Сталинді көтеріп, Берияны құшақтап, қазақ кетіп барады..
9 мамыр посткеңестік елдерде әдеттегідей жыл сайынғы қайталанбалы іс-шаралармен өтті. Әскери шерулер, баяндама жасау, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою және кей елдерде "Бессмертный полк" атты шерулердің ұйымдастырылуы болды.
Ресейде Путин сөз сөйлеп, баяндамасының басым бөлігін Украинаға неге соғыс ашқанына арнады. "Бізде амал қалмады, Қырымды НАТО күшпен тартып алуға дайындық жасады", - деген жаттанды жалған ақпаратын тағы да айтты. Алайда әлем күткен, сарапшылар болжаған мәлімдеме айтылмады. Путин Украинаға соғыс жариялайды деген болжам іске аспады (олар қазіргі соғысты "арнайы операция" деп атайды), жаппай мобилизация да жарияланбады, Луганск пен Донецк облыстарын қосып алу, Приднестровьені тәуелсіз деп мойындау да іске аспады. Тіпті жыл сайын болатын әскери шерудің әуе күштері бөлімі де болмады. Песков шерудің әуе күштеріне қатысты бөлімі болмауын ауа-райымен байланыстырды.
Алматыда "Батырларға тағзым" атты шеру ұйымдастырылды. Аты "Батырларға тағзым", ал заты сол "Бессмертный полк". Суретті көтеріп, шеруге шығу, Кеңес туын желбірету және георгий лентасын кеуде тұсына тағу сынды әрекеттер биыл да болды. Екі жыл қатарынан коронавирусқа байланысты өтпеген шара, биыл офлайн режимде өтіп, оған кей дерек бойынша 20 мыңнан астам адам қатысқан.
Георгий лентасын тағып шығушылардың қарасы көп болды. Георгий лентасы Орталық Азияны орталау жорықтарына қатысқан басқыншы Ресей империясының жасақтарына, артынша қызылдарға қарсы соғысқан ақтарда кеңінен қолданылып, кейіннен Путин билігі барынша насихаттап келе жатыр. Бұл басқыншылықтың нышаны саналатын лентаны Қазақстанның өз лентасы барына қарамастан талай адам тағып шықты.
Қан түстес Кеңес Одағының қызы туын желбіретіп шыққандар да баршылық болды. Халық кеңінен талқылап, барынша айтқан жайт ретінде Сталин мен Берияның суретін алып шығушылардың болғанын айтсақ болады. Миллиондаған қазақты аштықтан қырып, малын тәркілеп, шаруалығын талқандап, көнбегенін атып, зиялысын атып, өз жерінен миллиондаған қазақты босқын етіп жіберген Сталиннің суретін көтеріп шығу нағыз ұлтқа деген қиянат. Ал Лаврентий Берияның суретін алып шыққандар ше? Берия КСРО дәуірінде саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырушының бірі болды, артынша ол КСРО-ның атом қаруын жасау бағдарламасын басқарды. Оның суретін алып шығу атылған арыстардың, радиациядан уланған халықтың рухына түкіру, сатқындықпен тең.
Бұл шара барысында неге әкімдік жат елдің идеологиясын насихаттап, жоқ елдің нышанын көтеруге жол бергенін түсінбедік. Осының өзі идеология саласындағы үлкен кемшілікті аңғартып тұр емес пе?!
Ка Мырза
Abai.kz