Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 13117 0 пікір 29 Қаңтар, 2013 сағат 09:19

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҰРАНЫМ – АЛАШ!..» (Үшінші кітап)

«ҰРАНЫМ - АЛАШ!..»

(Түрме әфсанасы)

ТАЛҚЫ

(Үшінші кітап)

 

АЛМАТЫ

ЕЛ - ШЕЖІРЕ

2012

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы" ғылыми орталығында дайындалып, Ғылыми кеңесінде бекітілді.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

 

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

М.Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Ш.Әмірбек, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

 

 

Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Тұрысбек.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған - М.Ермағанова. Қ.Камзина, А.Сатыбалдиева.

 

«ҰРАНЫМ - АЛАШ!..»

(Түрме әфсанасы)

ТАЛҚЫ

(Үшінші кітап)

 

АЛМАТЫ

ЕЛ - ШЕЖІРЕ

2012

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі

Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы" ғылыми орталығында дайындалып, Ғылыми кеңесінде бекітілді.

Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

 

Рецензенттер:

С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

М.Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Т.Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Ш.Әмірбек, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.

Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.

 

 

Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Тұрысбек.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған - М.Ермағанова. Қ.Камзина, А.Сатыбалдиева.

 

АННОТАЦИЯ

Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Талқы» атты бұл үшінші кітабы - «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 қайраткерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі», «Тез» бөлімдерінің заңды жалғасы және қорытынды әфсанасы болып табылады. «Талқыда» - жазушы-ғалым Мұхтар Әуезовтің қырық жылға созылған қудаланды (1917-1961) өмірі мен шығармашылық тағдыры, тұлғалар талқысы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі «аса құпия құжаттармен», сирек деректермен, өзара жазысқан хаттармен жарыстырыла талданып, кеңестік жазалау жүйесінің рухани тәуелділікке жүгіндіру мақсатында жүргізілген идеологиялық қысым саясатын жүйелі түрде талдайды.

Қазақтың ұлттық Біртұтас Алаш идеясын тұңғыш рет тұжырымдай жүйелеп берген «Ұраным - Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын бұл іргелі зерттеу - алаш қозғалысы туралы жазылған іргелі де толымды әфсана болып табылады.

 

Оқшау пікір

 

 

АЛАШ ТАРИХЫ ЕКШЕЛГЕН ЕҢБЕК

 

Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде тарихшы ғалымдар ғана емес жалпы зиялы қауым ұлт тарихының ақтаңдақтарына бет бұрыс жасады. Олардың алдыңғы легінде ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай тұрды және осы мәселені бүгінгі күнге дейін жүйелі зерттеп келеді. Соңғы жылдары жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс тарихы баяндалған «Ұраным - Алаш!...» атты үш томдық деректі еңбегі елді елең еткізді. Тұрсын бұл еңбекті жазуға үлкен дайындықпен келгенін айтқан жөн.

«Дулыға», «Бұзылған бесік» және басқа да тарихи тақырыптағы сүбелі еңбектерімен қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар жазушы-ғалым, алаш пен қазақ этнонимдерінің шығу тарихын, «Алаш қауымдастығы» деген атпен XVI ғасырға дейін қазақ - Алаш атанғанын жақсы біледі. Көне түркі жұртының екі мың жылдық тарихы, көне түркі батырлары туралы жазылған «Дулыға» атты екі томдық ғылыми көркем еңбегі оған дәлел бола алады.

Алаштану дегеніміз тек қана Алашорда тарихы емес. Алаш зиялыларының өзі «алаш» деген терминді тарихи негіздерге сүйене отырып таңдаған. Алаш - түркі қауымдастығындағы қыпшақ тілдес тайпалардың басын біріктіріп, қазақ қауымдастығының қалыптасуына себепкер болған, үш сан Алаштың басында тұрған тұлға. Сондықтан бұл - жазушыдан үлкен білімдарлықты қажет ететін, өте күрделі мәселе.

Ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің  бар саналы ғұмырын осы мәселені зерттеуге арнаған. Оның ұзақ та, тынымсыз еңбегінің нәтижесі - үш томдық «Ұраным - Алаш!...» зерттеу-еңбегі. «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 қайраткерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде «Жегі», «Тез» бөлімдері жазылды, міне, үстіміздегі жылы алдыңғы екі бөлімнің заңды жалғасы және қорытынды тұжырымы «Талқы» атты үшінші кітабы оқырманға жол тартты. «Талқыда» - ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қырық жылға созылған өмірі мен шығармашылық тағдыры, кеңестік жүйенің рухани тәуелділікке жүгіндіру мақсатында жүргізілген идеологиялық қысым саясаты, коммунистік идея мен идеологияның қандай жолдармен үстемдік құрғаны, зиялылар арасындағы қарым-қатынас мәселесі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «аса құпия» құжаттар және басқа да тың деректер, зиялылардың өзара жазысқан хаттары негізінде талданады.

Кеңестік қатігез жүйе өзінің жасаған қылмыстарын, жазалау саясатын, оның әдіс-тәсілдерін, түрмеге түскендердің тергеу хаттамасы мен жаза үкімі сақталған құжаттарды аса құпия ұстады. Саяси қылмыскерлерге қатысты, оның ішінде КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеулердің құжаттарына екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тіпті тәуелсіздік тұсында да ол деректер жалпыға жария етілмеді. Ғалым-жазушы кеңестік тоталитарлық жүйенің құрдымға кетер қарсаңында Алаш қайраткерлерін ақтау туралы жоғары сотта әдеби кеңесші болып, қызыл империяның құрығына ілініп құрбан болған ерлердің азаматтығын ақтауға үлкен үлес қосты.

«Ұраным - Алаш!...» атты іргелі еңбектің негізі - Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «аса құпия» құжаттарымен танысуға және алуға сол жылдары мүмкіндік туды. «Алаш орда» партиясының кеңес өкіметіне қарсы астыртын іс-әрекеттері» деген 14 томнан тұратын істі түгелдей дерлік сүзіп, кеңестік түнектің бет пердесін, қиянатын, қасіретін ашатын тың материалдар мен деректерді сол 1990 жылдардан бастап мерзімді баспасөзде үзбей жариялады. Автор 1988-1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлердің» көрсетінділерімен, айыптау қорытындыларымен танысып шығуға мүмкіндік алған. Он бес жылдан астам уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, әйгілі «үштіктің» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірген, мына еңбек соның қорытындысы.

 

Талас Омарбеков,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

 

***   ***   ***


«ҰРАНЫМ - АЛАШ!..» ҮШТАҒАНЫ ТУРАЛЫ

 

 

Ғалым-жазушы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Дулыға», «Кетбұқа», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бұзылған бесік!.., «Күйесің, жүрек... сүйесің!», «Бейуақ» атты тарихи тақырыпта жазылған еңбектерінің қатары «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш бөлімнен тұратын «Ұраным - Алаш!..» атты іргелі еңбекпен толықты. Сөйтіп, қазақ ұлтының үш мың жылдық рухани тарихын түгендеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың аталған еңбегінде алаш идеясын дүниеге әкелген зиялылардың өмірлік ұстанымдарын тұжырымдай жүйелеп, бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген  жасанды, өткінші құбылыс емес, ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы деген тұжырым жасайды. Расында кеңестік тоталитарлық жүйе өзінің өмір сүру мүмкіндіктрін түгел сарқып, іріп-шіріп тарих сахнасынан кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы оның өміршеңдігін айғақтады.

Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!», Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» ұлы даланы ұйқысынан оятты, ұлт зиялыларын ұлы істерге жұмылдырды, қоғамдық-саяси, шығармашылық ізденістеріне негіз қалады. «Оян, қазақ!» пен «Маса» идеясы - Біртұтас алаш идеясына ұласты. Үш томдық іргелі зерттеуде Біртұтас алаш идеясының бес түрлі ұстанымы, ұлттық-демократиялық мемлекет құру қағидаттapы сараланған. Еңбектің ұтымды әрі бұған дейін жарияланған еңбектерден өзгешелігі бұрын ғылыми айналымға шықпаған Мемлекетік қауіпсіздік комитеті мұрағаты құжаттарының жария етілуі дер едік. Бұл кітап кеңестік тоталитарлық жүйе «халық жауы» деген жалған айып таққан алаш азаматтары үстерінен жүргізілген тергеу істері, түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы сирек мәліметтер, олардың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректермен егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік береді. Автордың ойы ұшқыр, еңбектерінде көркем шындық, тарихи шындық астасып жатады, құжаттарды әдеби тәсілдерді пайдалана отырып қазақтың бай, көркем әдеби тілмен әсерлі, жатық баяндайды.

Еңбектің «Жегі» атты бірінші кітабында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісі қарастырылған. «Тез» атты екінші кітапта М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М.Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар - тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәргіленген хаттармен, құжаттармен салыстырыла отырып дәйектеледі.  Үшінші кітап «Талқы» деп аталған. Онда жазушы-ғалым Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық тағдыры талданады. Автор Алаш зиялыларының қызметін, қазақ қоғамын ілгері дамытудағы еңбегін жалпықоғамдық мәні бар, ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде бағалайды.

Ғалымның «Жегі», «Тез», «Талқы» деген үш кітаптан тұратын іргелі зерттеуі - біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасы, қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрес тарихы, алаш аманаты дәйектелген іргелі еңбек. Кітапта жан-жақты талданған біртұтас алаш идеясы - ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея. Алаш кайраткерлері қалыптастырған осы идеяны - бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің басты ұстанымы ету парыз. Сондықтан жазушы-ғалымның бұл іргелі зерттеуі - әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, қазақтың ұлттық «Мәңгілік ел» идеясының қалыптасу негізін жүйелеп берген іргелі де толымды зерттеу болып табылады.

Данагүл Махат,

тарих ғылымдарының докторы.

ТАЛЫС

(Аңғарту орнына)

 

Ең қасиетті де киелі күрес - рухани бостандық пен рухани тәуелсіздік жолындағы жан қасымы, ең жауыз және ең қастаншықпағыр саясат - бір ұлтты екініші ұлттың рухани тәуелді етуіне бағытталған саясат.

Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелділікке ұшыраған ұлт - құрып кетудің қаупі төнген ұлт.

Ал осыған қоса рухани тәуелділікке ұшыраған ұлт - құрып кетуге бет алған ұлт.

Саяси, экономикалық, шекаралық тәуелсіздігі бар, бірақ та рухани тәуелді ұлт - құрыған ұлт.

Өйткені оның санасы тәуелсіз ұлттың санасы емеc, Абай айтқан, түйсігінен ұйыған «көп айтса көндіге» көндіккен «баспақтың» көндімі. Туған халқын көксеген азаттығына жеткiзген ұлы күрескерлер де басыбайлылық пен бостандықтың психологиясынан құтыла алмаған. Бұған Мұхтар Әуезовтің Дж. Нерудiң «Индияны тану» атты кiтабындағы:

«Индияның бүкiл болмысы менiң қанымда қайнап тұр, оның бойындағы құбылыстардың барлығы менiң жандүниемдi қатты тебiрентедi. Сонда да, мен өз елiме, оның бүгiнiне, өзiм байқаған өткеннiң сарқыншақтарына жаттың көзімен, және сондай жеккөрiнiшпен қарадым. Мен өз елiмдi батыстың көзқарасы арқылы таныдым және кәдiмгi достық пейiлдегi еуропалық оған қалай қараса - мен де солай қарадым... Өйткенi менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзқарасымен жасалған тарих едi»,- деген тұсына көк бояулы қарындашпен:

«Менiң халқымның да тарихы солай жазылды»,- деп белгi қойғаны дәлел.

Иә, ұлылардың ойын ұлылар ғана терең түсiнедi. Демек, бiз қанша дербес ойлаймыз, тәуелсiз жазушымыз, тарихшымыз дегеннiң өзiнде, жанымыз бен тәнiмiздегi басыбайлылыққа байлаулымыз. Ұлы адамдардың ұлы жүрегiн кеулеп кеткен тәуелдiлiктiң күйдiргiсi - ғұмырын тәуелсiздiк үшiн күреске бағыштаған жандардың жанын шырмап алғанда, пейілін пиғылына жеңдірген қарапайым пенденің көкірегіндегі өксік қаншама десеңізші!

Міне, бұл әфсана осындай ұстанымды нысана еткен, жеке тұлғаның басына қатысты оқиғалар мен себеп-салдарға, түрлі психологиялық, идеологиялық арандатулар мен бопсаларға қатысты деректер мен құжаттарға, жымсымалар мен сыпсымаларға, хабарлар мен хаттарға берілген түсініктеме ғана емес, сонымен қатар сол тұстағы заман талқысына түскен, жұлын-жүйкесі шүйкеленген, түйсігі үреймен тітіркенген тұлғалардың пенделенуі мен пенделердің ірілену барысындағы жантығы мен жансарына деген автордың көзқарасы да болып табылады. Егерде кейбір ашық кекесінді есеуіріндер ұшырасса, ол біздің сол адамға деген жеке жатсынуымыз емес, жазушының өзі ұстанған көзқарастың сесі мен мысы екенін, соны аңғарту үшін сол ырықта жазылғандығын ескертеміз.

Сондықтан да жалпы қоғамды жанталасқа түсірген жансебіл жанығудың ебебі мен себебін қазымырлана қазбалағандай көрінгіміз келмесе де, тұлғаны құмықтырған қысымның қыспағы оқырманның да жадын жаңғыртып, сол көңіл-күйді сезіне отырып санасында саралатуды қалаған жазушылық ырқымыз болды. Кей тарауда тікелей басты тұлғаға қатыссыз аты-жөндер сыналана кіріктіріліп, басы артық сілтеме мен үзінді келтірілген сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ сол «қыстырмалар» арқылы жазушы да әлденені емеуірін етіп отырғанын біз де сіздерге емеуірін ете кетеміз. Отыз жыл екшеп, он жыл жазылған «Жегі» мен «Тездің», соның ішінде «Талқының» ұзына желісін байыппен шыжымдаған аңғарлы зиялы мұның астарын аңғарар, әдібін жазар деген үміттеміз. Тіпті сонша бір тереңдеп те жасырылған жоқ. Шындықтың да кейде осындай бір дәрменсіз күйге түсетіні бар екен.

Сонымен, бұл әфсана: рухани тәуелділіктің танымына талыс боп тартылып, тартысып өскен ұрпақтың тәуелсіз «мәңгілік ел» тұжырымына негізделген Біртұтас Алаш идеясының ұстанымын - тәуелсіз санамен тәрбиеленген келер толқынның назарына ұсынған тәжірибе толғамы[1].

Рухани тәуелділік атты талыстың көні әлі жібіген жоқ. Соның пұшпағын жібітетін бір бүркім су болса екен деген тілекпен, барлық жиған-тергенді жеке бір тұлғаның тағдырына негіздей тәпсірледік. Сол арқылы тұлғаларды тұмсыратқан бір ғасырлық рухани арандатудың астарын ашып, әдібін жазғымыз келді. Ниет - дұрыс, тілек - қалыс.

 

 

Т.Жұртбай

 

ТАЛҚЫ


БІРІНШІ ТАРАУ: ТҮРМЕ ТАЛҚЫСЫ

(немес «әдебиеттен орынын іздеген» Мұхтар Әуезов)

 

1.

 

Ұлттың, тұлғаның, таланттың, әр пенденiң рухы - қасиеттi. Одан асқан асқақ және мәңгiлiк күш жоқ. Дүниенiң тұтқасы да сол рух. Рух өлген тұстан рухани тәуелдiлік басталады.

Ал рух телмірген, телiнген сәттен бастап адамзат - ақыл-парасатты дербес шешiмiнен, ұлт - тәуелсiздiгiнен, тұлға - дара ойлау жүйесiнен, талант - танымнан, адам - ар-ождан бостандығынан айырылады. Рухсыз - Алланың қолындағы аманатқа берген жаныңның өзi кеудеңе қонақ таппайды, яғни, рухыңның өзі күштiнiң шеңгелiне iлiнедi.

Рух еркiндiгiнiң көрiнiсi - рухани мәдениет, өнер, әдебиет. Ал рухани мәдениет еркiндiгiнен айырылған ұлт пен талант - жаны кеудесiнен суырылып алынған, сүлдесін сүйретіп, жанын жалдап күн көрген кебiн иесінің кебін киеді. Ерік-жігерсіз сүлде иесі жанын сатып, жалдамалы күн кешiп, күшті мен «күштi өкiметтiң» (Шәкәрім) аса қауiптi жазалау құралына айналады.

Қадым заманнан берi ешқандай мемлекет пен жаhангердiң ашықтан-ашық жүзеге асыруға дәрменi мен пәрменi жетпеген мәңгүрттiк жазалау тәсiлiн кеңес өкiметi қысылып-қымтырылмастан-ақ «iске қосты».

Мiне, бұл ұлт пен ұлыстың, тұлға мен таланттың, тобыр мен жеке адамның жаппай басыбайлануының басы, мәңгүрттiк дәуiрдiң қарсаңы едi. Сондай алмағайып сәтте: «Әдебиет соңынан жарық алып түстiм»,- деген Мұхтар Әуезовтiң де маңдайының бақыты мен сорының қаншалықты қалың екендiгiн екшеп жатудың қажеттiгi бола қоймас. «Дүние астан-кестен болған заманның адамдары» (Мағжан) болғандықтан да пешенесiне осындай талқы жазылыпты. Мұны олардың өздерi де, сүлде сұрқылтайлары да сездi. Өйткенi, азаматтық соғыс аяқталысымен, дәлірек айтқанда жиырма екiншi жылдан кейiн, кеңестік кеңкелестер ең шешушi және қасiреттi майданды, өздерiнше айтқанда «мәдениет майданын», ал мағынасы бойынша «мәңгүрттiк майданын» ашты. Бұл ұзаққа созылатын, бiрақ ешқашанда жеңiске жеткiзбейтiн руханият майданы едi.

Түбiнде жазасыз құтылмайтынын бiлсе де, дүние дүр сiлкiнген дәуiрде, рухани күш иелерi де бiр серпiлiп жан-жүйесiн, санасын, өнердегi танымын талқыға салды. Ол iзденiстерi ақыры шарасыздыққа алып келдi. Келешектiң жолы кесiлiп қалды. Iрi тұлғалар атылды, асылды, өзiне-өзi қол салды. Ол аздай, ұлты үшiн барлық түрме мен азапты, қорлықты көрiп, шыдап келген қазақ зиялыларына тұқымының үзілу қаупі төндi. «Алаш iсi» деген сылтаумен алдыңғы толқын түрмеге қамалып, үкiмi шыққан тұста екiншi толқынның соңғы тұяқ серперінің бірі - Мұхтардың да басына зауал үйірілді.

Рухында елдiк қасиетi бар белсендi зиялылар ойсоқты күйге түстi. Елдiң иесiз қалғандығын, «Қужақтың» есе-теңдiк бермей еңсерiп, жұртты қуырып бара жатқанын, рухани әлемнiң жүдеп-жадағанын, Қалмақан Әбдiқадiровтан ұлттық тұтқа шықпайтынын анық сезiндi. Кеңес өкiметiн өз қолымен құрған Сәкен Сейфуллиннiң өзi қызыл революцияны - жұтқа ұшыраған көтерем қызыл атқа балап дастан жазды.

Алайда, не рухани көсем - идеолог дәрежесiне көтерiле алмай, не өзiнiң дербес идеясын қалыптастыра алмай, Адам Атадан бастап Абайға дейiнгiнiң түгелiнiң бетiне түкiрген, бесiгiнен безгендер тобы шықты. Әдебиеттiң ет пен терiсiнiң арасында жүрген олар қазақ ұлтының рухани игiлiгiне қатты қауiп төндiрдi. «Жаңбыр бiр жауса, олар екi жауып», шолақ өрт қойып отырды. «Қужақ» оларды өте ептiлiкпен пайдалана бiлдi. Тірі куә қалдырмау үшін кейін өршелене өңешiн жыртқан бұл «қызыл кеңірдектердің» де үнiн өшiрдi. Мәскеудегi «Әдебиет энциклопедиясында» Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов туралы жоғары баға берiлген анықтама басылғанда әлгі «қызыл кеңірдектердің» өзектерi өртенiп кеттi. Ораз Исаев пен Iзмұқан Құрамысов шырға тастап, Ғаббас Тоғжанов пен Әбдiрахман Байдiлдин, Хамза Жүсiпбеков жазып, С.Сапарбеков пен О.Жандосов қол қойған «Ашық хат» 1929 жылы 19 көкек күнi «Советская степь» газетiнде:

«Бiр топ жолдастар - «Правда» газетiнiң және «Әдебиет энциклопедиясының» редакциялық алқасына кейбiр жазушы қазақтардың творчествосына баға беруде «Энциклопедияда» жiберiлген қате пiкiрлерге орай қарсылық - хат жолдады. Көпшiлiктiң ерекше назарын аударған осы хатты толық жариялап отырмыз»,- деген түсiнiкпен жарияланды.

«Жазушы - қазақтардың творчествосы туралы» бұл «Ашық хат» Голощекиннiң айызын қандырды. Алаш азаматтарын «құрбандыққа шалудағы» ең соңғы шешушi соққының мiндетiн атқарған бұл хатты бiз де толық келтiремiз.

«Құрметтi жолдастар! Бiздiң пiкiрiмiзше, Әуезов пен Байтұрсыновтың шығармаларына маркстiк көзқарасқа мүлдем жат баға берiлген.

Бәрiнен бұрын Әуезовке тоқталайық. «Әдебиет энциклопедиясында»: «Ол қазiргi замандағы аса көрнектi жазушы, оның көркем шығармалары таңғажайып дәлдiгiмен және тарихи шындығымен дараланды»,- деп жазылған. Бiздiң ойымызша, бұл сыпайылап айтқанда Әуезовтiң өзiн де, оның творчествосын да бiлмеу, түсiнбеу болып табылады. Бiрiншiден, Колчактың тұсында, «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше, сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi. Бiрақ та, кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi де Қазаткомның хатшысы мiндетiн атқарды, алайда бұған қарамастан Әуезов саясатта да, әдебиетте де буржуазияшыл ұлтшыл қазақ байларының идеологы болып қала бердi. 1922 жылы партияға қарсы алашордашыл идеологиясы үшiн Әуезов партиядан шығарылып, жазушылық пен оқытушылық қызметке ауысып кеттi. Ол өзiнiң барлық шығармаларындағы қазақтың тiршiлiгiн өткендi көксеген байдың көзқарасы арқылы баяндайды, қазақтың ескiлiгiн - азаматшылығын жырлайды, қазақтың хандарын, аңызға айналған батырларын, «данышпан» билерiн, ардагер ақсақалдарын және феодалдық сал-серiлерді мадақтайды, мадақтағанда да үнемi жағымды, бүгiнгi күннiң өзiнде де оларды қадiр тұтуға, үлгi етуге болатындай бейнеде суреттейді (Қараңыз: «Қаракөз», «Еңлiк-Кебек»). Бұл - бұл ма! Жазушы Әуезов өзiнiң осынау реакциялық идеологиясын «әдеби сын» саласында да уағыздаумен болды.

Байтұрсынов туралы берiлген баға да дәл емес. Рас, революцияға дейiн Байтұрсынов қазақтың ұлттық зиялыларының жетекшiлерiнiң бiрi болды, патшалық саясатқа қарсы күрестi, сол кезде ол қазақ тұрмысындағы алдыңғы қатарлы буржуазиялық революционер боп табылды. Алайда мұның барлығы ешкiмге де: «Байтұрсынов - қазақтың аса көрнектi ақыны» - деуге құқық бермейдi... Ол ақын болған жоқ. Ол публицист болды және публицист болып қалады. Байтұрсынов буржуазиялық ұлтшыл-қазақ байларының идеологы болып қала бередi... Ол контрреволюциялық идеологияны уағыздады. Бүгiнгi қазақ қоғамы Байтұрсыновты бiздiң партиямызға қарсы күрескен және күресiп келе жатқан реакциялық алашордашыл интеллигенцияның бiр көсемi деп санайды.

«Әдебиет энциклопедиясының» редакция алқасы жiберген қателiктердi түзету мүддесiн көздеген бiздiң бұл пiкiрiмiзге «Правданың» бетiнен орын беруiңiздi өтiнемiз.

Коммунистiк сәлеммен: О.Исаев, Ә.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, С.Сапарбеков, О.Жандосов, Х.Жүсiпбеков, А.Байдiлдин».

Сол кездегi қазақ зиялыларының қаймағы мен идеологтары мақұлдап қол қойған бұл ашық хат, шын мәнiнде, мемлекеттiң атынан жасалған ресми айыптау мәлiмдеме едi. Бұрын Мәскеуге жалтақтаған жандар ендi олардың да сөзiне қарсы уәж бiлдiре алатындықтарын байқатып, жонын көрсеттi және мұқым кеңес империясына оларды жау деп жариялады. Iле-шала бiр айдың iшiнде Ахмет пен Жүсiпбек, Мағжан қамауға алынды.

Қазақ ұлтының рухани тұтқалары тұтқындалған соң саяси сахнаны тылсым тыныштық басты. Сәбит Мұқанов, Әбдiлда Тәжiбаев, Сағыр Камалов, Iлияс Қабылов iспеттi әр нәрседен дәмелi ұрпақтардың әдебиет төңiрегiндегi шақпа тiлдi ұрандары баспасөзде жарияланғанымен, олардың пiкiрiнiң ұлы идеологияға ықпалы жүрмедi. Олардың сөзiне әлi тұлғалық салмақ бiте қоймап едi. Тек өшiп бара жатқан қазанның отын қағыстырғандай ғана әрекет-тiн. Ғаббас Тоғжанов қана киiп-жарып, қиғылық салып қойып отырды. Ал мемлекеттiң идеология саласын басқаратын қайраткерлер дымын iшiне тартып алды. Өйткенi, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi абақтыға қамалған соң, есерге де өмiр керек, олардың барлығы бұқпалап, қалтарыста қалды. Өздерiнiң де жазалау диiрменiне жем боп тартылып кететiнiн тез аңғарды. Диiрменнiң тасы етектерiне тиiп кетiп, тиiп кетiп жүрдi. «Қарғайын десе - жалғыз, қарғамайын десе - жалмауыз» болды. Қамаудағы қайраткерлер оларды жақтырмаса да жалған айып тағып, бiз көргендi - сен де көр демедi. Онда қазақ ұлты мүлдем иесiз қалатынын бiлдi. Ал әйгiлi белсендiлер «тiске жұмсақ» байлардың тамырын шабуға кiрiстi. Сонда да түрме жақтағы дыбысқа қуыстана құлақ түрдi.

«Алашордашылардың» алдыңғы тергеу iсіндегі айыптау қорытындысын кейінгі лекке орайластыру үшiн тергеушілер Дiнше Әдiлев сызып берген кестеге сүйене отырып, Әбдiрахман Байдiлдиннiң:

«Бiрде ол (С.Сәдуақасов - Т.Ж.) менiң бөлмеме келдi. Бұл құрылтайдан кейiн шамамен 11-12 күн өткеннен соң болатын. Әңгiмесiн зiлдi салмақпен бастады. Ол: отаршылдар менi қудалауын тоқтатқан жоқ, керiсiнше, менi партиядан шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтан да, бiр батыл қадам жасағым келедi, бiрақ не iстерiмдi өзiм де бiлмеймiн»,- дедi. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрi қарай басмашыларға қосыласың»,- деп ұсыныс жасапты. Әуезовтiң бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместiгiн, бiрақ та ол туралы менiң пiкiрiмдi бiлгiсi келетiнiн айтты. Мен Смағұлға не айтарымды бiлмедiм. Оның жағдайының сондай қиын екенiн және көңiлiнiң қобалжып жүргенiн бiлетiнмiн. Алайда мен оның дәл осындай ойда жүргенiнен және басмашыларға қосылып кетуге келiсiм бергенiнен мүлде хабарсыз едiм әрi ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсiз кеңес берген обком партияның мүшесi және Казаткомның саяси хатшысы Әуезовтiң кеңесi түсiнiксiз, оғаш көрiндi. Мен бiздiң мақсатымызды (ұлт мәселесi жөнiнде жүргiзiп отырған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесiмен сәйкестендiре алмадым. Мен өзiмше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебiр шiрiк мақсатты көздедi ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовтың көзiн құртып, бiздiң арамыздағы көсем өзi болғысы келдi ме екен деп топшылаймын. Себебi: ол кезде бiздiң мақсатымыз ортақ болса да, жершiлдiк, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген iшкi мүддемiз бар едi: Әуезов - семейлiк, ал бiз Сәдуақасов екеумiз - ақмолалық едiк. Соңғы мәселе - Әуезовтiң көкейiн тескен шешушi мәселе сияқты боп көрiндi маған... Бұл оқиғадан кейiн мен Әуезовке күдiкпен қарайтын болдым. Ол менiң көз алдымда екiжүздi адам боп елестедi: бiрiншi Әуезов - партия мүшесi, жауапты қызметкер, ақылды кiсi, бiздiң көзқарасымыздың көсемдерiнiң бiрi, ал екiншi Әуезов - бiрiншi адамның қасиетiне ие, бiрақ та әлдебiр астарлы оймен жүрген сияқты көрiндi»,- деген көрсетуі негіз қалады.

«Правдаға» жолдаған хаттың негізгі авторы және Мұхтардың өзімен түйдей құрдас («Мұхтардың меншікті сұрқылтайы»), 1897 жылы туған, «Петропавл округiнiң арғын руынан шыққан» (анкетада дәл осылай жазған) Ә.Байдiлдин екені анық еді. Тергеу барысында Байділдин өзін де, Әуезовтi де Колчактың сыбайласы, «сәдуақасовшылар тобының» белсенді мүшесі қатарына қосты. Өзiн «Алашорданың» жас қайраткерi әрi Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкiметiнiң белсендi адал қызметкерi ретiнде сезiнетiн «Қаламның» - Ә.Байділдиннің шегiнетiн жерi де қалмаған болатын. Өзiн‑өзi әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан iргесiн ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсiрген.

Осының өзі-ақ айып қорытындысын шығаруға толық жарап жатқан болатын. Бұл өте салмақты алғышарт еді. Сондықтан да тергеушілер ойланып жатпастан Мұхтар Әуезовке:

«Алашорданың» атынан Колчактың үкiметiмен келiсiм жүргiздi»,- деген айып тақты.

«Алашорда» үкiметiнiң Колчакпен уақытша одақ құрып, қазақ ұлтын қантөгiстен аман сақтауға ұмтылғаны тарихи шындық. Мұхтарды «Алашорда» үкiметiнiң саясаты үшiн жазғыруы жалпы қисынға келгенiмен, тергеуде ол дәлелсiз күдiк қана болып қалды. Саясат сахнасына ендi ғана шыққан жиырма жастағы семинария оқушысымен келiсiм жүргiзетiндей адмирал Колчактың басына ол кезде мұндай күн туа қойған жоқ болатын. Қалайда Әуезов пен Колчактың байланысын тікелей әшкерелейтiн ешқандай сылтау да, дерек те табылмады. Сондықтан да тергеушiлер Мұхтарды қаралап тынатын, бұлтартпайтын өзге қылмысты қарастырды.

Екінші баптағы: «Ұлтшыл-контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты»,- дегенге Д.Әділевтің:

«Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті... 1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін. Ташкентте мен оқу-ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президиум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді»,- деген жауабы себеп болды.

Ал тергеушілер «қыстап, барлық тәсiлдi қолданып, жалған мәлiмет жаздырған Есім Байғасқинның:

«Әнуар паша мен Заки Уәлидидiң саяси сахнаға шығуына байланысты 1922 жылдың мамыр айында алашордашылардың арасында бiр қозғалыстың басталғанын, алашордашыл Әуезов Мұхтар мен Тоғжановтардың қазақ ауылдарында ұлы түрiкшiлдiк рухты насихаттағанын айтқамын (Менiң бiрiншi жауабымды қараңыз). Петропавлдық алашордашылардың арасына осы ұлы түрiкшiл үгiт-насихатты жүргiзген тұста, бiр жолы сол кездегi губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы Қазбеков Смағұл, губерниялық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Бейсенов Мұхамеджан және Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов, тағы да басқа мен аты-жөнiн ұмытып қалған адамдар өзара ұзақ кеңестi, бiрақ ортақ шешiмге келген жоқ, сонда да өзара пiкiр алысуларын жалғастыра бердi, ақырында Әнуар мен Закидiң iс-әрекетiнiң нәтижесiне қарай қимылдамақ боп, ешқандай шешiм қабылдамауға келiстi»,- деген көрсетіндісіне байланысты М.Әуезовке:

«Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк еттi»,- деген айып тағылды.

Тура сол күндері қазан мерекесіне орай сөйлеген сөзінде Голощекин:

«Тергеу кезінде Аймауытов: Екiншi съезд кезiнде тек қана қазақ уәкiлдерiнен тұратын кеңес шақырылғанын, оған Әуезов төрағалық жасағанын, ... онда отаршылдармен күрес туралы мәселе қаралып, ұлттық мүдденi көздейтiн шешiм қабылданғанын мойындады»,- деген сөзi - баспасөзге жариялана қалды.

Тергеушілер мұны Мұхтарға қосымша айып ретiнде тақты. Жүсіпбектің түрмеге қамалғанына үш жыл толған және ол ату жазасына кесiлуге ұйғарылып, үкімді Мәскеудің бекітуіне жіберген болатын. Мұхтардың егiзiнiң сыңарындай боп өмiр сүрген досының тағдыры Бутырканың түрмесiндегi ажал жаңғырығын күтiп тұрды. Қужақ түрмедегi жауаптарды ашық жариялау арқылы қазақ зиялыларының арасына сенiмсiздiк пен алауыздық септi. Күдiксiз нәрседен күдiк тудырды.

Әйтпесе, Әбдiрахман Байдiлдиннiң көрсетуi бойынша хаттамаға түскен - 1921-1922 жылғы аштық пен қазақ халқын аштықтан құтқарудың жолын қарастырған бұл кеңестiң ешқандай қылмыстық сыпаты жоқ болатын. Жүсiпбек Аймауытовтың өзi соның iшiнде жүрiп, белсене атсалысты. Сондықтан бұл деректiң айтылуы, қағазға түсуi заңды. Оның үстiне Жүсiпбек аштарға көмек көрсеткенi үшiн тергеуге алынып, өзiн-өзi ақтап шыққан болатын. Демек, бұл үшiн көңiл қобалжытатындай пәле Әуезовке төнiп тұрмаған едi.

Бұл кеңес өкiметiнiң ұлттық тұлғаларды толықтай жаныштап, талқыдан өткiзiп, Троцкий мен Фрунзе сияқты көсемдерiн аластатып, ендi «мәдениет майданындағы» тұлғаларды тұқыртуға көшкен қатерлi бағытының күш алған тұсы болатын. Дәл сол кездерi «Байтұрсыновтың және басқа да алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымының қастандық әрекеттері туралы қылмыстық істің» (Бас құжатқа бастапқыда «Д.Әділев бастатқан...», одан кейін «Е.Омаров бастатқан...»,- деп жазылып, ең соңында «А.Байтұрсынов бастатқан...»,- деген атауға тоқталған - Т.Ж.) тергеуi аяқталып, олар Мәскеудiң пәрменiн күтiп жатқан. Мағжан Жұмабаев ұйымдастырған «Алқа» әдеби үйiрмесiне, яғни, тергеушілер көрсеткендей, астыртын контрреволюциялық ұйымға Мұхтар Әуезовтің қатысқаны да «анықталып», арнайы бап ретінде қарастырылды.

Ал тергеушілердің қатты ұстанғаны «Ашық хаттағы»:

«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақ та, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi»,- деген сөздер де еді.

Сөйтiп, Мұхтар Әуезов аяқ астынан басмашы, ұлтшыл-контрреволюционер боп шыға келдi. Сонымен, бұрын Қазақстаннан сырт жерде жүрiп, назардан тыс қалып келген Мұхтар Әуезов те қарауылға iлiндi. Мұхтардың бостандықта жүруi оларға кешiрiмсiз жайт сияқты көрiнген іспетті.

1930 жылы 17 қыркүйек күнi таңсәрiде Ташкент қаласындағы Салар өзенiнiң бойындағы үйiнде Мұхтар Әуезов тұтқынға алынды. Осы оқиғаның көлденең куәсі болған сол кездегі шәкірт, кейінгі академик Шапық Шөкин:

«1927 жылдың тамызында Орта Азия университетіне түсуге келдім... Біз шағын үйдің ашық себетінде түнедік, сол үйдің қарсы жақ қанатында университет оқытушысының үй-іші тұратын. Ертеңгілік колонка қасында жуынып жатқанда, біз бәріміз бірдей жамырап, толыса бастаған, маңдайы кере қарыс, қараторы қазақпен амандасушы едік. Таныстық. Мұхаңның бізден тілек-талаптарымыз болса айтуымызды сұрағаны есімде. Менің әлі оқуға түсе қоймағанымды білген ол, мені арқамнан қағып: «Ұнжырғаң түспесін. Ең бастысы - оқуға құмарлық, - деді де, - сәл ойланып тұрды да ол кенет: - Ендеше мен университеттегі кісілерімен сөйлесейін. А? Сол Ғазиза Сүлейменовамен де сөйлесейін?»,- деді ол мені жігерлендіргісі келгендей. Қапелімде қысылып қалғандықтан, ол кісіге рахмет айтуды ұмытып: Ғазиза былай да мені қолдап жүр, шамасы, ұзамай мәселе шешілетін де шығар,- деп жауап бердім. Мұхаң қолын жайып қоштасып, аспай-саспай, Қазақ орман техникумы қорасынан шығып жүре берді.

Оның әйелі Валентина Николаевна ертеңгілік бауға сирек шығатын, көбіне кішкене қызымен айналысатын. Тағы бір айтатыным, со жылдары ол асқан сұлу әйел еді. Бірақ, мінезі тұйықтау болып көрінген. Күйеуі жұмыстан кеш қайтатын, біз қарсыдағы себетте пысылдатып примус әзірлеп жататынын еститінбіз. Енді бір сағат өткен шамада, Мұхаң бау ішінде сейілдеп жүрер еді. Оның көзіне тағы бір рет түсіп, көңілін аударатындай ынта-ықыласымыз болмады. Және сабақтарымыз да басталып кетті. Басқа нәрсеге көңіл бөлуге мына жаңа, жауапты ісімізден қол тимеді. Бастапқы кезде кәдімгідей шаршап жүрдік. Біз бұл жерде онша көп тұрмадық. Бір күні ертеңгісін портупеялы екі кісі (олар милицияның ба, не басқа бір форма киіп келді ме - білмеймін) келіп, оны алып кетті. Себеттің еденінен ұшып тұрып, мен әлгі екеудің біреуі - Мұхаңның алдында, екіншісі - соңында, оны бау ішімен қақпаға қарай айдап бара жатқанын көрдім. Әуезов артына бұрылып қарамай, алдына байыптай қарап, баяу басып бара жатыр екен»,- деп еске алды.

Мұхтар Әуезовтің түрмеге қарай «байыптай қарап, баяу басып бара жатқан күні - 1930 жылдың 17 қыркүйегі болатын. Ташкентте алдын-ала шолақ тергеуден өтіп, одан кейін Алматының түрмесiне жеткiзiлдi. 1930 жылы 8 қазан күнi ПП ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң КССР бойынша өкiлi Поповтың қатысуымен анкеталық өмірбаян толтырылған.

Анықтамалық анкетадан: «Осы тергеу iсi бойынша жауапқа тартылған М.Әуезов - 33 жаста, Семей округiнiң Шыңғыс болысында туған, Ташкент қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, орта шаруа баласы, партияда жоқ. 1922 жылға дейiн БК(б)П мүшесi болған, Ақпан төңкерiсiне дейiн оқуда болған, Қазан төңкерiсiне дейiн оқыған және мұғалiм болған, мамандығы педагог, жоғары бiлiмдi, ұстаз - журналист, үйленген, 2 баласы бар, жалақымен күн көредi, қазақ болғандықтан да әскерге алынбаған, бұрын тергеуге алынбаған, сотталмаған».

1930 жылы 15 қазан күні Ерекше бөлiм бастығының көмекшiсi Волоховтiң келiсiмiмен жасалған «Алдын-ала айыптау қорытындысында»:

«Қылмысты iстер кодексiнiң 58 - 11 және 59 - 3 баптарымен айыпталған М.Тынышбаев пен Досмұхамедовтардың № 2370 тергеу iсiн қарай отырып Әуезовтiң:

қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысып, Қазақстандағы кеңестiк науқандар мен шаралардың мазмұнын бұрмалау мақсатын көздегенi;

өкiмет мекемелерi мен БК(б)П-ның, жерге қоныстандыру мекемелерiн, мәдени-ағарту және оқу орындарын, баспасөздi өздерiнiң ықпалына қаратып, жаулап алуға ұмтылғаны;

Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк жасап, сондай қозғалысты Қазақстанда да ұйымдастыруға әрекеттенгенi;

кеңес өкiметiн құлатуды алдына мақсат етiп қойғаны - толық әшкерелендi.

Сондықтан да УПИ-дiң 128 тармағына сәйкес азамат Әуезов Мұхтарды № 2370 тергеу iсi бойынша жауапқа тартып, оған қылмыстық iстер кодексiнiң 58 - 71 және 58 - 11 баптары бойынша айып тағып, бұл туралы ОГПУ мекемелерiндегi тергеу жұмыстарын бақылайтын Прокурорды хабардар етуге қаулы қабылданды»,- деп көрсетілді.

Сонымен, Мұхтардың 1918 жылы жазған өз сөзi өзiнiң басына келдi. Ол:

«Елiн сүйiп, елдiгiн iздедi. Елдiкке келген қауiпке... күйiнiп, қарсы шықты. Елдiгi аман қалуы үшiн ендi бейнетке, өлiмге, иә басқа да түрлi қазаға шыдап кетiп, тарих жүзiнде» - соны дәлелдеуi ғана қалды.



[1] Әлқисса: осы арада «Ұраным - Алаш!..» үштағанынның жеке кітаптарының («Жегі», «Тез») басылымдары әр жылдары жарияланғандықтан да, кейбір деректерді қайталап ұсынуға мәжбүр болғанымызды ескерте кетеміз. Бұл қайтармалар әфсананың тұтас басылымында ескерілетін болады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің жеке өмірі мен шығармашылағына қатысты пайымдаулар «Бесігіңді түзе!..», «Бұзылған бесік!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ая!..», «Бұзылған бесік!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» атты басылымдарда толық қамтылғандықтан да, мұнда мақсатты түрде тек алаш идеясына қатысты түрмедегі тергеулер мен саяси қысымға байланысты деректер ғана тәпсірленді.

(Жалғасы бар)

"Abai.kz"

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036