдаудан гөрі етектен тартып, төмен түсіруді артық көретініміз тағы да бар. Бірігіп жасайтын ұжымдық дүниеден гөрі жеке авторлық туындыға бейім тұрамыз. Олимпиадалық ойындардың өзінде бокс, палуан күресі секілді жекелеген түрлер бойынша алтын медалға да қол жеткізе аламыз. Ал, футбол, волейбол секілді командамен ойнайтын түрлерге келгенде алға баспаймыз. Барлық ісімізде осындай мысалдарды тізе беруге болады.

Негізі, біздің отырықшы өркениетті елдерден артықшылықтарымыз баршылық. Шындап кіріссек, қолымыздан бәрі келуі де мүмкін. Бірақ, ортақ іске келгенде басымыздың біріге бермейтіні ежелгі тұрмыс салтымыздан қалған әдет пе екен деген ой келеді. Көшпенді шаруашылықпен ғасырлар бойы күн көрген жұртты қала жастанған қауыммен салыстыру бәлкім әбестік те болар.

Көрші орыс пен қытайды айтпағанның өзінде өзбек, татар бауырларымыздың өзі ертеден отырықшылыққа бейімделгендіктен бе қауымдасуға, командаға бірігуге келгенде бізден озық секілді көрініп тұрады. Олай болса, жалпы өркениетті елдің менеджменті командамен жұмыс істеуге қабілетсіздікті артта қалушылыққа, керітартпалыққа жатқызады.

Шын мәнінде, қауымдаса алмайтын, бірлігі нашар жұртта ешқандай бәсеке де оған қабілеттілік те болмайды. Ондай жерде мешеуліктің, дамуды тежегіштіктің орын алатыны айтпаса да түсінікті. Қазір біз сөз жүзінде «дамушы» деп аталатын, іс жүзінде артта қалған елміз.

Өткен тарихымыздың түрлі кезеңдері ру, жүзаралық текетірестермен, жоңғармен соғысумен өтті. Кейін Шығыс Еуропаның ең артта қалған елі саналатын Ресейдің отарына айналдық. Бүгінгі күні аузымыздың суы құрығанша мадақталатын Алаш көсемдері неше жерден ақылды, білімді болса да Қазан төңкерісі кезінде Ленинге финдер мен поляктар ғұрлы жол тауып, айла-амалдарын асыра алмаған соң не шара. Кезінде алмандар мен француздардың бірімен тығыз байланыс орнатып, мәмлелескенде бәлкім, Ақ патша тақтан құлаған күні тәуелсіздік алып, қазіргі Түркия секілді кемелденіп кеткен болар ма едік.

Олай болмаған соң амал нешік. «Қасқырдың азуынан құтылып, арыстанның аузына тұтылдының» керімен, Ақ патшадан аман қалған басымыз большевиктердің тепкісіне түсті...

Тарихи тағдырдың жазғаны сол болған шығар. Бірақ, 1991 жылы сол отарлаушы кеңес одағы көз алдымызда құлап қалғанның өзінде оған жүрегі жарыла қуанғандарды сирек көрдік. Оған сай жасаған әрекетіміз тіпті адам таңданарлықтай марғау болды. Іргеміздегі қырғыз бен өзбек тамыз бүлігінен кейін арада апта өтпей жатып-ақ тәуелсіздіктерін жариялап дербес мемлекетке айналғанда біз ғана қақаған қыс келгенше бодандықты қимағандай көшкен жұртта жалғыз қалдық.

Жекешелендіру басталғанда бәріміз елді тастап әлде бір қиырға қашқалы жатқандай-ақ, кеңестен қалған азын-аулақ зауыттардың қу талақайын шығарып, темір-терсек атаулыны Қытай асырып жібердік.  Колхоз-совхоздан қалған малға да қырғидай тидік. Ауыл атаулы соғыссыз қирап қаңырады да қалды. Жетпіс жыл бойы ілдебайлап тұрғызғандарын жұрт жеті жылға жеткізбей талқандап бітірді.

Ал, қазір тәуелсіз еліміздің гүлденіп дамуына қалай үлес қосып жүргенімізді көргенде кейде жағаңды ұстауыңа тура келеді. Түрлі деңгейдегі басшылар өз міндетін атқарғаны үшін халыққа кергіп, пара дәметеді. Тым құрығанда, айлық алып отырған жұмысын арлы адам жөнімен атқаруы керек қой. Бізде ол жоқ. Министрден бастап, басқарма басшысына дейін тоңмойын бюрократтық кең жайлаған. Әр мекеменің бірінші басшысы қарамағындағыларды басқарғаннан гөрі «қанын ішіп», тірідей «түтіп жегенді» жақсы көреді.

Бастық күнделікті жұмысқа сағат онбірсіз келмейді. Ал, орынбасарларынан бастап барлық аппарат таңғы сағат тоғыздан бұрын кеңседе отыруға міндетті. Дайын құжатқа қол қойдыру үшін қатардағы қызметкер оны азаннан ақшамға дейін күтуге мәжбүр. Түске қарай кабинетіне зорға келген бастық ешкімді қабылдай алмайтынын есік көзіндегі хатшысы тотығұсша қайталаумен болады. Бірлі жарым орынбасарлары мен өзінің ет жақын жағымпаздары кіріп шығады, әрине. Көңілі қаласа аппаратын жинап жиналыс өткізген сымақ болады. Сосын, міндетті түрде «әбетке» аттанады, сол кеткеннен мол кетеді. Тойып алған соң тал түсте көз шырымын алуға жантаяды. Тәтті ұйқыға терең батқан ол кешкі беске қарай зорға оянып, кабинетіне жұмыс тарқардың алдында бас сұғады. Ал, енді оны орнынан қозғап көр.

Әбден ұйқысы қанып, тамаққа тойып алған бірінші басшы түн жарымға дейін омалып кабинеттен шықпайды. Азанда келген аппарат қызметкерлері оның кетуін күтіп тықыршып, кабинеттерінде қамалып отырады. Ондай кезде қандай жұмыс, нендей өнімділік болмақ. Егер әлде бірі кете қалса, бастық міндетті түрде оны шақыртады, хатшы қоңыраулатып жүріп орта жолдан кері қайтарады. Түк тындырмаса да, омалып отырсыншы, іздемейді. Тіпті, шұғыл шаруасы болып бастыққа өзі барсын. Жөпелдемеде қабылдай қоймайды, күттіріп, жүйкесін тоздырып, «қанын ішіп» болған соң ғана өзінің «тәңір дидарын» зорға көрсетіп қарқ қылады.

Осылайша, бізде барлық аппараттық қызмет өз жұмысын таң сәріден бастап, түн ауа аяқтаса да қарыштап дамып кеткен дәнеңеміз де жоқ. Ал, жұмыстарын таңғы тоғызда бастап кешкі алтыда аяқтап, кеңседе тірі жан қалмай үйлеріне қайтатын германдар мен жапондар бізден қара үзіп баяғыда озып кеткен. Оларда министрлік кеңсесінде жұмыстан соң он минут бөгелудің өзі қылмыс саналады. Олардың бірінші басшылары қарауындағы қызметкерлерінің «қанын ішпейді» керісінше, зыр жүгіріп өзі қызмет көрсетеді. Біздікілер ондайды ар санайды. Өзге жұрт жұмысқа қабілетті, шын білікті мамандарын көкке көтеріп құрмет көрсетсе, біз қудалап жүріп, қалай да одан құтылып, тыныш қана мүлгіп отыратындарды немесе «ләппай тақсырлап» түк тындырмаса да өтірік ентігіп жүретін жандайшаптарды жөн санаймыз. Осылайша, өңшең бір жарамсақ-жалқауларды, сужұқпас-сұмырайларды командамызға жинап алып, солардың ортасында данышпансығанды көп басшы қолайлы санайды.

Осындай керітартпалықтың салдарынан бүгінгі қазақ баласында шығармашылық, бастамашылдық немесе іскерлік ойлау (lateral thinking) қабілет атаулы жоғалып барады. Оның өзі көктен түсетін ғайыптың құсы емес. Ой алмасудан, пікірлесуден, ақылдасудан туадан тың идея. Ал, біз болсақ, білгенімізді біреуге айтудан тартыншақтаймыз. Өзара тәжірибе алмассақ, идеямызды өзге біреу ұрлап алатындай көреміз. Оның үстіне жаңашылдықты қабылдаудан гөрі тыныш отыруды жөн көреміз. Бәріміз тек өзімізді ғана ақылды санаймыз да, өзгені мойындамаймыз, ақыры «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғысқа ұшырағандай күй кешеміз. Іскерлік ойлаудың тығырыққа тірелетін тағы бір факторы осы.

1892 жылы ұлы Абай өзінің тоғызыншы қара сөзінде: «Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Иә, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ» деп жазғаннан бері де ойлы жанға оның бүгінге дейін қатты өзгере қоймағандығын аңғару қиын емес секілді.

Сонда біздің артта қалушылығымыз бен керітартпалығымыз мінез-құлқымызбен терең астасып жатқан секілді көрінеді де тұрады. Бәлкім, менікі орынсыз да шығар.  Оның өзі бізге көшпенділік тұрмыстан дарыған болмыс емес пе екен. Көшпенді тұрмыстың да өзіндік ерекше мәдениеті болғаны рас. Алайда, оны өркениетке (civilization) жатқызуға келмес. Дегенмен, оның халықтың мінез-құлқына, ойлау жүйесіне, тарихына, мәдениетіне ғана емес, геніне де ықпалы болатын сияқты.

Сондықтан да, біз ұжымдық іске келгенде кежегеміз кері тартып тұрмай ма екен. Ғасырға жуық уақыт өтсе де отырықшылық өркениетінде ұлттық іскерлік қабілетімізді толықтай оята алмай келе жатқанға ұқсаймыз. Бүгінгі таңда әлемді елең еткізген көптеген ғылыми жаңалықтың, тың ізденістер нәтижесінің негізінен ұжымдық туынды арқылы көрініс тауып жатқандығын аңғаруға болады. Оның айқын дәлелін соңғы жылдары Нобель сыйлығының да бірсыпарасы ұжымдық еңбекке берілгенінен көруге болады. Американың атақты «Time» апталық журналы ешбір мақаласына өз журналистерінің аты-жөнін қоймай ортақ туынды ретінде жариялайтын «бригадалық тәсілге» көшкен. Жалпы, ғылым атаулы өткен мен бүгіннің біліктілігіне, тәжірибесіне негізделіп жасалатыны мәлім.

Ақпарат алмасу мен тәжірибе бөлісудің ең төте әрі жалғыз жолы адамдардың өзара қарым-қатынасы екені белгілі. Бір немесе бір топ данышпан білетінін жасырып, ешкімге тіс жармай жатып алса білімге негізделген техника мен технология қалай дамымақ. Қазір ауыл мен қала баласының арасындағы елеулі айырмашылықтың өзін айқын аңғаруға болады. Оның басты себебінің өзі қала баласының араласатын ортасының кеңдігі мен көптігінде болса керек.  Әлеуметтік қарым-қатынас күрделі болған сайын адамның ойлау қабілетін жақсартуға игі әсер етпек. Сондай-ақ, адам санының көптігі бәсекелестікті ұлғайтады, кәсіби шеберлікті шыңдауға және тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік береді.

Олай болса, дәл қазір бізде әртүрлі аппарат атаулы бюрократтықтың ми батпағына батып барады. Оған терең батқан сайын халықтан алыстап, енді тек өздерінің ғана емес, бүкіл қоғамның «қанын ішіп, етін жейтін» құбыжыққа айналып кетпеуі үшін бәрін іс жүзінде демократияландарудың қажеттілігі мен маңыздылығы айырықша. Сонда ғана жоғарыда мысалға келтірілген неандарталдардың кебін кимеуге болады.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407