Жұма, 22 Қараша 2024
Ел іші... 3060 13 пікір 27 Қазан, 2022 сағат 11:52

Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?!

Алға жылжудың шарты – күрделі реформалар. Ал сол  алдағы күллі реформаларға  негіз болатын дүние – мемлекеттік құндылықтарымызды қайта бағалау үдерісі деп ойлаймын. Құндылықтарды қайта бағалау дегеніміз – өмірдің бүгінгі ағымына үйлеспейтін ескі  ұстанымдардан, көне қағидалардан арылу.  

Бұл ең алдымен отарсыздануға (деколонизация), советсіздендіруге (десоветизация) және құлдық санадағы кадрлардан құтылуға  (люстрация) қатысты. Рас, бүгінгі биліктің  халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалары баршылық. Өмірдің не экономиканың шағын секторында азғантай ілгерілеушілікті дабырайтып көрсете беруге болады. Тұтастай алғанда, бұл прогрестен мүлде алыс. Сондықтан Қазақстанның соңғы 30 жылдағы жылжуын экономикалық серпіліс деуге келмейді. Тіпті прогрестен гөрі регреске кеткен тұсымыз баршылық. Егер бізде тәуелсіздік талаптарына сай дер кезінде құндылықтарымыз қайта бағаланғанда ілгері басушылық айтарлықтай серпінге ие болар еді. «Саясат дегеніміз – экономиканың жинақталған көрінісі» деп тегін айтылмаса керек.

Отарсыздану жүзеге асқанда патшалық кезеңнің күллі ескерткіштері, қала-поселкелердің атауы (Павлодар, Петропавл, Романовка, Алексеевка, Слабодская, көше аттары т.б. )  түгел өзгерер еді. Құқық қорғау орындары патшалық жандармериядан мұра болып келе жатқан жазалаушылық сипатынан  құтылар еді. Империялық амбицияларға үзілді-кесілді  тосқауыл қойылар еді.

Советсіздендіру үдерісі жүргенде сол кезеңнен қалған науқаншылдық, белгілі бір датаға үлгерушілік, көзбояушылық, рапортшылдық, өсіріп жазушылық, ұрлық, парақорлық – осының бәрі соқтыратын сапасыздық көріністері жойылар еді. Халықтың өз мемлекетін нығайтуға жауапкершілігі артар еді. Бүкіл кеңестік көсемдер (Ленин, Сталин,  Калинин, Дзержинский, Орджоникидзе, Крупская т.б.)  атымен аталатын жер-су аттары  өзгерер еді. Октябрят, комсомол, партия символикасына тыйым салынар еді. Қызыл армияның басқыншылық әрекеттеріне, Ауғанстанға шабуылды қосып алғанда, адамзатқа қарсы қылмыс ретінде баға берілер еді. Коммунистік режим соқтырған геноцид, саяси қуғын-сүргін ресми айыпталар еді. Ал бізде әлі күнге компартияға тыйым салынған жоқ.

Люстрация үдерісі жүргенде кезінде большевизмге қызмет еткен комсомолдар мен коммунистер  биліктен шеттетілер еді. Солардан жалғасқан жемқорлық пен коррупцияға тосқауыл қойылар еді. Өкінішке қарай, солардың бәрі сіресіп сол күйінде қалды.

Отарсыздандыру жүрмегендіктен,  Қазақстан қоғамында қалып қойған отаршылдық психологияның іздері әлі күнге сайрап жатыр. Мысалы, ішкі істер органдарын алайық. 1917 жылға дейінгі патшалық Ресейде жұмыс істеген жандармерия, полиция қызметінің  бас көтерулерге қарсы жазалаушылық сипаты советтік кезеңде қылшығы қисаймастан сақталды да, тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау саласына қаз қалпында көше салды. Кешегі НКВД қызметкерлерінің әрқайсысы өзін құдай санап,  деревняларда, ауылдарда ойларына келгенін істейтін. Қолындағы куәлік пен тапанша, қызметінің жазалаушылық сипаты оларды шексіз құзыретке ие етті.  Тура осыған ұқсас психология тәуелсіз Қазақстан полициясын да жайлаған.  Іс жүзінде полиция қызметі халыққа қызмет етуге, қылмыстың алдын алуға бағытталуы тиіс болса, бізде  өзінің конституциялық құқығын қорғап, көшеге шыққан кемпір-шалға дейін қол-аяғын бұрап автозакқа тоғытуға, аяусыз жазалауға даяр тұратын әпербақандық психологияға ұласты. Жолпол қызметінің бұрылыстарға, бұта-бұтаға жасырынып тұрып, жүргізушілерді жазалауға тырысуы дәл осының дәлелі.  Полицияда адамдарға махаббатпен, халыққа құрметпен қарау, өздерінің  халыққа қызмет ететін органның өкілі екенін түсінетін ұғым әлі күнге қалыптасқан жоқ.

Кеңестік кезеңде адамдар үлкен қорқынышпен өмір сүрді. Ағат айтылған немесе кездейсоқ ойын ашық білдіріп қойған адамдар дереу қамалатын. НКВД ел ішінде орасан тыңшылық жүйесін құрды. Кеңес Одағы алып концлагерьге ұқсайтын. 1917-1991 жылдар арасында, небары 74 жылда КСРО өзінің 90 млн азаматының өмірін жойды. Большевизм қазақ халқын геноцидке ұрындырды. 1931-33 жылдарда 4 млн қазақ аштан қырылды. Миллиондаған адам қуғын-сүргінге ұшыратылды. Ұлттың қаймағы саналатын 25 мың адам атылды. Сол зұлмат заманның құндылықтары әлі күнге қабаттасып келе жатыр. Кей мектептердің ауласында әлі күнге пионерлерге ескерткіштер тұр. Октябрят, пионер, комсомол мерекелері ұмытылмайды.  Әлеуметтік желілерде Ресейдің империялық астамшылығына қызмет ететін құпия қызметтер әзірлеген, советтік кезеңге сағыныш тудыратын бейнероликтер өріп жүр. «Бессмертный полк» деген бәлекет те солардың қатарында. Сатқындар армиясында пайдаланылған георгиев лентасы да 9 Мамыр мерекесі қарсаңында жаппай таратылады.

Тап күресінің көзқарастары әлі күнге сақталынып қалған. Әкесіне қарсы шыққан Павлик Морозов, Болатбек Ормановтар бүгінгі күнге үлгі-өнеге бола алмайды. Дінімізде де, дәстүрімізде де мұндай көргенсіздіктерге тыйым салынған.  Осының бәріне ресми тойтарыс берілуі өте маңызды.

Советтік идеология жалғандыққа, жасандылыққа құрылған.  Советсіздендіру жүргізілмегендіктен, көп адамдар әлі күнге тарихтың ақиқаты мен аңыздарын ажырата алмайды. Қымбатын арзанға айырбастай салуға әзір тұрады. Сондай жалғандыққа толы, идеологиялық былықтың тағы бірі 1941-45 жылдардағы соғысқа қатысты. Коммунистік режим «Ұлы Отан соғысы» деп атаған  қырғынның шын мәніндегі атауы – Совет-герман соғысы. Қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы – ХVІІ-ХVІІІ жүзжылдықтарда бір жарым ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысы. Ал совет-герман соғысы – өкінішке қарай, Германия мен Совет Одағы бірігіп, әлем жұртшылығына таңған Екінші жаһан соғысының бір бөлігі ғана.

Екінші жаһан соғысын бастаған қазақ халқы емес. Біз оның мәжбүр қатысушысы ғанамыз. Әскери военкоматтар арқылы майданға алынып, алдыңғы шепте  шайқасқан 700 мыңнан астам қазақ азаматтары болды.  Ал окоптың ар жағында Власов армиясының қатарында, Түркістан легионында, УПА (Украинаның көтерілісшілер армиясы) қатарында Қазақстанды большевиктік биліктен құтқару үшін саналы түрде соғысқан қазақ жігіттері де болды. Тәуелсіздігімізді қайтарып алған соң, біз сол перзенттерімізге неге кешегі советтік алакөзбен қарауымыз керек?  Біз үшін окоптың қай жағында соғысса да, сол қазақтардың, сол майдангерлердің  бәрі қымбат. Олардың немерелері мен шөберелері сатқындардың ұрпағы деп айыпталмай, сол шейіттеріміз ресми түрде ақталғаны әрі ардақталғанын  жөн санаймын. Әрі 9 Мамыр – қазақ халқы үшін жеңіс күні емес, ол майданда қаза тапқан, кейін бейбіт күндерде соғыс жарақатынан қайтыс болған барша майдангерлерді еске алу күні. 9 Мамыр мәртебесі осылай өзгертілуге тиіс.

Иә, бүгінде тек жаңаша емес, ақиқат ұстанымдар аса қажет. Мейлі елде, мейлі шет жерде жүрсе де, ұрпақтары өзінің қару алып соғысқан ата-бабасын, коммунистік билікке қарсы шыққанын мақтан етуі керек.  Бұл кешегі Желтоқсан көтерілісіне де қатысты. Алаңға шыққан жастарды бүгінде біз неге құрметтеп, ардақтаймыз? Өйткені олар коммунистік режимге қарсы шықты. Соңғы кезде ватсап желісінде келтірілген деректерде  Желтоқсан көтерілісінде қазақтың 64 қызы мен жігіті қаза тапқаны айтыла бастады. Мұның бәрі осы уақытқа дейін жасырылып келген екен. Егер де бізде советсіздендіру жүріп, жаңаша көзқараспен қарасақ, онда мұндай адасулар мен жаңсақтықтар орын алмас еді. Сондықтан ең қажеттісі, тағы да айтамын, бұл – құндылықтарды қайта бағалау.

Жоғарыда айтылған люстрациялық үрдістің жүрмеуінен еліміздегі кадр мәселесі тұралап қалды. Кеңестік кезеңнен шыққан кадрлар «соқыр көргенінен жазбайды» демекші, кеңестік кезеңде көргенінен алыстап кете қойған жоқ. Жоспарлаушылық, көзбояушылық, халтура, асыра сілтеу, рапорт құмарлық, жеңұшынан жалғасу, бастықтың алдында бас изеушілік, әсіресе орыстардың алдында құрдай жорғалаушылық, орыс тіліне берілген заңсыз басымдық өршіген үстіне өршіді.  Қазақ қоғамында, әсіресе кадр мәселесінде құлдық психология басым болып кетті. Оның ішінде орысқа құлдық, Ресейге құлдық, экс-президентке құлдық, басшыларға құлдық психологиясы әлі де жойылған жоқ.

Марат Тоқашбаев

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276