Жыраулардың сарқыты – Бекболат
Кеңес кезінде қазақтың ұлттық партиясы болмағанмен ұлт мүддесі сынға түскенде есесін жібермейтін Жұмабай Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков қатарлы тау тұлғалары болды. Солардың арқасында ұлттық әдебиет, өнер қатты дамыды. Бірыңғай ұлттық сипат алды. Ауылдық жерлерде құрылған мәдениет отауларын айтпағанда, халықтың ұлттық намысын оятқан тарихи романдар жазылды. Мұндай ұлттық сілкініс өз кезегінде саяси бас көтеруге, талаптарға ұласты. "Желтоқсан көтерілісі" соның айғағы.
Қазақ ән өнерінде ерекше орны бар Арқа өңірінің тумасы Бекболат Тілеуқан сол қозғалыстардың бел ортасында жүрді. Алаңға барғаны үшін Политехтен (қазіргі ҚАЗ ҰТУ) оқудан шығарылғаннан кейін, біржолата өнер жолына түсті. Ескі ғасырлардың әуенін жадына құйды. Ол толғаған Қазтуған, Ақтанбердінің жырлары, Мағжанның "Батыр баяны" тәуелсіздігін жариялаған қазақ елінің рухын оятты. Еңсесін көтеріп, мерейін тасытты.
Егемендіктің алғашқы кезеңінде жоғарыда атап өткеніміздей сөз тізгінін ұстаған қаламгерлердің билікке ықпалы өтімді болды. Бір ғана қызыл партия үстемдік еткен дәуірде демократиялық бағыттағы саяси күштер қалыптасып үлгермеген еді. Аталмыш зиялылар Назарбаевтың, бір ғана адамның айналасына бірігуді өздеріне тұғырнама етті. 2000-жылдың басына дейін ол үміт ақталды да. Бірақ жаңа ғасыр кіргеннен бастап, Назарбаев халықтың, ұлт серкелерінің өзіне деген сенімін жеке басына пайдаланып барлық билікті бір өзі шеңгелдеп алды. Оның демократияға жат, қоғамды тығырыққа тірейтін тойымсыз әрекетіне ең алдымен қасында жүрген, сенімді серіктері болған жасамысы бар, жасы бар шенеуніктер қарсы шықты. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев "Бір ғана адам тәуелсіздік пен тұрақтылықтың кепілі болса, қалған 14 миллион 999 мың 999 адамның пікірін қайда қоямыз?" деп жазды. (Сол кезде Қазақстанның халық саны ресми деректе15 миллион делінетін).
Әдеби-мәдени ортадан шыққан Бекең Қазақстанға бір ғана адам тірек болады деген сенімнен әлі айнымай келеді. Астананың атауын өзгертуге, алда болатын президент сайлауына байланысты айтқан пікірлері соны аңғартады. Оған бола Бекеңді жазғырудан аулақпыз. Бекең тәуелсіздікке, дініміздің қайта оралғанына шын қуанған, шын берілген адам. Ол кісінің осы ақ сенімін саяси, басқалай мүдесіне пайдаланғандар жетіп артылады.
Соңғы кезде ақ пен қараны айырмай, ол кісінің қазақы болмысына (өзін назаландырғандарға нәлет айтуына, пайғамбар сүннетін ұстанып ұрпағын көбейткеніне) шабуылдайтындардың көбейгені өкінішті. Бұл саяси белсенділік емес, ұсақталу. Демократиялық құндылықтарды күл-парша ету. Бекең тәуелсіз елдің мәдениет саласында қызмет етті. Парламент депутаты болғанда да ұлттық, рухани мәселелерді көтерді. Ешқашан біреулер бықсытып жүргендей идеолог болған жоқ. Шариғат заңымен жүретін мемлекетті аңсап Сирияға барғандарға ол кісіні жазықты ету ақылға симайды.Ол кісінің әнін тыңдаған, айналасынан шықпайтын жастар керісінше еліміздің руханиятына қаламымен, өнерімен үлес қосып жатыр. Кейбіреулер тіпті Бекеңнің күллі түркінің басын қосуды мұрат тұтқан Түркия президенті Ердоғанмен кездесуінен де саяси астар іздепті. Бекең елден сыртта жүрседе мемлекетіміздің, түбі бір бауырлас ағайындарымыздың геосаяси қауыпсіздігін қамтамасыз ететін Түркі одағының бірлігін нығайтуға, қабырғасының қатаюына нақты әрекетімен үлес қосып жатыр. Оны көрмеу, күсталану көрсоқырлық.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz