Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2871 0 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 13:19

1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт


XІІ ЧЕМПИОНАТ. 1982 ЖЫЛ. ИСПАНИЯ

Әлем чемпионы – Италия
Алтындатылған жүлденің иегері – Германия
Күміс жүлдегер – Польша
Қола жүлдегер – Франция

«Құпия келісімнің» құрбаны болған Алжир

1974 жылы ФИФА президенті болған бразилиялық Жоао Авеланж финалдық турнирге қатысушылардың санын арттыру жөнінде сөз қозғаған еді. Аргентинада өткен біріншілікте ол өз ойын іске асыруға үлгермеді, есесіне, ХІІ чемпионаттың шешуші сынына 24 команда қатысатын боп шешілді. Осыған байланысты турнирдің өткізілу тәртібіне де өзгеріс енгізілді. Командалар төрт-төрттен 6 топқа бөлінді де, әр топтан екі үздік құрама шығып, екінші кезеңде үш-үштен тағы 4 топқа жіктелді. Оладың жеңімпаздары жартылай финалдық жұптар түзді.

«А» тобындағы алты кездесудің бесеуі тең аяқталды. Тек соңғы турдағы Польша – Перу матчында ғана қуаңшылықтан соң доп нөсері құя жөнелгендей әсер етті (5:1). Италия және Камерун құрамалары барлық ойындарын да тең аяқтағандықтан, келесі кезеңге өтер екінші команданы доп айырмасы арқылы анықтау керек болды. Сөйтіп, «Скуадра адзурра» қарсыласына қарағанда бір доп артық соғуының арқасында ғана (2:2, ал африкалықтарда 1:1) жарысты жалғастырды. Сөйтіп, бірде-бір кездесуде ұтылмаған камерундықтар сонда да еліне ерте қайтуға мәжбүр болды.

«В» тобында да Африка құрлығының өкілі сенсация жасады: мұндай дүбірлі додаға тұңғыш қатысып отырған Алжир футболшылары сол кездегі Еуропа чемпионы – Германия командасын жеңіп кетті! Және кездейсоқ емес, тәжірибелі қарсыласынан бір мысқал да кем түспей, терезесі тең өнер көрсете отырып, тізе бүктірді. Соңғы турда ұйымдастырушылардың ойындар ретін қате түзгені айқын аңғарылды. Өйткені, Алжир – Чили матчы Германия – Австрия кездесуінен... бір күн бұрын өткізілді (осы масқарадан соң ФИФА келесі додадан бастап үшінші тур ойындарын міндетті түрде бір уақытқа белгілейтін боп шешті). Сөйтіп, ақырғы матч алдында Алжир мен Австрияда 4 ұпайдан, батысгерман командасында 2 ұпай бар еді. Демек, егер немістер өздерінің көршілерін ұтса, үш команда да 4 ұпайдан жинап, топтан озып шығар қос жүйрік доп айырмасы арқылы анықталатыны белгілі болды.

Топтағы соңғы матч әлем жұртшылығының көңілін қалдырды: 10-минутта неміс шабуылшысы Хрубеш есеп ашқан соң, қос команда да допты ортада әрі-бері домалатып жүріп алды. Тартысты ойын көруге жиналған 40 мыңнан астам жанкүйер өз наразылығын құлақ тұндырар ащы ысқырулармен білдіріп отырды. Оған қыңған футболшы болған жоқ. Нәтижеде келесі кезеңге қос еуропалық құрама өтті де, ауыз жаласудың құрбаны болған Алжир, амал жоқ, аулына қайтты. Осы ойынға қатысқан неміс қақпашысы Харальд Шумахер арада 26 жыл өткенде (2008 жылы): «Біздің сондағы Австриямен кездесуіміздің нәтижесі алдын ала келісілгені рас еді. Сол үшін мен бүкіл Алжир халқынан ашық түрде кешірім сұраймын!» – деп мәлімдеді.

Венгрия мен Сальвадордың рекорды

 «С» тобында ойнаған әлем чемпионы – Аргентина құрамасы турнирдің беташар ойынында Бельгиядан ұтылып қалды (0:1). Қалған қарсыластар бұл екеуіне онша кедергі келтіре алған жоқ. Бірақ олардың (Венгрия мен Сальвадордың) өзара кездесуі финалдық турнирлер тарихындағы ең ірі есеппен аяқталды – 10:1! Осы ойында мундиаль тарихындағы ең жылдам хет-трик жасалды: венгр Ласло Кишш айналдырған 7 минуттың ішінде үш гол соғып үлгерді! Сондай-ақ бұл – алаңға біреуді алмастырып шыққан ойыншы жасаған алғашқы және әзірге жалғыз хет-трик. Венгрлердің осы кездесудегі тағы бір голын ойынға кейіннен қосылған футболшы соқты (Сентеш). Бұған Сальвадордың жалғыз добының авторы Луис Рамирестің де алаңдағы айқаста тұтқиылдан кеп кіргенін қоссаңыз, 11 голдың бесеуін қосалқы құрам ойыншыларының соққанын аңғарамыз. Бұл да – әлемдік рекорд...

«D» тобынан келесі сатыға Англия мен Франция шықты.

«Е» тобынан Испания құрамасының суырылып шығатынына ешкім де күмәнданбады: біріншіден, команда Еуропадағы мықты ұжымдардың бірі-тін, екіншіден, өз алаңында ойнаған соң, жанкүйерлердің қызу қолдауына да ие еді. Алайда әуелі Гондурасты ұта алмаған испандықтар келесі кездесуде Югославияны әрең жеңді. 14-минутта, испандықтар 0:1 боп ұтылып жатқан кезде төреші негізсіз 11 метрлік белгіледі. Жазаны осының алдында Гондурас қақпашысын қапы қалдырған Лопес Уфарте орындап еді, Пантелич допты тырп еткізбей қағып алды. Табан астынан «тапқырлығы» ұстай қалған дат төрешісі Лунд-Соренсен «қақпашы орнынан ерте қозғалып қойды» деп сылтауратып, пенальтиді қайта тебуді бұйырды. Беті қайтып қалған Лопес Уфартені былай ысырып, допқа Хуанито жақындады да, әбүйір болғанда мүлт кетпеді. Екінші таймда Саура тағы бір доп соғып, алаң иелері үшін екінші масқараны болдырмады. «Болдырмады» дегеннен гөрі «кейінге ысырды» дегеніміз жөн шығар, өйткені, келесі ойында-ақ Испания құрамасы Солт.Ирландиядан ұтылып тынды (0:1). Сонда да олар доп айырмасы жағынан югославтарды үшінші орынға сырғытып, екінші кезеңге өтті.

Ғажап ойынымен ғашық еткен Бразилия

«Ғ» тобында жанкүйер жанын рахатқа бөлер сұлу ойынымен көз жауын алған Бразилия құрамасы ерекше назар аударды. Олар 12 жылдық үзілістен соң әлемдік футбол форумына қайта қосылған КСРО құрамасын да, Қарт құрлықтағы шебер командалардың бірі саналатын Шотландияны да, Азия және Океания аймағынан озып шыққан Жаңа Зеландияны да қарсылас құрлы көрген жоқ. Бас бапкер Теле Сантана еуропалықтарға еліктемей, өз командасын таза бразилиялық стильге баулыпты.

Бразилия – КСРО матчының алғашқы бөлігі алма-кезек шабуылмен өтті. Үш дүркін әлем чемпиондары баса-көктеп алға ұмтылғанымен, кеңес футболшылары да қарап қалмай, қарсы шабуылға шығып отырды. Сондай сәттердің бірінде шабуылшы Блохин допты Гавриловке тастады да, сол қапталды бойлай алға жүгірді. Жартылай қорғаушы оған қарымта пас берердей сыңай танытты, бірақ допты оң жағынан өте берген Бальге сырғыта салды. Баль алға бір-екі адымдады да, 35 метрдей жерден қатты соқты. Мұндай қашықтықтан соққы бағыттайды деп күтпеген болса керек, қақпашы Валдир Перес сәл кешігіп секірді – 0:1. Бұдан кейін де КСРО командасының гол соғар екі мүмкіндігі болды. Бірінде Бессонов допты бос қақпаға тура бағыттай алмады, екіншісінде бразилиялық қорғаушы Луизиньоның өз айып алаңында допты қолмен тоқтатқанын испандық төреші Ламо Кастильо көрмей қалды. Әділін айту керек, дәл осындай жағдай КСРО командасының айып алаңында да қайталанды. Яғни, төреші екі тарапқа да бірдей қателесті.

Ал екінші таймда Бразилия құрамасы қарсыласын таптап кете жаздады. Бұған дәлел ретінде қақпаға бағытталған соққылар көрсеткішінің 30:6 болғанын айтсақ та жеткілікті шығар. КСРО командасы бүкіл құрамымен өз қақпасының алдында ұйлығысып, жанұшыра қорғанумен болды. Бразилияға жеңісті Сократес жырып әперді. Әуелі ол алыстан бағыттаған әдемі соққысымен таразы басын теңестірді. Ал ойын бітуге үш минут қалғанда Эдер үшін өте оңтайлы пас берді. Эдердің доп тебісі де кісі сүйсінгендей ғой: қақпашы Дасаев кірпік қағып қана үлгерді, доп торда тулап жатты...

Бразилия топ жеңімпазы атанған соң, соңғы турда екінші орынды КСРО және Шотландия құрамалары сарапқа салды. 2:2 есебі КСРО үшін тиімді еді, өйткені, доп айырмасы жағынан қарсыласынан алда болатын.

«Шөп қорыған ит» және... Испания

Ширекфиналдық топтар құрамы жағынан онша біркелкі болған жоқ. Оның бірінде Польша, Бельгия және КСРО футболшылары өнер көрсетті. Әсіресе поляк командасының аяқ алысы керемет еді. Бельгиямен ойында жасы отыздан асып, шау тартқанына қарамастан Лято ерекше көзге түсті. Бұл ойындағы үш гол да ардагер шабуылшының арқасында қақпаға енді. Бір қызығы, оның үшеуін де Лятоның алғы шептегі алғыр әріптесі – Бонек соқты. Бельгиялықтар келесі ойында КСРО құрамасынан ұтылып (0:1, Оганесян соққан доп осы додадағы ең әдемі голдардың бірі еді), жартылай финалға шығудан үмітін үзді. Топ жеңімпазына берілер жалғыз жолдаманы кеңес және поляк командасы өзара сарапқа салды. Өкініштісі, турнирлік тағдыры шешілер жауапты кездесуде Бесковтың жігіттері жігерлі ойын көрсете алмады. Сарапшылардың пікірінше, федерация басшыларының Бесковқа тағы екі бапкер (грузин Ахалкаци мен украин Лобановский) қосып бергені өрескел қателік болды: әрқайсысы жеке-жеке басшылық жасап үйренген мықтылардың басы бір қазанға сыймады. Құрамында шебер ойыншылар бола тұра КСРО құрамасының солғын ойнауының сыры сонда жатса керек.

Екінші топтан Германия озып шықты. Әуелде ағылшындармен тең ойнаған немістер барлық мәселені Испаниямен ойында шешті. Екінші тайм бастала бере Брайтнердің алыстан бағыттаған соққысын Арконада кері қайтарып еді, жай оғындай жылдам Литтбарски бәрінен бұрын жетіп, допты торға дәл бағыттады. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде қорғаушылардың өрескел қателігін пайдаланған Литтбарски енді допты Фишердің аяғына дәл берді – 2:0. 83-минутта испандық Самора баспен ұрып, өте әдемі гол соқты. Сол-ақ екен, торда жатқан допқа талас басталды. Есепті теңестіруге асыққан испандықтар допты тезірек алаң ортасына жеткізуге тырысса, немістер уақыт ұту үшін оны беруден бас тартты. Әйтеуір төрешінің арқасында қақтығыс төбелеске ұласқан жоқ. Жартылай финалдан үміті үзілген алаң иелері соңғы турда даңқты отандасы Лопе де Веганың «Шөп қорыған итін» еске түсірді: келесі кезеңге не өздері өте алған жоқ, не ағылшындарға жол бермеді.

Финалға бергісіз қайран ойындар

Чемпионаттың ең қызықты ойындары үшінші топта өрбіді. Мұндағы үш ойын да естен кетпес ерекше спектакль болды. Осы сатыға ілініп-салынып әрең шыққан Италия күтпеген жерден Оңтүстік Американың қос арыстанын жерге қаратып кетті. Алғашқы кезеңінде бірде-бір жеңіске жете алмаған «Скуадра адзурраның» болашағына тек бас бапкер Энцо Беарзот қана сенген-ді. «Менің жігіттерім өз шеберлігін жарыстың екінші сатысында көрсетеді» деді ол қарша бораған сынға қарамастан.

Бұл сөздің бекер еместігін ел Италия – Аргентина матчында-ақ байқады. Беарзоттың шәкірттері бұл ойында прессинг тәсілін және қарсыластың әр ойыншысын жеке-жеке матап ұстау тактикасын тамаша қолдана білді. Аргентиналықтар мүлде алға жылжи алмады. Қорғаушы Джентиле 90 минут бойы қарсылас ойынының негізгі ұйымдастырушысы Диего Марадонаның көлеңкесіне айналды. Алғы шеп майталманының аяғы тұсалып, адымы тарылған соң, Аргентинаның шабуылы азусыз болды.

Ұтылып қалған аргентиналықтар Бразилиямен ойынға тас-түйін боп шықты. Керісінше, ойынды салқынқанды бастаған Сантананың шәкірттері 12-минутта-ақ есеп ашып үлгерді. Естерін екінші таймда жиған әлем чемпиондары ала құйын шабуылға шығып, қорғанысқа қарайлауды ұмыта бастады. Сондай сәттердің бірінде доп кейін серпіліп, Зиконың аяғына ілікті. Ол допты аса бір дәлдікпен Фалькаоға жеткізді. Фалькао қақпаның сол жақ бұрышындағы сорайған Сержиньоға әуелетіп пас тастады да, шабуылшы баспен ұрып, есепті еселеді. Ойын тағдыры шешілді. Командалар матч соңына қарай бір-бір гол ғана соға алды. 87-минутта өз дәрменсіздігіне әбден ызаланған Марадонаның жүйкесі сыр беріп, алаңнан қуылды.

Сөйтіп, бұл топтан жартылай финалға берілер жолдаманы Италия мен Бразилия сарапқа салды. Бұл өзінің тамаша драмалық сюжетімен жанкүйер жадында мәңгі қалған матч болды. Осыған дейінгі төрт ойында бірде-бір гол соқпаған Паоло Росси ғаламат шеберлік пен ерік-жігер танытты. Бұл – үш әлем чемпионатына барған шабуылшының жалғыз хет-тригі еді. Осы ойында италиялықтар өздерінің даңқты каттеначчосы (тасқамал қорғанысы) мен жылдам қарсы шабуылдың кереметтей келісім тапқан үлгісін көрсетті.

4-топтан көркем футболымен сүйсінткен француздар үздік шықты.

Шімірікпеген Шумахер, байғұс Баттистон

Жартылай финалдың бірінде әбден бабына енген Беарзот шәкірттері поляктарды онша қиналмай-ақ ұтты, ал екіншісі жанкүйер жадынан ешқашан өшпес ерекше ойын болды. Есепті бірінші болып Германия футболшылары ашты. Фишердің соққысын Эттори кері қайтарып еді, мұндайды аңдып жүретін Литтбарски мүлт кеткен жоқ. Арада 9 минут өткенде Жиресс допты қарсыластың айып алаңындағы Роштоға жеткізді. Шабуылшы нысананы көздей беріп еді, батысгерман командасындағы ағайынды Ферстердің бірі – Бернд оны өкшеден теуіп құлатты. Пенальти! Платини есепті теңестірді.

Өкінішке қарай, дем ала алмай, сілтідей тынып көретін тамаша кездесудің екінші таймында мұндай әсем әлемнің сәнін кетіретіндей бір оқиға болды. Жанары қиядағыны шалатын Платини алаңға әлгінде ғана шыққан Баттистонға тамаша пас берген еді. Нәтижеде француз қорғаушысы неміс қақпашысымен жекпе-жек шықты. Баттистон допты теуіп үлгерді (ол қақпадан сәл қиыс кетті), ал оған қарсы ұмтылған Шумахер бүкіл ауыр салмағымен соқтыққаны былай тұрсын, шынтағымен қарсыласының басынан қатты соқты. Баттистон сұлап түсті де, қимылсыз қалды. Ойын тоқтап, алаңдағы ойыншылар түгелдей жәбірленушінің жанына жиналды. Төрешінің алаңға дәрігерлерді шақыруға аса құлықты еместігін байқаған Сикс оған жүгіріп келіп, жер-жебіріне жетті. Сол кезде барып Баттистонға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, сосын ол бірден ауруханаға жөнелтілді. Сөйтсе, өте қатты соққыдан футболшының бас сүйегі шытынаған екен...

Футболдың қазіргі ережесіне сүйенсе, голланд төрешісі Корвер қақпашыны алаңнан қуып шығар еді. Алайда ол Шумахерге тіпті ескерту де берген жоқ. 1:1 боп аяқталған негізгі уақыттан соң берілген қосымша 30 минуттың алғашқы жартысында француз Трезор ғаламат соққымен неміс қақпасының торын бүлк еткізді. Германия құрамасының бас бапкері Юпп Дерваль дереу алаңға жарақатынан толық айықпаған Руммениггені шығарды.

Алайда француздар да қарап қалған жоқ. 99-минутта Жиресс тағы бір тамаша гол соқты. Франция құрамасының алаңдағы ойыншылары да, қосалқы құрамдағы жігіттері де естері шығып, бірін-бірі құттықтауға кірісті. Тек қорғаушы Жанвийон ғана құшақтары айқасып, екі езуі екі құлағына жеткен әріптестерін ес жиюға шақырып, ойынның бітпегенін түсіндірумен болды. Расында да, 103-минутта Румменигге есеп айырмасын сәл қысқартты. Бұл да француздарды сабырға шақыра алған жоқ. Нәтижеде қарсы шабуылдауға мүмкіндік алған немістер есепті теңестіріп кетті: Румменигге арқылы өрбіген шабуыл Фишердің шалқалай тепкен ғаламат соққысымен аяқталды – 3:3! Сөйтіп, әлемдік доп додасы тарихында тұңғыш рет жеңімпаз ойыннан соңғы пенальти арқылы анықталды. Сикс пен Боссидің соққысын Шумахер ұстай алса, немістерден тек Штилике ғана қателесті.

Италия нағыз чемпиондық жігер танытты

Кереметтей ойын көрсетсе де, финалға шыға алмаған француздар 3-орын үшін матчта екінші құраммен ойнады. Платини мен Жиресстің «Көздегеніміз алтын еді, басқа жүлде бізді қызықтырмайды» деген сөзі, әрине, ФИФА басшыларына ұнаған жоқ. Өйткені, олар үшін әр ойынның тартысты өткені керек. Польша құрамасы бұл ойынға тас-түйін боп жинақы шықты да, Францияның қосалқы құрамын ұтып кетті.

Финалда Италия құрамасы батысгерман футболшыларынан айқын басым түсті. Ұйымшыл ойынның үлгісін көрсеткен Беарзоттың жігіттері сондай-ақ жігерінің де мықтылығын танытты. Дәл осы сәттегі италиялықтар тап болған қиындық кез келген команданың сағын сындырардай еді. Өзіңіз ойлап көріңіз: біріншіден, жартылай финалда жарақат алған негізгі диспетчер Антониони финалға қатыспады. Екіншіден, нағыз бәсеке бастала бергенде шабуылшы Грациани иығын шығарып алып, ойынды жалғастыра алмады. Үшіншіден, финалдық матчтарда сирек берілетін 11 метрлік айып добын Кабрини далаға тепті! Мұншама сәтсіздіктің салмағына шыдау оңай ма?

Бірақ Италия шыдады. Шыдап қана қоймай, жеңіс үшін жанын сала ойнады. 57-минутта қорғаушы Джентиленің оң қанаттан тастаған добына қос команданың бес-алты ойыншысы қатар ұмтылды, бірақ, шабуылшылық һәм мергендік түйсік дегенді қойсаңызшы, допқа бәрінен бұрын Росси жетті – 1:0. Арада он шақты минут өткенде Ширеа ойынды ширықтырып алға ұмтылды. Немістер жапа-тармағай қарсы шықты. Қорғаушы допты өзінің соңында келе жатқан Тарделлиге сырғыта салды. Алыстан қатты соғылған допқа Шумахер тосқауыл бола алмады. Дегенмен финалдың үздік ойыншысы Конти еді. 90 минут бойы бір тынбаған жартылай қорғаушы соңғы сәтте де жанкештілік танытып, допты 40-50 метрдей жерге жетектеп апарды да, Альтобеллиге дәл тастады: шабуылшы қарсы шыққан қақпашыны алдап өтіп, үшінші допты соқты. Немістердің тек бір голмен жауап беруге ғана шамасы келді. Сөйтіп, Италия өз тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 24 команда қатысты.

52 ойын өткізілді, 146 доп соғылды (орта есеппен 2,81 гол).

«А» ТОБЫ

Италия – Польша – 0:0, Перу – Камерун – 0:0, Италия – Перу – 1:1, Польша – Камерун – 0:0, Польша – Перу – 5:1, Италия – Камерун – 1:1

«В» ТОБЫ

Германия – Алжир – 1:2, Чили – Австрия – 0:1, Германия – Чили – 4:1, Алжир – Австрия – 0:2, Алжир – Чили – 3:2, Германия – Австрия – 1:0

«С» ТОБЫ

Аргентина – Бельгия – 0:1, Венгрия – Сальвадор – 10:1, Аргентина – Венгрия – 4:1, Бельгия – Сальвадор – 1:0, Бельгия – Венгрия – 1:1, Аргентина – Сальвадор – 2:0

«D» ТОБЫ

Англия – Франция – 3:1, Чехословакия – Кувейт – 1:1, Англия – Чехословакия – 2:0, Франция – Кувейт – 4:1, Франция – Чехословакия – 1:1, Англия – Кувейт – 1:0

«Е» ТОБЫ

Испания – Гондурас – 1:1, Югославия – Солт.Ирландия – 0:0, Испания – Югославия – 2:1, Гондурас – Солт.Ирландия – 1:1, Гондурас – Югославия – 0:1, Испания – Солт.Ирландия – 0:1

«F» ТОБЫ

Бразилия – КСРО – 2:1, Шотландия – Жаңа Зеландия – 5:2, Бразилия – Шотландия – 4:1, КСРО – Жаңа Зеландия – 3:0, КСРО – Шотландия – 2:2, Бразилия – Жаңа Зеландия – 4:0

ШИРЕКФИНАЛДЫҚ КЕЗЕҢ

1-топ. Польша – Бельгия – 3:0, КСРО – Бельгия – 1:0, Польша – КСРО – 0:0

2-топ. Англия – Германия – 0:0, Испания – Германия – 1:2, Испания – Англия – 0:0

3-топ. Италия – Аргентина – 2:1, Бразилия – Аргентина – 3:1, Италия – Бразилия – 3:2

4-топ. Франция – Австрия – 1:0, Австрия – Солт.Ирландия – 2:2, Франция – Солт.Ирландия – 4:1

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Италия – Польша – 2:0, Франция – Германия – 3:3, пенальти бойынша 4:5

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Польша – Франция – 3:2

ФИНАЛ

Италия – Германия – 3:1

11 шілде. Мадрид. «Сантьяго Бернабеу» стадионы. 90 000 көрермен. Төреші Коэльо (Бразилия).

Италия: Дзофф, Джентиле, Ширеа, Бергоми, Колловати, Кабрини, Ориали, Тарделли, Конти, Росси, Грациани (Альтобелли, 8; Каузио, 89).

Германия: Шумахер, Кальтц, Штилике, К.-Х.Ферстер, Бригель, Дреммлер (Хрубеш, 63), Б.Ферстер, Брайтнер, Литтбарски, Румменигге (Х.Мюллер, 70), Фишер.

Голдар: Росси, 57 (1:0), Тарделли, 70 (2:0), Альтобелли, 81 (3:0), Брайтнер, 83 (3:1).

25-минутта Кабрини пенальти соға алмады.

Сұрмергендер

Росси (Италия) – 6 доп, Румменигге (Германия) – 5, Зико (Бразилия), Бонек (Польша) – 4 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048