Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3352 8 пікір 4 Мамыр, 2022 сағат 14:59

АҚШ әлемге қандай үлес қосты?

Орыстардың, Арабтардың және Қытайлардың үгіттеуімен дамыған Батысқа, әсіресе АҚШ-қа өштік танытатын, жағдайына қарамай АҚШ-қа қарсы тұрғысы келіп, Қазақстанды бейшара елдермен бір сапта қойғысы келетін кісілерді талай көріп жүрміз. Олар АҚШ десе ашулана қалады, «АҚШ бәрін құртып жатыр», «АҚШ біздің жауымыз», «АҚШ-тан тек жамандық келеді» деген секілді жаттанды және жарамсыз түсінікке арқандалады, мысалға Ауған, не Сирияны айтады.

Ал егер "АҚШ әлемге қандай үлес қосты?" "Бізге пайдалы не тапқырлады? "Бұл ел біздің өмірімізге қатысты нені ұсына алды" деп сұрақ қойсақ, көз алдымыздан талай нәрселер өтеді екен. Сөйтсек, қазіргі замандық деп жүрген, өмірде маңызды талай нәрсе сол АҚШ-тан бастау алады екен. ЖАман болса солай болар ма еді? Бұл тұрғыда, "Қытайдың 5000 жылдық тарихынан АҚШ-тың 500 жылдық тарихы артық" деген сөзде шындық бар.

Google, Facebook, YouTube, WhatsApp, Photoshop дегендерді айтпай-ақ қояйық, күнделік тұрмысымыздың ажырамас бөлігі болған талай ірі нәрселер, мысалы Электр лампасы, Ұшақ, Транзистор, Микротолқынды пеш, Трактор, Интернет, Компьютер, Телефон, Ұялы телефон, Автомобиль, Пластик, Камера, Бағдаршам, Шаңсорғыш, Лазер, Супермаркет, Күн көзәйнегі, Құлаққап, Робот технологиясы, 3D принтер, Атом қаруы секілділерді алғаш АҚШ тапқырлағанын да айтпай-ақ қояйық, бұлар да біршама адамдарға белгілі нәрселер. Мұнда біз жұрт көп ескере бермейтін, бірақ АҚШ тапқырлаған маңызды нәрселерді қарастырып көрейік.
1890 жылы АҚШ түтін сезгішті тапқырлапты. Қазір заманауи үйлерге орнатылып, сәл түтін шыға қалса өрт кетті деп белгі беріп, немесе су бүрке қалатын жүйенің басы 1 ғасыр бұрын АҚШ-та басталыпты.

Ал, 1891 жылы АҚШ демалушылар үшін рельсті Ойын Доңғалағын (Ferris wheel) тапқырлапты. Мұны біздің ойын алаңдарынан әрине талай көріп жүрсіз.

Қызық болғанда, киімнің алдын түймелеп жүрмей, сыдырмасын ( Zipper) сыр еткізе салу әдісін АҚШ 1893 жылы тапқырлаған екен. Онсыз қазір көп нәрсенің аузын жабу қиын болар еді.

Ал, пультты (Remote control) АҚШ 1898 жылы жасапты. Оны алғаш телевизорға емес, радиоға қолданған екен. Телевизордікі содан дамытылған.
1903 жылы АҚШ "қалташай" (Tea bag) дегенді тапқырлапты. Яғни бір шөкім шайды кішкентай қағаз қалтаға салып қоясыз да, қайнақсу құйылған ыдысыңызға оны малып, шәйін шығарып ішесіз. Сізге арнайы шай қайнатып жүрудің қажеті жоқ. Қазіргі біздің кафелер осы техникамен де ақша тауып отыр.

Ал, машинаңыздың алдыңғы әйнегін жаңбыр жауа қалса бұлғақтап сүрте жөнелетін екі «Шыны тазалағышты» (Windshield wipers) АҚШ сол 1903 жылы тапқырлапты.

Ттерезе пердесін таяқшаға ілу әдісін АҚШ 1907 жылы тапқырлапты. Қазір де көп үйлерден перде таяқшасын (Curtain rod) байқауға болады.
Осы жылы, яғни 1907 жылы олар Дәретхана қағазын ойлап тауыпты. Бұл енді әркім есінде ұстағаны дұрыс тапқырлық деуге болады. Өйткені АҚШ: «Құйрығыңызды да сүрттік, сізге тағы не істеп бере аламыз» деуі мүмкін ғой))
1911 жылы кеңселерде жаппай істетілетін Қағаз қысқыш ойлап тауып, тағы машина жүретін жолдардың бетін сызып, таңбалауды бастаған екен. Қазіргі машина жүретін көше жолдарына сызылған түрлі белгілер әне сол жылы АҚШ-тан бастау алыпты.

Ал, келесі жылы, 1912 жылы, АҚШ Бағдаршам (электрлік) орнатқан екен. Қазіргі төрт көшелердегі Қызыл, Жасыл және Сары шырақтар содан бастау алады.

Ал, үйіңіздегі жарық қосқыш-сөндіргішті АҚШ 1916 жылы тапқырлаған екен. Онсыз енді тоқтарды жалғап, не үзіп жүретініңіз анық.
АҚШ Лейкопластырды 1921 жылы тапқырлапты. Ал, 1922 жылы Радиалды тақтай тілгішті тапқырлапты. Тісті дөңгелектің тез айналуы арқылы ағашты жапырақтап кесетін осы тақтай тілгішті әлі күнге біздің ағашшылар жаппай қолданады.

Ал, 1923 жылы АҚШ Бульдозер тапқырлаған. Қызық болғанда, осы жылы олар басына мақта оралған құлақ шұқығышты (Cotton swab) да өндіріп, сата бастапты.

Cheeseburger жегенді ұнататындар АҚШ-тың 1924 жылғы тапқырлығын ұнатады деген сөз.

Ал, 1925 жылы олар Клейкалы лента (Masking tape), яғни жапсырғыш ойлап тапқан. Бұл қазіргі скотчтың атасы.

1927 жылы АҚШ бүгіндері машина жууда көп қолданылатын қысымды су бүріккішті (Pressure washer) ойлап тауыпты. Осы жылы олар резонаторлы гитара мен Кварц сағатты да қоса ойлап тапқан екен.
Кейбір орындыққа отырғанда оның әлденесін қозғау арқылы арқалығын шалқайтып, шалқалап отыруға болды. Алыс жолға жүретін автобус орындықтарында бұл көп кездеседі. Осыны АҚШ 1928 жылы ойлап тауып базарға салған екен.

Ал, сол жылы олар сағызды (Bubble gum) ойлап тапқан екен, шамасы орындыққа шалқайып жатып, сағыз шайнауды көздеген болса керек. Қазақтар қарағайдың шәйірін сағыз ретінде шайнап, тісін тазалап жүргенде, американдар зауыттан сағыз өндіре бстаған.

Ал, осы 1928 жылы олар тағы Электронды Ұстара (Electric razor) ойлап тауып, қырыну техникасын жаңа замандық сатыға көтерген екен. Дыр-дыр еткізе салу сақалға сабын жағып, оны кескілеп жүргеннен әлдеқайда өнімді және ыңғайлы екені анық.

1930 жылы олар Машина аудиосын (Car audio) ойлап тауыпты. Сөйтіп машина ішінде өлең тыңдауды бастапты.
1931 жылы олар Электронды Гитара ойлап тауып, музыкаға жаңа әуен қосыпты.

Ал, 1932 жылы дәретхана щеткасын қолдануды бастапты. Қазіргі унитаздың қасында тұратын, туалетті сүртуге арналған щетка содан бастау алады екен. Осы жылы олар тағы Антистеплер жасапты. Ол енді қағаз жүрген жерде қажет болатын нәрсе.

Егер жазда үлкен бақшаларды аралап жүрсеңіз, пыс-пыс етіп, айналасына шашырата су шашып жатқан спринклер деп аталатын аспапты байқайсыз, оны 1933 жылы АҚШ ойлап тапқан екен.
Балалар секіріп ойнайтын заманауи Батутты (Trampoline) АҚШ 1934 жылы ойлап тауыпты.

Биік тауларға жалғанған сырғымалы лифтті (Chair lift) АҚШ 1936 жылы дүниеге әкеліпті. Алматыдағы Алатауға қарай шығып бара жатқан сырғымалы лифттердің атасы АҚШ.

"Сауда арбасы" дейміз бе, "кәрзеңке" дейміз бе, АҚШ тапқырлаған супермаркеттен бірдеңе алған кезде заттарымызды тиеп алып, сатушыға дейін әкелетін қол арбаны (Shopping cart) АҚШ 1937 жылы тапқырлапты.
Ал, 38 жылы олар нейлонды дүниеге әкеліпті.

Егер балаңыз ыстықта балмұздақ жегісі келсе, «шоколад қосылған», не «құлпынай қосылған» деп өз талабын айтса, ендеше сіз Көкшетау балмұздағын емес, арнайы аспаптан конус формасында құйылатын нұсқасын таңдадыңыз, ол 1938 жылы АҚШ-та тапқырланған балмұздақ.
1942 жылы олар ІІ дүниежүзілік соғыстың қажет үшін Bazooka деп аталатын, иыққа қойып ататын Танкатар ойлап тауыпты.

Ал, 1945 жылы АҚШ микротолқынды пеш ойлап тапқан екен.
Егер сіз қазіргі жаңа деңгейдегі туалеттерге кірсеңіз, қол кептіргішке жуған қолыңызды кептіріп аласыз. Осыны 1948 жылы АҚШ тапқырларған екен.
Дәл осы жылы АҚШ «видеоойындар» ойнауды да, тарихи артефакттердің уақытын анықтайтын «Радиокөміртекті анықтауды» да тапқырлаған екен. Осы радиокөміртекті анықтаудың арқасында, талай тарихи заттың қай замандікі екені белгілі бір дәлдікке дейін дұрыс анықталғанын тарихшылар жақсы біледі.

Машиналарға орнатылатын «Ауақалта» (Airbag) деген бар, шырғалаң бола қалғанда өздігінен ауаға толып қампиып, адамға зақым келтірмеуге көмектесетін қалта, соны АҚШ 1952 жылы тапқырлаған екен.
Дәл сол жылы АҚШ Штрих-код (Barcode) жүйесін тапқырлаған екен, онсыз қазіргі тауарларды топтық және жеке сату қиын болар еді. Штрих код деген астында цифры бар жуан-жіңішке қара сызықтар қатары. Әр елдің өз штрих код жүйесі бар.

«Жасанды жүректі» (Artificial heart) де АҚШ сол жылы тапқырлаған екен, уақытша адамның жүрегін қозғалысқа келтіретін аспап.
Ал, 1953 жылы АҚШ «маркер қаламын» (Marker pen) жасаған екен. Баласына жазу үйрету үшін үйіне ақ доска орнатқандар мұны жақсы біледі және жақсы көреді. Өйткені ол өшіруге болатын бояудан жасалады.
Ал, 1954 жылы АҚШ «өздігінен ашылатын есік» (Door (automatic sliding)) тапқырлапты. Осы есіктің арқасында қазір ірі сауда үйлерінің есігінің тұтқасын ұстамай еркін кіріп-шыға бересіз, есік өзі сіздің келген-кеткеніңізді біледі.

1965 жылы жапырақ шаңғы «Сноуборд» тапқырлаған екен, қазір туристік аймақтар қыста сонымен көңіл ашады.

Қазір балалар бұрынғы секілді есептерді мимен шығармай, Калькуляторымен есептей салады, оны АҚШ 1967 жылы тапқырлаған екен.
АҚШ компьютердің тінтуірін тапқырлаған жылы, яғни 1971 жылы тағы «Е-mail» жіберуді бастаған екен, қазір біз де хат жазуды тастап, осыған ауып алдық.

Сол 1971 жылы АҚШ GPS жүйесін қолдануды бастап беріпті.

Хайдар Алпы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364